Тікелей эфир

Қаңтардан қаңтарға дейін: Бір жыл саяси баға беруге жеткілікті ме?

Фото: informburo.kz
Фото: informburo.kz
Сарапшылар Қаңтар оқиғасына себеп болған қымбатшылық әлі ауыздықталмағанын айтады.

Қасіретті қаңтар оқиғасына – 1 жыл. 2022 жылы 2 қаңтарда бастау алған бұл оқиғалар тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең ірі қақтығыс болды. Сұйытылған газ бағасының көтерілуіне байланысты Жаңаөзен халқы бастаған митинг біртіндеп Алматы, Ақтөбе, Ақтау, Атырау, Қарағанды, Астана, Шымкент, Көкшетау, Орал және тағы басқа қалалардағы баскөтерулерге әкеліп соқты. Тұрғындар көшеге шығып, экономикалық және саяси өзгерістерді талап етті. Осылайша бейбіт басталған наразылық артынша қарулы қақтығыс пен бұзақылық әрекеттерге ұласты. Осыған орай, президент Қасым-Жомарт Тоқаев ҰҚШҰ әскерін көмекке шақырды.

11 қаңтарда тәртіпсіздіктерге қатысқан 10 мыңға жуық адам қамауға алынды. Ал кәсіпкерлерге келтірілген шығын 100 млрд теңгені құрады. Тергеуден кейін 1 113 азаматқа қатысты айыптау үкімі шығарылып, тағы 315 адамның ісі әлі қаралып жатыр. 238 азамат қаза тапты.

Қаралы қаңтар оқиғаларынан кейін Қазақстанда қолға алынған реформалар дұрыс бағытта жүріп жатыр ма? Билік қандай сабақ алды? Қаңтар оқиғасы қайталануы мүмкін бе? Осы және өзге сауалдарды Informburo.kz тілшісі саясаттанушыларға қойып, пікірін білді.

"Қоғам манипуляцияға өте бейім болып шықты"

Толғанай Үмбеталиева, саясаттанушы, саясаттану ғылымдарының кандидаты, Орталық Азиялық демократияны дамыту қорының бас директоры:

– Қаңтар оқиғасынан бері тура бір жыл өтті. Бір жыл саяси баға беруге жеткілікті ме?

– Жалпы, қазірдің өзінде саяси нәтижелерді қорытындылай аламыз. Дегенмен мәліметтері әлі белгісіз, тергеу жұмыстары аяқталып, нәтижесі ресми түрде жарияланғанда нақтылауға болады.

– Қаңтар оқиғасынан қандай сабақ алдық? 

– Бірінші сабақ – "Мұрагер" моделі біздің саяси жүйемізде президентті өзгерту механизмі ретінде жұмыс істемеді, яғни саяси тұрақтылыққа әкелмеді. Тиісінше, болашақта билікті берудің бұл моделінен бас тарту қажет.

Екіншіден, элитаішілік қақтығыста халықтың бұрынғы президент жүргізген саясатқа наразылығын пайдалану бар. Ал қоғам манипуляцияға өте бейім болып шықты. Менің ойымша, оның басты себебі – ел азаматтарының саяси тәжірибесінің жоқтығы. Оларға қай жерде бұрынғы президенттің жақтастары белсенді насихат жүргізіп жатқанын, шындық қай жерде екенін ажырату қиын.


Оқи отырыңыз: Қаңтар оқиғасы туралы кітап авторы: Назарбаев үш жыл қайтадан президент болғысы келген


Ал екінші себеп – саяси партиялар мен бұқаралық ақпарат құралдарының әлсіздігі. Олар өте ұзақ уақыт бақылауда болды. Оларға дамуға, саяси өмірде дербес субъект болуға мүмкіндік болған жоқ. Нәтижесінде қоғамдық пікірді бұрынғы президентті жақтаушылар да, қазіргі президентті жақтаушылар да сатып ала алатын блогерлер анықтайтын болды. Бұл ақпарат ағынында қарапайым азаматтарға шындықтың қай жерде екенін түсіну қиын. Сәйкесінше, азаматтарда қазіргідей екі позиция емес, балама позициялар болуы үшін саяси партияларды, БАҚ-ты, парламент пен мәслихаттарды күшейту қажет.

