Өзбекстанның астанасы Ташкент қаласында Ұлыбританияның халықаралық ұйымы – Британ кеңесінің ұйымдастыруымен "Ағылшын тілі және инклюзия" атты халықаралық конференция жұмысын бастады. Оған жалпы саны 28 (ұлыбританиялық 10 және Орта Азиядан 18) университет қатысып жатыр.
Олардың қатарында Қазақстандағы Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университеті және Ақтөбе облысындағы Баишев университеті бар. Бұл жоғары оқу орындары Accelerating English Language Learning in Central Asia (AELLCA) бағдарламасы аясында ұлыбританиялық Линкольн университеті, Sussex университеті және Ulster университетімен бірлескен жоба жүзеге асыруда. Саммит аясында аталған оқу орындарының оқытушылары ағылшын тілін оқыту мен инклюзиялық білім беру саласында жинаған тәжірибелерін ортаға салды.
Ал жалпы Орта Азия бойынша Ұлыбританияның жетекші жоғары оқу орнымен мұндай 11 серіктестік жоба жүзеге асырылды. Қазақстаннан бөлек, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Түрікменстанның университеттері AELLCA бағдарламасына белсенді қатысып жатыр. Оның аясында мыңнан астам ағылшын тілі мұғалімі акселераторлық жобада білімін шыңдады.
Түсіндіре кетсек, AELLCA бағдарламасы – Британ кеңесінің Орта Азияда ағылшын тілін оқытуды жеделдету мақсатында Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстандағы ағылшын тілі мұғалімдерін даярлау мен олардың кәсіби дамуын жетілдіруге бағытталған бастамасы.
AELLCA бағдарламасының директоры Джамиля Гулямованың айтуынша, бағдарлама ағылшын тілі мұғалімдерін даярлауға қажет оқу бағдарламаларын, басқару жүйелерін және инклюзивті оқыту тәсілдерін халықаралық үздік тәжірибелерге сәйкес жаңартып, жетілдіруді көздейді. Бірақ, бұл Орта Азия елдеріндегі оқыту жүйесіне ұлыбританиялық стандарттарды енгізуді білдірмейді, қайта ұлыбританиялық университеттермен серіктестік аясында әрбір ел өзіне лайық, өзінің ерекшеліктеріне сәйкес келетін білім беру әдістемелерін әзірлей алады.
"Біз PRESETT (pre-service teacher training – болашақ оқытушыларды даярлау) жүйесін жаңғырту және білім берудің инклюзивті тәсілдерін енгізу мақсатында үздік тәжірибелермен өзара алмасу үшін серіктес командаларды құрдық. Олардың әрқайсы уақытқа дейін қол жеткізген нәтижелері мен зерттеулерін бір нұсқаулыққа жинап, оны білім беру саласында барында кеңінен таратуға әрекет жасаймыз. Сондай-ақ, біз жобаның жетістіктері тұрақты болуы үшін әрі қарай да брлескен жұмысты жалғастырамыз", – деді Джамиля Гулямова.
Ағылшын тілін үйретуді күшейтумен қатар, серіктес университеттер өз жобаларында гендерлік мәселелерге, мүгедектер мен білім алудағы ерекше қажеттіліктерге, нейроәртүрлілікке, сонымен қатар әлеуметтік және цифрлық инклюзияға да ерекше мән берген.
Бұл ретте INSETT және PRESETT жобаларының жетекшісі Хусан Ганиев Өзбекстандағы жастардың ағылшын тілін меңгеруге деген құлшынысы артып келе жатқанын және оның негізінде ағылшын тілін оқытатын мұғалімдердің үлен еңбегі жатқанын өз мысалында айтып өтті.
"Мен 2007 жылы IELTS тапсырып, 7.5 балл жинағанымда бәрі маған данышпан адамдай қараған болатын. Оған қол жеткізуге мен он жылдай уақыт дайындалдым. Ал қазіргі жастар мүлде ағылшын тілін білмесе де, бір жыл дайындықпен 6 немесе 8 балдық көрсеткішке қол жеткізе алады. оған мүмкіндіктер бар. Өзбекстанда бүгінде ағылшын тілін жетік білетін жастар миллиондап саналады. Ал он жыл бұрын жағдай мүлде басқаша болатын", – деді Хусан Ганиев.
Айта кетейік, Ташкенттегі халықаралық саммит мәдени байланыстар мен білім беру мүмкіндіктерін дамытуға бағытталған Британ кеңесінің бастамасымен, Өзбекстанның Жоғары білім, ғылым және инновациялар министрлігі және Мектепке дейінгі және мектеп білім беру министрлігімен бірлесіп ұйымдастырылды.
USD:
463.1 / 465.7
EUR:
543.5 / 548.5
RUB:
6.01 / 6.13
