Тікелей эфир

7 жылда Қазақстанда қай мамандарға сұраныс артады? Кәсіп таңдауға қажет кеңестер

Фото: Depositphotos.com
Фото: Depositphotos.com
Болашақта елімізде педагогика, IT және маркетинг-жарнама саласының мамандарына сұраныс жоғары болады.

Жаңа технологиялардың дамуы адамдардың өміріне үлкен өзгерістер алып келді. Нәтижесінде, жаңа мамандық пен кәсіп түрлері пайда болып, керісінше кейбір мамандықтар жойылды не жаңаша сипатқа енді. Қазақстандық жастар болашақта әрі табысты, әрі мықты маман болуы үшін қандай еңбек салаларын таңдағаны дұрыс? Оны білу үшін 3 тәжірибелі профориентолог мамандарға келесі 4 сауалды қойдық: 

  1. Қазақстанда 2030 жылға қарай қандай мамандарға сұраныс артады?
  2. Қай сала мамандары табысты болады?
  3. Алдағы 5 жылдықта қандай мамандықтар жойылуы мүмкін?
  4. Мамандықты қалай таңдаған дұрыс?

Мамандық таңдауда 4 негізгі қағида бар

Айдос Жұманазар, педагог, профориентолог: 

1. Қазақстанның еңбек нарығында 5-7 жылда сұранысқа ие болатын мамандықтардың көшін – педагогика саласы бастайды. Елімізде қазірдің өзінде бірнеше облыс "қызыл аймаққа" енген. Яғни, өңірлерде мұғалім тапшылығы байқалады. Бірақ, мамандық таңдағанда қызығушылық пен қабілет болмаса, "мәңгілік мамандық" ретінде мұғалімдікті таңдап, өзіңді қинауға болмайды.

Екінші кезекте Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде маңызы күшейген – IT (ақпараттық технологиялар) саласының мамандықтары тұр. Ақпараттық технология заманында олардың қажеттілігі артып келеді. Қазақстанда биыл білім гранттарының көбі де осы екі салаға бөлінді.

Үшіншісі – маркетинг пен жарнама саласы. Яғни, әрбір компанияға қажет SMM, таргетолог, аналитик, мобилографтарға сұраныс жоғары. Бұлар университеттегі 4 жылдың академиялық оқуды емес, білімнен гөрі дағдыны көбірек қажет ететін салалар.  

2. Табысты екіге бөліп қарастырайық. Біріншісі – тұрақты жалақы, ал екіншісі – еткен еңбекке қарай түсетін табыс. Оның тұрақты бір мөлшері жоқ. Бір саланы табысты сала деп айтуға болмайды. Өйткені, әр салада жоғары жалақы алатын және төмен жалақы алатын адамдар болады. Мысалы, мұнай саласы. Оған адамдар қызыққанымен, мұнай компанияларында да жұмысшылардың бәрінің жалақысы бірдей емес.

Сондай-ақ, соңғы 2-3 жылда мұғалімдердің жалақысы артқанын ескере отырып, педагогиканың табыстылық жөнінен әлеуеті жоғары екенін айта аламын. Оған қоса, сауда-саттық, оның ішінде интернет саудамен айналысатындардың табысы жоғары екенін байқап жүрмін.

3. Көптеген мамандықтар түбегейлі жойылмағанымен, форматы өзгеретіні анық. Мәселен, кейбір қолмен істелетін жұмыстар қазір компьютер, роботтардың көмегімен атқарылады. Тағы бір мысал: бұрын мектепке келіп сабақ берген мұғалімдерде қазір үйінде отырып-ақ онлайн оқыту мүмкіндігі туды. 

Туристік агенттіктер жойылуы мүмкін деген болжам бар еді. Бірақ, олар қазір әлеуметтік желілер мен сайттар арқылы өз істерін жүргізіп отыр. Демек, қандай сала өкілі болса да, заман ағымына қарай жылдам бейімделіп үйренуі керек.

