Жақында сайтымызда қазақстандық азаматтықтың 150 000 долларға сатылатындығы туралы қате ақпарат жариялағанбыз. Журналистер бұл ақпаратты тіптен басқаша етіп жеткізді, әңгіме азаматтық туралы емес, шетелдіктердің инвестициясында болып тұр. Елге келгендерге бірден азаматтық бермей, экономикасына қаржы құю арқылы ел аумағында заңды тұруға мүмкіндік беретін тәжірибе көптеген батыс елдерінде бар.
Бұл инвестициялар Қазақстандағы шетелдіктерге не береді? Оларға қандай жеңілдіктер көрсетіледі? Ел заңнамасына шетелдіктер үшін қандай өзгерістер енгізу көзделіп отыр?
Инвестор дегеніміз кім? Қазақстанда оның қандай құқықтары мен жеңілдіктері бар?
Инвестор – ҚР-да инвестицияларды жүзеге асыратын жеке және заңды тұлға.
1994 жылғы 27 желтоқсандағы "Шетелдік инвестициялары туралы" күшін жоғалтқан заңда ұлттық инвестор деген ұғым бар еді. Оған ҚР тұрақты тұратын инвестиция салушы жеке және (немесе) заңды тұлға деген анықтама берілген.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес инвесторларға салықтық жеңілдіктер (есептелген корпоративті табыс салығының сомасын 100%-ға азайту 10 жылға; жер салығының көрсеткішіне 0 коэффициентін қолдану 8 жылға; салық базасында мүлік салығын 0 пайызбен есептеу – 8 жыл) ұсынылған.
"Бұл ретте инвестиция сомасы айлық есептік көрсеткіш көлемінің екі миллион есесінен кем болмауы тиіс (республикалық бюджет туралы заңмен тағайындалған өтінім беру мерзімінде). Инвестициялық жеңілдіктер ҚР Үкіметінің 2016 жылғы 14 қаңтар күнгі № 13 қаулысымен бекітілген қызметтердің басым бағыттарына ұсынылады", - делінген редакциямызға берген жауабында ҚР ИДМ.
Қазақстанда нені өзгерткілері келеді?
"Астана" Халықаралық қаржы орталығы туралы" ҚР Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы ашық талқылауға шығарылған Азаматтарға арналған үкімет парақшасында ұсынылған өзгерістермен толығырақ танысуға болады.
Осы бағдарламаға сәйкес инвестиция арқылы шетелдіктерге ҚР-да тұруға ықтиярхат алуға және салықтық жеңілдіктер беруді ұсынып жатыр.
"Жаңа резиденттер елде тапқан кірістеріне ғана салық төлейді. "Астана" халықаралық қаржы орталығындағы (АХҚО) салық көрсеткіші – 0%.
Инвестициялық резиденттік бағдарламасының енгізілуімен қосымша салықтық жеңілдіктер, оның ішінде жекелеген инвестор болса, Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жердегі табыстардан жеке және ұжымдық салықты төлеуден босату ұсынылған",- дейді Ресей және ТМД елдеріндегі Henley & Partners компаниясының маркетинг бойынша директоры Ирина Симонян.
Инвестициялық резиденттік деген ұғым бұған дейін Қазақстанда болмаған. Барлық заңнамаға өзгеріс енгізбес үшін заң жобасын жасақтаушылар инвестициялық резиденттікті АХҚО құқықтық аясында іске қосуды ұсынды, яғни инвесторға Қазақстанда тұруға рұқсат АХҚО әкімшілігінің өтініші негізінде беріледі. Тұжырымдамада Қазақстанда тұруға ықтиярхатты инвестор мен оның отбасы мүшелері де ала алатыны көрсетілген.
Инвесторға Қазақстанда тұруға ықтияр хатты алу үшін кемінде 150 000 АҚШ доллары көлемінжде инвестиция құю керек:
- АХҚО нормативтік құқықтық актілеріне сай тіркелген АХҚО реттеуші органдарының тиісті лицензиясы бар бір немесе бірнеше басқарушы компанияға қарасты бірнеше инвестициялық қорға қаржы салу;
- АХҚО биржасы айналымындағы құнды қағаздарға;
- АХҚО бекітілген аумағында жылжымайтын мүлік сатып алу;
- Жоғарыда көрсетліген кез-келген мақсатқа қаржы құю.
