Тікелей эфир

Ипотекасын төлеу үшін қазақтар Кореяға кетіп жатыр

Фото Бекболат Қуандықовтың жеке мұрағатынан
Фото Бекболат Қуандықовтың жеке мұрағатынан
Оңтүстік Кореяда жұмыс жасайтын қазақ жігіті он есе көп табыс тауып жатқанын айтады. Ол үшін ипотеканы төлеудің ең тиімді жолы осы болған.

"Баспаналы болу арманым еді"

Ресми статистикалық мәліметке орай, Қазақстан халқының 2/3 бөлігі, яғни 12 372 754 адам кәмелет жасынан асқан. Олардың қаншасының баспанаға мұқтаж екендігі туралы нақты ақпарат жоқ. Бірақ ипотекалық бағдарламаларға келіп түскен өтініштердің есебі (соңғы статистикалық мәліметке орай, 2,5 миллион азамат баспанасыз) бойынша, әрбір бесінші азамат немесе әрбір үшінші отбасы пәтер жалдап тұрады.

Бізге сұқбат беруші азамат – Талғат (толық есімі өз өтініші бойынша өзгертілді). Түркістан облысының тумасы. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы "Нұрлы Жер" бағдарламасы бойынша Алматы қаласынан ипотекаға пәтер сатып алған. Бастапқыда несие төлемдерін төлеу қиынға соқпапты. Себебі Талғаттың тұрақты жұмысы болған.

– Баспаналы болу арманым еді. Пәтерді бірден сатып алу мүмкін болмағандықтан, ипотекаға жүгіндім. Мемлекеттік секторда жұмыс жасаймын. Алатын жалақым ипотека төлемінен артылмай жатқандықтан, қосымша табыс көздерін іздей бастадым. Бәрібір жетпеді, – дейді Талғат.

Елден жырақта жұмыс істеуге мәжбүр

Талғат ипотека алғаннан кейінгі бір жылының тек ақша үнемдеумен өткенін айтады. Тапқан табысын барынша там-тұмдап ең қажет заттарға ғана жұмсағанның өзінде, бірнеше рет қосымша қарыз алуына тура келген. Ал екінші жылы оның қарызы тым көбейіп, отбасын қамтамасыз ете алмай қалған.

– Соңғы жылдары әлеуметтік желілер мен әртүрлі ақпарат көздерінде шетел асып кетіп жатқан қазақтар туралы жиі жариялана бастады. Олардың табыс іздеп кеткенін байқадым. Содан кейін, мен де АҚШ, БАӘ немесе Оңтүстік Кореяға кетуді жоспарладым, – дейді Талғат.

Ол достарының Оңтүстік Кореяға жұмысқа кетіп, Қазақстандағы кредиті мен ипотекаларын жауып жатқанын естіген соң, қарыздары мен пәтерінің ақысынан құтылудың жалғыз жолы – осы деп шешкен.

Талғат екі жыл бұрын отбасын Алматыда қалдырып, бағын сынайын деп Оңтүстік Кореяға кетеді. Басында ол Оңтүстік Кореяның Пусан қаласында микротолқынды пеш құрастыратын зауытта жұмыс істеген. Сосын планшет құрастыру өндірісіне ауысыпты. Қазір ол Оңтүстік Кореяның Ансан қаласына тұрақтапты. Көлік жабдықтарын дайындаумен айналысатын зауытта жасайды.

– Жұмыс уақытынан кейін зауытта тағы бірнеше сағатқа қалып істеуге болады. Мұндай қосымша сағаттарға стандартты уақыттан көбірек төленеді. Әдетте, маған ұсынса, мен бірден келісемін. Себебі бірнеше мың вон қалтамды теспейді, – дейді Талғат.

Талғат отбасын сағынса да, тағы бір жылдай сонда жұмыс істеп, елге қайтпақшы. Ипотеканың ақысын төлеп бітуге аз қалған. Бұдан кейін тәуекелге бас тігіп, мұндай қаржы жауапкершілігіне бармайтынын айтып отыр. Себебі дағдарыс кезінде табыс пен ақшаның құнының азаймауына ешкім кепілдік бере алмайды.

