Тікелей эфир

Жер сілкінісі кезіндегі дабыл шабаданы. Оны қалай жинап, қайда сақтау керек?

Сурет: depositphotos.com
Сурет: depositphotos.com
Ең қажет заттарды шұғыл түрде жинау нұсқаулығын назарларыңызға ұсынамыз.

Кеше түнде Алматы қаласының тұрғындары қаладан 264 шақырым жерде, Қырғызстан мен Қытай шекарасында болған жер сілкінісін сезді. Жер сілкінісінің магнитудасы – 6,7. Алматы төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, құзырлы мемлекеттік органдар өзара әрекет алгоритміне сәйкес хабарланған. Қазір қала бойынша жер сілкінісінің салдарын бағалау бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. 

Осындай табиғи апат кезінде бәріміз де жедел эвакуацияға тап боламыз. Сондықтан, отбасымыз бен жақындарымыздың қауіпсіздігі үшін әр үйде дабыл шабаданы болғаны дұрыс. Оның ішіне әдетте маңызды құжаттар мен күнкөріс үшін ең қажетті заттар салынады. Мұндай жинақ кез келген төтенше жағдай кезінде керек болады.

Дабыл шабаданы қандай болуы тиіс?

Бұл үшін сізге шағын шабадан, рюкзак не сөмке қажет. Оның матасы су өтпейтін әрі сапалы болғаны абзал. Эвакуация кезінде дабыл шабаданын көтеріп жүресіз. Сондықтан, оның аса ауыр болмағаны өзіңізге жақсы. Егер сіздің отбасыңызда адам саны көп болса, онда сіздерге бірнеше сөмке алуға тура келеді. Мүмкіндігінше отбасының әр мүшесінің өзі көтере алатындай көлемде дабыл шабаданы болғаны жақсы.


Оқи отырыңыз: Алматыда жер сілкінісі кезінде неге дабыл ойнамады?


Дабыл шабаданының ішіне не салу қажет?

 Алматы қаласының төтенше жағдайлар жөніндегі басқармасы дабыл шабаданына мына заттарды салуға кеңес береді:

  1. Құжаттар. Отбасы мүшелерінің жеке куәлік не туу туралы куәліктерінің көшірмесін жасатып алыңыз. Сондай-ақ, сізге жүргізуші куәлігі, неке қию туралы куәлік және паспорт қажет болуы мүмкін. Мүмкіндігінше барлық көшірмелерді алдын-ала ламинаттап алған дұрыс.
  2. Ақша. Сөмкеге қағаз ақшаны ғана емес, банк карталарын да салып қойыңыз.
  3. Су. Отбасының әрбір мүшесіне кем дегенде 2 литр су қажет. Оны пластик бөтелкелерге құйып алған жөн.
  4. Тамақ. Мүмкіндігінше калориясы көп, сақтау мерзімі ұзақ тамақтан алыңыз. Оны герметикалық жабық ыдысқа салыңыз. Сондай-ақ, тәтті батондар мен консервідегі тағамдар алуға ыңғайлы.
  5. Гигиена заттары: сабын, әжетхана қағазы, сулы майлық, антисептикалық гель.
  6. Жылы киім мен жамылғы. Синтетикалық матадан тігілген киімдерді алған жақсы. Себебі, олар сөмкеде көп орын алмайды.
  7. Сіріңке. Мүмкіндігінше су өтпейтін сіріңке алып қойғаныңыз дұрыс.
  8. Радиоқабылдағыш. Мобильді байланыс жоқ кезде құтқарушылармен хабарласуға керек болады.
  9. Фонарь. Жарық өшкен кезде қажет болады.
  10. Ысқырық. Құтқарушыларға сигнал беру үшін қажет.
  11. Дәрі қобдишасы.

Бұл – алғашқы уақытқа жететін ең қажетті заттар тізімі. Бұл тізімге қуаттағыш құрылғы, сағат, арқан, пышақ, қасық, қосымша ішкиім және тігін құралдарын қосуға болады. Кішкентай балаларыңыз болса, олардың арнайы тамағы мен жөргегін де салып алыңыз.


Оқи отырыңыз: Алматыдағы жер сілкінісінің таудан түсірілген видеосы желіде тарады


Дәрі қобдишасына не салған дұрыс?

Дәрі қобдишасы – дабыл шабаданының маңызды бөлігі.

Оның ішіне мына заттарды салыңыз:

  1. Ауырсынуды басатын препараттар.
  2. Қызу түсіретін препараттар.
  3. Ішек инфекциясына қарсы дәрілер.
  4. Аллергияға қарсы препараттар.
  5. Антисептиктер: сутегі тотығы мен спирт.
  6. Жараны таңатын материалдар: бинт, пластырь, мақта.
  7. Қанды тоқтататын жгут.
  8. Түрлі антибиотиктер.

Егер өзіңіз не сіздің жақындарыңыз созылмалы аурумен ауыратын болса, онда дәрі қобдишасына өзіңізге керек дәрілерді міндетті түрде салыңыз.

Дабыл шабаданын қайда сақтау қажет?

Заттарды үйдің кіреберіс есігіне жақын жерге қойған абзал. Отбасындағы барлық адамдар дабыл шабаданы туралы білуі тиіс. Егер сіз тұратын аймақтағы төтенше жағдайлар басқармасы төтенше жағдай болуы мүмкін екенін ескертсе, олардың ескертуіне құлақ асыңыз. Бірден дабыл шабаданын тексеріп, тамақ пен дәрі-дәрмектің сақтау мерзімін бір қарап шығыңыз.

Осы қарапайым ғана нұсқаулыққа сүйене отырып, сіз жер сілкінісі, су тасқыны не қатты дауыл кезінде өміріңізді сақтап қалуға көмектесетін дабыл шабаданын дайындап қоя аласыз. Өміріңізде сізге дабыл шабаданы шынымен қажет болатын жағдайлар болмайды деп үміттенеміз.

Серіктестер жаңалықтары