Тікелей эфир

"Күнделік.кз" журналы бірнеше күн бойы неге жұмыс істемеді

Фото informburo.kz
Фото informburo.kz
Оқу жылының соңында оқушыларға қорытынды баға қоя алмаған ұстаздар "Күнделік.кз"-ке сәресі уақытында ғана қосыла алғандарын айтады.

2018-2019 оқу жылының соңғы аптасы бастала сала, 20 мамырдан бері әлеуметтік желіде мектеп ұстаздары "Күнделік.кз" жүйесі арагідік үзіліп, кейде тоқтап қалатынын жаза бастады. Бірнеше күн ішінде электронды журналға мүлде қосыла алмаған, сәйкесінше, баға қоя алмай, күні-түні компьютерге телмірдік деп жүйкесі тозған ұстаздардың саны тіпті көбейеді.


21-22 мамыр күндері жүйедегі күндізгі көрініс осындай болған

21-22 мамыр күндері жүйедегі күндізгі көрініс осындай болған / Сурет интернеттен скрин-шотталды



Ұстаздардың әлеуметтік желідегі жазбалары

Ұстаздардың әлеуметтік желідегі жазбалары / Сурет әлеуметтік желіден скрин-шотталды



Ұстаздардың әлеуметтік желідегі жазбалары

Ұстаздардың әлеуметтік желідегі жазбалары / Сурет әлеуметтік желіден скрин-шотталды


"Күнделік.кз" ораза ұстапты, оны тек сәресі уақытында ғана толтырып жүрміз" деген астарлы қалжыңдар пайда болды. Іnformburo.kz тілшісі ұстаздардың шағымы негізінде жүйенің бірнеше күн бойы неге жұмыс істемегенін, қазіргі жұмысының жай-күйін анықтап көрді. Қайда хабарлассақ та, проблеманы бір-біріне допша тепкен ұйымдар.

"Журналды түнде толтыру арқылы осындай жағдайға төзетіндерін білдіріп қойды"

"Күнделік.кз"-тің нашар жұмысы 22 мамыр күні шегіне жеткен. Шағымдарын әлеуметтік желіге жария еткен ұстаздарға алдымен депутат Ирина Смирнова назар аударған.

– Ұстаздар түнімен ұйықтамай, істемей тұрған жүйеде журнал толтыруға міндетті емес. Егер "Күнделік.кз"-ке күндіз кіріп толтыра алмаса, онда түнде отыруға ешкім де оларды міндеттей алмайды. Керек болса, кінәлі тараптарды сотқа берсін. Бұл дегеніміз олар өз құқықтарын өздері таптатып отыр деген сөз.

Ұстаздар жүйені түнімен аңдып, толтыру арқылы осындай жағдайға келісетіндерін білдіріп отыр. Келіспейтінін көрсету үшін жүйені түнде толтыруды доғарсын.

Бұл жағдайда ұстаздар бар болғаны, күндіз "Күнделік.кз" жүйесіне кіре алмайтындарын, ал түнде толтырып отыруға міндетті емес екенін айтып, баяндама жазсын да мектеп басшылығына ұсынсын. Содан кейінгі мәселеге "Күнделік.кз"-тің жұмысына жоғары сатыда тұратын адамдар жауап берсін. Ал, ұстаздарға ешкім де жаза қолданып, қайтсең де толтыр деуге құқылы емес, – дейді депутат.


Әлеуметтік желідегі ұстаздың жазбасы. Аты-жөнін көрсетуге рұқсат алынған жоқ

Әлеуметтік желідегі ұстаздың жазбасы. Аты-жөнін көрсетуге рұқсат алынған жоқ / Сурет әлеуметтік желіден скрин-шотталды


Білім және ғылым вице-министрі Рүстем Биғалиға мәселені Ирина Смирнова жеткізген. Вице-министр депутатқа да, бізге де бір мағынадағы түсініктеме берді.

Бәріне е-үкімет "кінәлі" ме?

Білім және ғылым министрлігінің IT мәселелеріне жауапты вице-министр Рүстем Биғаридің айтуынша, осы күндері е-үкімет порталында ақпараттық қауіпсіздікке қатысты мониторинг жұмыстары жүргізілген.