Өте маңызды сабақ – күштік құрылымды реформалау: армия мен Ішкі істер министрлігі. Полицияның әлсіздігі, жемқорлық, құқық қорғау органдарының біліксіздігі, кәсіби білімінің төмендігі бірқатар құқық қорғау органдарының өткен жылдың қаңтар айында заң жағына емес, қақтығысқа түскен саяси жақтардың біріне өтуіне себеп болды. Полиция заңды басшылыққа алуы керек, азаматтардың құқықтарын бұзбай (бұл жағдайда іс жүзінде митингке шыққандардың), ішкі қауіпсіздікті қамтамасыз етуі керек. Армия ішкі саяси процестерге қатыспауы керек. Бұл барлық құжаттарда бекітілуі тиіс, өйткені армияны басқа уақытта да пайдалануы мүмкін және ол қалай аяқталатыны белгісіз.


Оқи отырыңыз: Қаңтар оқиғасында ұсталғандардың көбі – жұмысы мен жоғары білімі жоқ 30 жасқа дейінгі азаматтар


"Қымбатшылық әлі еңсерілмеді"

Мақсат Жақау, саясаттанушы:

– Қаңтар оқиғасынан қандай сабақ алдық? Қалай ойлайсыз, қазір елдегі реформалар дұрыс бағытта жүріп жатыр ма?

– Мемлекеттік тұрғыда саяси реформалар басталды. Оның ішінде бюрократизацияны барынша азайту, басқару саясатын орталықсыздандыру жүріп жатыр. президент өз құзыретіндегі көп дүниені жергілікті басқару деңгейіне дейін бөліп берді. Мәслихаттардан бастап, Мәжіліске дейін тікелей және аралас сайлау және әкімдерді сайлау тетігі іске қосылды. Сонымен қатар саяси партиялардың арасындағы плюрализмді күшейту үшін олардың қиындықсыз құрылуына мүмкіндік беріле бастады. Сол партиялармен қатар аралас сайлаумен жекелей саясаткерлердің әртүрлі заң шығару, Мәслихат немесе Мәжіліс деңгейіндегі палаталарға жеке мандатпен кіруіне мүмкіндік алды. Осы және қосымша көп дүниені айтуға болады. Бұл жерде өлім жазасын алып тастау туралы бастамалар да болды. "Жер – халықтыкі" деген арнайы бап енгізіліп, жер мәселесіне толығымен нүкте қойылды. 

Қосымша құрылымдық өзгерістер ретінде Конституциялық соттың құрылуын атап өту керек. Енді кез келген азамат өзінің әр әрекетіне дұрыс конституциялық баға берілуі үшін Конституциялық сотқа жүгіне алады. Сондай-ақ әртүрлі саяси процестер болса, сайлау әділ өтпесе, кез келген азамат осы туралы Конституциялық сотқа жүгіне алады. 

Сонымен қатар президенттің 1 қыркүйектегі жолдауын айтуға болады. Бұл экономикалық-әлеуметтік бастамалар. Ерекше айтып өтетін нәрсе, Қазақстанның байлығы, мысалы табиғи байлықтардың ресурстарына ие "Самұрық-Қазына" сияқты квазикомпанияның 50 пайыздық табысынан әр қазақстандық жас ұрпақтың шотына қаражат аударып отыру бастамасы. Ол бұрыннан айтылып келе жатқан мәселе. Тағы да басқа фискалдық, транзиттік өзгерістер бар. Бұның бәрі қазір президенттің арнайы тапсырмасымен заңнамалық-нормативтік нормалар арқылы бекітіліп жатыр. 


Оқи отырыңыз: "Қоқыс терген ана": Қаңтар оқиғасынан кейін көмек сұрайтын көпбалалы аналар саны артты


– Елде тағы қандай жағдайлар көтерілістерге алып келуі мүмкін? Жағдай қайталанбас үшін не істеу керек?

– Былтыр Қаңтар оқиғасына әкелген нәрсе – қымбатшылық. Қазір де қымбатшылық толық еңсеріліп, шешімін тапқан жоқ. Геосаяси мәселелерге, көрші елдердің қақтығыстарына байланысты экономикалық деңгейде бәрімізге тікелей әсер етіп отырған жағдай. Бұл қымбатшылықтың 2023 жылдың жартыжылдығына дейін созылатын түрі бар. Себебі көрші елдердегі қақтығыстардың бітетін түрі жоқ. Қақтығыстар созылған сайын көрші елдерде аймақтық деңгейде экономикалық қиындықтардың, қаржылық дағдарыстардың күшейе беретінін көрсетіп отыр.

Былтыр Қаңтар оқиғасы сұйытылған газ бағасының көтерілуімен байланысты болған. Биыл да осы бағыттар өзектілігін жойған жоқ. Қымбатшылық барлық деңгейде бар. Мысалы, коммуналдық қызметтердің қымбаттауынан бастап, әуе-көлік тасымалына дейін қымбатшылық орын алған. Сондықтан қай жерден қандай әлеуметтік деңгейде дүмпу басталып кететінін болжау мүмкін емес. Мүмкін ол Алматының "Алтын ордасынан" басталып кетер? Мүмкін Қызылордадағы Шиелі ауданының пойыз жөндейтін стансасынан басталып кетер? Ешкім ешнәрсе болжап біле алмайтын жағдайға жетіп отыр. 


Оқи отырыңыз: Талғат Теменов: Қаңтар оқиғасы тарихта "Ақтабан шұбырындыдан" кейінгі үлкен қасірет болды


Президент экономикалық либеризацияға қол жеткізу туралы бастама көтердіп, бағаны нарықтық жағдайға жіберу керек екенін айтты. Сол нарықтық жағдайда қай жерде қандай қиындық туындап тұрғанын болжап білу мүмкін емес. Бірақ мемлекеттің жасап жатқан әрекеттері, әсіресе ең төменгі жалақыны 70 мың теңгеге дейін көтеруі, зейнетақы, еңбекақы, шәкіртақының көтерілуі, басқа да әлеуметтік жеңілдіктердің күшейтілуі –  бұның барлығы өрт сөндіру әрекеттері. Сәл де болса халықтың жағдайы жеңілдесін деген мақсатпен жасалған. Бұлай инфляцияны ауыздықтау мүмкін емес. Ол жағдайларды жасаған сайын инфляция күшейе береді.

Бұл жағдайдың негізі шешімі әлі толыққанды қолға алынбай отыр. Ол – елімізде өнеркәсіп өндірісінің жандануы, зауыт-фабрикалардың, жаңа жұмыс орындарының ашылуы. Табыс көзі ретінде тек шикізатқа тәуелді болмай, өндіріс өндіретін нысандар пайда болып, белгілі бір нарықтың субъектілеріне айналып, табыс көзін күшейткен кезде ғана инфляцияны ауыздықтауға болады. 

Егер бізде қазір инфляция 19,5 немесе 24 пайыз болса, Америкада – 7,5 пайыз, Еуропада – 9,11 пайыз. Олардағы инфляцияның күрт көтеріліп кетпеуінің бірден-бір себебі импорттық тауарларға қарағанда экспорттық тауарлардың көп болуы. Бізде сырттан келетін тауардың өте көп болуы баға саясатын билеп отыр. Сол үшін де нарықта бәсекеге қабілетті болу үшін өндірісті күшейту керек. Сонда инфляцияны, жұмыссыздықты азайтамыз. Сондықтан бізге экономикалық тұрғыда күрделі өзгерістерді бастау керек. 

Серіктестер жаңалықтары