USDUSD: 502.9 / 505.5
  • EUREUR: 542.5 / 546.5
  • RUBRUB: 5.79 / 5.93
Тікелей эфир
Алматы +9C
Все города

"Немере баққысы келмейтіндер бар": Қанымжан Көлбаева қазіргі қазақ енелеріне ақыл-кеңесін айтты

Фото: Depositphotos.com
Фото: Depositphotos.com
Қанымжан Көлбаева – "Алтын көпір" кітабының авторы.

Қазақ қоғамында ене мен келін тақырыбы қашан да маңызды. Бірде келін, бірде ене мәселесімен әлеуметтік желі мен отандық ток-шоу табалдырығын тоздырғандар да көп. Осы орайда, екі келінімен де бірге тұратын Қанымжан Көлбаева өз пікірін білдіріп, қазақ  енелеріне даму керектігін жеткізді. 

"Мен ененің де, келіннің де сөзін сөйлемеймін. Мен – дұрыс әрі адамдық қарым-қатынасты қолдайтын адаммын. Өзім де екі келін ұстап отырғандықтан, ене мен келін тақырыбы маған жақсы таныс. Әсіресе, қазақ секілді туыстық қатынасты өте жоғары ұстайтын халықта мұндай мәселелердің болуы да заңды. Дегенмен, уақыт  алға озып, заман өзгерген сайын қазақ енелері де дамып отыруы керек деген пікірдемін. Өкінішке қарай, біздегі енелер барлық нәрсені тек келіннен талап етеді. Өзінің өмір көргенін, келіндік қызметтен өткенін міндет қылады. Бірақ қазіргі жастарды бұлай басқара алмайсың. Өйткені, біздің жастар, біздің келіндер өте ақылды әрі білімді. Бұл – білімнің заманы. Сондықтан, бұрынғыдай келінді бір уыста, ашсам алақанда, жұмсам жұдырықта ұстаймын деген ойдан арылу  керек. Енелер неғұрлым дана болған сайын, отбасы да берік, келін мен баланың арасы да жақсы болады", – дейді Қанымжан ене. 

Қанымжан Көлбаева. Фото Қанымжанның жеке мұрағатынан алынды

Енелер тақырыбына қатысты айтар ойларын жинақтап, "Алтын көпір" атты кітабын басып шығарған Қанымжан Көлбаева қазіргі келіндер мен енелерге қатысты  бірқатар ойын білдірді. 

"Қазір көпшілік келін ата-енемен бірге тұрғысы келмейді. Бұған де себеп  бар. Енелер оқымай, ізденбей, тек жасы үлкендігін алға тарта беретін болса, келінмен тұру қиынға  соғады. Негізі, ата-енемен тұруға жас келіндердің көп ынтасы жоқ. Бірақ балалы болған соң, ененің көмегіне жүгінетіндері де жасырын емес. Өйткені,  балаларын ата-енесіне тастап, қыдырып, шаруаларын тындыруға үлкен мүмкіндік болады. Мұны жас келіндер кейінірек түсінетін шығар. Жас жұбайларға бірге қыдыру, күнделікті күйбең тіршіліктен бір сәт арылып, оңаша сырласу өте маңызды. Тіпті, сырттан бір кесе кофе ішіп келгенінің өзі не тұрады? Осындай  кезде ата-енемен тұрудың  көмегі көп. Алаңсыз балаларды тастап кетесің, бір шәугім шайды әңгімелесіп отырып ішесің. Алайда, соңғы кездері көп келіннен бір жағымсыз жайтты естідім. Немерелерін баққысы келмейтін, келін мен бала бір жаққа шықса, телефонына маза бермейтін енелер де көп екен. Бұған не айтуға болады? Оқу керек! Енелерге оқып, даму керек. Басқа жолын көріп тұрғаным жоқ", – дейді Қанымжан ханым.


Оқи отырыңыз: Келінді "келсап" қылатын ене ме, әлде үйдегі тәрбиеден бе


 

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары