Бегасыл – белгілі тележурналист Амангелді Сейітханның екінші перзенті. Бір жарым жылдан бері әке жолын жалғап, комментаторлыққа бет бұрған. Өзі – болашақ тіс дәрігері. Бос уақытында мал шаруашылығымен айналысады.
– Бегасыл, биыл Париж Олимпиадасында бірнеше спорт түрін жүргіздің. Комментаторлыққа қалай таңдалғаныңды берші.
– Олимпиада ойындарын жүргізуге аяқ астынан әкемнің арқасында келе қалған жоқпын. Бір жарым жылдан бері "Спорт +" телеарнасында жұмыс істеп келемін. Бұған дейін де сол телеарнада жүзден астам эфир жүргіздім. "Хабар" арнасындағы режиссерлер талабымды байқап, мені басшылыққа ұсынып көрді. Олимпиада төрткүл дүние көз тіккен шара болғандықтан, басшылық басында маған 19 жастағы бала деп сенімсіздікпен қарағаны рас. Бірақ, кейін өзіммен жеке танысып, алғашқы эфирімді көрген соң, сене бастады. Ешкім маған "әкең Амангелді Сейітхан еді" деп тікелей эфирді бере салмайды ғой, бұл деген үлкен жауапкершілік екенін өзім де жақсы түсіндім.
Жалпы алғанда, өзім бұрын айналысқан спорт түрлерін жүргізгенді жақсы көремін. Маған бокс, футбол, спорттық гимнастика сияқты динамикасы жоғары спорт түрлері ұнайды. Кезінде 2-3 жыл спорттық гимнастикамен айналысқанмын, сондықтан дәл осы спортты жақсы білемін. Рейтингі жоғары эфирлерді ойдағыдай алып шықтым деп ойлаймын. Олимпиада ойындарын жүргізуден керемет әсер алдым.
– "Әкесінің арқасында эфирге шықты" деп жатқандар бар ма?
– Иә, ондай сөздер айтылды. "Бұл бала неге Олимпиаданың финалын жүргізеді?" деген де сұрақтар болды. Бірақ, біздің халық кең ғой, әлеуметтік желіде көпшілік "әкесінің арқасында эфир алса да, бұл бала соған лайықты" деп менің сөзімді сөйледі. Әкем көзі тірісінде халықтың ұлы болды ғой. Сондықтан, солай қолдаған болар деп ойлаймын.
– Әлгінде бокс финалын жүргіздім деп қалдың. Бұл бастамаңа басқа комментаторлар қалай қарады?
– Жақсы сұрақ екен, өзім де соңғы күндері сол туралы ойланып жүрмін. "Жоқ жерден шыға кеп, мына жігіт қалай финал жүргізіп кетті?" деп жатқандар бар шығар. Дегенмен, осылай жарқ ете қалғанымды ол кісілер дұрыс түсінгенін қалаймын. Өйткені, мен бұған дейін де талай эфир жүргіздім. Олимпиадаға тегіннен-тегін келмедім, оның іріктеу кезеңін жүргіздім. Расымен спортқа мүлдем қатысым жоқ адам болсам, бұл салаға өзім де жоламаушы едім.
– Олимпиадада спорттың қай түрлерін жүргіздің?
– Ең алғашқы эфирімде спорттық гимнастиканы жүргіздім. Сосын академиялық ескек есу, құзға өрмелеу, садақ ату, футбол, брейкинг, бокс және грек-рим күресін жүргіздім.
– Өзің тіс дәрігерінің оқуын оқып жатыр екенсің. Медицина мен басқа саланы қатар алып жүру қиын емес пе?
– Иә, дұрыс айтасыз, медицина оңай сала емес. Дегенмен, мен бойдағы бар потенциалымды бос кеңістікке сарқып жібергім келмейді. Қан деген су емес қой, маған әкемнен берілген осы қасиетті пайдалана білуім маңызды деп ойлаймын. Әкем көзі тірісінде бізге әрқашан "адамның әртүрлі саланы игеріп, жан-жақты болғаны санасын өсіріп, өрісін кеңейтеді" деп жиі айтып отыратын. Ол өзі қазақ ұлтына, қазақ спортына жанкүйер болып өтті. Барлық жарыстарды күйіп-пісіп отырып тамашалайтын. Кейде спортшыларды үйге шақырып алып, ақыл-кеңесін айтып, қамқорлығын көрсететін. Әкем бастап беріп кеткен жолды бастамай жатып қалай тастап кетемін?
– Сабағыңа кедергісі жоқ па дегенім ғой...
– Жоқ, бәріне үлгеріп жүрмін. Бос уақытымды сабаққа арнаймын. Қазір Санжар Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің екінші курсын тәмамдадым.
– Биыл Олимпиадаға бірінші рет қосылған брейкингті, Қазақстан атынан бірінші рет спортшы барған спорттық құзға өрмелеу спортын жүргіздің. Осы спорт түрлері туралы, Нариман Құрбановтың күмісі туралы не айтасың?
– Жалпы, осы спорт түрлері биыл біздің көрерменге жаңалық болды. Брейкинг пен құзға өрмелеу спортын халыққа таныстырған Амир Закиров пен Әмір Маймұратовты қалай мақтасақ та жарасады деп ойлаймын. Әмір Маймұратовты жақсы танимын. Кезінде өзім де сол спорт түрімен 2 жыл шұғылдандым, жаттығу кезінде Әмір мені сақтандырып тұратын. Құзға өрмелеу спортының эфиріне сарапшы ретінде қатыстым. Әмір – өте еңбекқор, өз мақсатын айқын білетін жігіт. Өзім бұл жігіт алтын медаль алады деп күткенмін. Әттең, аяғы тайып кетті. Құзға өрмелеу спортында әрбір миллисекунд маңызды. Спортшыларға трассаны зерттеуге небәрі 30 секунд беріледі. Трассада 20 қолға ұстайтын, 11 аяқ тірейтін тас бар. Спортшы сол 31 тасты көзбен тез-тез шолып шығып, үлгергенінше жаттап алуы қажет. Әмір – қызбалыққа салынбайтын, өте салқынқанды спортшы. Ал, бұл қасиет жарға өрмелеу сайысында өте маңызды.
Брейкинг жарысын жүргізу мен үшін қызық тәжірибе болды. Себебі, ол биыл Олимпиада ойындарына бірінші рет қосылып отыр. Көрермен үшін де, біз үшін де жаңа сала болғандықтан, брейкинг туралы көбірек ізденіп, дайындалуыма тура келді. Бұл – әлі де зерттеуді қажет ететін сала.
Ал спорттық гимнастикаға келсек, көпшілік Милад Каримиден медаль күтті. Ал, Нариман Құрбановты мен өзім спорттағы "жасырын адам" не "темная лошадка" дер едім. Өзі өте еңбекқор спортшы, осы уақытқа дейін көп қиыншылық көрді, бірнеше рет Ұлттық құрамаға іліге алмай қалды. Ол сонда да күдерін үзбей, өзін қамшылаумен болды. Бұл жерде оның жеке бапкері – әкесі Хусанжан Құрбановтың да сіңірген еңбегі орасан. Мен өзім Әмір Маймұратов пен Нариман Құрбановты қатты ұқсатамын. Екеуі де салқынқанды, сабырлы әрі жанып тұрған жігіттер дер едім.
Оқи отырыңыз: Жүкті спортшы, "киллер" мерген, интерсекс боксшы. Париж Олимпиадасының қызықтарына шолу
– Әкеңіз үйінде өзінен басқа тағы бір комментатор өсіп келе жатқанын білді ме?
– Ол кісі талабымды байқады деп ойлаймын. Бірақ, менен алдағы уақытта ақын, комментатор шығады деп күтпеген шығар. Себебі, ол кісі барда осы қасиетім өзіме де онша сезілмеді. Әкем өмірден өткен соң, осы салаға деген қызығушылығым күрт өсті. Сөздің шыны керек, комментатор болам деп өзім де ойлаған жоқпын. Ақындығым бар екенін де бертінде білдім.
– Амангелді ағамыз неше Олимпиада жүргізді?
