Тікелей эфир

"Арқандалған әйелдер". Тұрмыстық зорлық-зомбылықты арқау еткен көрме

Санжар Досмағамбетовтың жұмысы / Сурет Вера Останкова
Санжар Досмағамбетовтың жұмысы / Сурет Вера Останкова
Алматыдағы Artmeken Gallery заманауи өнер галереясында Әсел Кенжетаева мен мүсінші Санжар Досмағамбетовтың "Қауіпті байланыстар" атты көрмесі өтіп жатыр.

Алматыдағы Artmeken Gallery заманауи өнер галереясында Әсел Кенжетаева мен мүсінші Санжар Досмағамбетовтың "Қауіпті байланыстар" атты көрмесі өтіп жатыр.

Көрмеде тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселелері мен қазіргі қазақ қоғамындағы әйелдің бейнесі көтерілген.

Әсел мен Санжар – ерлі-зайыпты, Алматыда тұрады. Бірлескен экспозицияларының өзегі – әйелдер тақырыбы.

"Көрме атышулы кісі өлімімен байланысты деп ойламаңыздар, қазан айында бәрін ойластырып қойғанбыз. Алайда көрменің теңсіздікпен, қазақстандықтар бастан кешетін зорлық-зомбылықпен байланысты екені рас. Үкіметтік емес ұйымдардың бағалауынша, елімізде жыл сайын 400 әйел жұбайының зорлық-зомбылығынан көз жұмады", – дейді көрменің кураторы, өнертанушы Валерия Ибраева.

Әселдің The burning kelin. Zhasau сериясында жеті жұмыс бар. Бұл картиналар 2020 жылы "Көк түстің 50 реңкі" атты адам құқығына арналған көрмеге қойылған еді.

"Әселдің жұмыстарын сіздер көргенсіздер, алайда қазіргі күні өзекті болып отырған соң қайталауды жөн көрдік. Бұл – дәстүр мен қазіргі заман арасында әжелері мен аталары сияқты өмір сүре алмайтын әйелдер туралы", – дейді Валерия.

Әсел Кенжетаеваның картинасы / Сурет Вера Останкова

Жарқын әрі детальдары көп Әсел жасап шыққан образдар бір қарағанда көңілді көрінеді. Алайда мән беріп қараған адам картинаның терең мағынасы бар екенін түсінеді.

Әсел Кенжетаеваның картинасы / Сурет Вера Останкова

Өнертанушы суреттегі әйелдердің таққан әшекейлері қаншалықты әдемі болса да, әйелдің үнін шығармай, тұншықтыратынын айтты. Арқалаған жасаулары қаншалықты қымбат болса да, әйелді кісендеп, оның иығына артылған ауыр жүкті бейнелейді.  

Әсел Кенжетаеваның картинасы / Сурет Вера Останкова

"7УЯТOFF" деп аталатын Санжар Досмағамбетовтың жұмыстарында зорлық-зомбылық тақырыбы анық көрінеді. Мүсіндердің денесі арқанға байланып тұр. Түрлі-түсті пішіндер 3D-принтерде басылғанына қарамастан, басында жасап шығу үшін үлгілер құрастырылған.

Санжар Досмағамбетовтың жұмысы / Сурет Вера Останкова

"Алғашқы мүсін Құдай болды. Ол адамды топырақтан жаратты. Сондықтан мен жұмыс істеп жатқанда оның бар екенін сезінемін. Жасап жатқанда анатомия мен пластика туралы ойламайсың, алайда жұмыс біткен соң сен үшін біреу осындай тамаша туынды жасап шыққанын түсінесің", – дейді Санжар.

Шебердің сөзінше, мүсіндер жобасы үш жыл бойы жалғасып келеді. Алдымен пішіндер құрастырылған, кейін сканерден өткізіліп, компьютер арқылы өңделіп, кейін барып басуға жіберілген. Ең қиыны – соңғы кезең, өйткені Қазақстанда 3D-принтерде мүсін жасап көрген адам жоқ, Санжардың тобы бұл тұрғыда бірінші болып көш бастады.

Санжар Досмағамбетовтың жұмысы / Сурет Вера Останкова

"Махаббат деген не? Махаббат деген – Құдайдың өзі! Пішіндер махаббатпен жасалған, сондықтан да әйел мен жаһанның сұлулығы әлемді құтқаратынына сенемін", – дейді сәулетші. 

Санжар Досмағамбетовтың жұмысы / Сурет Вера Останкова

Өнертанушы Валерияның айтуынша, мүсіндер арқаннан босап, еркіндікке шыққысы келіп бұлқынып тұрған тәрізді.

"Көрме шешім бермейді, алайда ол еліміздегі әйелдің орнына назар аудартады. Зорлық-зомбылық, қысым, теңсіздік – БАҚ пен әлеуметтік желі беттерінде көп көтерілетін тақырыптар. Әсіресе, Қазақстанда болған соңғы жайттардан кейін", – дейді көрме кураторы Валерия Ибраева.

Ал Санжардың сөзінше, әйелге деген қарым-қатынас – қоғамның деңгейін көрсетеді.

Көрме 1 желтоқсанға дейін созылады. Telli галереясының жұмыс уақыты – демалыссыз 10:00-ден 21:00-ге дейін. Кіру тегін.

Наталья Овчинникова

Аударған: Мейіргүл Оңғарова

Серіктестер жаңалықтары