Тікелей эфир

Психолог: Есірткіні бір рет пайдаланудың өзі миды ешқашан қалпына келмейтіндей зақымдайды

Қазақстанда 18 мыңнан астам адам наркологиялық есепте тұр.

Жыл басында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ішкі істер министрлігінің кеңейтілген алқа отырысын өткізді. Жиын барысында президент есірткі мәселесіне қатысты бірнеше рет тапсырма бергенін еске салып, статистика үшін жұмыс істеуді тоқтату қажет екенін айтты. Осы орайда психолог Лаура Сүйіндік есірткінің нашақор денсаулығына ғана емес, оны тұтынбайтын адамдарға да зиянын тигізетінін айтады. Себебі есірткінің марихуана секілді кең таралған түрлерін өсіру экологияға теріс әсер етеді. 

"Мен бірнеше рет осы мәселеге қатысты тапсырма бердім. Алайда ауыз толтырып айтатын нәтиже жоқ. Синтетикалық есірткінің қолжетімділігі және оның барынша тез таралуы жастар арасында нашақорлықтың белең алуына әкеп соқтырады. Оларға нашақорлықтың қаншалықты қатерлі екенін үнемі түсіндіріп отыру қажет. Полиция есірткі өндіру, оны сату және таратуға қарсы белсенді күрес жүргізуі керек. Науқаншылдық, көзбояушылық және статистика үшін жұмыс істеу дегенді тоқтату қажет", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Есірткінің экологияға теріс әсері қалай көрініс табады?

Марихуана – әлемдегі ең кең таралған есірткі. БҰҰ мәліметтері бойынша оны жер бетінде 192 миллион адам тұтынады. Марихуананы өсіру үшін инфрақұрылым мен электр қуаты қажет. Мысалы, Суонси университеті ғалымдарының зерттеуінше, АҚШ-тағы каннабис өндірісі елдегі жалпы энергия тұтынудың 1 пайызын құрайды.


Оқи отырыңыз: "Үш айда 225 келі синтетика тәркіленді": ІІМ есірткі саудасымен қалай күресіп жатыр


Бұдан бөлек бір жыл ішінде марихуана өндірісінен 16,5 миллион тонна көмірқышқыл газы бөлінеді – бұл 3 миллион автомобильдің жылдық шығарындыларымен тең. 

"Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев есірткіге қатысты бірнеше рет тапсырма берді. Яғни бұл мәселенің қаншалықты өзекті екенін жеткізуге тырысты. Осы бағыттағы барлық тапсырманы қолдауыма бірнеше себеп бар. Біріншіден, есірткі қазір кез келген ұлттың, халықтың өзегі, болашағы – жастарды жалмап жатыр. Екіншіден, есірткі өндірісі бүкіл адамзатқа зиянын тигізіп жатыр. Марихуананы өсіру үшін дақылдарға қарағанда әлдеқайда көп су керек болғандықтан, оны өсіретін жерде міндетте түрде судан таршылық болады. Қазір су бүкіл әлем үшін өзекті проблема болып отыр. Қазақстанда есірткі өндірісі, әсіресе оның экологияға қалай әсер ететіні туралы жазылған ғылыми еңбектер, зерттеулер жоқ. Осы орайда Калифорнияны алсақ, онда марихуана үлкен көлемде өсіріледі, нәтижесінде су жетіспеушілігі туындайды. Калифорния балық және жабайы табиғат департаментінің ғалымдары есірткіні заңсыз ашық ауада өсіру кейбір ағындардағы су деңгейін төрттен біріне дейін төмендеткен деп есептейді. Марихуана көптеген елдерде толығымен немесе ішінара заңдастырылған. Оны бірінші болып Уругвай заңдастырды. 2013 жылғы 10 желтоқсандағы заң марихуана сатуға мемлекеттік монополия енгізді. Мұндай шаралар есірткімен байланысты қылмысты төмендетуі мүмкін. Бірақ орнына есірткі тұтынатын адамдар саны көбейеді және өндіріс ауқымы мен оған жұмсалатын шығын артады", – деп түсіндірді психолог. 

Қазақстанда қанша нашақор бар және күрес қалай жүріп жатыр?

ҚР ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті бастығының орынбасары Бақытжан Әмірхановтың айтуынша, Қазақстанда 18 мыңнан астам адам наркологиялық есепте тұр. Алайда елдегі нақты нашақорлар саны 200 мың төңірегінде болуы мүмкін. Осы орайда ведомствода есірткі қолданатын адамдарды есепке мәжбүрлеп қою жоспарланып отыр. 