Заң жобасын жасақтаушылар бұл бағдарлама елге инвестиция тартуға сеп болады деп есептейді. Henley & Partners компаниясы кеңесшілерінің сөзінше Қазақстан Орталық Азия мен Ресей,Түркия және Қытай елдерінің инвесторларына тартымды болуы мүмкін.
"Болжамды ивестиция көлемі айтарлықтай үлкен емес, бұл бағдарламаны бәсекеге қабілетті етеді. Арнайы салықтық режим бағдарламаның басты артықшылығы болуы мүмкін. Әлемде бірнеше инвестициялық бағдарлама жұмыс істейді және олардың инвестициялық бағдарламаларының бір-бірінен айтарлықтай айрмашылығы бар. Мысалы, Ұлыбританияда инвесторлық виза алу үшін 2 млн фунт, АҚШ-да 500 мың АҚШ доллары, Португалияда 250 000 еуродан басталатын инвестиция құю керек. Бағдарламаның құнын анықтау – қиын процесс. Бұл жұмыста елдің мүддесі, инвестициялық иммиграцияның қазіргі жағдайы да ескеріледі", – дейді Ирина Симонян.
Экономист Сергей Домниннің айтуынша, заң жобасында Қазақстан азаматтығын алу туралы сөз жоқ, онда тек резиденттік мәртебе алу туралы көрсетілген. Алайда, кейбір елдердің азаматтарына резиденттік алу қазірдің өзінде айтарлықтай қиын емес, мысалы – Ресей азаматтарына.
Қазақстан инвесторларға өзін инвестиция құюға қолайлы ел ретінде көрсетеді және елге қаржы тартуда барлық құралдарды қолдануға тырысады. АХҚО бастапқы идеясы да осы еді. Инвестициялық резиденттік – дамушы елдердің қаржы тартуда көп қолданатын әдістерінің бірі. АХҚО бағыттарының бірі жеке адамдардың дүние-мүліктерін басқару болып есептеледі. Қазақстандық резиденттік – АХҚО клиенттеріне ұсынылатын өнімдердің бірі болуы мүмкін. Орталықтағы жоғарыда аталған private banking сегменті ең алдымен жақын шетел азаматырына ұсынылады. Оның ішінде қандай да бір себептермен еуропа және Азия нарығына кіруге тыйым салынған клиенттер де болуы мүмкін. Мұндай орталықтарда алғашқы жылдары клиент көп болуы екіталай. Алайда АХҚО өзін инвестициялық хаб ретінде мойындата алса, клиенттер ағылуы мүмкін, – дейді Тұңғыш Президент қоры жанындағы Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы Сергей Домнин.
Zertteu институының қызмткері Шолпан Айтенова инвестициялық резидентік бағдарламасын қолдайды. Алайда өзгерістер заңнамамен шектелмеуі керек дегенді алға тартады.
Мұндай тәжірибе Еуропа мен Балтық елдерінде бар. Инвестициялық резиденттікті тарту үшін құқықтық алаң болуы керек. Дегенмен, инвесторлар тарапынан сұраныс бола қоя ма, Қазақстанның сондай мүмкіндігі бар ма?! Қазір инвестициялық климаты жақсы, бизнес жүргізуге қолайлы елдер тартымдырақ. Екінші жағынан Doing Business ( "Doing Business 2018" рейтингінде Казақстан 36-орын, "Doing Business 2017" рейтингінде 35 орын алды – Авт.) жағдай дұрысталды дегенмен өзге институционалдық жағдайлар болуы керек. Олар экономикалық, саяси және бизнес жүргізуге қолайлы жағдайлар.
Инвестиция үшін ең тартымды елдер
2018 жылдың 23 қазан күні Henley & Partners компаниясы инвестиция арқылы тұруға ықтиярхат алу бағдарламасының рейтингін төртінші рет жариялады.
Зерттеуде 2018 жылы 21 елді қарастырылған. Ең жоғары өмір сапасы мен елдің беделі бойынша Австрия бірінші орыннан көрінді. Екінші орынға Португалия жайғасты. "Алтын виза" алудың бағасы мұнда 500 000 еуродан жоғары, 250 000 еуродан астам қаражат төлейтін бағдарламалар да бар.
Бағдарлама талаптарына сәйкес инвестор 5 жылда елде міндетті түрде кемінде 35 күн тұруы тиіс. Henley & Partners мәліметінше, бағдарлама жарыққа шыққаннан бері 2014 жылдан бері 6 мыңнан астам инвестор "алтын виза" алған. Тұруға рұқсатнама көбіне Қытай, Бразилия және Ресей азаматтарына берілген. Үшінші орында – Италия. Оның бағдарламасына сәйкес, елге 500 мың еуродан астам қаражат құю арқылы тұруға ықтиярхат алуға болады. Ұлыбритания бұл тізімде Tier визасы арқылы бір жылдың ішінде 5 орынға көтерілді.
США EB-5 инвестициялық бағдарламасын пайдалану үшін 500 мың доллардан астам қаражат керек. Бұл ретте инвестордың өтінімін қарастыру уақыты бірнеше жыл. Грецияда ықтиярхат жылжымайтын мүлік иелерінің бәріне беріледі, алайда мүлік 250 000 еуродан көп қаражат тұруы керек.
"2017 жылы гректердің елінде тұру ықтиярхатына сұраныс 2016 жылмен салыстырғанда 40% -ға артты. Бір жылдың ішінде елде тұруға рұқсат көбіне Қытай, Ресей және Түркия елдерінің азаматтарына берілді. Испания жылжымайтын мүлікке 500 000 еуродан астам қаражат құйғандарға елде тұрмай-ақ ықтиярхат алуға мүмкіндік беріп отыр. 2013-2016 жылдары 2 236 шетелдік инвестор Испанияда тұруға ықтиярхат алды, оның 685-і Ресей азаматтары", – дейді И.Симонян.
Бағдарламаны бағалауға 10 көрсеткіш пайдаланылды: елдің беделі, өмір сүру сапасы, салық салу, басқа елдерге визасыз кіріп-шығу мүмкіндігі, өтінімді қарастыру мерзімі, мәліметтердің өңдеу сапасы, инвестиция кешені, оған қойылатын талаптар, жалпы шығындар, азаматтық алу мерзімі мен шарттары.
Рейтинг жұмысына Thomson Reuters, Knight Frank, The Economist Intelligence Unit, Baker & McKenzie, Fragomen LLP секілді тәуелсіз сарапшылар атсалысты. Сондай-ақ инвесторлар мен әр түрлі елдердің мемлекеттік қайраткерлерінен сауалнамаларға жауаптар алынды. Әр көрсеткіш бойынша сарапшылар 0 ден 10-ға дейін балл қойып, кейін қорытындысы шығарылды.
Қазақстан инвесторларды жеңілдіктері мен артықшылықтарымен қызықтыра ала ма, жоқ па, әлі белгісіз. Мәселе заң жобасында емес. Елде тұруға ықтиярхат алу бағдарламасының рейтингіне қатысу үшін шетелдіктерге салықтық жеңілдіктер ғана ұсынып қоймай, өз азаматтарының өмір сапасының деңгейін жақсарту керек.
"АХҚО міндеті – инвестициялық резиденттіктің және private banking мәселелерін ғана шешу емес. Орталық Азия елдерінің әл-ауқаты өсіп келеді, сенімді басқару компанияларын іздейтін ірі капиталы бар адамдар шығып жатыр. Тағы бір жағынан алып қарағанда, биржада жағдай жақсарған сайын, орталықтың құқықтық режимі соншалықты сенімді ақтайды. Инвесторлар капиталдарымен Лондонға ағылуының себебін онда британия құқы қолданылатындығымен, заманауи сауда алаңы бар екенімен байланыстырмау керек. Біріншіден Лондонның түсінікті ортасы қалыптасқан, екіншіден онда нарыққа қызықты активтерін шығаратындардың саны әлдеқандай көп" – дейді С.Домнин.
Авторы Евгения Бодрова.
Аударған Мәншүк Шапхатқызы.