Ол Қазақстанға қайтқаннан кейін балаларының оқуына аса мән беріп, олардың кәрістер сынды еңбекқор болып өсуіне көңіл бөлмекші.

Неге Оңтүстік Корея?

2015 жылдың тамыз айында ұлттық валюта құнын 1,5 есе жоғалтты. Нақтырақ айтсақ, сол жылдың 19 тамызында теңге валюта нарығына еркін айналымға жіберіліп, 1 АҚШ долларының құны 188 теңгеден 255 теңгеге дейін көтерілді.

Содан бері ұлттық валютаның АҚШ долларына шаққан бағамы құбылмалы. Еліміздегі осындай экономикалық тұрақсыздықтың кесірінен отандастырымыз дамыған елдерге барып, заңсыз жұмыс істеуге мәжбүр. Олардың басым бөлігі Оңтүстік Кореяны таңдайды. Себебін informburo.kz тілшісі анықтап көрді.

Түркістан облысының тумасы Бекболат Қуандықовтың Оңтүстік Кореяға кеткеніне бір жылдан асқан. Informburo.kz тілшісіне берген сұқбатында ол да өзге қандастары сынды Кореяға табыс табу мақсатында кеткенін айтады. Жер көріп, ел тану жоспары да болған.

Бекболат Алматы Технология университетін бітірген. Магистратураны Мәскеудегі халықтар достығы университетінде жалғастырады. Ал елге оралғаннан кейін Оңтүстік Кореяға кетеді. Оған сол жаққа бейімделіп үлгерген достары көмектеседі.


Бекболат бос уақытың көп бөлігін жаттығу залында өткізеді

Бос уақыттың көп бөлігі жаттығу залында өтеді / Фото Бекболаттың жеке мұрағатынан


– Кореяда жүрген қазақстандықтардың басым бөлігі елдегі қарыздарын жабу мақсатында келген. Бірақ менде ондай мүдде болған жоқ. Десе де, біраз ақша жинап, елге оралуды жоспарлап отырмын, – дейді ол.

Бекболат Оңтүстік Кореяның дамыған елдер қатарына тек еңбекпен жеткенін өткен ғасырдағы тарихын оқып білген. Сол себепті де кәрістердің еңбекке деген талабын үйренуді өзіне басты мақсат етіп алыпты.

"Оңтүстік Кореяда жұмысшы тапшы"

Оңтүстік Корея үкіметінің ресми мәліметіне орай, 2017 жылы Оңтүстік Кореяға Азия және Африканың дамушы елдерінен 213 мыңға жуық жұмысшы келген. Олардың 1/9 бөлігі әртүрлі себептермен Кореяда қалу уақытын создыртса, қалғандары заңсыз жұмыс істеп жүр.

– Оңтүстік Кореяда жұмыс мигранттарының саны артып жатса да, жұмысшыларға сұраныс қашан да бар. Кореяда АҚШ-тағыдай тұрақты түрде қалуды заңдастыру мүмкін емес. Сіз, тіпті, Оңтүстік Корея азаматына үйленсеңіз де, азаматтық ала алмайсыз. Тек уақытша қалуға мүмкіндік беретін F1 визасын аласыз. Оны да жаңарту үшін 6 ай сайын өзге елге шығып тұру керек. Сондықтан мұнда келген мигранттар 1-2 жылда елдеріне өз еріктерімен қайтады. Себебі кәріс зауыттарында күнделікті 10-15 cағат жұмыс істеу тәртібіне екінің бірі көндіге алмайды. Сосын өз еркіңізбен елге қайтқыңыз келеді, – дейді Бекболат.

Осылайша, кәріс үкіметі иммиграциялық ережелерді қатаң сақтай отырып, заңсыз жұмыс істейтін мигранттарға қысым жасамай-ақ жыл сайын 100-150 мың адамды үйіне қайтарады. Ал олардың орны жаңадан келген мигранттармен толығып отырады. Бұл елдің ішкі экономикасының дамуына да айтарлықтай көмек береді.