– Мен кеше депутаттарға айттым, "Күнделік.кз" жүйесі е-үкімет порталына кіріктірілген, бірге тұр. Сол е-үкімет порталында ақпараттық қауіпсіздікке қатысты жұмыстар жүргізілген, сол жұмыстардың салдары "Күнделік.кз" жүйесіне сәл тиіп кеткен. Біз бұл мәселені талқыладық, ол жұмыстар қазір тоқтады, kundelik.kz қазір дұрыс жұмыс істеп тұр, – деп түсіндірді Рүстем Биғари.

Оның айтуынша, е-үкімет порталындағы жұмыстар жоспарлы емес, сондықтан да, "Күнделік.кз"-те кідіріс болатыны туралы ескерту жарияланбаған. Мектеп әкімшілігі ұстаздарға журналдың уақтылы толтырылмауына байланысты ешқандай жаза қолдана алмайды. "Жаза қолданбауы да керек" дейді вице-министр.


IT сұрақтарға жауап беретін Білім және ғылым вице-министрі Рүстем Биғари

IT сұрақтарға жауап беретін Білім және ғылым вице-министрі Рүстем Биғари / Сурет ашық дереккөздерден алынды


Оншақты минуттық кідірістің салдары осындай болуы мүмкін бе?

Е-үкімет порталында қандай жұмыстар жүргізілгенін және ол "Күнделік.кз"-ке неге осыншама әсер еткенін анықтау үшін "Азаматтарға арналған үкімет" корпорациясына хабарластық. Олар техникалық мәселелердің бәріне "Ұлттық ақпараттық технологиялар" АҚ жауапты екенін айтып, сол жаққа сілтеді.

Оқи отырыңыз: "Жалаңаш" суреттер күнделікте қайдан жүр? "Күнделік. КЗ"-тің "қызықтары мен шыжықтары"

"Ұлттық ақпараттық технологиялар" АҚ-ның баспасөз қызметі жүйедегі жұмыста кідіріс болғанын растады. Бірақ, жүйенің жаппай тоқтап қалуы мүмкін емес дейді.

– Ұлттық ақпараттық технологиялар орталығының мамандары Білім және ғылым министрлігі, "Күнделік.кз" жүйесінің өкілдерімен отырып, тексеру жүргізіп, анализ жасады. 17-21 мамыр аралығында жүйе қысқа уақытқа тоқтап қалған, бірақ, небәрі 10 минутқа. Алайда, күні бойы жұмысы тоқтап қалмаған. Ал, 22-23 мамыр күндері бәрі тұрақты жұмыс істеп тұрды, яғни, "Ұлттық ақпараттық технологиялар" тарапынан ешқанда проблема болмады, – дейді компанияның баспасөз қызметі өзінің ресми жауабында.

Сонда "ұстаздардың бірнеше күннен бері жүйеге кіре алмай отырмыз деуі өтірік болғаны ма?" деп сұрадық.

– Жүйенің нашар жұмысы "Күнделік-кз"-тің өзіндегі мәселелерге байланысты болуы мүмкін. Ол туралы толық анализ жасаған соң, Білім министрлігі немесе жүйе өкілдері айта алатын шығар. Ал, біз оларға тек хостинг беріп отырған тараппыз. Біздің тараптан тек қысқа, оншақты минуттық қана үзіліс болғанын, бірақ, оларды анықтай сала, жойғанымызды айта аламыз, – дейді "ҰАТ" АҚ баспасөз қызметінің өкілдері.

"Жүйеге қатты салмақ түскен". "Күнделік"-тің басшылығы не дейді?

"Күнделік.кз" ЖШС басшысы Мұхтар Ілиясовтың айтуынша, е-үкімет порталындағы сол оншақты минуттық кінәрат әсері kundelik.kz-те тәуліктеп байқалған. Оның үстіне электронды журналдың 20-21 мамыр күндері нашар жұмыс істеуі жүйеге түскен салмақпен байланысты болған. Жалпы, компания басшысы "Күнделік.кз"-тегі ондай салмақ әр тоқсанның соңында, әсіресе, оқу жылының соңында үнемі байқалатынын айтады.

Мұхтар Ілиясовтың айтуынша, қазір жүйе толықтай тұрақты жұмыс істеп тұр. Біз оған әлі де электронды журналды толтыра алмай отырған ұстаздар туралы айттық. Мұхтар Ілиясов мұғалімдерге мынандай кеңес берді.

