Мәдениеттанушы, қазақ мифологиясын зерттеуші, философия ғылымдарының кандидаты Зира Наурызбай мен эксперименталды археолог, медиа-продюсер, блогер Нұрқожа Ерсайын қазақ қоғамында әйел мәртебесінің қалай өзгергенін және бұған не әсер еткенін әңгімеледі.
Зерттеуші Зира Наурызбай гендерлік археологиядан әйел адамдардың тарихта маңызды рөл атқарғанын көруге болатынын айтады.
"Шыңғыс хан қызын тақ мұрагері етіп қалдырғысы келді"
Зира Наурызбай, мәдениеттанушы:
– Гендерлік археология зерттеулері Еуропада бір кездері матриархат болғанын көрсетті. Әйелдер басқарған заманда халықтар бейбіт өмір сүріп, қоныстар арасын бөліп тұратын қамал, керегелер тұрғызбайтын. Қару-жарақпен адам өлтіру деген де болмаған. Шартты түрде айтатын болсақ, б.з.д. 2 мың жылдықта осы жерлерге патриархат үнді еуропалық тайпалар қоныстанған уақыттан бастап адамды қару-жарақпен өлтіру басталған. Жергілікті халықтың ерлерін өлтіріп, әйелдерін алған. Осылайша заманауи еуропалықтардың мәдениеті қалыптасты. Біздің қоғам да патриархат болды десек те, ежелгі түркі қоғамының дәл мұндай патриархат болмағанын көрсететін дәлелдер көп. Америкалық зерттеуші Джек Уэзерфордтың Шыңғыс хан туралы және Моңғол патшайымдарының құпиялары туралы кітабы бар. Ол Шыңғыс хан билік еткен кезеңге басқа қырынан қарайды. Ғалым "Шын мәнінде Шыңғыс ханның өзі де, тайпасы да айналасындағы әйелдерді қатты құрмет тұтқан, сыйлаған. Ол уақытта қалың малдың орнына ер азаматтар болашақ қайын атасының үйінде бірнеше жыл еңбек етіп, өзінің күшті күйеу екенін дәлелдеп барып қана қалыңдық алатын болған. Шыңғыс хан осы дәстүрді қолдады және одан бас тартуға түбегейлі қарсы болды" дейді. Бізде ер адам қайын жұртының үйінде тұрса, күшік күйеу деп айтады. Ал тарихшылар мұны жоғарыда айтқаннан шыққан "күш күйеу" деп түсіндіреді. Бұл сөз қалыңдықтың жүрегін өз күшімен, маңдай терімен жаулаған дегенді білдіреді. Мұнымен қатар Уэзерфорд "Шыңғыс ханның ұлдары әлсіз, әлжуаз, ойынқұмар, ішкіш болған. Ол өзінің қыздары мен келіндеріне көбірек арқа сүйеген. Тіпті басты мұрагері етіп қыздарының бірін қалдырмақ болған" дейді. Шыңғыс хан патриархат қоғам болғандықтан, мұндай қадамға бара алмайтынын жақсы түсінген. Өкінішке орай, ол қайтыс болған соң ұлдары жылдам әпке-қарындастарын өлтіреді немесе тақтан айырады. Артынша осы әрекеттерінің барлығын тарихтан ысыруға тырысады. Осы нәрсе біздің заманға дейін жалғасқан.
Оқи отырыңыз: Айгерім Құсайынқызы: "Бишімбаев ісінен кейін Қылмыстық кодекске "әйел өлтіру" деген бап енгізілуі қажет
"Жігіттер үйлену үшін өзі ұнатқан батыр қызды жекпе-жекте жеңуі керек болған. Бірақ бұл бәрінің қолынан келмеді"
Мұнымен қатар мәдениеттанушы Ислам дінінің қазақ қоғамының өміріне үлкен өзгеріс алып келгенін айтады. Құран аяттары дұрыс аударылмағандықтан және ер азаматтарға ыңғайлы тұстарын ғана қолданысқа енгізгендіктен, әйел мәртебесіне кері әсерін тигізген. Сондай-ақ, зерттеуші шын мәнінде шариғат заңдарының әйелді экономикалық және әлеуметтік тұрғыдан қорғағанын айтады. Алдымен ол ислам дінін қабылдамаған Сібір халықтарындағы әйелге деген қарым-қатынасты мысалға келтірді.
"Сібір халықтарының аңыз-әңгімелері, тарихына жүгінсек, ер адам батыр қызға үйленгісі келеді, бірақ оның жүрегін жаулай алмайды. Өйткені батыр қызды жекпе-жекте жеңуге күші жетпейді. Яғни ер жігіт өзі ұнатқан қызды жекпе-жек кезінде жеңсе, онда жүрегін жаулаған болып саналады. Көптеген түркі халықтарын да осылай болған. Ақыры қолынан келмеген соң, басқа бір батыр қыздың көмегіне жүгініп, ол екеуі бірнеше жыл арпалысады. "Сен біздің ханымызға тұрмысқа шық, әйтпесе өлтіремін" дегендей. Бұдан өзге ер батырлардың дұшпандарынан жеңілген кезде қыз батырлардан көмек сұрауы қалыпты дүние болған. Қобыланды жырындағы Қарлыға осыған ұқсас жинақталған образ. Ол махаббатқа бола әкесі мен бауырын сатқан, кейін Қобыландыға ренжіп, оны жеңген. Бірақ біз Қарлығаға сатқын деп қараймыз. Ол соңында Қобыландыдан кешірім сұрап, оны осыдан кейін екінші әйел етіп алады. Біз исламның өз заманында өте ілгерішіл, озық болғанын түсінуіміз керек. Ол әйелдердің әлеуметтік-экономикалық құқықтарын қорғады. Мысалы, Еуропадағы көптеген елде әйелдер тек ХХ ғасырдың екінші жартысында қол жеткізген құқықтар Ислам мен шариғатта 6-7-ғасырларда жазылып қойған болатын. Ресейде Стасевич деген зерттеуші қазақ қыздарының ерекше еркін болғанын, оларды гаремге отырғызып қою мүмкін болмағанын жазады. Киіз үйді құрып, оны қайта жинап, ерлері бірнеше жылға жорыққа аттанғанда бүкіл шаруашылықты өз мойнына алған. Қазақтар исламды қабылдағанымен, әйелдің құқығы шариғаттағыдай қорғалмады. Исламда ерлі-зайыпты ажырасса, әйелдің төсек-орны мен күйеуі берген сыйлықтар сақталады. Ал қазақтарда керісінше мұның барлығы жұбайлардың емес, бүкіл әулеттің мүлкі деп саналды. Жесір қалған әйел әмеңгерлікпен тұрмысқа шықпай, өз отбасына оралуды жөн көрсе, өзімен бірге тек сәукелесін алып кетуге құқылы болды. Парадокс осында. Біз Исламнан тек ерлерге тиімді тұстарын ғана алғанбыз. Дегенмен қазір әйеліне, бала-шағасына көңіл бөлудің, оларды бақытты етудің аса маңызды екенін насихаттайтын практик мұсылмандардың бар екенін қуанамын. Бұған Нұрлан имам және тағы басқалары мысал", – деді зерттеуші.
Қазақ әйелі мәртебесінің төмендеуіне қалмақ қыздарының не қатысы бар?
Сондай-ақ, Зира Наурызбай қазақ қоғамында ер азаматтардың қалың малды жинап, тек 40-50 жасында үйлене алғанын айтады. Ал жігіттің отбасы жаңа түскен келінге үлкен құрметпен қараған. Себебі, бұл қалыңдыққа қол жеткізу үшін, беретін қалың малын жинау үшін кемінде 20 жыл жұмсады. Алайда жаугершілік заманда тұтқындап әкелетін қалмақ әйелдер көп болғандықтан, жалпы әйелге деген көзқарас өзгерген.
"Қазақ қыздарын қалың мал беріп алуға шамасы жетпегендер соғыс кезінде тұтқындап әкелген қалмақ қыздарын әйелдікке алды. Жақын орналасқан халықтар арасында соғыстың да жазылмаған заңдары болған. Мысалы, Түрікмендер Әлімұлына шабуыл жасаған кезде қыздар мен әйелдерді алып кеткен. Бірақ елге жетіп, кеңесте тағдырлары шешілгенше, бұл әйелдердің ар-ұятына қол сұқпаған, зорлық-зомбылық көрсетпеген. Ал егер тиіскен болса, ол қызға міндетті түрде заң жүзінде үйленуі керек болады. Дәстүр мен тарихты терең білетін маңғыстаулық өлкетанушылардан сұрағанымда олар мұны растады. Мысалы, Түрікмендер Адайлардың қызын алып кетсе, екіншілері қуып жетіп, қызды қайтара алған. Дегенмен тұтқынға түскен әйел затына меншік деп қарағандардың болғанын жоққа шығара алмаймыз. Әйел етіп алып, бала сүйсе де, тұтқынға түсіп келген әйелдерге ерекше құрмет көрсетілмеген. Уақыт өте келе осы нәрсе жалпы әйелдердің қоғамдағы мәртебесінің төмендеуіне алып келді", – деді мәдениеттанушы.
Оқи отырыңыз: "Әйелім босанғанда жанында болдым". Перзентханаға серіктес болып кірген әкелердің хикаясы
Мұнымен қатар зерттеуші әйелдер мәртебесінің төмендеуіне кеңес одағының отарлау саясатының көп әсер еткенін айтады. 70-80-жылдарда әр ауылда қаназдыққа шалдығып құлап, ауруханаға түскен келіндер болған. Бұл үй шаруасын келіндерге ғана артып қоюмен байланысты.
"Кеңес идеологиясы қазақтар надан деп нандыруға тырысты. Қазақтардың дәстүрінде әйелдерді мүлдем сыйламаған, ал қыз-келіншектер құлдықта езілген деп көрсеткісі келді. Өкінішке орай, 90-жылдары өз дәстүрлерімізге оралып бастағанда осы кеңес билігі таңып берген теріс дәстүрлерді жаңғыртып бастадық", – деп түсіндірді ғалым.