Бекболаттың бұрынғы жұмыс істеген жері

Бекболаттың бұрынғы жұмыс істеген жері / Фото Бекболаттың жеке мұрағатынан


Бекболаттың өзі де биыл жыл соңына қарай елге қайтуды жоспарлап отыр.

Қазақтар Кореяда қандай жұмыс істейді?

Бекболаттың айтуынша, Оңтүстік Кореяда мигранттарға жұмыс ұсынатын арнайы компаниялар бар. Одан бөлек, Қазақстандағы кейбір туристік агенттіктер Кореяға жұмыспен баруға сұраныстың артқанын көріп, өздерінің ақылы қызметін ұсынуды бастап жіберген.

Олар Кореяның Иммиграция департаменті қызметкерінен өтудің жолдарын, оның сұрақтарына дұрыс жауап беруді үйретеді. Мұның анық-қанығын білу мақсатында жұмыспен Кореяға баруды жоспарлаған қарапайым азамат ретінде бірнеше компанияға қоңырау шалып көрдік.

Informburo.kz тілшісі хабарласқан 5 агенттіктің де ұсыныстары бір-біріне ұқсас. Олар Кореяның шекарасынан өту кезіндегі сұрақтарға жауап беруге дайындайтынын басты назарға алды. Сосын декларацияны дұрыс толтыру, әуе билеті мен қонақ үйді брондау қызметтерімен бірге Оңтүстік Кореядағы өкілдері орналасуға және жұмыс табуға көмектесетінін жеткізді. Ал агенттік қызметтерінің құны 250 мыңнан 500 мың теңгеге дейін жетеді екен.

Заңсыз жұмыс істеп жүрген мигранттарды жиі депортациялай ма?

Бекболат өзі танитын достарынан Қазақстаннан Кореяға жұмыспен барған азаматтардың жартысына жуығының әуежайдан бірден елге қайтарылғаны туралы естіген екен. Бірақ ол туралы нақты статистикалық мәлімет жоқ. Олардың басым бөлігі иммиграция офицерінің сұрақтарына дұрыс жауап бере алмағаны үшін кері қайтады-мыс.

Одан бөлек, елден шығарылған қазақтар да бар. Бірақ олардың саны айтарлықтай көп емес. Бекболаттың айтуынша, ол мұндағы таныстарының ішінен бір жыл ішінде небәрі екі қазақтың депортацияланғанын естіген.


Бекболат бірге футбол ойнайтын достарымен бірге

Бекболат бірге футбол ойнайтын достарымен бірге / Фото Бекболаттың жеке мұрағатынан


– Оңтүстік Кореяда өз жұмысыңызды істеп, ешкімге зияныңыз тимесе, сізге ешкім де тиіспейді. Мұнда қылмыс деңгейі өте төмен. Барлық жерде бейнекамера бар. Ұрлық жасаған немесе төбелес шығарған адамды құқық қорғау қызметкерлері лезде тауып алады. Сондықтан кәрістер қымбат заттарын үйінің сыртында қалдырып кете береді. Себебі оны ешкімнің алып кетпейтініне сенеді. Маған кәрістердің осы қоғамдық тәртібі ұнады, – дейді Бекболат.

Кореяда агентіңіз болмаса, жұмыс табу мүмкін емес

Informburo.kz басылымы хабарласқан туристік компаниялардың үшеуі нақты ұсынылатын жұмыстың тек Оңтүстік Кореяға жеткен кезде белгілі болатынын айтты. Оңтүстік Кореяда сізді олардың ресми өкілі күтіп алып, жайғастырады екен.

Бекболат Оңтүстік Кореяның оңтүстігіндегі Кванджу қаласында тұрады. Ол құрылыс компаниясына қажет жабдықтарды дайындайтын өндірістік орталықта жұмыс істейді. Кореяға келгелі жұмысын бірнеше рет ауыстырып үлгеріпті. Оның қазіргі табысы зауыттардағы жалақыдан әлдеқайда жоғары екен.