4. Мамандық таңдауда 4 нәрсені ескерген дұрыс

  • қызығушылық;
  • қабілет;
  • білім;
  • таңдаған мамандықтың сұранысқа ие болуы.

Бұл төрт қағиданың ретінің сақталуы маңызды. Мысалы, адамда қызығушылық болса, білім алып, еңбектеніп, қабілетті шыңдауына болады. Егер білікті маман болсаңыз, өз салаңыздың сұранысын арттыру қиын емес.

Дегенмен, "ең бастысы қызығушылығым бар, қалғаны маңызды емес" деуге де болмайды. Мысалы, медицинаға қатты қызыққаныңызбен, біліміңіз нашар болса, сұранысқа ие дәрігер бола алмайсыз.

Өкінішке қарай, талапкерлер арасында мамандықты жалақысы мен ата-анасының қалауы бойынша таңдайтындар саны азаймай тұр. Мәселен, ата-анасының қалауымен ғана медицина саласында оқып жатқан студенттер көп. Алайда, бұл – жауапкершілігі жоғары, қиын мамандық екенін ұмытпау керек. 


Оқи отырыңыз: 2023-2024 оқу жылына 88 мыңнан астам оқу гранты бөлінді


Диплом алған жас мамандардың 70 пайызы өз мамандығы бойынша жұмыс істемейді

Жадыра Тойбай, журналист, профориентолог: 

1. 2030 жылға қарай сұранысқа ие болатын мамандар: дәрігерлер, педагогтар, инженерлер, техникалық мамандар мен IT саласының мамандары.

Қазір қазақстандық жоғары оқу орындарында 200-ге жуық мамандық оқытылады және олардың көбі автоматтандырылған. Ал оған атсалысатын, әлбетте IT саласының мамандары. Сондықтан, биыл бұл салаға 5 мыңға жуық грант бөлініп отыр.

Бүгінде балаларда сыни ойлау қабілетін дамыту арқылы, болашақ мамандықтарына бейімдеу процестері мектептен бастап қолға алынып жатыр. Яғни, баланың осы қабілетін дамыту арқылы болашақта аналитиктер, сараптама жасайтын мамандар сұраныста болады деп болжауға болады.

Сондай-ақ, сату мамандарына қажеттілік артады деп ойлаймын. 

2. Нақты мына сала табысты болады деп айту – қате. Себебі, бұрын бір мамандықпен 15 жыл бойы өзгеріссіз, қосымша дамымай-ақ жұмыс істеуге болатын еді. Ал қазір коронавирус пандемиясынан кейін цифрлық үдеріс күрт дамып, көптеген сала автоматтандырылып жатыр. Сондықтан, бір сала бойынша білім алғаннан кейін, 5 жылдан соң  қайтадан сол сала бойынша біліміңізді жетілдіріп, уақыт ағымына бейімделіп отыру керек.

Қорыта айтқанда, сұраныстағы мамандықтарға жүгірмей, сұраныстағы маман болуға ұмтылыңыз. Өйткені, өз ісін жақсы көретін, тапсырманы жауапкершілікпен тыңғылықты атқаратын кадрға жұмыс беруші де көп ақша төлеуге талпынады.

3. Мамандықтар түбегейлі жойылады деп айта алмаймыз. Бірақ, болашақта аса сұраныс болмайтын салалар бар. Олар:

  1. Кассир. Себебі, қазір көптеген сауда орындарында аппараттар орнатылып жатыр.
  2. Турагент. Әлеуметтік желілердің дамуы адамдардың демалысын өздері ұйымдастыра алатын мүмкіндіктер берді.  
  3. Бухгалтер. Қазір арнайы компьютерлік бағдарлама арқылы бүкіл есеп-қисапты жүргізу мүмкіндіктері бар.
  4. Диспетчер. Бұл сала да автоматтандырылып келеді.
  5. Газет-журнал, кітап саласы. Оның ішінде типографиялық бағыттағы мамандықтар азаюы мүмкін. Себебі, қазір интернет журналистика, онлайн журналистика, интернет порталдар газет-журналдарды алмастырып жатыр.

