Орта Азияда ағылшын тілін оқытуды реформалау: AELLCA екі жылда қандай нәтиже берді

AELLCA бағдарламасының директоры Джамиля Гулямова. Фото: Өзбекстандағы Британ кеңесі
AELLCA бағдарламасының директоры Джамиля Гулямова. Фото: Өзбекстандағы Британ кеңесі
Бағдарлама Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Түрікменстанда қатар жүзеге асырылды.

Ташкентте Британ кеңесінің ұйымдастыруымен өткен "Ағылшын тілі және инклюзия" халықаралық конференциясының аясында Өзбекстандағы Британ кеңесі директорының орынбасары, AELLCA бағдарламасының директоры Джамиля Гулямовамен сұхбаттасудың сәті түсті. 

Джамиля Гулямова Орта Азия елдерінде, оның ішінде Қазақстанда Accelerating English Language Learning in Central Asia жобасы қалай басталғаны, оның нәтижелері және болашағы туралы айтып берді. 

Идея қалай туындады?

– Британ кеңесі Қазақстан мен Өзбекстанда отыз жылдан бері жұмыс істеп келеді. Осы жылдар аралығында біз ағылшын тілін оқыту саласын реформалауда мол тәжірибе жинадық. Бізде тәжірибеден бөлек, сараптама мен дәстүрлер де қалыптасты. Оның үстіне, жаһандық Британ кеңесі 110-нан астам елде жұмыс істейді және ағылшын тілін оқыту біз бүкіл әлем бойынша серіктестерімізбен жұмыс істейтін маңызды салалардың біріне айналды. Осы ретте Орта Азия елдерінде ағылшын тілін оқытуды жетілдіру және бес елдегі серіктестерімізбен қатар жұмыс жүргізу жөнінде идея туындады. Бұл Ұлыбританияның және оның үкіметінің Орта Азияда ағылшын тілін оқытуды реформалауға көмектесу және жастардың ағылшын тілін меңгеруіне мүмкіндіктерді кеңейтуге қатысты бастамасымен байланысты. 

Міне, Accelerating English Language Learning in Central Asia (AELLCA) бағдарламасы екі жыл бұрын осылай басталған болатын. Бірінші жылы біз Орта Азия елдеріндегі салалық реформаларды зерттеуге, оқытушылар мен оқушыларға не жетіспейтінін, олардың не қалайтынын анықтауға көбірек көңіл бөлдік. Егер Қазақстан мен Өзбекстандағы жағдай бізге біршама таныс болса, Түрікменстан, Қырғызстан және Тәжікстандағы жағдайды тереңірек зерттеуге тура келді. 

Жобаның екінші жылы бес елге бірдей жүйелі түрде көмектесетін жобаны ұйымдастыруға арналды. Бірінші жылғы зерттеуден түйгеніміз – жоба оқытушыларға арналуы қажет болды. "Кез келген елдегі білім сапасы оның мұғалімдерінің біліктілігіне байланысты" деген даналық сөз бар. Біздің мүддеміз осы тұжырымға сәйкес келеді. 

AELLCA бағдарламасының директоры Джамиля Гулямова. Фото: Өзбекстандағы Британ кеңесі

Жобаның бағыттары мен мақсаты қандай?

– Осы ұстаныммен біз болашақ ағылшын тілі пәнінің мұғалімдерін даярлайтын жоғары оқу орындарымен жұмыс істейді өзіміздің басым бағытымыз деп белгіледік. Яғни, біз мұғалімдердің біліктілігін көтерсек, олқы тұстардың бәрі өздігімен жойылады. Мұғалім білікті болса, ол оқушылардың деңгейін көтере алады деген сөз. Әрине, бұл – қысқа мерзімде өз жемісін беретін жоба емес, бірақ біз ұзақмерзімді, түбегейлі нәтиже беретін мақсатты алдымызға қойдық. 

Сондықтан, бірінші кезекте біз Орта Азия елдерінде ағылшын тілін оқыту бойынша басқарушылық құжаттарды, оқу жоспарларын, бағдарламаларын, білім беру стандарттарын зерттедік, оларды өзге елдердің құжаттарымен салыстырып көрдік. Артық тұстарын түртіп алдық, олқы жерлерін анықтадық. Көзіміз жеткен ең басты нәрсе – Орта Азия елдерінде ағылшын тілін оқыту сағаттарының жеткіліксіздігі болды. Оған қоса, оқыту әдістемелерінің де әбден ескіргенін байқадық. Ағылшын тілін оқыту үшін ағылшын тілін білу жеткіліксіз, педагог оның әдістемелерін де жетік меңгеруі тиіс. 

Ал қолданыстағы әдістемелер негізінен теорияға негізделген болатын. Расы керек, кей адам құлақпен естігенді тез қағып алады, ал кей адам үшін тілі оқу арқылы меңгерген оңайырақ. Сондай-ақ, бұрын ағылшын тілін сабағында мұғалімдер мәтінді оқып, оның мазмұнын айтып беруді талап ететін. Алайда, шынайы өмірде адамдарға мұндай дағды қажет пе? Оларға жұмыста не басқа жерде мәтін оқып, оның мазмұнын қаншалықты қажет? Оның орнына, адамдар жиі хат жазысады, келіссөздер жүргізеді, музыка тыңдайды, кино көреді. Міне, осы секілді практикалық дағдыларды меңгеру әлдеқайда пайдалы болмақ. Сондықтан, ағылшын тілін оқыту әдістемелерінде мұның бәрі ескерілуі керек. 

Фото: Өзбекстандағы Британ кеңесі

Біз басымдық берген тағы бір маңызды бағыт – инклюзия болды. Қазір көптеген мектепте мүмкіндігі шектеулі, көзі нашар көретін, құлағы мүкістеу, болмаса білім алуда өзге де ерекше қажеттілігі бар балалар өте көп. Педагог олармен қалай жұмыс істеу керектігін білуі тиіс. Бұл жерде мен Universal design for learning туралы айтып отырмын. Бұл әмбебап дизайн оқытушы өз оқу жоспарын әзірлегенде, оқу бағдарламасын түзгенде, оқыту тәсілдерін қолданғанда ескерілуі қажет.  

Әрине, бұл – үлкен міндет және бір күннің жұмысы емес екені анық. Алайда, біз бұл жұмысты біртіндеп бастап, әрі қарай дамытамыз деп шештік. 

Екі жылда қандай нәтижеге қол жеткізілді?

– Жобаның екі жылдық жұмысының қорытындысында біз Ташкентте симпозиум өткізіп, жобаға қатысқан ұлыбританиялық және орта азиялық жоғары оқу орындары оқытушыларының басын қосып, нәтижелерімізді талқыладық, тәжірибелерімізді бөлістік. Жоба жетекшісі ретінде менің екі жылдық жұмысқа әбден көңілім толады. ЖОО оқытушылары барынша белсенділік танытты, араларында біздің бастамамызды әрі қарай өз күшімен не өз мемлекетінің қолдауымен жалғастырып жатқандар бар. 

Мемлекеттік органдардың қолдауы бар ма?

– Біз кез келген жұмысты бастағанда ең алдымен сол елдің білім беру саласындағы жауапты мемлекеттік органымен келіссөз жүргіземіз. Олардың стратегиясын түсінуге ұмтыламыз және оны жоққа шығаруға емес, толықтырып, жетілдіруге бағытталған жоба ұсынамыз. Билік органымен ортақ шешімге келген жағдайда ғана біз жұмысты жоғары оқу орындарымен, мектептермен жалғастырамыз. Сондықтан, бұл жоба аясында да ешқандай келіспеушіліктер болған жоқ. Жоба ортақ мүдделерді көздейді. 

Мәселен, Орта Азия елдерінде педагогтердің имиджін көтеру бойынша белсенді жұмыс жүріп жатыр. Біздің мақсатымыз да онымен үйлесім тауып отыр. Сондай-ақ, инклюзияны дамыту, әйел педагогтердің әлеуетін арттыру, бұл саладағы теңсіздікті жою, оқу процесіне жасанды интеллект мүмкіндіктерін енгізу салаларында да көздеген мақсаттарымыз бірдей. 

Рас, әдістемелердің жаңаруына байланысты педагогтер тарапынан түсініспеушіліктер болады. Бірақ, оның бәрі уақыт өте келе шешілетініне сенемін. Бұл мәселе Орта Азия елдерінде ескі әдістемелердің қолданылып келуімен байланысты. Бұрын ағылшын тілін меңгеруі кітап оқу, ғылыми жұмыспен айналысу үшін қажет болса, қазір бизнес, экономиканың дамуымен бірге мүлде жаңа дағдыларға деген қажеттіліктер туындап жатыр. Әсіресе, коммуникативтік дағдыларға деген сұраныс жоғары. Осы қажеттіліктерге сай әдістемелер де өзгеруі тиіс. 

Расын айту керек, қазіргі студенттер де басқа. Олар әлеуметтік желіні, жасанды интеллект сервистерін белсенді қолданады. Студенттер өзгеріп жатқанда олардың оқытушылары бұл өзгерістерге жауап бермей тұра алмайды. Қазіргі жылдам дамып жатқан қоғамда мұғалімдер де үнемі дамып, өзін жетілдіріп отыруы тиіс. Онсыз көшке ілесе алмай қалады. 

Жоба жалғаса ма?

– Жобаны жалғастыруға деген қажеттілік бар. Сондықтан, өз ұсыныстарымызды беріп, Ұлыбританияның үкіметінен жауап күтіп отырмыз. Жоба жалғасын табады деген үмітіміз бар. 

Пікірлер

0
Кіруіңіз керек.
Пікірлер тексеруден өтеді.

Әзірге пікірлер жоқ…

Серіктестер жаңалықтары

Подтверждение Email

Для возможности отправлять комментарии и оформить подписку вам необходимо подтвердить ваш адрес электронной почты. Письмо с ссылкой для подтверждения было отправлено на . Пожалуйста, проверьте свою папку "Входящие" или "Спам".

Телефон нөмірін растау

Өтініш беру себебін сипаттаңыз