Көпшілік үшін жұмыстың жеңілі көрінгенімен, кеңседе бір орында тапжылмай отырып жұмыс істеудің де денсаулыққа зияны аз емес.
Оның ең жиі кездесетін зиянды әсерлері:
- омыртқа қисаяды;
- мойынның қан тамырлары білеуленеді;
- орталық жүйке жүйесінің түрлі ауруына әкеледі.
Сондықтан, кеңседе жұмыс істейтін жандарға бос уақытта жаттығу залына не бассейнге барып, тұрақты түрде массаж алған пайдалы.
"Бір орында отырып жұмыс істеудің салдарын болдырмау үшін дене шынықтыру жаттығуларын жасау керек, бірақ, тым ауыр спорт түрлерімен айналысып, ағзаны шаршатуға болмайды. Дұрысы – кеңседе күнделікті жеңіл гимнастика жасап тұру. Мұндай көптеген жаттығу түрі бар", – дейді ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының қоғамдық денсаулықты нығайту орталығының басшысы Жазира Ембердиева.
Маман кеңсе қызметкерлері үшін денсаулығын нығайтуға арналған келесі бес кеңесті ұсынады:
- Бір сағат сайын буындарды жазып, денедегі қан айналымын жақсарту үшін жұмыс орнынан тұрыңыз. Керіліп-созылуға негізделген жеңіл жаттығулар жасап, ағзадағы сұйықтықты толтыру үшін су ішіңіз. Мәселен, кулерден су алу үшін барған кезде осы екеуін біріктіруге болады.
- Егер жұмыс көп болып, жаттығу үшін арнайы уақыт бөлу мүмкін болмаса, жұмыс үстелінде отырып-ақ жаттығу жасауға болады. Ол үшін басты еңкейтіп, иықты айналдырып, аяқты сәл көтеріп, бірнеше рет айналдырыңыз.
- Жұмыс үстелінде ыңғайсыз күйде ұзақ уақыт отырғаннан кешке қарай арқа ауырады. Оны болдырмас үшін жұмыста үзіліс кезінде қабырғаға арқаңызбен кеміне екі минут сүйеніп тұрыңыз.
- Белдің ауыруын жеңілдету үшін орындықты үстелден алысырақжылжытып қойыңыз да, отырған бойы аяқты созып, соған қарай тартылыңыз. Осы жаттығу кезінде бүкіл денені, әсіресе, мойынды бос ұстауға тырысу қажет.
- Кеңседе ғана емес, басқа уақытта да көбірек қозғалыс жасауға тырысыңыз. Лифт орнына баспалдақпен көтеріліп-түсіңіз, көбірек жүру үшін көлікті кеңседен алысырақ қойыңыз немесе автобустан аялдамаға жетпей, бұрынырақ түсіп қалыңыз.