Тікелей эфир

АҚШ-та кәсіп бастау оңай ма? Манхэттенде ұлттық мейрамхана ашқан қазақпен сұхбат

Фарида Ғаббасова. Фотосуретті сұхбат кейіпкері ұсынды
Фарида Ғаббасова. Фотосуретті сұхбат кейіпкері ұсынды
Фарида Ғаббасова АҚШ-тың басқа штаттарында да қазақ мейрамханаларын ашуды жоспарлап отыр.

Қарағандының тумасы Фарида Ғаббасова Нью-Йорктің ең бай ауданы саналатын Манхэттенде ұлттық мейрамхана ашқан. Ол – қала тұрғындары мен қонақтары халал әрі Орталық Азия тағамдарынан дәм тата алатын жалғыз мейрамхана.

Фарида 12 жылдан бері АҚШ-та тұрады. Ағылшын тілін жетілдіру мақсатында басталған АҚШ-қа сапары дизайн саласын меңгеруге жалғасып, одан әрі Манхэттеннің дәл ортасынан мейрамхана ашуға ұласқан. Жақында Қазақстанға келіп кеткен Фарида Ғаббасова Informburo тілшісі АҚШ-та кәсіппен айналысудың құпиясы мен қиындықтары туралы әңгімелеп берді. 

– Фарида, АҚШ-қа қалай жолыңыз түсті?

– Өзім Қарағандыда туып-өстіп. Шет тілдері бойынша білім алып, үш жылдай жұмыс істедім. Дипломым құр жатпасын деген оймен Америкаға барып, ағылшын тілі бойынша білімімді жетілдіргім келді. 2009 жылы ағылшын тілі курсын тауып, Майамиге ұштым. Курс оқып біткен соң Қазақстанға Нью-Йорк арқылы ұшатын болып, мұнда екі күн аялдап қалдым. Осы екі күн бүкіл тағдырымды өзгертіп кетті. Өйткені, қалаға ғашық болғаным сондай, міндетті түрде қайта келемін деп уәде еттім. Сол сертімде тұрып, үш айдан кейін Нью-Йоркқа қайта оралдым.

Бала кезде тігін тігуді өте жақсы көрдім. Қазақстанда дизайнер мамандығына жоғарғы оқу орнында оқығым келген, бірақ тігін үйрететін оқу орны училище ғана болды. Бұл арманым Америкада орындалды. 2011 жылы Сән технологиялар институтына түстім. Екі жыл магистратурада оқып, дизайнер атандым. Америкалық брендтерге арналған киім шығаратын ірі үнді компаниясында жұмыс істеп бастадым. Екі жылда қызметім жоғарылап, Нью-Йорктегі кеңсесінде компанияның өкілі атандым. 11 жылдан бері сол жерде жұмыс істеп келемін. Сән индустриясындағы маркетингті зерттеп, компанияға ақпарат беремін. Олар соның негізінде брендтерге дизайн жасайды.

– Мейрамхананы қалай аштыңыз?

– 2015 жылы бауырым Жәнібекпен шағын отбасылық мейрамхананы сатып алдым. Оны Siblings, яғни "Ағайындылар" деп атадық. Ол кезде америкалық асханалар арасында бәсеке жоғары еді. Америкалықтардың тамағын жасауға тырысып баққанымызбен, өзіміз жөнді білмеген соң кәсібіміз жүрмеді.  

2018 жылы маусымда америкалық асханадан ұлттық асханамызға ауыстық. Мәзірге Орталық Азия елдерінің тағамдарын қостық. Өз атыммен "Фарида" деп атадық. Мейрамхананың толық атауы – Farida Central Asian Cuisine. Манхэттеннің қақ ортасында адам қарасы үзілмейтін Таймс-Сквердің жанынан мейрамхана ашып, қазақ пен өзбек асханаларын америкалықтарға таныстыра бастадық. Кәсібіміз жақсы жүрді, бірақ пандемия басталып үш ай жұмыс тоқтады. Мейрамханалардың жұмысына рұқсат берген соң қайта ашылдық.

2021 жылы Уолл-стрит қаржы орталығы маңынан кеңірек мейрамхана алдық. Бір жыл бойы жайғасып, жұмысты ретке келтірдік. 2022 жылы мамырда екінші мейрамханамызды аштық. Манхэттендегі жалғыз халал Орталық Азия мейрамханасымыз деп айта аламын. Мұнда бізге дейін халал мейрамхана болған жоқ. Қазақстанның Нью-Йорктегі Бас консулдығы Америкада қазақ мәдениетін дамытуға үлес қосқаным үшін сертификат табыстады. Өмірінде қазақтың ет тағамын жеп көрмеген америкалықтар Манхэттендегі мейрамханаларымыздан ұлттық тамақтарының дәмін татып көрді.


Оқи отырыңыз: Америкадағы қазақша өмір. Америкалық қазақтар салт-дәстүрді сақтай ма?


Мейрамхана қызметкерлері. Фото: Фарида Ғаббасова

– Манхэттеннің қақ ортасынан мейрамхана ашу қиынға соқпады ма?

– Қиындықтар болды. Біздің асханамызға қажет өнімдер болмады. Біздің ұлттық тағамдарымызды дайындайтын мамандар жоқ. Жергілікте жұмысшыларға үйретуге тура келді. Мейрамхана ашу, құжаттарын рәсімдеу қиын емес. Мамандар табу, жұмысты дөңгелетіп әкету, сапаны ұстап тұру қиын. Ол жақта адамдар басқаша. Жұмыста ұзақ ұстап тұра алмайсың. Бір жұмысты ұзақ істей алмайды. Әрі қарай өскісі келеді, басқа жұмыс іздейді. Қазақстанда адамдар өмір бойы бір орында жұмыс істей беруі мүмкін ғой. 

