Тікелей эфир

Альпинист Альмир Қымбатбайұлы: Қазақ қызын Эверестке шығару миссиясын сәтті орындадық

Фото Альмир Қымбатбайұлының жеке архивінен
Фото Альмир Қымбатбайұлының жеке архивінен
12 мамыр күні Kazakh Everest Team экспедициясы Эверестке шықты.

Әлемнің ең биік шыңы – Эверестке жеткен қазақстандықтар көп емес. Осы күнге дейін биіктігі 8848 метрге жететін бұл шыңға әлемде 12 мыңға жуық адам шыққан. Жүз жылда Эверестке барар жолда 300-ден астам альпинист көз жұмған. Жер шарының ең биік нүктесіне жақында альпинист Мақсұт Жұмаев бастаған Kazakh Everest Team экспедициясы барып келді. Команда құрамында әлемнің ең биік шыңына шыққан тұңғыш қазақ қызы Анар Борашева мен Альмир Қымбатбайұлы бар. 

Осыған дейін біз Мақсұт Жұмаев пен Анар Бурашева туралы жазған едік. Бұл жолы экспедиция мүшесі Альмир Қымбатбайұлымен сұхбаттасуды жөн санадық.

– Бұл экспедицияға қалай қосылдыңыз?

– Экспедицияның демеушісі – Everest Development компаниясында жұмыс істеймін. Жоба басталғалы айналасында жүрдім. Компанияның басшылары спортшы екенімді біледі. "Эверестке шығасың ба?" деп ұсынды. Өзіме де қызық болған соң келістім. Шыға аламын ба, жоқ па деп өз-өзімді сынағым келді.

– Эверстке шығу арманыңыз болды ма?

– Тауға көп шығамын. Эвересті әлемнің ең биік тауы деп бәрі біледі. Ол туралы көп фильм көрдім. Бірақ шықсам екен деп көп армандамадым. Анда-санда бір күні шығып қалармын деген ой келетін.

Фото Альмир Қымбатбайұлының жеке архивінен алынды

– Әлемнің ең биік шыңына шығу оңай емес. Гималайда жүргенде бәрінен теріс айналып, артқа қайту деген ой келмеді де?

– Иә, келді. Бұл сапар өте қиын болған соң беріле салсам ба екен деп ойладым. Шынымды айтсам, Эвересті көргенде оған шығамын деп ойламадым. Намыс бар. Барамын, шығамын деп айттым. Эверестке намыстың арқасында шыққан шығармын. Өте қиын болды. Тауда оттегі жетпей, 15 келідей бұлшықет жоғалттым. Эверестке шығар алдында массамызға талдау жасағанда 74 келі бұлшықет болды. Бұл тауда қиындық туғызды, өйткені организм көп оттегіні қажет етті. Беріле салу деген ой келсе де, олай жасай алмадым. Шыңға бет алғанда әлім қалмады, төменге түсе алмауым мүмкін екенін түсіндім. Бірақ, артқа қайтпадым, не шыңға шығып, төмен түсемін, не сонда қаламын дедім. Шыңға жақындағанда күшім еселеніп, аман-есен төменге түстім. 

– Эверестің ұшар басында тұрғанда қандай сезімді бастан кештіңіз?

– Шыңда бір 20-30 минут болған шығармын. Отырдым, ойландым. Ең біріншіден, шыңға жеткенде арқамнан ауыр жүк түскендей болды. Енді төменге түсу керек екенін де түсіндім. Эверестке шықпай қоймаймын деген сөзімде тұрып, өзімді жеңіл сезіндім.

Айнала тұман болды, бұлттан ештеңе көрінбеді. Айнала көрінгенде, әдемі көрініске сүйсініп қарар ма едім. Екіұдай сезім болды.

Альмир Анар Бурашевамен бірге базалық лагерьде / Фото жеке архивінен алынды

– Аспан ашылмады ма?

– Ашылмады. Келесі күні ашылды, бірақ сағатына 100 шақырым жел соғып, өкінішке қарай, екі адам қайтыс болды.

– Өзіңіз өліммен бетпе-бет келмедіңіз бе?

