7 тамыз күні Париж төрінде Нұрбек Оралбай бокстан Олимпиада ойындарының күміс жүлдесіне ие болды. 80 келіге дейінгі салмақта сынға түскен ол ақтық жекпе-жекте украин боксшысы Александр Хижнякқа есе жіберді.
Шиеленісті өткен жекпе-жекте екі раунд бойы тең түсті. Үшінші раундта төрешілер ұпайын украин боксшысына берді. Есеп – 2:3.
"Қолдап жатқандарға көп рахмет айтамын. Барымды салдым. Жақсылап дайындалып, келесі Олимпиададан алтынмен оралуға барымды саламын, еңбек етемін", – деді Нұрбек Оралбай марапаттау рәсімінен кейін.
Оқи отырыңыз: Алты боксшы Олимпиаданы аяқтады. Қазақстан неліктен төрешілердің үстінен шағым түсірді
Бокстан Қазақстан құрамасының бас бапкері Мырзағали Айтжанов алғашқы Олимпиадасында финалға жеткен Нұрбек Оралбайдың барын салып жұдырықтасқанын айтты.
"Әлемнің ең мықтысының бірі Хижняк талай боксшымызбен жұдырықтасқан. Жартылай финалда әлемнің екі дүркін чемпионы, Олимпиада чемпионы Арлен Лопесті де ұтты. Бүгінгі жекпе-жекке тыңғылықты, жақсылап дйындалдық. Кейбір жерде біз ойлағандай болған жоқ. Бірақ үш раунд бойы тапсырманы дұрыс орындады. Бұйырмай тұр. Хижняк чемпион болды, бұның алдын күміс алды. Өте тартысты өтті. Мен ғана емес, дайындалатын жерде басқа елдердің бапкерлері де Нұрбекке тамашы бокстасты деп жақсы баға беріп жатыр. Екі мықты бірін-бірі алуы қиын. Барын салды. Түсінемін, жанкүйерлердің көңілі толмады. Сол үшін кешірім сұраймыз", – деді Мырзағали Айтжанов.
Бас бапкер қазақстандық боксшыларды сынаған жанкүйерлерге жауап берді.
"Ешкім ұтылам деп келген жоқ. Жігіттердің барлығы барын салып бокстасты. Жақсы дайындықпен келді. Бірақ сәттілік жетпеді. Ешкімді кінәламаймын. Барлық нәрсені өзімізден көреміз. Бұйырмай тұр. Кем-кетік бар шығар. Сол себептен жеңіске жетпеген шығармыз. Жігіттердің ешқайсы шаршаған жоқ. "Шаршады", "дайындық нашар" деген небір сөзді естіп жатырмыз. Әріптестерім біздің балаларға риза болып жатыр. "Жеңістеріңді алып қойды ғой" деп ел даттап жатса қалай ел боламыз деп ойлаймын. Елдің намысын ойлағаннан кейін солай айтып жатқан шығар. Спортшыларды қазір қолдамағанда қай кезде қолдаймыз? Дүркін-дүркін чемпиондар ұтылып жатыр. Бұл – Олимпиада. Барлығымызға сабақ болды. Желеу іздемейміз. Кінә – өзімізден", – деп сөзін түйіндеді бас бапкер.
Еске салсақ, бұл Олимпиадаға бокстан Қазақстан құрамасы толық құрамда барды. Қыздар арасында 50 келі салмақта Назым Қызайбай қола жүлде иеленсе, ерлерден Нұрбек Оралбай күміс медальға ие болды.
Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті Геннадий Головкин Нұрбек Оралбайды құттықтады.
"Олимпиаданың күміс жүлдесі – үлкен марапат. Сіз жанкүйер мақтанатындай жекпе-жек көрсеттіңіз. Сонымен қатар, Нұрбектің жеке бапкері Асқар Еркебаевты да құттықтаймын! Ол шәкіртін Олимпиада тұғырына алып келген мықты маман екені анық. Сіздердің алғашқы Олимпиадаларыңыз спорттық мансаптарыңыздың тек бастамасы болсын. Жеңісіміз арта берсін, еліміздің көк байрағы биікте желбірей берсін!" – делінген құттықтау жеделхатында.
Қазақстандық боксшылар 2020 жылғы Токио Олимпиадасына дейін алты Олимпиадада бокстан кемінде бір алтынмен оралатын. Жеті Олимпиадада Қазақстан қоржынына бокстан 24 медаль түсті: жеті алтын, жеті күміс және 10 қола.