Тікелей эфир

"Болашақ" стипендиясына үміткерлер енді қазақ тілінен онлайн тест тапсыра алады

Бұл үшін үміткерлерге Қазтесттен бөлек, Qazaq resmi test жүйесінде тест тапсыруға мүмкіндік беріледі.

"Болашақ" бағдарламасына түсу үшін үміткерлер қазақ тілі бойынша тест сынағын Қазтест және Qazaq resmi test жүйелерінің бірінде тапсыра алады. Бұл туралы Ашық НҚА порталында жарияланған құжат жобасында жазылған.

Qazaq resmi test жүйесінің Қазтест жүйесінен артықшылығы оны онлайн тапсыруға болады. Ол мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттың "Қазақ тілі" пәнінің үлгілік оқу бағдарламалары негізінде орта және жоғары білім беру стандарттарына сәйкес әзірленген. Qazaq resmi test үміткердің тыңдау, сөйлеу, жазу және оқу бойынша тіл білу дәрежесін анықтауға көмектеседі. Тест нәтижесі 2 күн ішінде дайын болып, үміткердің сервистегі жеке кабинетіне жолданады.

Онлайн тест тапсырған үміткер "Болашақ" конкурсына www.qrt.kz сайтынан жүктелген ресми сертификатты ұсынады. "Болашақ" стипендиясын алу үшін нәтиже көрсеткіші В1 және одан жоғары деңгейде болуы тиіс.


Оқи отырыңыз: "Болашақ" бағдарламасы аясында әдебиетші мамандарды оқыту үлесі артады


"Тестілеуден өту прокторинг және анти-оқу жүйесін қолдану арқылы жүзеге асырылады, бұл жалғандық немесе алдау мүмкіндігін жоққа шығарады. Бұл сервисті үміткерлер "Болашақ" халықаралық стипендиясы бойынша конкурсқа қатысу үшін пайдалана алады. Тесті онлайн форматта тапсыру мүмкіндігі ауыл жастарын қоса алғанда, конкурсқа қатысуға ниет білдірушілердің санын арттыруға мүмкіндік береді" делінген құжат жобасында.

Еске салайық, бұл тест жүйесін Мемлекеттік басқару академиясы мен Talantiz компаниясы президенттік жастар кадрлық резервіне үміткерлерді іріктеу мақсатында әзірлеген болатын.

Құжат жобасы Ашық НҚА порталында 21 желтоқсанға дейін қоғам талқысына ұсынылған. 

Серіктестер жаңалықтары