– Эверестке жақын маңды альпинистер өлім аймағы дейді. Шыңға көтеріліп бара жатқанда күшім сарқылды. Телефонның қуаты секілді 20-30 пайыз ғана қалды. Шыңға жеткеніммен, түсе алмаймын-ау деп ойладым. Сол сәтте өлім мен өмір арасында тұрдым. Өмірімді қатерге тігіп, мінезімнің арқасында жеттім.

– Шыңға шығып бара жатқанда қаза тапқан альпинистерді көрдіңіз бе?

– Екі адамды көрдім. Оларды көргенде қайда жүргеніңді, ойын емес, шынайы өмір екенін түсінесің. Адамдар шынында Эверестке жетем деп қаза табады. Жолда денелері жатыр. Теледидардан, YouTube желісінен көрген кезде аса түсінбейтінмін. Ал мәйітті өз көзіммен көргенде адамдар биік тауда не үшін көз жұматынын түсіндім. Өйткені, шынымен күшің сарқылады, жоғарыға жүре алмай қаласың. Эвересте негізінен оттегісіз шығатындар қаза табады.

Экспедиция мүшелері / Фото: Kazakh Everest Team

– Осы экспедицияда Мақсұт Жұмаевтың рөлі қандай болды?

– Мақсұтқа сендік, өйткені тәжірибелі адам. Қаншама 8 мыңдық шыңға оттегісіз шықты. Сенім арттым. Өз ісін білмейтін адамға сенбей, күмәнмен қарайсың. Ал Мақсұтқа еш күмән болмады. Мақсат қойды, жоспарлады. Біз соған ілестік.

– Жақындарыңыз Эверестке шығатыныңызды айтқанда қалай қарады?

– Көп адам жете алмайтын шығарсың деді. Ақша төлесе де, өмірін бұлай қатерге тікпейтінін айтты. Барлығы елге аман-есен ораласың ба деп уайымдады. Біреу қолдады, біреу қуанды. Көбісі алаңдап, айнытуға тырысты. Мінезімді біледі, бірнәрсені істеуге бекінсем ол ойымды өзгерту мүмкін емес. 

– Эверестке шыққаннан кейін бойыңыздан бір өзгерісті байқадыңыз ба? 

– Эверестке біреу оңай шығады, біреу қиналады. Бұл сапар мен үшін өте қиын болды. Бір жарым ай тауда өмір сүрдік. Әр күн – күрес, ұйықтай алмадым. Экспедиция кезінде күніне тек 2-3 сағат ұйықтап жүрдім. Аз ұйықтасаң күшің сарқылады, сол үшін де маған өте қиын болды. Көп нәрсені қайта ойландым. Қатты өзгердім деп айта алмаймын. өзгерген де шығармын, бірақ оны өзім білмейтін шығармын. Бәрібір адам өзгереді.

– Не үшін ұйықтай алмадыңыз? Уайымдадыңыз ба?

– Жоғарғы жақта ауа болмаған соң жүрегің қатты дүрсілдеп, ұйықтай алмайсың. Ұйықтар алдында тамыр соғысым 115 болды. Оттегі жетпеген соң жүрек оны көбірек алу үшін қанды қатты айналдырады. Содан ұйықтай алмадым. Уайым да бар шығар. 

Тау ауруымен өте қатты ауырдым. Организмім оған да жайлап үйренді.

Фото Альмир Қымбатбайұлының жеке архивінен алынды

– Экспедиция мақсаты тұңғыш қазақ қызын Эверестке шығару болды ғой...

– Иә, тарихи оқиға болған соң, Анарды барынша қолдауға тырыстық. Команда болса Анарға психологиялық тұрғыда Эверестке шығу қиын болмас еді. Мақсұт екеуміз қолдауға тырыстық. 

– Эверестке шығу қиын болды дедіңіз ғой. Уақытты кері айналдырсақ, бұл ұсыныстан бас тартар ма едіңіз?

– Жоқ, шешімімді өзгертпеймін. Базалық лагерьде жүргенде өте қиын болды. Бәрі тезірек бітсе екен, шаршадым, әрі қарай шыға алмаймын, не үшін келдім деп ойладым. Уақыт кері шегінсе бұл ұсыныстан бас тартпайтын едім. Бұл – тарих, маған берілген мүмкіндік. Осы қиындықтың бәрін көргім келді, көрдім де.

Серіктестер жаңалықтары