"Денсаулық сақтау органдарының статистикасына сәйкес, оның ішінде 1,5 мың әйел, 66 кәмелетке толмағандар есепте тұр. Ал іс жүзінде бұл көрсеткіш 10 есе көп болуы мүмкін, яғни алдын ала есептеулер бойынша шамамен 200 мың болуы мүмкін. Сондықтан біз бірден есепке қою үшін әкімшілік жауапкершілікті енгізгіміз келеді. Себебі қазір бұл пациенттің келісімімен ғана жүзкеге асады", – деді Бақытжан Әмірханов.


Оқи отырыңыз: Алматы полициясы есірткі сататын 450 сайтты бұғаттады


Ішкі істер министрлігі есірткімен кешенді күрес жүргізу үшін 2023-2025 жылдарға бағытталған кешенді жоспар әзірледі. Ондағы басты мақсаттар:

  • есірткінің адам денсаулығы мен психикасына үлкен кері әсерін тигізетін синтетикалық түрлерінің елде таралуына жол бермеу;
  • жасанды ақыл және өзге де ұтымды құралдарды қолдана отырып нашақорлықты ерте анықтау жүйесін енгізу;
  • есірткі тұтынатын адамдар тізілімін бір ізге салу;
  • уәкілетті органдардың құзыреті мен мәртебесін арттыру;
  • материалдық-техникалық базаны күшейту.

"Есірткіге апаратын жол көп болғанымен, қайтар жол жоқ"

Психоаналитик Жанар Оспанова есірткіні бір рет пайдалану орны толмас зиян келтіруі мүмкін екенін айтады. Мысалы, нейротоксикалық синтетикалық препарат MDMA-ны ("экстази" – автор түсіндірмесі) бір рет тұтыну мидың серотонин жүйесін зақымдайтыны сонша, ол ешқашан бұрынғы қалпына келмейді .

"Миға енгеннен кейін есірткі жүйке жасушаларының ақпаратты жіберу, алу және өңдеу тәртібіне кедергі жасау арқылы сигнал беру жүйесін бұзады. Барлық препарат дерлік миға әртүрлі әсер етеді, өйткені олардың химиялық құрамы әртүрлі. Кейбір есірткілердің миға әсері адам оларды қолдануды тоқтатқаннан кейін де жалғасады. Кейде есірткінің зияны өте күшті болып шығады және мидың жойылу процесі ешқашан тоқтамайды. Марихуана мен героин сияқты кейбір препараттар нейрондарды белсендіреді, өйткені олардың химиялық құрамы нақты нейротрансмиттерлерге ұқсайды. Осылайша, бұл препараттар нейрондық рецепторларды белсендіруді бастау арқылы "алдай" алады, бірақ мәселе мынада, бұл заттар нақты нейротрансмиттерлер сияқты әрекет етпейді және нейрондар миға қажетсіз сигналдарды кездейсоқ жібере бастайды. Амфетамин, метамфетамин немесе кокаин сияқты басқа препараттар жүйке жасушаларының табиғи нейротрасмиттерлердің тым көп бөлінуіне әкеліп соғады, ал олардың миында рециркуляция процесі бұзылады. Бұл нейрондар арасында ерекше күшті хабар алмасуға әкеледі және сайып келгенде, мидың байланыс арналарына үлкен зиян келтіреді. Құдды адамның басына біреу кіріп, қатты айқайлап жатқандай сезім сыйлайды", – деп түсіндірді психоаналитик.


Оқи отырыңыз: Президент есірткі қылмыстарына ең ауыр жаза тағайындауды ұсынды


Маман есірткіні тұрақты пайдалану ағзаның оған бейімделуіне алып келетінін айтады. 

"Есірткіге апаратын жол көп, бірақ одан қайтар жол жоқ. Қайтар жол биік құзға шыққанмен тең, ал ол барлығының қолынан келе бермейді. Қазір нашақорларды емдеуге қатысты ақпарат көп. Сол себепті оның алдын алуға тоқталғым келеді. Ол – әрине, бала үшін бақытты орта қалыптастыру, жан-жарасының емі мен қуаныш сезімін теріс ортадан іздеп кетуіне себепші болмау", – деп қосты маман. 

Серіктестер жаңалықтары