Тікелей эфир

Қалай қант диабетінің алдын алуға болды? Дәрігер кеңесі

14 қараша – Дүниежүзілік қант диабетімен күрес күні.

Қант диабеті – ұйқы безінің бетта-клеткаларының инсулинді аз мөлшерде шығаруымен осы инсулин гормонының жетіспеушілігінен пайда болатын және осы себепті барлық зат алмасу түрлерінің, айрықша қант алмасуының бұзылуымен сипатталатын ауру. Бүгінде бұл ауруға шалдыққандар қатары көбеймесе, азаяр емес. 

Халықаралық диабет федерациясы бүкіл әлемде қант диабетімен ауыратындар саны артып келеді деп дабыл қақты. Әлемде 530 миллионнан астам адам қант диабетіне шалдыққан. Бұл жер бетінде 20-79 жас аралығындағы барлық адамның шамамен 10%-ын құрайды. Зардап шеккендердің басым көпшілігі, яғни 90%-дан астамы 2-типті қант диабетімен ауырады. 

Қант диабеті ең алдымен, адамзаттың өмір салтының түбегейлі өзгеруінен туындайды. Балалар мен жасөспірімдер арасында сырқаттану, қант диабетінің асқынуынан өлім саны артып келеді. 2025 жылға қарай қант диабетімен ауыратын науқастардың саны екі есе артады деген болжам бар.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Диспансерлік науқастардың электрондық тіркелімінің деректеріне сәйкес, Қазақстанда осы диагнозбен 400 мыңнан астам пациент тіркелген.


Оқи отырыңыз: Отандық ғалымдар қант диабетінің асқынуларын қашықтан диагностикалау жүйесін әзірледі


Диабет – соқырлықтың, бүйрек функциясы жеткіліксіздігінің, жүрек ұстамасы мен инсульттің негізгі себептерінің бірі. Сондықтан ерте алдын алған жөн.  

Бірінші типтегі қант диабеті – инсулинге тәуелді диабет түрі. Мұны бұрындары жастардың диабеті деп атаған, әсіресе балалар мен жасөспірімдер жиі шалдыққан. Ағзадағы инсулин өндірісі бұзылғанда адам осы аутоиммундық ауруға шалдығады. Абсолютті инсулин тапшылығы дамып, пациентке ағзасына күнде инсулин енгізуге тура келеді.

2-типті қант диабетінің қауіп факторлары:

  • Төмен физикалық белсенділік;
  • 2-типті қант диабетіне скрининг 45 жастан басталады. Зерттеу нәтижелері оң болса үш жылда бір рет қайта өту керек;
  • Қант диабетімен ауыратын туыстарының болуы;
  • Белгілі бір этникалық топтарға жату;
  • Әйелдер үшін: салмағы 4 келіден асатын бала туу немесе жүктілік кезінде пайда болатын гестациялық қант диабеті. ГҚД диагнозы қойылған әйелдер үш жылда кемінде бір рет тексерілуі керек;
  • Дислипидемия: жоғары тығыздықтағы липопротеидтер 35 мг/дл (0.90 mmol/L) төмен, триглицеридтер 250 мг/дл (2.82 mmol/L) жоғары;
  • Жүрек-қан тамырлары ауруларының сырқатнамасы;
  • Гипертония, қан қысымының 140/90 мм жоғары болуы;
  • Гликирленген гемоглобин 5,7%-дан жоғары болу;
  • Инсулинге төзімділікпен байланысты жағдайлар: семіздік, қара акантоз, поликистозды аналық без синдромы.

Оқи отырыңыз: Коронавирус қант диабетімен "дос". Аурудың қалай алдын алуға болады? 


"Қант диабетімен ауыратын науқастардың шамамен 40%-ы артериялық гипертония, жүректің ишемиялық ауруы, жүрек функциясының созылмалы жеткіліксіздігі сияқты кардиологиялық асқынулар, бүйректің созылмалы ауруымен ауырады. Кейде бұл керісінше болуы мүмкін: бастапқыда жүрек-қан тамырлары аурулары асқынып, содан кейін предиабет (қандағы қант мөлшері нормадан көп болуы) немесе 2-типті қант диабеті диагнозы қойылады. Артық салмақ, артериялық гипертония немесе липидтер алмасуының бұзылуы бар адамдар қауіпті топқа жатады. Сондықтан олар предиабетке тексеруден өтуі керек. 2-типті қант диабеті балалар мен жасөспірімдер арасында көбейіп жатыр. Қазақстанда бүгінде 200-ге жуық кішкентай науқас осы аурумен күресіп жатыр. Статистика бұдан да көп болуы мүмкін. Оның тұқым қуалайтын бейімділік, артық салмақ, дұрыс тамақтанбау және басқа да себептері бар", – деді Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ эндокринология кафедрасының меңгерушісі Лаура Даньярова.

2013 жылдан бері Қазақстанда Ауруларды басқару бағдарламасы (АББ) жұмыс істейді. Бұл бағдарламаға артериялық гипертензия, жүрек функциясының созылмалы жеткіліксіздігі және 2-типті қант диабеті сияқты аурулар кірді. Бағдарламаға қатысқан пациенттер емдеудің тиімділігі көбінесе аурудың мәнін дұрыс түсінуге, емдеуді ұстануға және дәрігердің ұсыныстарын орындауға байланысты екенін түсіне бастады.

Қант диабетімен ауыратын диспансерлік есепте тұрған 391 703 пациенттің 239 670-і (61,2%) АББ-ға кірді. АББ-ға қатысатын қант диабетімен ауыратын науқастардың 26%-ында гликирленген гемоглобиннің бақылау деңгейі 7%-дан төмендеді.

Серіктестер жаңалықтары