Тікелей эфир

"Мамасының баласы": Неге балалар есейсе де, ата-ана ықпалынан шыға алмайды

Ата-анадан ақша сұрау – оларға тәуелді болу деген сөз, дейді психоаналитик.

Сепарация – өз бетінше өмір сүріп, тәуелсіз адам болуы үшін баланың ата-анасынан бөліну процесі. Оған дейін бала әке-шешесіне бағынышты болса, кейін ол тең дәрежеде қарым-қатынас құрады. Осы тақырыпты терең зерттеген венгриялық дәрігер-психиатр Маргарет Малер сепарация мен индивидуация процесін қатар қарастырады. Кейінгісі басталған кезде сәби өз ерекшеліктерін қабылдап, жеке индивид болуға ұмтылады. Алайда сәби шағында осы екі кезеңнен дұрыс өтпей, 30-40 жасқа келсе де, ата-анасына тәуелді жандар бар. Осы орайда психоаналитик Жанар Оспанова ересек жандарда сепарация аяқталмағанын қалай білуге болатынын, оның себептері не екенін және бұл процеске қалай нүкте қоюға болатынын әңгімеледі. Сондай-ақ, танымал британ психоаналитигі Патрик Кейсмент өзінің клиентін мысалға алып, ана мен бала арасындағы қарым-қатынастың дұрыс өрбуі ересек шақта кейінгісіне қалай әсер ететінін айтып берді. 

Жанар Оспанова алдымен сепарация-индивидуация кезеңдеріне тоқталып, оларды дұрыс өтпеген кезде қандай клиникалық диагноз қойылатынын айтты:

  1. 0-1 ай арасын "аутистикалық фаза" деп атаймыз. Жаңа туған нәрестеге әлем шексіз болып көрінеді және ол айналаны тәні арқылы сезініп бастайды. Егер осы фазада ауытқу болса, адам ересек шақта аутистикалық психозға ұшырап, өмірде ешнәрсеге құлшынысы болмайды және өмірден бас тартады.
  2. 2-4 ай арасы – "симбиотикалық фаза". Уақыт өте келе ана нәрестенің бауыр басу объектісіне айналады. Бұған дейінгідей емес, әлемдегі заттарда шекара пайда болады, ана мен бала бірігіп, осылардан бөлініп шығады. Егер ауытқу болса, симбиотикалық психоз бен әртүрлі тәуелділікке ұшырайды: ішімдікке, алкогольге, темекіге және адамға деген тәуелділік.
  3. Жоғарыдағы екеуінен кейін "сепарация-индивидуация фазасы" басталады. Алайда, оның өзі ішінде төртке бөлінеді:
  • 5-9 ай аралығы – "дифференциация фазасы". Ана жеке объектіге айналып, нәресте одан да басқа адамдардың бар екенін түсіне бастайды. Ауытқу болса, адам өзінің "менін" сезінбей, сенімсіз, өз бетінше шешім қабылдай алмайтын адам болып өседі.
  • 10-16 ай – "практика фазасы". Сәби әлемді барынша белсенді түрде зерттей бастайды. Баланың санасында ананың образы пайда болады, өзін іштей "Құдай" сезінеді, ешнәрседен қорықпайды. Ауытқу болса, алдына қойған мақсатына жете алмайтын, ынжық адам болып өседі. Жеке өмірінде қиындықтар болады.
  • 17-24 ай – "бірігу фазасы". Сәби барлығын "мен", "мен емес" деп бөледі. Ауытқу болса, жақын адамының махаббатын жоғалтып алудан қорқатын бала өседі. 
  • 25-36 ай – "объект тұрақтылығы фазасы". Ана өз алдына бөлек объектіге айналады. Екеуінің арасында ерекше терең байланыс пайда болады. Ауытқу болса, адамдарды жақсы-жаман деп бөледі. Бір адамның бойында жақсы да, жаман да қасиеттер болуы мүмкін екенін түсінбейді.

Анасынан жылулық көрмеген жас жігіттің оқиғасы

Британ психоаналитиктер қауымдастығының мүшесі, әлемге әйгілі супервайзер Патрик Кейсмент ана мен бала арасындағы қарым-қатынастың кейінгісінің ересек өміріне қалай әсер ететінін түсіндірді. Бұл үшін ол емделушісін мысалға алды. 

"Бірде терапияға өте сымбатты, қыздар құлай ғашық болатын жас жігіт келді. Алайда, жігіт қызды өзіне қаратқан соң, тез суып, бірден басқа адамға көңіл бөледі. Ол өзінің осы қасиетінен қатты ұялатын, мұны тәуелділікке балады. Сеанстардың бірінде "Мен сіздің жағдайыңызды түсінген сияқтымын. Жолыңыз болмаған екен. Алғашқы үш жарым жылда сіз анаңыздың жүзіндегі күлкіні көре алмаған екенсіз" дедім. Ол кез келген қызды күлімсірете алады, мұны тамаша деп санайды. Бірақ, ол қыздар анасындай емес. Сол себепті қыздардан теріс айналып, үнемі анасының күлімсіреп тұрған жүзін іздейді. Жігіт мәселенің неде екенін түсінген кезде бұл тәуелділігінен арыла алды", – деп түсіндірді психоаналитик Патрик Кейсмент. 

Ары қарай Жанар Оспан сепарация процесінің аяқталмау себебі мен ересек шақта не істеуге болатынын түсіндірді. 

– Ересек адамда ата-анасынан сепарация жоқ екенін қалай білуге болады?

– Көбінесе келесі белгілерге қарап білуге болады:

  • Жеке пәтердің жоқтығы. Кез келген адам өмірінде бір рет болсын үйсіз қалып, ата-анасымен бірге тұруы мүмкін. Алайда, осы кезеңде адам жаңа пәтер табудың жолын іздемесе, онда сепарация процесі аяқталмаған деген сөз.
  • Тұрақты табыстың болмауы. Ата-анамызға арқа сүйеп өскен жақсы, бірақ бұл жоқ дегенде бірінші жұмыс орнына орналасқанша жалғасуы керек. Ата-анадан ақша сұрау – оларға тәуелді болу деген сөз. Әдетте сепарацияланбаған адам несиеден көз ашпайды. 
  • Жақындарына жалтақтап, өз бетінше шешім қабылдай алмау. Шаңырақ көтеріп, балалы болып жатса да, өз бетінше шешім қабылдауға қорқатын ересек адамдар бар. Олар көбінесе әке-шешесінің қалауын орындайды.
  • Ата-анамен қарым-қатынаста шекараның болмауы. Әке-шеше кез келген уақытта үйге сұрамай келіп, әртүрлі ескерту жасауы мүмкін.
  • Сүйіктісінің жоқтығы немесе ұзақ қарым-қатынас құра алмауы. Сепарацияланбаған ересектер екінші жартысының өзі үшін жауапкершілік алғанын қалап тұрады. "Бала мінезімен" мезі етеді. 

Оқи отырыңыз: "Табыс пен махаббат еселеп артады". Эмоциялық интеллект пайдасы қандай және оны қалай дамытамыз?


– Әке-шешеден сепарациялану деген не?

– Сепарация бір күнде немесе бір жылда болатын құбылыс емес, ол өмір бойы жалғасады. Әке-шешеден психикалық бөліну "мен" және "өзім" деген сөздерден басталады. Баланың "өзім істеймін" деген сөзін естіген кезде оған құлақ асып, дұрыс шешімге бағыттай білсек, жарты жұмысты бітірдік деген сөз. Осының арқасында жасөспірімдік шақта сепарация жеңіл өтеді. 

– Сепарация несімен маңызды?

– Қаржылық қиындықтар мен өмірлік жарыңды табу, онымен бақытты ғұмыр кешу тікелей осы сепарациямен байланысты. Адам әке-шешесінен сепарацияланған кезде тәуелсіздік алып, өзіне деген сенімділік пайда болады. Бойындағы энергиясын жақын адамдарының емес, өзінің шын қалауына бағыттайды, алдына қойған кез келген мақсатына жетеді. Сепарация процесі кезінде адам ақырындап шекарасын түзе бастайды. Бұл отбасында, достармен және жұмыста әріптестермен сау қарым-қатынас құруға тікелей әсер етеді. Мына маңызды нәрсені түсіне білу қажет: сепарация – екіжақты қарым-қатынас, оған балалар мен әке-шешелер қатар қатысады. Біріншілерінің міндеті – бөлініп шығуға ұмтылу, екіншілерінікі – тәуелсіз болуға мүмкіндік беру. Осы эмоциялық сепарацияның арқасында адам тәуелсіз шешім қабылдап үйренеді. Қазір сепарацияны ата-анаға суық қарау, оларды өміріңе мүлдем жақындатпау деп түсінетіндер көп. Алайда, керісінше сепарациядан кейін адамдар бір-бірін бұрынғысынан жақсырақ түсініп жатады. 

– Сепарацияға қандай факторлар кедергі келтіруі мүмкін?

– Кейде балалар ата-анасынан, екіншілері перзентінен "айырылғысы" келмей, сепарация процесіне саналы немесе бейсаналы кедергі келтіреді. Мысалы, балалар үшін әке-шешесіне өмір бойы материалдық тұрғыдан арқа сүйеп, дайын асқа тік қасық болып отырған үйреншікті дүние болуы мүмкін. Екінші бір себеп – балалар мен әке-шешесінің орнының ауысуы. Балалар отбасында өзіне көбірек жауапкершілік алып алуы мүмкін. Өзімді сүйетін адам таба алмаймын, табысқа жете алмаймын деп қорыққандықтан, әке-шешесімен бүркенеді. Дегенмен көбінесе ата-аналардың өзі сепарация процесіне кедергі келтіріп, гиперқамқорлық жасайды. Өздерінің жете алмаған арманын баласына таңып беріп, оны "үмітті ақтайтын" объектіге айналдырады. Баланы өзіне байлау арқылы өзін керек сезінеді. Тіпті кінә сезімін шақырып, манипуляция жасауы мүмкін. 

Тағы бір көп кездесетін себептердің бірі – әке-шешенің қартаюдан қорқуы. Қолында баласы барда өзін жас сезінеді. Баласына бақыт тілеген әке-шеше оның өзінен сепарациялануы үшін бәрін жасайды. 

– Сепарация жоқтығының салдары қандай болуы мүмкін?

– Аяқталмаған сепарация өмірді қатты қиындатады. Әке-шешенің айтқанына жалтақтап өскен баланың өзіне берер бағасы төмен болады. Үнемі айналасындағылардың өзін мақтағанды қалап тұрады. Яғни, өзі қалаған дүниемен емес, жұрт мақтауы мүмкін деген дүниемен айналысады. Сепарация жоқ отбасында әке-шеше диктатордың немесе керісінше гипер қамқоршының рөлін атқарады. Осының себебінен баланың санасында өзімді өзім ептей алмаймын деген ой қалыптасады. 

Жеке шекара болмайтындықтан, адам сүйіктісінің бір бөлшегіне айналып, соның қалауын ғана орындайды. Өзін толықтай жоғалтып алады. Мұндай адамдар қызметте көтеріліп, мансап қуа алмайды. Әке-шеше айтқан оқу мен жұмысты таңдағандықтан, іштей ешқандай мотивация болмайды. 

Фото: Жанар Оспанның жеке архивінен

Қазақ қоғамы үшін өзекті тақырып – сепарацияның жоқтығы жеке өмірдегі қиыншылықтарға алып келеді. Жұп қанша берік болса да, арасына әке-шеше түсетін болса, ол бәрібір айырылып тынады. Шекара жоқ болғандықтан, сау қарым-қатынас құру мүмкін емес. Сондай-ақ сепарация аяқталмаған адамдар көбінесе әке-шешесінің тағдырын қайталап, ажырасады, опасыздық жасайды немесе зорлық-зомбылық көрсетеді/көреді. 

– Әке-шешеден сепарациялану үшін нақты қандай техникаларды қолдануға болады?

– Қатты қиналып жүрген болсаңыз, психоаналитик маманға жолығуыңызға болады. Психоаналитик жаңа туған нәресте шағыңыздан бастап осы күнге дейінгі психикалық жарақаттарыңызды емдеуге көмектеседі. Себебі, бейсана психоаналитикті әке-шеше  деп қабылдайды және барлығын басынан бастау мүмкіндігі бар. Нәтижесінде кабинеттегі атмосфера сөзсіз шынайы өмірдегі ата-анамен қарым-қатынасқа әсер етеді. 

Дегенмен, маңызды бірнеше кезең бар. Ол:

  • Қаржылай тәуелсіз болу. Жұмысқа тұрып, әке-шешеңізден бөлек тұрып бастаңыз. "Оларға жалтақтауды қоямын" деп ереже белгілеңіз.
  • Психоаналитик кабинетінде өкпе-реніш, кек сезімімен жұмыс істеп, әке-шешеңізді кешіріңіз. Өткенмен өмір сүремін деп болашағыңыздан айырылуыңыз мүмкін. Ең бастысы – әке-шешені осы күйінде қабылдау, оларды өзгерту мүмкін емес екенін түсіну.
  • Мәдениетті түрде шекара қоя білу. Өзіңізге ұнамағанды ашық айтыңыз, өз қалауыңызды ғана емес, өзгелердікін де қадірлеңіз. Талқылағыңыз келмейтін тақырыптарды ашып айтыңыз.
  • Кінә сезімінен арылу. Бір қызығы адам бақытты өмір сүргісі келген кезде өзін кінәлі сезінетін кездер де болады. Кінә мен ұят сезімі жойқын күшке ие. Кінәні сезіне салысымен оны басқа сезімге трансформация жасап үйрену қажет. Мұндай сезімдерді спортқа, биге, басқа да хоббилерге трансформация жасауға болады.
  • Өз қалауыңыз бен мақсатыңызды анықтау. Оған жету жоспарын әзірлеңіз. 

Оқи отырыңыз: "Ең жақын адам". Бауыр басу бала өміріне қалай әсер етеді?


Ең бастысы – өзіңізге де, ата-анаңызға да уақыт беріңіз. Іштей оларға деген үлкен ренішіміз болса да, ол кісілердің де жан жарасы бар екенін, балалық шағы бақытсыз болған болуы мүмкін екенін де ұмытпауымыз керек. Қара сөзбен айтқанда – олар да пенде. 

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары