Тікелей эфир

Астанада балалармен бірге қайда қыдыруға болады?

Сурет: depositphotos.com
Сурет: depositphotos.com
Informburo.kz тілшісі елордадағы кішкентай бүлдіршіндерді апаруға болатын мәдени, ойын-сауық орталықтарының тізімін жасады.

Қуыршақ театры

Астана қаласындағы қуыршақ театры 2010 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Театр сахнасында қазақтың эпостық жырлары мен халық ертегілеріне негізделген қойылымдар қойылады. Бүгінде театр репертуарында "Махаббат туралы аңыз", "Сиқырлы сөздер", "Менің салған суретім", "Мен сияқты жаса", "Байқа жолда балақай", "Атамекен", "Жаңғырық туралы ертегі", "Орманда болған оқиға", "Ана құдіреті", "Қаңбақ шал", "О, тоба", "Арыстан патша", "Сарбаздың бақырашы", "Су перісі", "Жалқаудың айласы", "Ер Төстік" сияқты қойылымдар бар. Сонымен қатар, қуыршақ театры оқу қойылымдарын ұсынады. Мысалы, мұндай спектакльдерден балалар жол ережелерін үйрене алады.

Театрға кіру 3 жасқа дейінгі балаларға тегін, ал ата-анасына ақылы. 3 жастан асқан көрермендер билеттің толық құнын төлейді.

  • Қуыршақ театрының сайтын ашу үшін мына сілтемені басыңыз. 
  • Мекен-жайы: Республика даңғылы, 3.

Шоколад музейі

Шоколад музейі сенбі-жексенбі күндері және мемлекеттік мереке күндері жұмыс істейді. Топ-топ боп келем деушілер алдын-ала жазылып, аптаның барлық күнінде келе алады. Мұнда шоколадтан жасалған түрлі-түрлі ерекше өнімдер бар. Олар – салмағы 50 келі болатын Эйфель мұнарасы, салмағы 80 келілік рояль, пингвиндер мен күшіктер. Музей қонақтары шоколадтан жасалған экспонаттар мен композицияларды тамашалап, шеберлік сабақтарына қатыса алады. Сондай-ақ, олар ойын ойнап, суретке түсіп, бельгиялық тәтті шоколадтан дәм татады. Музей гидтері шоколадтың шығу тарихы мен қызық деректерді баяндайды.

Шоколад музейінің бағдарламасы сағат сайын жүреді. Алғашқы бағдарлама 11-00-де басталып, соңғысы 19-00-де болады. 5 жасқа дейінгі балалар музейге тегін кіре алады. Алайда, тегін кірген жағдайда олар шоколадтан тегін дәм татып, шеберлік сабағына қатыса алмайды.   

  • Шоколад музейінің сайтын ашу үшін мына сілтемені басыңыз. 
  • Мекен-жайы: Тәуелсіздік даңғылы, 31/4. 

Оқи отырыңыз: Баланың смартфонына "Ата-ана бақылауын" қалай қосуға болады? Шағын нұсқаулық


"Менің балам  – Моцарт". Классикалық музыка кеші

Шағын классикалық музыка кештері Алматы, Астана, Қарағанды қалаларында ұйымдастырылады. Ұзақтығы – 45 минут. Шара барысында музыканттар балаларды музыкалық аспаптармен таныстырады, өздері өнер көрсетеді. Бұл жерде Чайковский, Шуберт, Шопен, Гендель, Вагнер, Григ сынды әйгілі композиторлардың шығармалары ойналады. Классикалық музыка кешіне жаңа туған нәрестеден бастап, 7 жасқа дейінгі балалар ата-анасымен бірге келе алады. Шара барысында кішкентай көрермендер емін-еркін жүріп-тұрып, еңбектей алады. Әрбір бесінші концертке қатысу тегін.

  • Музыка кешінің әлеуметтік желідегі парақшасы мұнда

"Нұр әлем" павильон-музейі

2017 жылы Астанада өткен "Экспо" халықаралық көрмесі кезінде салынған "Нұр әлем" музейі – кішкентай бүлдіршіндермен бірге аралауға таптырмас орындардың бірі. Музейдің бірінші қабатында балалар Қазақстанның мәдениеті мен тарихы, энергетика саласындағы отандық ғалымдардың жетекші жобаларымен таныса алады. Сондай-ақ, осы қабаттан қазақстандық "Токамак" термоядролық реакторының моделін көруге болады.

Басқа қабаттарда су, жел, күн, ғарыш, биомасса және кинетикалық энергияны таныстыратын арнайы жобалар қойылған. Музейдің 8-қабатында Астана қаласының 2050 жылға қарай дамуын бейнелейтін экспозициямен танысуға болады.

"Нұр әлем" павильоны дүйсенбіден басқа күндері жұмыс істейді.

  • Ересектерге кіру құны – 1500 теңге.
  • Сайтын ашу үшін мына сілтемені басыңыз. 
  • Мекен-жайы: Мәңгілік ел даңғылы, 55/13

"Думан" мұхитаралы

"Думан" ойын-cауық орталығында орналасқан мұхитарал – мұхиттан 3 мың шақырым алыс жатқан əлемдегі жалғыз мұхитарал. Мұнда теңіз жәндіктерінің жүзден астам түрі тіршілік етеді, олардың жалпы саны 2 мыңнан асады. Мұхитаралда әрқайсысы 11 аквариумнан тұратын екі ірі көрме аймағы бар. Мұнда балалар балықтармен қатар, теңіз тасбақаларын, актинияларды, теңіз жұлдыздарын, сусиыр, түлкібалықтарды тамашалай алады.

Мұхиттың ең ірі мекендеушілері – акула, ірі теңіз алабұғасы, мурендер, теңіз кірпілері және гидробионттарды бас аквариумнан көруге болады. Мұхитаралдың бас тоғанының көлемі 3 миллион литр теңіз суын құрайды. Теңіз суын дайындау үшін жыл сайын 120 тоннаға жуық арнайы теңіз тұзы пайдаланылады.

  • "Думан" ойын-cауық орталығы демалыссыз жұмыс істейді.
  • Ересектерге кіру құны – 4000 теңге, кішкентай балаларға – 3500 теңге.
  • Сайты мына жерде
  • Мекен-жайы: Қорғалжын тас жолы, 2.

Астана циркі

Елордалық цирк 2005 жылы ашылған. Цирк залына 2 мың көрермен сыяды. Мұнда әртістер акробатика, гимнастика, иллюзия, клоунада және тағы басқа жанрларда өнер көрсетеді. Ұжымда Қазақстанның цирк өнерінің еңбек сіңірген шеберлері де, халықаралық фестивальдар мен байқаулардың лауреаттары да бар. 

4 жасқа дейінгі балалар циркке тегін кіре алады. Бірақ, оларға жеке орын берілмейді, ата-анасының алдына отырады. Ересектерге билет құны 1500-2000 теңгеден басталады. Қойылымдардың ұзақтығы шамамен 2 cағат 15 минутқа (үзілісті қоса алғанда) созылады.

Қазіргі уақытта елордалық циркте ресейлік цирк әртісі Дан Запашныйдың гастрольдік туры жүріп жатыр. Ол 2 маусымға дейін жалғасады.

  • Астана циркінің әлеуметтік желідегі парақшасын мына жерден көре аласыз. 
  • Мекен-жайы: Қабанбай батыр даңғылы, 5.
Серіктестер жаңалықтары