Неке жаңғырту трендке айналды. Бұл сән бе, әлде салт па

Коллаж: informburo.kz
Коллаж: informburo.kz
Әлеуметтік желілерде  #некежаңғырту хэштегімен бірнеше видео табуға болады.

Соңғы жылдары Қазақстанда неке жаңғырту рәсімі танымал бола бастады. Әсіресе, белгілі өнер адамдары мен танымал тұлғалар некелерін қайта жаңартып, бұл рәсімнің қоғамда талқылануына себепкер болып жүр. Бұл үрдіс қайдан шықты? Ислам дінінде мұндай рәсім бар ма? Дінтанушылар бұл туралы не дейді?

Жұлдыздар арасында кең таралған үрдіс

Былтыр белгілі әншілер Қыдырәлі Болманов пен Қарақат Әбілдина күміс тойын атап өтіп, неке жаңғырту рәсімін жасаған еді. Ол үшін тойға 25 жыл бұрын әншілердің некесін қиған Лесбай қажы арнайы келген. Бұл туралы:

"25 жыл бұрын некемізді қиған Лесбай қажы, міне, бүгін, күміс тойымызға арнайы қонақ болып келіп, неке жаңғырту рәсімін жасадық. Бұл да Алланың бір жоспары, біздің отбасымызға деген ерекше сыйы деп білеміз. Тілегін жаудырған жақсы адамдарым, сіздерге де осындай той жұғысты болсын!", – деп жазды Қарақат Әбілдина.


Оқи отырыңыз: Мәһірге машина сұрау дұрыс па? Ақ некенің шарты қандай?


Тағы бір мысал – теолог Алтындан Халел мен оның жолдасы Умра қажылығы кезінде Арафат тауында некелерін жаңартқан. Олар бұл рәсімді өздерінің отбасылық өмірін одан әрі нығайту мақсатында жасағандарын айтқан.

Психолог Құралай Ошақбаева да (әлеуметтік желіде Құралай ханым деген атпен танымал) жолдасымен бірге Үндістанға барып, үнді дәстүрімен некесін жаңғыртып, бұл рәсімнен ерекше әсер алғанын әлеуметтік желіде бөлісті.

Желі қолданушыларының кейбірі танымал тұлғалардың бұл әрекетін құптап, ізгі тілек білдірсе, кейбірі сынға алып, құптамады. Бірі "жастарға" бақыт тілесе, екіншісі "Ислам дінінде мұндай рәсім бар ма еді?" деп жазды. 

Ал Құралай Ошақбаева сынға алған оқырмандарына бұл рәсімді контент үшін жасағанын айтты.

 "Шри-Ланка дәстүрінде бар неке жаңғыртуды біз де жасадық. "Үнді махаббаты" болып, 25 жұп некемізді жаңғырттық. Отбасылық достарымызбен жылдағы дәстүріміз әдемі жалғасты. Өз өмірімізден кино жасаймыз деп, сөзге қалдық. Бұрыш-бұрышта тығылып, әр нәрсені бүлдіріп, арақ ішіп, неше түрліні көрсетіп жүргендер бар емес пе?! Оның қасында бала кезден көріп өскен үнді фильмдерін өз көзімізбен көріп, бөтен емес, өз байымызбен, өзіміз үшін естелік етіп контент жасап жатқан жоқпыз ба", – деп жазды психолог.  

Жалпы әлеуметтік желілерде  #некежаңғырту тегімен бірнеше видео табуға болады. Онда кей жұп бұл рәсімді үйленгендеріне бірнеше жыл толуына байланысты өткізгенін, екінші бірі жас кезінде мұсылманша некесі қиылмағандықтан жаңғыртқанын жазған. 


Оқи отырыңыз: Неке шарты неге жасалмайды?


Ислам дінінде неке жаңғырту бар ма?

Теолог Нұрлан имам Байжігітұлы шариғатта ажыраспаған адамдардың неке жаңғырту ұғымы жоқ екенін айтады. 

– Неке – ер-азаматтың нәзік жүректіге бір-ақ рет беретін ауыр серті, уәдесі, сөзі, аманаты, "Осы әйелді қаладым, ие боламын!" деп, Жаратушыға бір-ақ рет беретін анты. Неке – ерлі-зайыптыны бір-біріне байлау болса, талақ – соның шешілуі яки үзілуі. Шариғат тілінде некенің ұлы шарты – "Ижап" және "Қабул". Екі жастың мұсылман болуынан бастап, куәлер, неке сыйлық, ата-ана ризалығымен ұштасады. Дегенмен, неке анты бір-ақ рет беріледі. Яғни, шарттарымен неке бір-ақ рет қиылады. Қолымыздағы телефонның жаңартулары сияқты, бір рет қиылған некенің жаңартулары болмайды.

Мысалы, ерлі-зайыптылар ренжісті, арада үлкен дау-жанжал болды, екеуі екі жаққа кетті делік, алайда талақ сөзі айтылмады. Содан 1 жыл, 10 жыл, 100 жыл, тіпті, 1000 жыл бөлек тұрсын, сол әуелде бір рет қиылған некесі талақ түспейінше, сот бұзабаса, сол қалпын, күйін сақтап тұра береді.

Ал талақ түсіп, ресми ажырасқан ер мен әйел райынан қайтса, оның өзінде үш талақ берілмесе, қосылған кезде неке қайта қиылады. Осыны ел ішінде "неке жаңғырту" деп атап кеткен. Тағы айтамын, неке – ойнайтын дүние емес. Бар болса – бар. Жоқ болса – жоқ. Ойнауы, қалжыңдасуы да, у-шумен айтуы да, керек десеңіз, мастығы да есепке өтеді. Сонымен бірге, мемлекеттік заңды некені бұзып, өкіметті алдап, бірге тұра беру де зинаға барған жол екенін білген жөн, – деп түсіндірді имам.

Серіктестер жаңалықтары