Қазақ хандығы тұсында әйел құқығы қалай қорғалды?
Эксперименталды археолог Нұрқожа Ерсайын Қазақ хандығына дейін де Түркі халықтарының дәстүрлі өмір салтында әйелдердің орны ерекше болғанын айтады. Тіпті орта ғасырларда елге келген араб, Еуропа саяхатшылары әйелдердің өзін қалай еркін ұстайтынына қарап таңғалған. Осы орайда тарихшы-блогер ежелгі қазақ қоғамында әйелдердің құқығы қалай қорғалғанын айтып берді.
Нұрқожа Ерсайын, археолог:
– Елге келген шетелдік саяхатшылар қазақ әйелдерінің ерлерімен қатар отырып мейманмен емін-еркін пікір алмасып, әңгімеге араласатынына, әзілдесетініне таңғалған. Басқа елдерде ерлер жиналған жерге әйелдерді отырғызбайтын. Мысалы, араб саяхатшысы Ибн Фадлан елге келгенде әйел адамның әурет жері ашық екенін, басында орамалы жоқ екенін көріп қатты таңғалады. Меніңше, бұл қазір біздің түсінігіміздегідей әурет жер емес, жай бір жері. Сонда әлгі әйелдің күйеуі күліп, адамның ар-ұят, иманы оранған киіммен емес, жан-жүрегімен, адал, ақ ниетімен өлшенетінін айтады. Бұл оқиға саяхатшы қазіргі Шымкент жақта құрылған Оғыз тайпасына қонаққа келген кезде болған".
Ары қарай археолог Қазақтың ежелге заңдарында да әйел адамның құқығы ерекше қорғалғанын айтты. Мысалы, Тәуке ханның "Жеті жарғысында" әйелдерге қатысты келесі заңдар бар:
- Сұлтанды, қожаны немесе әйел кісіні ауыр сөзбен ренжіткен адам жазаланады. Әйел кісіге сөз тигізген адам оған пұл төлеуге міндетті болады.
- Әйел кісіге қол көтерген адам жазаланады және оның жарақатына байланысты құнын төлеуге міндеттеледі.
Оқи отырыңыз: Құранда аты аталған жалғыз әйел кім?
В. В. Григорьев, 1856 жылы Орынбор қазақтары туралы:
"Қазақ әйелдері үйде қамалып отыру дегенді білмейді. Басқа көрші елдерге қарағанда, қазақ қоғамында әйелдер әлдеқайда еркін, үлкен құрметке ие, тіпті салыстыруға да келмейді".
В. П. Наливкин, 1886 жылы Қазақ жеріне сапарынан:
"Қазақтардың діні бойынша ер кісі отағасы болып саналғанымен, көп жағдайда күйеуі әйелін тыңдайды. Ал үй шаруасын екеуі де атқарады. Қазақ қоғамында заңдылық бар: егер күйеуі өз жұбайына дауыс не қол көтерсе, әйел кісі далаға шығып, шу көтереді. Айқайды естіген ер адамдардың барлығы көмекке жүгіріп келіп, күйеуін тоқтатуға міндетті".
Құстұмсық жүзігінің сыры
"Ежелгі заңдарда әйел адамның құқығы өте қатты қорғалған. Әйелінің көзіне шөп салып, ойнасымен ұсталған ер адам өлім жазасына кесілген. Ағашты иіп, сол ағашқа кейін қолы мен аяғын байлап, ағашты босатып жіберетін болған. Сонда ер адамның денесі екіге бөлінеді. Бұл туралы тарихи жазбалар бар. Дегенмен бізде әйелді ұрысу, оған қол көтеру деген болмаған. Өйткені мұның алдын алатын арнайы жүйе жұмыс істеді. Мысалы, әйелді ұзатқан кезде қасына адамдар мен дүние-мүлкін қосып береді. Сондай-ақ құстұмсық деген жүзік қосып береді. Егер қыз баласы барған жерінде өзін жайлы сезінсе, қайын жұрты жақсы қарым-қатынас танытса, ол үйіне осы құстұмсық жүзікті қайтарып салып жібереді. Бұл "Менде барлығы жақсы, еш уайымдамаңыздар" дегенді білдіреді. Кейін осы құстұмсықты алған қыздың ата-анасы қуанып, дүркіретіп той жасайды, құдағиына үлкен екі саусаққа тағатын жүзік жасатып сыйлайды. Яғни бұл құдағидың келініне жақсы қарайтынын, сыйлы адам екенін білдіреді. Осындай құда-құдағиларына сыйлы адам екенін көрсету үшін бұл жүзікті барған жерінде мақтанып тағып жүреді. Ал егер қыз балаға барған жерінде құрметсіздік көрсетсе, оның әрдайым артында ауылдастары мен руластары тұрған. Тіпті қыз баланы ренжіткенін білсе, өз жұрты келіп соғыс ашуы, бүтін бір ауылды қырып кетуі мүмкін болған", – деп түсіндірді Нұрқожа Ерсайын.
Оқи отырыңыз: Қазақстандық әйелдердің көбі қай салаларда еңбек етеді?