Тікелей эфир

Қазақ қыздары мен әйелдері қандай бас киім киген?

Қыздар мен әйелдерге арналған бас киімдер ішіндегі ең танымалы – тақия, бөрік, желек, жаулық, шәлі және кимешек.

Қазақ әйелдерінің бас киімдері олардың жасы мен отбасы жағдайына байланысты ерекшеленген. Тұрмысқа шыққан-шықпағанын, күйеуі қайтыс болғанын бас киіміне қарап білген. Мысалы, тұрмысқа шықпаған қыздар ешқашан орамал тақпаған. Ал сәукелені қалыңдық қана киген. Егде жастағы әйелдер әшекейсіз кимешек пен ақ жаулық тартқан. Осы орайда Informburo.kz қазақ қыздары мен әйелдерінің бас киімдеріне шолу жасады.

Қыздардың бас киімі

Қыздарға басын жауып жүру талап етілмесе де, кішкентайынан тақия, төбетай, қасаб, сылама, делегей, бөрік сияқты жаздық және қыстық бас киім киген.

Тақия түрлі-түсті жібек, барқыт, мәуіті, мақпал, шұға, қамқа секілді маталардан қабатталып сырылып тігілген.

Сәнді жіптермен тақияға зер төгілген. Жайпақ, дөңгелек төбесіне үкінің үлпілдек қауырсынын қадап, әсем зергерлік бұйымдармен, моншақ-маржан, алтын-күміс теңгелермен, асыл тастармен безендірілген.

Төбетай – төбесі бір қарыс биікте, цилиндір формалы тігілген қыздардың жаздық бас киімі. 

Қарқара – төбесі шошақ, етегі қайырлып, аң терілерімен қюланап көмкерілген астары қатырмаланып сырылатын қыздардың сәнді бас киімі. Оған қарқараның қауырсыны қадалады. Оны әлеуметтік деңгейі жоғары әйелдер мен қыздар киген. Құс қауырсындары сән беріп қана қоймай тіл-көзден сақтайды деп сенген. Қарқара кигенде әйелдер жаулықтың бір ұшын желке тұсына келтіре сәл шығарып қояды да, қалған бөлігін кимешектің сыртынан айналдырады, шашын көрсетпей жауып тұрарлықтай етіп орайды.  Шоқан Уәлиханов "қыздардың басында төбесіне құс қауырсыны қадалған сұлтан киетін бас киім болыпты" деп жазған. 

Бөрік бағалы аң терісінен тігіліп, мақпал, мүліш, барқыт секілді қалыңдау, қымбат бағалы матамен тысталады. Ал астарына қатырма салынады. 

Қыстық бөрікке салатын қатырма жұқалау, киіз мақта тартылып тігіледі. Жаздық бөрік жұқалау қатырмамен астарланады, барқытбен тысталады. Қыздардың бөркінің төбесі төрт сайлы, биіктеу болып келеді. Алтын, күміс теңгелермен, асыл жіптермен безендіріледі, үкі, қауырсын тағылады. Айналасы кестеленеді.

Бөріктің алтай қызыл бөрік, сусар бөрік, қызыл бөрік, қамқа бөрік, қазақы бөрік, қарқаралы бөрік, құлын бөрік, құндыз бөрік, құрайыш бөрік, құс бөрік, мари бөрік, нар өркеш бөрік, ноғай бөрік, оқалы бөрік, сәукеле бөрік, шеркеш бөрік, шоқты бөрік, шоппаш бөрік деген түрлері бар.

Қасаба – үшкірлеу төбесіне бір шоқ қауырсын қадап, маңдай тұсын түгелдей асылтас, алтын, күміс әшекейлермен безендіріп, оң жақ самай тұсына 5-6 қатардан ілмелі моншақ күміс қоңыраушалар байлап, ұзын салпыншақты етіп жасаған қыз тақиясының бір түрі. Қасаба дөңгелек тақияға ұқсас етiп пiшiледi де, артқы жағына немесе желкесiне қарай бiрте-бiрте ойыңқы түскен құламасы болады. Ұшы әйелдiң арқасына қарай төгiлiп жатады. Айдыны зерлi жiптермен кестеленiп, қиылысқан жерiн алтын жолақпен жауып, зерлi әшекеймен безендiредi. Қасабаны көбіне төре, сұлтандардың қыз-келіншектері киген. 

Қыздар үйлену тойында қасабаны сәукеле орнына да киген. Күрең, көгілдір түсті жібек, ши барқыт, пүліш, дүрия, шұға, парша сияқты маталардан тігеді.

Сораба – тақия тәріздес, артында шалпыншағы бар, төңірегі шашақты қыздар киетін бас киім.


Оқи отырыңыз: "Абай киген тақия". Қыздар арасында тақия кию қалай трендке айналды?


Тұрмысқа шыққан әйелдердің бас киімі

Сәукеле – ұзатылған қыз киетін, аса бағалы, шошақ, биік, дөңгелек төбе жағына қарай жіңішкере беретін ғұрыптық бас киім. Төбесіне үкі қадап, бетті көлегелейтін желек бекітеді. Сәукеленің өн бойы қымбат матамен қапталып, оның сыртына алтын, күміс, інжу-маржан, меруерт сияқты асыл тастардан жасалған моншақтар тағылады. Түрлі-түсті қымбат жіптермен тігіледі. Ұзатылған қыздың дәрежесі осы сәукелесіне қарап бағаланған. Тастармен көмкерілген кейбір сәукеленің салмағы жеті келіге дейін тартқан

Сәукеленің негізгі бөліктері – тәж, төбе, құлақбау және артқы бойы. Оны арнайы басылған ақ киізден немесе арасына жүн салып сырыған матадан жасап, сыртын қамқа, дүрия, қамқа, торғын, барқыт, мәуіті, шұға сияқты қымбат маталармен тыстайды. Шетіне құндыз, кәмшат терісі ұсталады.