– Мұнда жұмыс табу қиын емес. Мигранттарға жұмыс беретін компаниялар бар. Біз солардың көмегімен өзімізге тұрақты немесе бір күндік жұмыс таба аламыз. Компания агенті арқылы тұрақты жұмысқа орналассаңыз, онда ол жалақыңыздың 3 пайызын алып отырады. Ал күндік жұмыс тауып берсе, табысыңыздың 10 пайызы соның қалтасына кетеді, – дейді ол.


Кореядағы зауыттарда жұмысшыларды күніне екі рет тамақтандырады

Кореядағы зауыттарда жұмысшыларды күніне екі рет тамақтандырады / Фото Бекболаттың жеке мұрағатынан


Оңтүстік Кореяда жалақы сағатына төленеді. Ең төменгі төлемақы сағатына 7530 вон – 2470 теңге. Мигранттар айына 500 мыңнан 1,2 миллион теңгеге дейін жалақы алады.

Кәріс тілін білу маңызды ма?

Кез келген елде сол жердің тілін білу алдымен өзіңізге жақсы болады. Бірақ Кореяға кетіп жатқан қазақтардың басым бөлігі тілді алдын ала үйренбейді. Тіпті, ол жаққа барғаннан кейін де үйренуге тырыспайды. Өйткені оған мүлде уақыт таппайды екен.

Бекболаттың айтуынша, Оңтүстік Кореяда жұмыс мигранттары көбіне зауыттарда жұмыс істейді. Себебі ол жақта жұмысшының тіл білуі де міндеттелмейді.

– Мигранттар жұмыс іздегенде немесе пәтер жалдағанда қолданатын кәріс тіліндегі 15-20 шақты сөз бар. Олар шетелден келген мигранттардың сленгіне айналып кеткен. Ал қалғанын қолмен көрсетіп, түсіндіруге үйренесіз, – дейді ол.

Қазақтар көбіне Кореяның қай қалаларында шоғырланған?

Бекболаттың айтуынша, мұндағы қазақтар бір-біріне көмектесуге тырысады. Бірақ ешкіммен мүлде араласпайтын отандастарымыздың барын жасырмайды.

– Мұндағы қазақтарды белгілі бір деңгейде ұйымшыл деп айтуға болады. Бірақ күнделікті жұмысының ауырлығынан демалыссыз жұмыс істейтін таныстарымызды сирек көреміз. Оларды да түсінуге болады. Себебі үйіне ай сайын белгілі сомада қаржы жіберіп отырмаса, ипотекасын немесе қарызын жаба алмай қалады, – дейді Бекболат.

Оның айтуынша, қазақтар Оңтүстік Кореяның Ансан, Асан, Пусан, Кванджу, Чонджу, Тегу, Инчен, Сеул, Теджон, Вондо, Нажу, Нонсан, Мокпо қалаларында көбірек шоғырланған.


Бекболат достарымен осы үйде пәтер жалдайды

Бекболат достарымен осы үйде пәтер жалдайды / Фото Бекболат Қуандықов


Ол қазақ достарымен бірге пәтер жалдайды. Сосын кез келген маңызды шешімдерін бірге талдап, жоспарларын да бірге құруға тырысады екен.

– Өзіңе ұнайтын ортада өмір сүру де адамды жігерлендіріп отырады. Мысалы, менің қасымдағы достарым ішпейді не шекпейді. Бос уақытын кітап оқуға немесе спортпен айналысуға жұмсайды. Ортаның әрқайсымызға берері мол, – дейді ол.

Қазақтардың Оңтүстік Кореядағы күндері қалай өтеді?

Серік – (өз өтініші бойынша есімі өзгертілді) үй сатып алуға қаржы жинау мақсатында Оңтүстік Кореяға кеткен қазақтардың бірі. Ол Алматы қаласынан алыс емес Шамалған ауылында тұрады. Інісі үйленгеннен кейін үлкені болған соң еншісін алып шығуға тұра келген. Ал жаңа үй алуға қаражаты жетпеген. Осы мәселені шешу үшін қаржы табу оның басты мақсаты болыпты.

