KEGOC АҚ Қазақстан мен Орталық Азия елдеріндегі ауқымды электр энергиясының сөну хронологиясын ұсынды.
Сағат 14:37-де Қырғызстандағы Тоқтоғұл ГЭС-інде екі гидрогенератор ажырап кетті. Бұл Қазақстан Біртұтас электр энергетикалық жүйесінің Солтүстік – Шығыс – Оңтүстік транзитіне шамадан тыс жүктеме түсіріп, Оңтүстік аймақтың Қазақстан БЭЖ-ден және Орталық Азияның (Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан) біріккен энергожүйесінен бөлініп кетуіне әкеп соқты.
Салдары – Алматы, Жамбыл, Түркістан, Қызылорда және Жетісу облыстарында, сондай-ақ Солтүстік аймақтағы Қарағанды, Ұлытау және Абай облыстарында тұтынушылар жарықсыз қалды.
Электрмен қамтуды қалпына келтіру барысы:
- 14:47 – Қарағанды, Ұлытау және Абай облыстарында электр беру толық қалпына келтірілді.
- 16:26 – Алматы және Жетісу облыстары қайта қосылды.
- 16:34 – Жамбыл, Түркістан және Қызылорда облыстарына электр қуаты толық берілді.
"Технологиялық бұзушылықтың себептерін арнайы комиссия зерттейді", – делінген KEGOC мәлімдемесінде.
Жаппай электр қуатының сөнуі Қазақстаннан бөлек Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстанда да тіркелді.