Сәукелеге алтын, күміс, меруерт-маржаннан әшекей тағылып, жібек жіппен кестеленеді және арнайы күмістен жасалған төбелдір маңдайшасы болады.Шашақтың сәукелеге жалғасқан тұсын асыл тастан көз орнатқан алтын, күміс түйреуіштермен бекітеді. 

Күйеуге тиер кезде дәстүр бойынша қызға сәукелені, басқа да киімдерін әкесінің үйінде ұзатылар сәтте жеңгелері арнайы келіп оң жақтағы үкілі тақиясының орнына кигізіп, енесінен байғазы алған.

Ақ бүркеншік – жаңа түскен келінге сәукеле сыртынан жабатын жамылғы. Беташар айтылып, үлкендер ақ батасын берген соң бүркемені ашады да, оны желекпен алмастырады. 

Желек – келіншектердің сәукеледен кейін басына жамылатын орамалы. Қалыңдық күйеуінің еліне сәукелесімен барып, той өткен соң сәукелені іліп қойып, оның орнына басына салы, ақ желек байлап жүрген. 

Зере – ұзын, іші қуыс, сәукелемен бірге киетін бас киім. 

Бергек – жаңа түскен келіншектің әшекейлі бас киімі, той өткен соң киетін сәукеленің жеңіл түрі.

Жырға  – әйелдің асыл тас, ақық моншақтарды тізіп әшекейлеген сәнді бас киімі. Жырға әдетте көп салпыншақты әр түсті меруерт тастардың жарқырауық сәулесімен құбылып, адамның бет-бейнесін ажарландырып бет моншақ, шұбыртпа, жақ алқа тәрізді тізіліп, бас киімнің етегін шашақтап тұрады. 


Оқи отырыңыз: Қазақ бас киімді неге қадір тұтқан?


Егде тартқан әйелдердің бас киімі

Кимешек – көбінесе ақ матадан немесе ақ жібектен тігілетін басты, кеудені, арқаны жауып тұратын бас киім. Тек адамның бет-әлпеті шығып тұратын ойықтың екі жағы, кеудеге келер тұсы кестеленіп әшекейленеді. Жылтыр жіптермен бастырылып, сырыла тігіледі. Кимешектің кестесіне қарап әйелдің жасын білуге болатыны айтылған. Ойықтың шеті ақ кимешекті – әжелер, сарыны – орта жастағы әйелдер, қызылды жас келіншектер киген.

Фото kyzylorda-news.kz

Жаңа түскен келін босанғаннан кейін кимешек кигізу рәсімін жасаған. Жас келіншектерге бет жақтауы кеңдеу болып, кестесі де қызыл, күлгін түсті жіптермен көркем тігіледі. Отыз жастан асқан әйелдердің күміс және моншақпен сәнделген кимешек киюі орынсыз саналған. Ал баласы есейген әйелдер тек әртүрлі жіппен аз ғана қатар жүргізіліп кестеленген кимешек киген. Сондай-ақ, үлкен әйелдердің кимешегінің бет жақтауы тарлау келеді. Әдемі кестеленгенмен әшекейленбейді. Кейде егде тартқан әйелдер кимешектерін ақшыл, сары түсті жіптермен кестелейді. Қарттар мен жесір әйелдердің кимешегіне кесте тігілмейді. Күйеуі қайтыс болған әйелдердің кимешегін жылы толғанша теріс кигізіп, асын бергеннен кейін оң қаратып кигізетін салт болған.

Фото kyzylorda-news.kz

Кимешектің күрделі пішімі – басқа киілетін бөлігі. Ол төбелдірік, шықшыт, желке, маңдай, алқым, иін деп аталатын бедер қиындылардан құралады. Ұзындығына қарай кимешек арқа жабар, бел жабар (түйе кимешек), қылта шалғай, өкше қағар болып төрт өлшемге бөлінген. Кимешектің қазақ рулары мен тайпаларының өзгеше болуына байланысты әртүрлі үлгілері бар. 

Жаулық – әйелдердің басына тартатын орамалы. Жібектен, матадан, жүннен, мақтадан тоқылады. Жүннен тоқылғанын "бөкебай" деп атайды. Жібектен шашақтап тоқығанын "бөртпе" десе, шашақ шығармай тоқыған түрін "салы" деп атаған. Жібек жіпті, торғын тектес, үлпілдек жұмсақ маталардан немесе ешкі түбітінен жасалған түрін шәлі деп атаған.

Қазақ әйелдерінің жас ерекшелігіне қарай жаулық әртүрлі болады. "Ақ жаулықты ана" деп дәріптеген. "Жаулық салу" деген ғұрып бар, оны кимешектің сыртынан тартады. Жаулықты әр өңірде әртүрлі атаған. Шаршы, шұлауыш, күндік деген атаулары бар.  

Серіктестер жаңалықтары