Мейрамхана қызметкерлерін өзіміз оқыттық. Жұмыста қалғандары қалды, келгендерді басынан оқыттық. Қазір екі мейрамханада 40 шақты адам жұмыс істейді. Манхэттенде тамақты тез жеткізетін 17 филиалымыз бар. 

– Мейрамхана мәзірінде қандай ұлттық тағамдарымыз бар?

– Өзіміздің ет, бауырсақ, қуырдақ, сорпамыз бар. Өзбек асханасынан – палау, самса, ұйғыр асханасынан лағманның түр-түрі бар. Айта берсек өте көп. Мәзірге Орталық Азия асханаларының ең дәмді тағамдарын қостық. 

Мейрамхана дизайны ұлттық стильде, қазақтың ою-өрнектерімен, домбыра, бесік секілді ұлттық дүниелерімізбен безендірілген. Қазақстан картасы, Абайдың, әл-Фарабби секілді тұлғаларымыздың суреттері бар. Даяшыларымыз ұлттық киімдерімізді киеді. Қазақы нақышта шығыс стилімен ұштастыра отырып жасадық. 


Оқи отырыңыз: АҚШ-қа жол: "Грин картаны" қалай ұтып алуға болады?


Мейрамханада ұсынылатын қазақтың ұлттық ет тағамы. Фото: Фарида Ғаббасова

– Кімдер қонаққа жиі келеді? 

– Қонақтардың басым бөлігі – америкалықтар. Оларға ешқандай қоспасы жоқ, үйдегідей дайындалған табиғи ерекше тамақтың дәмі ұнайды. Америкада жылқы етіне тыйым салынғандықтан, сиыр етінен шұжық жасаймыз.

Кейінгі кезде Орталық Азия елдерінен шыққан қонақтарымыз да көбейді. Биыл Геннадий Головкиннің Лас-Вегастағы жекпе-жегіне келгендер Нью-Йорк арқылы барды. Сол кезде мейрамханамызда ине шаншар орын болмады. Қазақстандықтар бізден дәм татып жаста, қуанамыз. "Манхэттенде, Уолл-стриттің дәл жанында бешбармақ жедік" деп таң қалды. Лас-Вегаста жейтін жөнді тамақ болмағанын айтады. Қазақтың ұлттық тағамдарына ғана тән дәмді сақтау үшін кейбір қоспалар мен майларды Қазақстаннан арнайы алдырамыз.

– Алда қандай жоспарларыңыз бар?

– Мейрамханамызды басқа штаттарда ашуды жоспарлап отырмыз. "Фарида" франшизасы болады. Кез келген Қазақстан азаматы Америкаға келіп, франшизамызды алып, мейрамхана ісімен айналыса алады. Біз бастан-аяқ көмектесеміз, қажеттің бәрін жеткізуге дайынбыз. Біз арқылы отбасына Америкада тұруға ықтиярхат ала алады. 

– Америкада кәсібін ашқысы келетін адам не сол елдің азаматы, не "Грин картасы" болуы керек емес пе?

– Иә, сол себепті біздің франшизамызды алса оларға мемлекет тұруға рұқсат береді. Кәсібін жүргізуге әлеуметтік нөмір береді. Солай отбасымен Америкада тұрып, ақша таба алады. Құжатсыз мұнда ештеңе жасай алмайсың. Салық төлеу үшін әлеуметтік нөмір болу керек.

– Дизайнер болып жұмыс істейсіз, оған қоса мейрамхана жұмысын басқарып отырсыз. Мұның бәріне қалай үлгересіз?

– Уақытты дұрыс жоспарлаймын. Мейрамхана қызметкерлерін дұрыс бөліп қоямын, әркім өз жұмысын істейді. Осылайша басқалардың жұмысына ақша төлеп, өзіме бос уақыт сатып аламын. Кей істі өзімнің де қолымнан келеді, одан гөрі біреуге тапсырып, уақытымды пайдалы іске жұмсаймын. Қазір пианино үйреніп жүрмін. Бимен айналысамын. Кондитерлік істі жақсы көремін. Спортзалға үзбей барамын. 


Оқи отырыңыз: "Жалғыз паспортпен келіп бизнес империя құруға болады". Америкадағы қазақ журналисінің монологы


Мейрамхананың ішкі көрінісі. Фото: Фарида Ғаббасова

– Адамдар неге Америкаға баруға ұмтылады? American dream, яғни америкалық арман қууға не себеп?

– АҚШ-қа әлемнің түкпір-түкпірінен адамдар көп келген соң, кез келген салада сұраныс көп. Бірнәрсе бастағың келсе өз нишаңды тауып, не істейтініңді нақты білуің керек. Мынаны ашқым келеді деп нарықты зерттемей, ештеңеге қарамай бастап кетсең, бірақ қолға алған ісің туралы ештеңе білмесең бизнесің күйрейді. Бәсеке көп болған соң әр қадамыңды есептеп, не ашатыныңды, бәсеке ортаны, орналасатын ауданды, клиенттерді зерттеу керек. Бір қате жіберсең, ақшаң далаға кетеді. Сосын бизнес бастауға қорқасың. 

Мен де қате жібердім. Бұрыс бағытты алып, клиенттерді жоғалттым. Мұнда, тіпті, логотиптің түсі де маңызды. Мейрамхананың жұмыс кестесі, қызметкерлері – бәрі рөл ойнайды. Құжаттарға мұқият болу керек. Дұрыс реттемесең, салықтың үстінен тағы да ақша төлеуге мәжбүр боласың. Қаншама қатеден сабақ алдым. Енді басқаларға оңай болу үшін білгенімді айтып, франшиза арқылы кәсібімді кеңейткім келеді.

Серіктестер жаңалықтары