– Пайдаланушылардың жүйеге әлі дұрыс кіре алмауы – олардың браузерлерімен байланысты. Яғни, жүйе істемей тұрған кездегі браузерде сақталған "тарихы" (сache-ке жазылған) оларды әлі де жүйеге дұрыс қоспай тұр. Сондықтан, ұстаздарға айтар кеңесім – браузер тарихын тазартып (сache-ті тазалап), қайта кіруі керек. Сол кезде, жүйе дұрыс жұмыс істейді, – дейді Мұхтар Ілиясов.

Артық салмақты көтере алмайтын жүйе қайтсе дұрысталады?

Компания басшысы тоқсан сайынғы кідіріс туралы айтқанда, "болашақта қанша салмақ түссе де жүйенің кінәратсыз жұмысын қамтамасыз етуге бола ма?" деген сауал қойдық.

– Бұл сұрақты шешу тек үкіметтің қолында. Егер мемлекет елімізде жоғары жылдамдықтағы интернетті қосса, дұрыс және қажетті мөлшердегі серверлерді қосса, онда мұндай проблемалар азаяр еді. Біздің мектептердің біразында әлі күнге дейін осы жүйенің жұмысына қажетті жоғары жылдамдықтағы интернет жоқ. Ал, оның жүйенің жұмысына қатты әсер ететіні айтпаса да түсінікті.

Біз үкіметтен ешқашан ақша алған жоқпыз және ол қаржыландыру жуық арада көзделмеген де. Егер үкімет қаржы бөлсе, жүйенің бұдан жақсырақ жұмыс істеуі, әрине, әбден мүмкін. Жоба мемлекеттік серверлерде, мемлекет интернетпен қамтамасыз етіп отыр. Егер қаржыландыру алдағы айларда демей-ақ қояйын, алдағы бірнеше жылда көзделсе, жүйенің жұмысына жақсы әсер етеді деп ойлаймын, – дейді Мұхтар Ілиясов.

Асығыс есеп те жүйені аяқтан шалған

"Күнделік.кз"-тің басшысы жүйедегі нашар жұмыстың бір себебі – мектеп әкімшілігі мен мұғалімдердің өзіне де байланысты дейді. Соңғы қоңырау соғылмай жатып, қорытынды баға шығаруға асыққан ұстаздар жүйені "сындырып" жіберген.


"Күнделік.кз" ЖШС-ның директоры Мұхтар Ілиясов

"Күнделік.кз" ЖШС-ның директоры Мұхтар Ілиясов / Сурет informburo.kz


– Журнал бұл күндері мүлде қолжетімсіз болды деп айтуға келмейді. Қолжетімді болып тұрды, бірақ, есептерге байланысты нашар жұмыс істеді. Бұл жерде мектептердің асығыстығы да жүйенің нашар жұмысына себеп болды деуге болады. Себебі, оқу жылы әлі аяқталған жоқ. Елімізде соңғы қоңырау 25 мамыр күні соғылады. Ал, мектептер оқу жылы аяқталғаннан кейін жасалу керек есептерді ерте жасай бастаған.

Мәселен, баға әлі қойылмаған журналды басып шығаруға болмайды. Ал, көп мектептер, мұғалімдер, әлде асықты ма екен, әлде білмеді ма, әлі толтырылмаған журналдарды басып шығара бастаған. Сондықтан, жүйе "қателік" көрсетіп тұрды. Егер бір тоқсанның бағасы қойлымаған болса, жылдың қорытынды бағасы да шықпайды. Ал, қорытынды баға түгел қойылғаннан кейін ғана журнал шығады. Ол әрекет тек 25 мамырдан кейін жасалуы керек, – дейді Ілиясов.

Kundelik.kz басшысы журнал қазір ешқандай кідіріссіз, дұрыс жұмыс істеп тұр деп сендірді. Ең абзалы, жүйенің бірнеше күн жұмыс істемеуіне байланысты оқушылар мен мектептердің мәліметтері жойылып кеткен жағдайлар тіркелмеген. Мұхтар Ілиясов 100 пайыз сеніммен солай екенін растай аламыз дейді.

Оқи отырыңыз: Мектепте биыл да өзгеріс. Жаңа оқу жылының басты жаңалықтары

Қанша айтсақ та, жеті мыңға жуық мектептегі үш миллионның айналасындағы оқушыларымыздың жеке мәліметтері құпия ақпарат екені рас. Оның үстіне, Күнделік.кз ресейлік "Дневник.ру" компаниясының бір бөлігі екенін жазғанбыз. Ал, Мұхтар Ілиясов айтып отырған "асығыстық" – жеке зерттеуді талап ететін бөлек әңгіме.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары