Тікелей эфир

Бірінші курс студентіне арналған гайд: Жатақхана, GPA және Platonus жүйесі

Фото: depositphotos.com
Фото: depositphotos.com
2024-2025 оқу жылында бакалавриат студенттеріне 78 мың грант бөлінді.

25 тамызда талапкерлерден жоғары оқу орнына құжат қабылдау аяқталды. Құжат тапсырып, оқуға қабылданған талапкерлер 1-курс студенттері атанып отыр. Университеттегі оқу процесі мектептен өзгерек. Оқу күнтізбесі бөлек, баға да басқаша есептеледі. Студенттің оқу үлгерімі нашар болса тіпті оқудан шығарылуы мүмкін. 

Осы орайда Информбюро порталы алғашқы курс студенттеріне арнап шағын нұсқаулық әзірледі.

Университет туралы ақпарат

Әр оқу орнының ресми сайты, әлеуметтік желілердегі парақшалары болуға тиіс. Оларды бір қарап, оқып шығыңыз. Сайтта оқуға қабылданып жатқан студенттерге арналған жадынама не нұсқаулық жарияланады. Ол "студентке жол сілтеуші" деп та аталуы мүмкін. Бакалавриат деген бөлімде толық ақпарат болуға тиіс. Ол жерде университет туралы ақпарат, оқу ғимараттарының картасы, оқу процесі туралы мәліметтер қамтылады.

Университет қабырғасында 1-курс студенттеріне арналған танысу апталығы өтеді. Мұндай күндері оқу орнының өкілдері 1-курс студенттеріне оқу корпустарын басқа да ғимараттарды. Оқу процесі және сабақ кестесімен таныстырып, студенттерді топқа бөледі. Топқа бас көз болып, мәселе туындаса көмектесетін куратор не эдвайзер болады. Студенттер олармен танысып, байланыс нөмірін жазып алғаны жөн. 

Жатақхана

Студенттер үшін жатын орын мәселесі өте өзекті. Әсіресе, өзге өңірден келгендерге жатақханадан орын қажет. Себебі олар қаланы жақсы білмейді, үйрену үшін уақыт қажет. Ал жатақхана көбінесе оқу орнына жақын орналасады. Оған қоса жоғары курстарға қарағанда ең алдымен 1-курс студенттеріне жатақханадан орын берілуі керек. 

Жатақханадан орын алу үшін онлайн не университеттің өзіне барып өтініш жазу қажет. Не үшін жатақханаға мұқтаж екенін дәлелдейтін құжаттарды да тапсырады. Жетім, мүгедектігі бар, көпбалалы отбасыдан шыққан, халықаралық олимпиада жүлдегері, "Алтын белгі" иегері секілді мәртебесі барларға бірінші кезекте беріледі. Жатақхана ақысы жасалған жағдайға, ғимараттың, құрал-жабдықтардың ескі не жаңа екеніне байланысты. Оны ай сайын төлеу қажет. Кей оқу орындарына бір семестрге бірден төлеуді талап етеді.

Астана және Алматы секілді ірі қалаларда оқитын студенттер көп болған соң 1-курс студенттеріне де жатақханадан орын жетпей қалып жатады. Кейбір оқу орындарының бірде-бір жатақханасы жоқ. Мұндайда олар хостелден орын тауып беруге тырысады. Хостелде тек студенттер орналасуы керек.

Болмаса пәтер іздеу қажет. Пәтер жатақхана мен хостелден де қымбат шығуы мүмкін. Оны іздеп табу да біршама уақыт алады. Танымайтын адамдардан гөрі үй іздеп жүрген студенттермен бірге тұрған жақсы. 

Platonus жүйесі

Оқуға қабылданған студент ең алдымен Platonus жүйесіне тіркеледі. Platonus – бұл кредиттік және қашықтан білім беру жүйесін автоматтандыруға арналған ақпараттық жүйе. Қазақстанда бұл бағдарлама 2007 жылдан бастап енгізілді. Бағдарламада әр студент пен қызметкер үшін жеке кабинет жасалған. Оқу орнының қызметкерлері, оқытушылар мен студенттер сол жерде байланысады. Студенттер осы жүйе арқылы сабақ кестесі мен тапсырмаларды көріп, оқу үлгерімін бақылай алады.

Platonus-та мына қызметтер бар:

  • Жеке оқу күнтізбесі;
  • Хабарлама алмасу;
  • Жеке оқу жоспары;
  • Бағалау журналы;
  • Тапсырмалар;
  • Тестілеу жүйесі;
  • Оқу кестесі;
  • Жоғары оқу орнының форумы мен байланыс чаты.

Сонымен қатар хабарлама қызметі арқылы университет жаңалықтарын біліп отырады. Студенттің жеке кабинетіне оқытушылардың хабарландырулары, тест тапсырмалары, пән бойынша жаңа әдебиеттер жіберіледі. Сондай-ақ бағасын, аралық бақылау мен емтихан қорытындыларын, яғни пән бойынша қорытынды бағаларын біле алады.

Оқу процесі

Әр оқу жылы екі семестрден тұрады. Күзгі семестр қыркүйектің басында, ал көктемгі семстр қаңтардың ортасында басталады. Әрбір семестр теориялық оқудың 15 аптасынан тұрады:

  • кесте бойынша сабақтар;
  • БОӨЖ (білім алушының оқытушының жетекшілігімен өзіндік жұмысы);
  • БӨЖ (білім алушының өзіндік жұмысы) тұрады.

Сабақтар лекция және практикадан тұрады. Лекцияда оқытушылар дәріс оқиды. Студенттер конспект жасап алу қажет. Ал практикада лекция сұралып, тапсырмалар орындалады.

Әр семестрдің соңында аралық аттестаттау яғни емтихан сессиясы өткізіледі. Сондай-ақ бекітілген академиялық күнтізбеге (оқу үрдісінің кестесіне) сәйкес түрлі оқу, кәсіби сарамандар өткізіледі. Академиялық күнтізбені Platonus жүйесінен көруге болады.

Академиялық қарызы барлар, емтиханнан құлағандар, оқу семестрі қорытындысы бойынша "қанағаттанарлық" баға ала алмағандар жазғы семестрге қалады. Жазғы семестрдің 10 апта созылуы мүмкін. Теориялық оқу аяқталған соң студент тағы да емтихан тапсырады. Оқу – ақылы. Жазғы семестрдің нәтижесі бойынша студенттердің қорытынды бағасы қайта есептеледі.

Бағалау

Студенттердің білімі күнделікті алып жүрген баға, аралық және қорытынды бақылау қорытындысы негізінде балдық – рейтингтік жүйеде 100 балдық шкала бойынша бағаланады. Рейтингтік жүйеге сәйкес қорытынды бағаға 60% – ағымдағы бақылау, 40% аралық аттестация нәтижесі әсер етеді. Сондықтан тапсырмаларды орындап, сабақтан қалмау қажет. Сабақта кімнің бар-жоғы тексеріледі. Себепсіз қалуға болмайды. Ал ауырып қалған жағдайда, жазылып шыққан соң жеке тапсырма алып, орындау қажет.

Балдық-рейтингтік әріптік бағалау жүйесін дәстүрлі бағалау межесіне ауыстыру кестеге сәйкес жүргізіледі.

Әріптік жүйе бойынша бағалау  Балдардың сандық эквиваленті    Дәстүрлі жүйе бойынша 
бағалау 
А 4 95-100 Үздік
А-  3,67 90-94 Үздік
В+  3,33  85-89 Жақсы
В  3,0  80-84  Жақсы
В-  2,67  75-79  Жақсы
С+  2,33  70-74  Қанағаттанарлық
С  2,0  65-69  Қанағаттанарлық
С-  1,67  60-64  Қанағаттанарлық
D+  1,33  55-59  Қанағаттанарлық
50-54  Қанағаттанарлық
0-49  Қанағаттанарлықсыз

Емтихандар жазбаша, ауызша, шығармашылық және тест түрінде қабылданады. Жыл соңында әр пән бойынша GPA есептеледі. Бұл келесі курсқа өтуге, шетелде оқуға, диплом нәтижесіне әсер етеді.  

Академиялық ұтқырлық

Академиялық ұтқырлық – студенттерді семестр не жыл бойына басқа оқу орнына жіберу. Академиялық ұтқырлық бағдарламасына тапсырып, бірнеше семестр шетелде оқып келуге болады. Ол үшін университеттің академиялық ұтқырлық бөліміне құжаттар тапсырып, ректорыдң атына өтініш жазу қажет. Студенттердің оқу үлгерімі мен шет тілін білуі маңызды.

Академиялық ұтқырлықпен оқуға болатын шетелдік оқу орындарды университеттің сайтынан көруге болады. Көп жағдайда грант пен стипендия сақталады. Кейде студенттің өзіне оқу ақысын төлеуге тура келеді.

Ұтқырлық бағдарламасы бойынша білім алушының оқуын растайтын қорытынды құжат транскрипт деп аталады. Транскриптке оқыту бағдарламасы туралы мәліметтер: пәндердің (модульдің) атаулары, бағалар, игерілген академиялық кредиттердің саны енгізіледі. 

Кей оқу орындарында "қос диплом" бағдарламасы бар. Ол үшін оқуға түскен университетте кемінде екі жыл, шетелдік оқу орнында бір не екі жыл оқу қажет. 

Жоғары білім министрінен үш кеңес

Саясат Нұрбек, ғылым және жоғары білім министрі:

Біріншісі – оқу процесі. Соны аяққа тұрғызып алыңыз. Осы қатені көп адам жасайды, мен де жасадым – жаңа қалаға келіп жоғалып кеттік. Бірінші жыл өте маңызды. Оқу процесін әу бастан дұрыс жолға қоймасаңыздар, одан кейін қордаланып қалады, екінші, үшінші семестрде қиын болады.

Екінші кеңес – ақпаратпен жұмыс істеу дағдысын қалыптастыру. Қазір ақпарат өте көп. Кез келген дәрістен шыққан соң, бірнеше слайд, бірнеше кітап пен сілтеме болады. Оны жүйеге келтіретін өз тәртібіңіз болуы керек. Сондықтан цифрлық тәртіп немесе цифрлық қауіпсіздік өте маңызды.

Үшінші кеңес – денсаулық. Тамағыңызды, күндік тәртібіңізді, денсаулығыңызды, су мен тамақ сапасын мұқият қараңыз. Сіздің денсаулығыңыз – тек қана сіздің жауапкершілігіңіз".


Студенттік өмір тек қана сабақ пен емтиханнан тұрмайды. Сабақтан тыс университет қабырғасындағы спорт секцияларға, әртүрлі бірлестіктер мен үйірмелерге, пікірсайыс клубтарына, еріктілер қызметіне қатысуға болады. Төрт жылда диплом алып қана қоймай, бірнеше дағдыны үйреніп алу студенттің өз қолында. 

Серіктестер жаңалықтары