– Үш баламызды ата-әжесіне қалдырып, әйеліммен бірге Оңтүстік Кореяға ұштым. Егер біреуімізді шекарадан өткізбей қойса, екеуіміз де бірден елге қайтамыз дегенбіз. Бірақ, бағымыз жанып, өтіп кеттік, – дейді Серік.

Оның айтуынша, әйелімен бірге Кванджу қаласындағы бір зауытта жұмыс істейді. Әйелі мұздатқыштардың артындағы техникалық жабдықтарды жинаумен айналысса, өзі KIA көлігінің есіктерінің ішкі жағын бояумен айналысады екен.


Серіктің әйелі жұмыс істейтін цех

Серіктің әйелі жұмыс істейтін цех / Фото Серіктің жеке мұрағатынан


– Мұнда Samsung, Hyunday, LG сынды алып корпорациялар мен олардың шығаратын өнімдеріне қажет жартылай дайын техникалық құрылғыларды құрастыратын кішкентай өндіріс орындары бар. Біз сол кішкентай зауыттарда жұмыс істейміз. Әр күніміз бір-біріне өте ұқсайды. Таңертең сағат 6:00-де тұрып, жұмысқа дайындаламыз. Бір сағатта жұмысқа алып баратын автобус келеді де, біз сияқты жұмысшыларды белгіленген маршрутпен жинап әкетеді. Жұмыс таңғы 8:00-ден 18:00-ге дейін жалғасады. Кейде қосымша бірнеше сағатқа қалып қоямыз. Сосын үйге келіп, демалуға ғана уақытың қалады. Кейде ұйқымыз қанбай қалады. Мұнда жұмыстан соң басқа іспен айналысуға уақыт болмайды, – дейді Серік.

Серік әйелімен бір жерде жұмыс тапқанына қуанғанын айтады. Себебі оның досының өзі бір қалада, ал әйелі екінші қалада жұмыс істейді екен.

Оңтүстік Кореяда жұмыс істей бастағаннан бері бар тапқанын Серік үйіне жіберіп отыр. Оның әкесі Шамалған ауылынан сатып алған үйінің ақшасын бөліп төлеуге келіскен. Қазір құнын өтеп бітуге аз қалыпты.

– Мұнда қыс айларында жұмыс табу қиынға соғады. Кейде мүлде жұмыссыз қалып та қоямыз. Сол үшін әйелім желтоқсанда Алматыға қайтады. Ал мен көктемге дейін кідіріп, біраз жұмыс істеймін. Үй ақысын да сол уақытқа қарай өтеп бітеміз. Сосын елге қайтамын, – дейді Серік.

Кәрістерден не үйренуге болады?

Informburo.kz тілшісіне сұқбат берген үш кейіпкер де Оңтүстік Кореяда тынбай еңбектенуге үйренгендерін айтады. Олар Қазақстанда жүргенде өте еріншек болған екенбіз деп мойындайды. Кәрістер сынды еңбекқор болуды бойға сіңіріп, осындай өмірлік тәжірибеге алғандарына еш өкінбейтіндерін айтты.

– Мен үшін ел көру, жер тану да маңызды болды. Достарыммен бос уақытымызда Кванджу қаласында футболдан жарыстарға қатысып тұрамыз. Одан бөлек, көрші қалалардағы туристік орындарды аралаймыз. Бос уақытымда жаттығу залына барып тұрамын. Тілді де айтарлықтай үйреніп қалдым, – дейді Бекболат.


Бекболат достарымен бос уақытында осы стадионда футбол ойнайды

Бекболат достарымен бос уақытында осы стадионда футбол ойнайды / Фото Бекболат Қуандықов


Ол елге қайтқан кезде нақты немен айналысатынын әзірге білмейді. Бірақ қандай жұмыс болса да, қорықпай беле шеше кірісетініне кәміл сенеді.

Поделиться:

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары