
Алматыдағы әрбір, тіпті қуаты әлсіз болса да, жер сілкінісінен кейін қала тұрғындары тарапынан көптеген сұрақтар туындайды:
- Бізге автоматтандырылған ерте ескерту жүйесі не үшін қажет?
- Сейсмология институты мен Төтенше жағдайлар министрлігі не істеп отыр?
- Неліктен біз сиреналардың тітіркендіргіш дыбысын үнемі естиміз, бірақ, жер сілкінісі туралы алдын ала ескерту алмаймыз?
- Мұның бәрін кім ойлап тапты және ол қалай жұмыс істейді?
Біз осы және өзге де сұрақтарды тікелей Сейсмология институты деп аталатын Сейсмологиялық байқау және зерттеулер ұлттық ғылыми орталығына (СБЗҰҒО) жолдадық.
2025 жылғы ақпанда институт басшылығы мен ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі өкілдерінің Қырғызстаннан келген, атап айтқанда, Бішкектегі Орталық Азия қолданбалы геоғылымдар институтының (ОАҚГҒИ) басшылығы әріптестерімен маңызды кездесу өткізген болатын. Оның нәтижесінде өте маңызды ынтымақтастық келісімі жасалды. Бұл Қазақстанға жер қыртысын іргелі зерттеулер мен жер сілкінісін болжау саласында ғана емес, сонымен қатар, ескерту тұрғысынан да айтарлықтай жетістіктерге жетуге мүмкіндік болуы тиіс.
Демек, AЕЕ жүйесінің жұмысы таяу болашақта үлкен өзгерістерге ұшырайды. Оның қалай болатынын СБЗҰҒО директорының өндіріс жөніндегі орынбасары Руслан Гашимов айтып берді.
– Руслан, бізге Қырғызстанмен ынтымақтасудың қандай қажеттілік пайдасы бар?
– Алдымен негізгі ұғымдарды түсініп алсақ дұрыс болар еді. Тарихқа көз жүгіртсек, басқа жердегідей Қазақстанда да алғашында тек ғылым ғана болған. Яғни, алдын ала ескерту немесе төтенше жағдай туралы хабарлау мәселелерімен ешкім айналысқан жоқ. Ал барлық сейсмикалық стансалар мен датчиктер геологиялық жағдайға сүйене отырып, ғылыми негіз бойынша орнатылған. Кеңес дәуірінен бері институт жер қойнауын зерттеуге басымдық берді. Тиісінше, институтта жұмыс істейтін сейсмикалық стансалар желісінің өзі ғылыми желі болып табылады немесе оны осылай атаған дұрысырақ. Бұл сейсмологтар ғылымының мәселелерін шешу үшін арнайы жасалған өзіндік, бөлек жүйе екенін түсіну де маңызды.
Бастапқыда бәрі дұрыс жасалды: орнату орындары нақты тексерілді және негізделген. Яғни, бізде институт бар – оның міндеті – сейсмикалық жағдайды зерттеу, зерттеу жүргізу, теорияларды алға тартып, сынау, болжамды модельдермен жұмыс жасау. Сондай-ақ, қалалық ескерту жүйесіне қосылған AЕЕ жүйесі бар.
Еске салатын ең бір маңызды мәселе тағы бар! СБЗҰҒО функциялары мен міндеттеріне сиреналарды қосу және ескертулер жіберу кірмейді – бұл Төтенше жағдайлар министрлігі мен әкімдіктің құзыретіндегі нәрсе, сондай-ақ, ескерту жүйелерінің жұмысы үшін де барлық жауапкершілік соларда. Бұл институттың жұмысы емес. Ол станциялардың желілерін жасайды, тиімді орнату нүктелерін жоспарлайды, қалыпқа келтіріп, реттейді, оларды біліктілікпен пайдаланады және сейсмикалық жабдықтардың үздіксіз жұмысын қамтамасыз етеді.
– Ал жер сілкінісі туралы ескерту жүйесін құру идеясы туғанда, AЕЕЖ осы желіге қосылған шығар?
– Иә, кейінірек әртүрлі елдерде автоматты ерте ескерту жүйесін (AЕЕЖ) орнату идеясы пайда болды. Оның идеясы басқа: сейсмикалық стансалардағы сенсорлар бастапқы сейсмикалық толқындарды тіркейді. Бұл, сондай-ақ, өте жақсы орнатылған әрі дұрыс орнатылған арнайы сейсмологиялық жабдықты қажет етеді. Бірақ бұл желі, атап өтейін, бүгінде Сейсмология институтының желісі емес.
Сондай-ақ, конфигурация тұрғысынан ол жай геометриялық, станция ұяшықтары бар тор ретінде жеңілдетілген болуы керек екенін атап өткен жөн. Ал ерте ескерту жүйесінің идеясы мынада: сенсор неғұрлым алыс орналасса, мысалы, оңтүстікте, ол оңтүстіктен келетін сейсмикалық белсенді толқынды соғұрлым тезірек анықтай алады. Әдетте, олардың екеуі бар: біріншісі әлсіз, содан кейін жойқын толқын келеді. Бұл оқырмандардың кең ауқымына түсінікті болу үшін өте жеңілдетілген түсініктеме. Датчиктер желісі болғандықтан, осы таяуда біздің әкімдікте AЕЕЖ желісін салайық деп шешті.
Оқи отырыңыз: Жер сілкінісінің ошағы Алматыға жақындап келеді. 130 жыл бұрынғы жойқын зілзала қайталана ма
– Сонымен не болды? Біздің білуімізше, желі әлі де толық мүмкіндігінде жұмыс істей алмай, өз мақсатын толық орындамай келеді...
– Желінің әлі толық аяқталмағанын айтқан жөн. Сондықтан одан толық жұмыс істеу міндеттерін талап ету әзірше дұрыс емес. Сонымен қатар, оны орналастыру процесінде көптеген басқа да мәселелер қосымша қосылады және алғашқы 28 станса мүмкіндігінше тез және сенімді орнатуға болатын принцип бойынша көбірек орнатылды. Біздің заңнаманың көптеген нюанстары мен мәселелері бар, соның ішінде... Мәселен, біздегі жекеменшік аумақтарда сейсмикалық датчиктердің орналасуы нақты реттелмеген.
Қытайда бұл мәселеге ешкім мән бермейді – ғалымдар бұл жерде сейсмикалық станса болуы керек десе, ол кімнің жер аумағы болғанына қарамастан, сол жерге орнатылады. Ал біздің датчиктер институттың сейсмикалық стансаларына жақын жерде, ал, бір жерлерде коммуникациялар мен жердің қолжетімділігі принципі бойынша орнатылды. Қазір оның 28-і бар, тағы 70-ін жеткізуді жоспарлап отырмыз. Біздің өңір үшін бұл сан мейлінше жеткілікті. Өйткені, Астанадан жер сілкінісі келмейді. Әйтсе де, қауіп бізден 100 шақырым жерде ғана орналасқан Қырғызстан жақтан келеді. Дәл осы бағытта бізде сенсорлар жоқ, бұл жерде олар қажет-ақ. Сондықтан, АЕЕЖ қазіргі конфигурациясында техникалық тұрғыдан толық жұмыс істей алмайды. Енді желіні дұрыс конфигурациялау және аяқтау қажет.
Бізде бірдеңе істеуге уақыт болмайды. Бұл көршілес мемлекеттердің аумағында болған жер сілкінісі оқиғалары кезінде де тиімсіз, себебі, жер сілкіністері Ыстықкөл мен Қытай жағында жиі болып тұрады, ал ол жақта біздің жүйеге қосылған сейсмикалық стансалар әзірше жоқ.
– Осы себепті біз қазір Қырғызстанмен келісім жасадық па?
– Сонымен қатар, тек бұл ғана мәселе емес. Желіге аудит жүргізіп, бірінші конфигурацияда анықталған кемшіліктерді сараптай отырып, құрылыстың екінші кезеңі өнімділікті жақсартады және ең бастысы, көршілес елдерді де маңызды ақпаратпен қамтамасыз етеді. Бұл, өз кезегінде, олардың стансаларын біздің жүйеге қосуға және бірнеше құнды секундтарды алуымызға мүмкіндік береді. Біздің желіде стансалар неғұрлым көп болса, соғұрлым біз осы секундтарды ерте аламыз. Біз қырғыз тарапымен келіссөздер жүргізе бастадық, себебі, оларда да сенсорлар мен стансалар бар, егер біз жақтан жер сілкінісі болса, олар да жедел ақпарат алуға мүдделі.
Оқи отырыңыз: Сейсмология орталығы: Соңғы жылдардағы жер сілкіністері алда қуатты зілзала болуы мүмкін екенін білдіреді
– Бірақ, AЕЕ жүйесі тиімсіз болса, оны неліктен жақсарту керек? Мүлде бас тарту оңай емес пе?
– Бұл өте қате көзқарас. Орнатылған сейсмикалық станциялар артық жабдық емес, олар ғылыми мақсатта да пайдасын келтіреді. Ал, АЕЕЖ кеңейту жалпы сейсмикалық саланың тиімділігін арттырады. Мысалы, Қытайда, бір ғана Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданында 1836 станса болса, Қазақстанда әзірге жалпы 126 станса бар, институтта 98 және 28 АЕЕЖ бар. 2026 жылдың соңына дейін тағы 70 АЕЕ стансасы салынады.
Институтты цифрландыру және жер сілкіністерін талдау мен болжауда нейрондық желіні пайдалану бойынша одан да көп жұмыс жоспарлануда. Келесі кезең – Қытайды байланыстыру, өйткені, ол жақтан жер сілкінісі көп болады. Ал сенсорларды сол бағытта қосу арқылы әрбір 100 км сайын біз әрбір сенсордан шамамен 5 секунд аламыз. Бұл қауіпті жер сілкінісі болғанға дейін 10-15 секунд ұта алатынымызды және осы бағытта жұмыстың жүйелі жүріп жатқанын білдіреді. Сондықтан, бізде бар пішіндегі AЕЕЖ, әрине, өткен жылы қаңтарда жұмыс істемеді, содан кейін келесі жер сілкінісі кезінде де жұмыс істемеді. Барлығын түпкілікті пысықтау, аяқтау және көршілес елдердің мүдделерін ескере отырып олқылықтарды түзету керек. Сол үшін де жауапкершілікті сезіне отырып, жұмыс істеп жатырмыз. Жақында институт басшылығымен бірге Қытайда да болдық, онда Алматы қаласының әкімі мен біздің институт Қытайдың Ұлттық жер сілкінісі бюросымен де өте маңызды келісімдер жасады. Бірақ, бұл бөлек мақаланың тақырыбы.
– Сонда жақын арада Қырғызстанмен ынтымақтастық қандай болмақ?
– Мен жоғарыда айтып өткенімдей, станцияларды көбірек қосуымыз қажет. Қамту аймағы неғұрлым кең болса, станциялар неғұрлым алыс орналасса, Төтенше жағдайлар министрлігі ескерту дабылын тезірек алып, сиреналарды қосады. Толқын келгенше бізде біраз уақыт болады. Біз сондай-ақ "шикі деректер" деп аталатын алмасу туралы да келістік – олар ғылымға көмектеседі.
Біз AЕЕ желісін ғылыми деректерді өңдеуге мүмкіндік беретін тиімдірек құралға айналдырғымыз келеді. Әрбір сейсмикалық станцияның өзі әдепкі бойынша сейсмикалық оқиғалар туралы ақпаратты өңдейді. Ол дабылдарды жазып, кейбір параметрлерді береді. Бұл ескерту жүйесі үшін жеткілікті, бірақ ғылым үшін жеткіліксіз.
Ал "шикі деректердің" мәртебесі өзгешеге. Олар әлдеқайда үлкен және өңдеуі де әлдеқайда қиын. Егер мейлінше қарапайым етсек, онда жүйе деректерді мынадай түрде ғана: жер сілкінісі болды – деректер бар деп қана жіберер еді. Толық дерек болмаса, дұрыс талдау да болмайды деген сөз. Біз жұмысты станциялардың ғалымдар өз жұмысында пайдалана алатын "шикі деректерді" үнемі жіберіп отыратындай етіп ұйымдастыруымыз керек.
Оқи отырыңыз: Жер сілкінісі кезіндегі дабыл шабаданы. Оны қалай жинап, қайда сақтау керек
– Сондықтан да жоғарыда аты аталған нейрондық желі бұған көмектесуі керек пе?
– Біз құрғалы жатқан нейрондық желіні қарапайым тұрғыда жасасақ, онда мұндай желі қауіпті бағалау жүйесі болып табылады. Ықтимал қауіптерді алдын ала бағалау үшін бізге нақты болжамдар қажет. Қазір болжамдық комиссия үнемі жиналып отырады, сонан кейін барып қана жер сілкінісі бола ма, болмай ма, сосын айтады. Бұған көп уақыт кетеді.
Біз зертханалар мен сейсмикалық станциялардан орасан зор деректерді автоматты түрде тез жинайтын және мұндай болжамдарды тездететін жүйені құрғымыз келеді, бірақ, әрине, адамдардың жұмысын тоқтатпау қажет. Яғни, профессорларымыз зерттеу жүргізеді, теорияларын ұсынады, сейсмологиямен айналысады. Бірақ, нейрондық желі ақпаратты өңдеуді мүмкіндігінше тездетеді.
Ал егер жер сілкінісінің ауыр прекурсорлары пайда болса, бұл да тез көрсетіледі. Қазіргі уақытта стансалардан және әсіресе, кешенді зертханалардан алынған мәліметтердің келуі және өңделуі өте ұзақ уақытты алады. Ал нейрондық желі мұны бірнеше есе жылдам орындап, болжау жұмыстарының тиімділігін арттыра алады.
Бізге сондай-ақ, бүкіл өңірде Жер мәселесімен айналысатын институтпен ғана емес, сонымен қатар, азаматтық құрылыс және селден қорғау бойынша да тиімді жұмыстарды жолға қоюымыз керек, яғни, біздің жұмысымыз бен сейсмологтардың қызметі, сондай-ақ, Төтенше жағдайлар министрлігінің қызметі көптеген салаларды қамтиды. Оның ішінде инженерлік желілер, құбырлар (су, мұнай, газ), электр желілері сияқты барлық инфрақұрылым нысандары – олардың барлығына дер кезінде ескерту алу өте маңызды. Бұған жер үсті және жер асты көліктері де кіреді. Бұл өте ауқымды үлкен жұмыс, біз жүйелі түрде бұқаралық ақпарат құралдарында және өз ресурстарымыз жайлы да айтатын боламыз.