– Ол кісі 1998 жылы футболдан Франциядағы Әлем чемпионатын қазақша жүргізді. Одан кейін 1999 жылы Бангкоктегі Азия ойындарын, 2000 жылы Сиднейдегі Олимпиада ойындарын, 2002 жылғы Солт-Лейк-Ситидегі ақ Олимпиаданы "Хабар" арнасының эфирінде қазақша сөйлетті. 2008 жылғы Бейжің Олимпиадасына барып, сол жақтан хабар таратты.
– Одан кейінгі Олимпиада ойындарына атсалыспады, иә?
– Иә, белгілі бір себептермен эфирден шеттетілді.
– Әлеуметтік желіде "Амангелді Сейітханға көзі тірісінде жұмыс істетпеді, аяғынан шалғандар көп болды" дегендей пікірлерді көзім шалды. Бұған не айтасың?
– Иә, әкемнің басында қиын-қыстау замандар болғаны рас. Әкемнің көзінде жалындаған от болды, соны біреулер теріс көрді. Ол кісі спорт саласын, жалпы қоғамды қатты сынағанын білесіз. Себебі, қазақ қоғамына көңілі толмады. Бірде бір журналист "нені армандайсыз?" деп сұрағанда, әкемнің "Біржан сал" фильмінде Біржанның зират басында отырып, "қазақ, қартайыпсың ғой" дейтін тұсын мысалға келтіргені есімде қалыпты. Әкем "қазақтың қартайып бара жатқанын күнде көрем" деп сұхбат берді. Бұл сөзді кім қаншалықты дұрыс түсінетінін білмеймін. Бірақ, осы сөз менің мәңгі жадымда қалды. Мен әкемдей патриот, ұлтқа жанашыр адамды әлі күнге дейін көрген емеспін.
– Әкеңіз өзінің ұстанымдарына байланысты эфирден шеттетілгеніне ренжуші ме еді?
– Иә, тағы бір сұхбатында "өкініш қайда жатыр?" дегені есімде. Жалпы, "Олимпиадада болсын, басқа да спорт додаларында болсын, тілші ретінде, комментатор ретінде қазаққа берерім мол еді" деп көп уақыт қайғырып жүрді. 2010 жылдары әкем күйзеліске түсті. Расымен де халық үшін қызмет еткен адам болды ғой. Себебі, жалақыдан басқа ешқандай бір тиын тапқан емес. Газеттерде жүріп кішігірім ақша тауып жүрді. Өзінің нақты нені қалайтынын, өмірдегі өзіндік миссиясын білді.
– Амангелді ағамыздың үйлену тойында белгілі журналист Бейсен Құранбек жігіт жолдасы болған екен. Бейсен ағаның дүниеден озғанын әкеңіз қалай қабылдады?
– Екеуі өте жақсы дос болды. Бір жылдары Бейсен аға біздің үйімізде де тұрған екен. Менің ағамның есімін Ерасыл деп сол Бейсен ағамыз қойған. Әкем күйзеліске түскен кезеңде екеуінің арасы үзіліп кеткендей болды. Дегенмен де, екеуі байланысын тоқтатқан жоқ. Бейсен аға ауруханада жатқанда әкем барып, халын сұрап келген еді. Ол кісі қайтыс болды деген хабарды естігенде әкемнің көзі бақырайып, ұсқыны қашып кетті. Тез-тез жиналып, Талдықорғанға қарай жолға шықты. Бір-екі күннен кейін келгенде екі көзі ісіп кеткен екен. Қамығып, қатты қиналды. Өзі өмірден озғанша марқұм досы жайлы естелік айтумен өтті. Бізге Бейсен досының есімін Құраннан тастамай, әрдайым еске алып жүріңдер деп тапсырды.
– Содан кейін әкеңіз өзі де көп ұзамай дүние салды. Өмірден өтетінін сезді ме?
– Қазір ойланып отырсам, сезген сияқты. Себебі, сол кезде біздің қамымызды ойлап, көп іске араласпай, біздің шешім қабылдағанымызды жөн санады. Тізгінді ағам екеумізге бергендей болды. Соны жылдар өте енді түсініп жатырмыз. Бұл өзі тосыннан келген, күтпеген қаза болды.
