Қант диабеті әлеуметтік маңызы бар аурулар тізімінен сызылды. Бұл инфракт пен инсульттің артуына әкелуі мүмкін

Алматыда қант диабетіне қатысты медициналық көмектегі өзгерістер талқыланды.

Қант диабеті – әлем бойынша миллиондаған адамның өмір сүру сапасына тікелей әсер ететін күрделі әрі созылмалы дерт. Қазақстанда бұл диагнозбен өмір сүріп жатқан азаматтар саны жылдан-жылға артып келеді. Сондай-ақ соңғы уақытта елде диабетпен ауыратын адамдардың құқықтарын, өмір сапасын және денсаулығын қамтамасыз етуге бағытталған медициналық саясатқа қатысты алаңдаушылық арта түсті.

Алматыда "Диабеттік ата-аналар комитеті" қоғамдық қоры ұйымдастырған баспасөз конференциясында қант диабетімен ауыратын қазақстандықтарды дәрілік қамту, заманауи инсулиндерге қолжетімділік, халықаралық медициналық стандарттардың бұзылуы және мемлекеттік деңгейдегі шешімдердің салдары жан-жақты көтерілді. Бұл шарада медициналық сарапшылар, заңгерлер, пациенттер мен азаматтық қоғам өкілдері үн қосып, қабылданып жатқан шешімдердің медицина мен адам құқығы қағидаттарына сай келмеуі салдарынан туындауы мүмкін қауіптерді атап өтті. Кездесудің басты мақсаты – қоғам назарын маңызды мәселеге аударып, шешімін табуға ықпал ету болды.

Қант диабетінің әлеуметтік маңызы бар аурулар тізімінен алынуы

Кездесуде талқыланған басты мәселелердің бірі – 2025 жылғы 14 шілдеде қабылданған №206-VIII ҚРЗ заңына сәйкес, қант диабетінің әлеуметтік маңызы бар аурулар санатынан алынып тасталуы болды.

"Бұл шешім медициналық ғана емес, жалпы логикаға да қайшы келеді. Қант диабеті – Қазақстандағы инфаркт пен инсульттің басты себептерінің бірі. Мұндай ауқымды аурудың әлеуметтік маңызы бар аурулар тізімінен шығарылуы біз үшін түсініксіз. Бұл – мемлекет тарапынан пациенттерді қолдаудан бас тарту деген сөз", – деді "Диабеттік ата-аналар комитеті" ҚҚ директоры Руслан Закиев.

NOMAD зерттеуінің мәліметінше, елдегі ересек тұрғындар арасында 2-типті қант диабетінің таралуы 8,2 пайызды құрайды, бұл шамамен 1 640 000 адам деген сөз. Аталған аурудан туындайтын асқынулар, мүгедектік пен өлім жағдайларынан экономикаға келетін жыл сайынғы шығын көлемі 436 миллиард теңгеден асады деп бағалануда.


Оқи отырыңыз: Бір минутта мидың 2 миллионға жуық нейроны өледі. Инсульттің алдын алу жолдары қандай


Инсулин мен ГТП-1 препараттарына қолжетімділіктің шектелуі

Баспасөз конференциясы барысында деглудек инсулиніне – заманауи әрі қауіпсіз препаратқа – қолжетімділіктің жасанды түрде шектелуі де сынға алынды.

2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап детемир инсулинін жеткізу тоқтатылады. Ал деглудек инсулині тек балалар мен жүкті әйелдерге ғана қолжетімді болады. Бұл ретте заңнамада нақты анықталмаған "жасөспірім жастағы балалар" деген түсініксіз термин қолданылған.

"Мұндай тұжырым заңнамаға сенімділікті төмендетіп қана қоймай, мыңдаған бала мен жасөспірімді емделу құқығынан айыруы мүмкін", – деді медицина ғылымдарының кандидаты, Қазақстандық қант диабетін зерттеу қоғамының төрағасы Жанай Ақанов.

Сондай-ақ сарапшылар ГТП-1 класындағы дәрілік заттардың – атап айтқанда Виктоза және Трулисити препараттарының – тегін дәрілік қамту тізімінен алынып тасталғанына алаңдаушылық білдірді. Бұл препараттар бүкіл әлемде қандағы қант деңгейін, дене салмағын бақылау мен жүрек-қан тамырлары қаупін азайтуда тиімділігімен танылған.

 Эндокринологиялық көмектің стандарттарының сақталмауы

Медициналық көмектің бекітілген стандарттарына сәйкес, егер инсулин терапиясы 18 жасқа дейін басталса, мемлекет студенттер мен жүкті әйелдерді инсулин помпаларына арналған шығын материалдарымен қамтамасыз етуге міндетті. Алайда, шын мәнінде, кәмелетке толған пациенттер мұндай көмекке екі жарым жыл бойы қол жеткізе алмай келеді.


Оқи отырыңыз: Қант диабетін қандай белгілер арқылы анықтауға болады


Халықаралық стандарттардың бұзылуы

Балаларға арналған дәрі-дәрмектер тізіміне халықаралық қауіпсіздік сараптамасынан өтпеген бірқатар препарат енгізілген. Атап айтқанда, АҚШ-тың FDA ұйымы балаларға қолдануға рұқсат етпеген Humalog Mix 25 және Humalog Mix 50 екі фазалы инсулиндері қолданылады. 

"Аталған препараттарды балалар тізіміне енгізу – халықаралық қауіпсіздік стандарттары мен дәлелді медицинаның принциптеріне қайшы келетін, өте қауіпті шешім. Мұндай шешімдерді Денсаулық сақтау министрлігінің жанындағы атышулы мекеме – Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығы қабылдап отыр. Айталық, дәл осы орталық бұған дейін Қазақстанда іс жүзінде өндірілмейтін "отандық" қолғаптар шығаратын "ҚазМедПром" ЖШС-не тіркеу куәліктерін берген", – деді Руслан Закиев.

"Диабеттік ата-аналар Комитеті" ҚҚ талаптары

Баспасөз конференциясын ұйымдастырушылар Денсаулық сақтау министрлігіне төмендегідей нақты талаптарды жария етті:

  • Қант диабетін әлеуметтік маңызы бар аурулар тізіміне қайтару;
  • Деглудек инсулиніне медициналық көрсеткіштер негізінде барлық пациенттің тең қолжетімділігін қамтамасыз ету;
  • Халықаралық реттеуші ұйымдар ұсынбаған дәрілерді балалар тізімінен алып тастау;
  • Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығының қызметіне кешенді аудит жүргізу;
  • Эндокринологиялық көмектің белгіленген стандарттарының нақты орындалуын қамтамасыз ету;
  • ГТП-1 класындағы дәрілік заттарды өмірлік маңызды препараттар тізіміне қайтару.

"Біз жай ғана алаңдаушылық білдіріп отырған жоқпыз – біз өз балаларымыздың, күн сайын қолдауға мұқтаж жақындарымыздың өмірі туралы айтып отырмыз. Денсаулық сақтау министрлігінің қабылдаған әрбір шешімі олардың өмір сүру сапасы мен ұзақтығына тікелей әсер етеді", – деп қорытындылады ұйымдастырушылар.


Оқи отырыңыз: Қалай қант диабетінің алдын алуға болды? Дәрігер кеңесі


 

Серіктестер жаңалықтары