Егемендік алғалы бері демографиялық ахуал қалай өзгерді және оған қандай тарихи оқиғалар әсер етті? Тәуелсіздік күні қарсаңында Экономикалық зерттеулер институтының Өңірлік зерттеулер және өмір сапасы орталығы директорының орынбасары Шынар Төлешова елдің демографиялық даму жолына талдау жасады.
Құлдырау және өрлеу
Сарапшы Шынар Төлешованың айтуынша, тәуелсіздік жылдарындағы Қазақстан халқы санының өсу серпінін шартты түрде екі ірі кезеңге бөлуге болады.
- 1991-2001 жылдар: Бұл онжылдықта халық саны 9,7%-ға немесе 1,6 млн адамға азайды.
- 2002-2024 жылдар: Тұрақты және үздіксіз өсу кезеңі. Осы жылдары ел тұрғындарының саны 36,4%-ға немесе 5,4 млн адамға артты.
90-жылдардағы антирекорд
"1991-2001 жылдардағы халық санының азаюы көші-қон ағынымен де (елден кету), табиғи өсім көрсеткіштерінің төмендеуімен де байланысты болды.
1991-1999 жылдары табиғи өсім деңгейі 1000 адамға шаққанда 13,30-дан 4,40-қа дейін қысқарды. Оған туу көрсеткішінің төмендеуі мен өлім-жітімнің өсуі әсер етті.
Тәуелсіз Қазақстанның бүкіл тарихындағы туудың ең төменгі деңгейі 1999 жылға сәйкес келді. Сол кезде небәры 217,5 мың бала дүниеге келді. Ал туудың жиынтық коэффициенті бір әйелге 1,8 тууды құрады", – дейді Шынар Төлешова.
Сарапшы өлім-жітімнің ең жоғары шегі 1995 жылы байқалғанын айтады. Бұл жылы 166 028 адам қайтыс болған. Салыстырмалы түрде алсақ, пандемия өршіп тұрған 2020 жылы қайтыс болғандар саны (160 962 адам) 1995 жылғы көрсеткіштен төмен болды.
"Беби-бум" және қазіргі жағдай
Маман 2000-2014 жылдары демографиялық көрсеткіштер айтарлықтай жақсарғанын айтады.
"2000-2014 жылдары туу өсті, өлім-жітім азайды. Туу коэффициенті 2001 жылы 1000 адамға шаққанда 14,91-ден 2014 жылы 23,11-ге дейін артты. Алайда, 2015-2024 жылдары табиғи өсімнің қайтадан бәсеңдеуі байқалды (1000 адамға шаққанда 15,24-тен 11,56-ға дейін).
Пандемия болған 2020-2021 жылдарды қоспағанда, туу мен өлім-жітім төмендей бастады. Туу коэффициенті 2015 жылғы 22,72-ден 2024 жылы 18,15-ке дейін, өлім-жітім коэффициенті 7,48-ден 6,58-ге дейін қысқарды.
Пандемия жылдары ерекше құбылыспен есте қалды. 2020-2021 жылдары өлім-жітімнің артуымен қатар, туу көрсеткішінің де күрт өсуі тіркелді. 2021 жылы 445 875 бала дүниеге келді. Бұл – тәуелсіздік жылдарындағы рекорд. Демографтар бұл кезеңді "пандемиялық беби-бум" деп атады.
Дегенмен, қазіргі уақытта туу көрсеткішінің төмендеу қарқыны өлім-жітімнің азаю қарқынынан жылдамырақ жүріп жатқандықтан, табиғи өсім баяулады", – дейді сарапшы.
Көші-қон толқындары
Сарапшының айтуынша, көші-қон жағдайының өзгеруін де шартты түрде бірнеше кезеңге бөлуге болады:
1991-2003 жылдар – халық санының азаюында негізгі рөл атқарған айтарлықтай көші-қон жылыстауы кезеңі.
2004-2011 жылдары көші-қонның оң сальдосы байқалды. Осы жылдары көші-қон өсімі 98,7 мың адамды құрады. Этникалық қазақтарды қайтару саясаты айтарлықтай оң нәтиже берді.
2012-2022 жылдар – көші-қонның кему кезеңі. Еуропалық этнос өкілдерінің эмиграциясы қандастардың иммиграциясынан асып түсіп, ел 178,3 мың адам жоғалтты.
"2023 жылдан бастап елге келушілер санының өсуі тіркелуде. Бұл этникалық қандастарды репатриациялау жөніндегі жалғасып жатқан тиімді саясатпен, сондай-ақ көрші елдердегі геосаяси жағдаймен байланысты", – деп түсіндірді Шынар Төлешова.
Қорытынды және сын-қатерлер
Бүгінде Қазақстан айтарлықтай демографиялық әлеуетке ие. Дегенмен, сарапшы Шынар Төлешова бірқатар сын-қатерлерді атап өтті:
- Халықтың жас құрылымындағы өзгерістер.
- Кейбір өңірлердегі депопуляция (халық санының азаюы).
- Ауылдан қалаға және облыстардан мегаполистерге бағытталған ішкі миграция.
"Отбасыларды қолдауға, өңірлерді дамытуға және ішкі көші-қонды реттеуге бағытталған тиімді демографиялық саясат болашақта адами капиталды нығайтудың кепілі болмақ", – дейді сарапшы.
USD:
516.5 / 519.1
EUR:
606.0 / 611.0
RUB:
6.45 / 6.57