Сізге әкемнің дүниеден өткенін қалай естігенімді айтып берейін. 14 тамыз күні Мақаншыға, атамның қасына жол тарттым. Ертесіне әкеммен телефон арқылы тілдестім. Даусы жарқын, "ауруханадан алдағы аптада шығам" дегендей қылды. Телефонды қоймай ұзақ тұрды. Өмірде нені жөн санады, нені теріс көрді, соның бәрін баяндап, маған ақылын айтты. Ертесіне, 16 тамыз күні мен қырға кетпекші болғанымда атам "қырға бармай-ақ қойшы" деп тоқтатты. Сол күні үйде сондай бір ауыр атмосфера орнады, ешкімнің көңіл-күйі болмады. Бір-бірімізбен сөйлеспей тұнжырап жүрдік. Кешке телефоныма адамдар хабарласып, бірінен соң бірі көңіл айта бастады. Не болды, кім қайтыс болды деп аң-таң болдым. Бізге қаралы хабарды ешкім естіртпеген. Осылайша, әкемнің кетіп қалғанын "уотсапта" көңіл айтқан адамдардан білдім. Күтпеген жерден коронавирус алып кетті ғой әкемді. Бірақ, өзім оның өмірден ерте кетуіне тек ковид емес, оның алдындағы күйзелісі, ішкі уайымы да әсер етті деп ойлаймын.
– Әкеңіздің "Жеңісті күндерде жүздескенше" атты кітабын жарыққа шығарған екенсіздер.
– Кітап 2022 жылы көктемде жарық көрді. Онда әкемнің спорт туралы жазбалары, жеке ойлары, басынан өткерген оқиғалары мен өлеңдері топтастырылған. Кітапты "Атамұра" баспасы жарыққа шығарды.
Оқи отырыңыз: "Бокстан алтынсыз қалған екінші Олимпиада". Бас бапкер Мырзағали Айтжанов жанкүйерлерден кешірім сұрады
– Әлеуметтік желіден 18 жасыңда мемлекеттен субсидия алып, мал шаруашылығымен айналысуға ден қойғаныңды оқыдым. Осы туралы кеңірек айтып берсең.
– Бұл салаға әкемнің қатысы жоқ. Ол кісінің өмірімде атқа мінгенін көрмеппін. Біздің қожалыққа ары кетсе 2 сағатқа келіп кететін. Өзім атама жақын өскен баламын. Әкем де мені "атасының баласы" деп санады. Мал шаруашылығы – біздің ата кәсібіміз. Кезінде бәйге шаптық, ат құлағында ойнап өстік. Қазір кәсібімізді ары қарай дамытуға тырысып, басы-қасында мұрындық болып жүрмін. Мал шаруашылығы жайлы білімім де бар, Түркияда оқыдым. Шетел мамандарынан дәріс алған кезім де болды. Бүгінде Қазақстанның ауыл шаруашылығының жағдайы мәз емес. Сол саланың дамуына мен де өз үлесімді қосқым келеді. Бірақ, әзірше мені ешкім менсіне қоймасын да біліп отырмын. 19 жастағы баланың ақыл айтқанын кім жақтырады дейсіз? Қолым тигенде қожалыққа жиі барып тұруға тырысамын. Мен жоқ кезде малға атам мен ағам (әкемнің бауыры) бас-көз болады. Ақбас, Ангус, Әулиекөл, Симментал, Францияның Шароле сиырларын өсіріп жатырмыз. Өзім селекция саласындағы білімімді әлі де жетілдіргім келеді.
– Қандай арманың бар?
– Әлгінде сізге айтып берген саланың бәрін қатар алып жүргім келеді. Қолға алған кәсібім адал, елге пайдалы болғанын қалаймын. Халқыма пайдалы маман болғым келеді.
Әкемнің атын ұлықтап, пиарын дұрыс жағынан жасағымыз келеді. Өкінішке қарай, әкем көзі тірісінде алмаған бағасын енді алып жатыр. Бізге жан-жақтан қолдау білдіріп, әкеміз туралы жылы естелігін айтып жатқан жандарға ризамыз. Халық ол кісіні ешқашан ұмытпайды деп ойлаймын.