Сондай-ақ, жасанды интелеллектің дамуы тележүргізушілерді де алмастырып жатқанын көріп отырмыз.  

4. Кез-келген адамның мықты қабілеттері бар. Мамандықты сол қабілетке қарай таңдау керек. Өйткені, адам өзінің бейіміне сай мамандығын тапқан кезде, сол сала оған жеңіл боп көрінеді. Мәселен, бір адамдар гуманитарлық салаға, бір адамдар математикаға, бір адамдар жаратылыстану саласына бейім. Демек, біз ең алдымен баланың бейімі мен қабілетін анықтауымыз керек.

Қазір мамандық таңдауда жүрек қалауымен немесе табысына қарап таңдайтындар бар. Бірақ, статистикаға сүйенсек, диплом алған жас мамандардың 70 пайызы өз мамандығы бойынша жұмыс істемейді. Грантпен тегін білім алады, бірақ ары қарай сол салаға ешқандай қызмет етпейді. Бұл білім гранттарына бөлініп отырған миллиардтаған ақшаның ауаға кетіп отырғанын білдіреді.

Сондықтан, адам ең әуелі өзі таңдаған саланы жақсы көруі керек. Сонда ғана жұмысқа жұмыс істеуге емес, көңіл көтеруге баратындай күйде болады. Егер өз саласын ұнатпаса, күнделікті жұмысына барғысы келмесе, адамдар депрессияға ұшырауы мүмкін. 


Оқи отырыңыз: 239 жаңа мамандық. Болашақ кәсіпті қалай таңдауға болады?


Қазір бір мамандықпен өмір бойы жүре алмайсыз

Гүлзия Байдалы, профориентолог: 

1. Еңбек нарығы мен мамандықтар тізімі сұраныстарының статистикасына қарасақ, бізде сантехник, слесарь секілді қызмет көрсету мамандарына қажеттілік жоғары. Педагогтар, IT мамандары, дизайнер, архитектор секілді идея бере алатын шығармашылық адамдар мен биоинженерия, биотехнология мамандары жоғары сұраныста болады. 

2. Қай салада болсын табысты болу не болмау әр адамның өзіне байланысты. Себебі, әр маман өз кәсібін, атқаратын қызметін жоғары деңгейде сапалы ете білсе, ол қай салада да табысты болады. Сондай-ақ, табысты болу – жұмысының нәтижесіне үлкен мақсат қойып, анализ жасауға және адамдармен дұрыс коммуникация құра алуына да байланысты. Сондықтан, бұл жерде басымдықты мамандыққа емес, адамның қарым-қабілетіне қою керек. 

3. Қазір жасанды интеллектің пайда болуына байланысты, біраз мамандықтар қажетсіз болады деп жоспарланған. Алайда, біздің жағдайымызда, жасанды интеллект барлық салаға еніп үлгергенше, мамандықтар өз маңызын жоймайды. Яғни, қазіргі қолданыстағы мамандықтар жойылмай, нарықтың сұранысына қарай басқаша бейімделуі мүмкін. 

4. Мамандық таңдау мен табысты болуда адамның жеке қабілеттері маңызды. Себебі, мамандықты жалақысына қызығып оқығанмен,  болашақта оны әрі қарай алып кету де үлкен жауапкершілік. 

Сосын, қазір еңбек нарығы жылдам өзгеріп жатқандықтан, бұрынғыдай бір мамандықпен өмір бойы жүре алмайсыз. Демек, уақытқа сай бейімделуге тура келеді. Қай салада болсын адам өзінің жеке қабілеттерін шыңдап отыруы тиіс. 

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
2

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары