Мәһірге машина сұрау дұрыс па? Ақ некенің шарты қандай?

Мәһір – неке қидырған ер адамның қалыңдығына жасайтын сыйлығы.

Бұл материал әлеуметтік желіде мәһір тақырыбы өзекті болуына байланысты шариғат бойынша неке құрудың шарттарын түсіндіру мақсатында әзірленді. Материалда "Насруллоһ" Исламды қолдау қоғамдық қорының президенті Қазыбек Байсопы мен Гүлбаһрам Жебесін әзірлеп, "Ғибрат" баспа үйінен шыққан "Ақ неке (қадірі мен қасиеті)" атты кітаптың мәліметтері қолданылды.

Шаңырақ көтерудің шарттары қандай?

Неке қиюдың алғашқы шарты – АХАЖ қызметкері алдында емес, Алла алдында, яғни, шариғат талаптарына сай неке қию болып табылады. Үкіметтің неке сарайындағы неке куәлігін алу рәсімі – сол мемлекеттің заңына сай некелесу тәртібі. Бұл – заңды неке, бірақ шариғаттағы ақ неке ұғымы емес. Осының ара-жігін анық білу шарт!

Мұсылман неке куәлігі

Мұсылманша отау құрушылар алдымен Алланың алдында ақ болу үшін мешітте неке қидырады. Оның заңды күші жоқ, дегенмен, шариғат талабына сай келеді. Ислам дінінде "сонда ғана абыройсыздықтен сақтануға болады, өйткені "аққа Құдай жақ", өзіне сенім артқан пендесін Алла тағала ешуақыт назарынан тыс қалдырмайды" деген түсінік бар.


Оқи отырыңыз: Неке алдында жастардың медициналық тексеруден өтуіне негізгі 5 себеп


Сондықтан жан тазалығын, ар тазалығын сақтағысы келген адам шариғат бойынша неке қиюдың қадір-қасиетін жақсы түсінеді. Мұсылман жандарға неке қиюдың бірнеше шарты бар:

  • Қалыңдық пен күйеу жігіттің кәлимаға тілін келтіруі;
  • Олардың бір-біріне жар болуға ризалық білдіруі;
  • мәһір – ер адамның қалыңдығына жасайтын сыйлығы;
  • Куәлер – екі ер адам, екі ер адам табылмаса, бір ер адам және екі әйел.

Тереңірек тоқтала кетсек, жастар ең алдымен Алланың жалғыз, Мұхаммедтің (с.ғ.с.) оның елшісі екеніне куәлік береді. Халқымыз мұны кәлимаға тілін келтіру деп атайды. Сондай-ақ, Алла тағала ерлі-зайыптылардың бірін-бірі ұнатып, сүйіспеншілік сезіммен қосылуын қолдайды.

Қасиетті Құран мен Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өсиет-өнегесін жетекшілікке алатын шариғат заңы бойынша екі жақтың ырзалығын естімей, неке қиюға болмайды.


Оқи отырыңыз: Неке шарты неге жасалмайды?


Мәһір не үшін беріледі?

Неке қиюдың тағы бір шарты – күйеу жігіт қалыңдығына белгілі бір мөлшерде, болашақ жарының ризалығына ие болатындай сыйлық жасауы. Бұрын араб елдерінде қалыңдыққа кем дегенде он динардың көлемінде мәһір берілетін. Бұл үлкен қомақты қаржы еді. Қазір мәһірдің нақты мөлшері жоқ, бірақ қалыңдық азырқанса, неке қиюшы дін өкілі күйеу жігітке болашақ зайыбының көңілінен шығатындай дәрежеде сый жасауы керектігін ескертеді.

Мәһірдің берілуін Алла тағала өзі міндет етіп жүктеген. мәһір – әйелдің жеке меншік мүлкі болып саналады. Тіпті, кейін екеуі ажырасып кетсе де, күйеуінің мәһірді қайтып алуға қақысы жоқ. Мәһір – әлсіз, нәзік әйелдің жалғыз, қорғансыз қалған жағдайда (жесір қалса немесе ажырасып кетсе) материалдық мұқтаждық көрмеуіне арналған қамқорлық.


Оқи отырыңыз: ҚМДБ ғұламалар кеңесі онлайн неке қиюдың пәтуасын шығарды


Неке қию отбасының беріктігіне әсер ете ме?

Ислам дініне сәйкес, куәгерлікке келісілген адамдармен қоса, ақ некенің қиылғанына періштелер де куәлік етеді. Бірақ олар көрінбейді. Ал адам өмірінде не болмайды, жала да жабылады (екеуі зина жасады, некесі жоқ деп, тағы басқа), тіпті ерлі-зайыпты екеуі ажырасса, некеде болғанынан бас тартатын адамдар да кездесуі мүмкін. Сонда: "Біз куә болғанбыз, екеуінің ақ некесі қиылған еді" деп куәлер адалын айтады. Ал егер некеден кейін ерлі-зайыптылар арақ ішіп, басқадай арам істерге барса, ол шаңырақтың тіршілігіне шайтан араласады. Ақ некенің қадірі қаша бастайды, яғни отбасының береке-бірлігіне, ынтымағына нұқсан келеді.

Отбасының берекелі де, зиялы, босағасы берік, шаңырағы биік болуына ақ некенің тигізер әсері аз емес. Мәселен, хұтпа оқушы, неке қиюшы адамның жоғары білімді, ой-өрісі кең дін ғалымы болғаны дұрыс. Өйткені, жас жұбайларға хұтпаны Құран мен хадистерден мысал келтіре отырып, діни уағыз айтқан кезде мұсылман отбасы білуге және сақтауға, сақтануға тиіс халал  мен харамның айырмашылығын, ерлі-зайыптының әрқайсысының жұбайлық міндеттерін талдап түсіндіреді, шариғаттың басқа да заңдылықтарынан қажетті мағлұмат береді.

Хұтпа оқушы шариғат талаптары жөнінде жастарға кеңінен түсінік берген соң, күйеу жігіт пен қалыңдыққа неке суы ұсынылады. Ол – таза, дәмді болуы керек. Оған жүзік, тағы басқа зат салу дұрыс емес. Неке суының тазалығы, дәмділігіне баса көңіл бөлу – жаңадан отау тіккен екі жастың махаббаты – Адам ата мен Хауа ана, Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) мен Хадиша ана, хазіреті имам Әли мен хазіреті Фатима анамыздікіндей мәңгілік бақытқа бастайтын биік те тұнық, мөлдір де тәтті болсын деген ниетті білдіреді.


Оқи отырыңыз: Жас жұбайлар неге жиі ажырасады? "Мінезіміз сай келмедінің" астарында не жатыр?


Ер адамның 4 міндеті:

  • Отбасына жан-жақты жағдай жасау;
  • Ұзақ сапарға шығарда үй-ішін қажетті заттармен қамтамасыз ету;
  • Жұбайын сыйлау, оған күш көрсетіп, қоқан-лоқы жасамау;
  • Бір жаққа кетерде қайда баратынын, қай сағатта қай жерде болатынын айтып ескерту.

Әйел адамның 4 міндеті:

  • Болашақта дүниеге келер балаларды тәрбиелеу;
  • Күйеуі Ислам талабына сай ақыл-кеңес, өсиет сөз айтса, орындау;
  • Бір жаққа баруға жиналса, ерінен рұқсат сұрау;
  • Күйеуіне қарсы шығып, дөрекі мінез көрсетпеу.

Читайте новости без рекламы. Скачайте мобильное приложение informburo.kz для iOS или Android.

Поделиться:

 Если вы нашли ошибку в тексте, выделите ее мышью и нажмите Ctrl+Enter

Серіктестер жаңалықтары