Тікелей эфир

"Халықтың жалақысы негізсіз көп". Қаржыгер қымбатшылықтың себебін осылай түсіндірді

Сурет shutterstock.com сайтынан алынды
Сурет shutterstock.com сайтынан алынды
Әрбір қазақстандық жылына шетелден 15,6 долларға азық-түлік сатып алады.

Жалақы көбейген жыл

2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақының 42 500 теңгеге көбейгені белгілі. Бұл әр салада қызмет ететін 1,3 млн азаматтың жалақысына тікелей әсер етті. Ал 275 мың бюджеттік қызметкерлердің жалақысы жыл басынан бері 35% көбейген болатын. Сонымен қатар, 6 млн-дай жұмыскердің жеке табыс салығы төмендетілді.

Бұдан бөлек учаскілік медицина қызметкерлері мен тәртіп сақшыларының жалақылары да ұлғаятыны айтылған. Зейнетақы мен басқа да әлеуметтік төлемдердің де Үкіметтің әлеуметтік саясатын күшейту жұмыстары аясында көбейтілгені белгілі.

Нәтижесінде халықтың ақшалай табыстары айтарлықтай артты. Мәселен, биыл наурыз айында халықтың нақты ақшалай табысы былтырғы наурызбен салыстырғанда 9,7% өскені айтылған. Сонымен қатар, Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, 2019 жылғы сәуірде халықтың орта есеппен жан басына шаққандағы атаулы ақшалай табысы 98 019 теңге болды, бұл 2018 жылғы сәуірге қарағанда 8,1% жоғары.

Азық-түлік қатты қымбаттады

Мұның бәрі өз кезегінде халықтың күнделікті тұтыну тауарларының, нақтырақ айтар болсақ, азық-түлік пен тұрмыстық тауарлардың күрт қымбаттауына түрткі болды. Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитетінің мәліметінше, жыл басынан бері азық-түлік бағасы 5,9%, азық-түлік емес тауарлар құны 2,2% көтерілген.

Жекелей тоқталар болсақ, жыл басынан бергі алты айда:


2019 жылдың қаңтар-маусым аралығындағы %-дық қымбаттау

Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитетінің мәліметі бойынша жасалды


Сонымен қатар салқындатылған сусындардың – 7,9%, алкогольді ішімдіктердің – 5,1%, темекі өнімдерніңі бағасы 5% өскен.

Дегенмен, жұмыртқа – 9,8%, шикі сүт – 3,8%, сүзбе – 2,4%, қарақұмық жармасы – 1,6%, құмшекер – 1,1% арзандапты.

Азық-түлік емес тауарларға келсер болсақ, фармацевтикалық өнімдер 4,8%, жиһаз және үйге қажетті заттар 3,6%, тоқыма бұйымдары 3,4%, киім және аяқ киім 3,3%, тұрмыстық химия 3%, жеке гигиена тауарлары 2,9% қымбаттаған.

Дегенмен, наурыз айында Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев жалақы мен әлеуметтік төлемдердің көбеюі қымбатшылық тудырмайтынын айтқан еді.

"Ұлттық банктің бағалауынша, әлеуметтік қолдауға арналған қосымша қаражаттың бөлінуіне байланысты шығыстардың ұлғаюы инфляциялық процестердің жеделдеуіне айтарлықтай әсер етпейді," деген бас банкир "инфляция ағымдағы жылдың қорытындысы бойынша нысаналы дәліз шегінде сақталады" деп сендірген болатын.


2019 жылдың қаңтар-маусым аралығындағы %-дық қымбаттау

2019 жылдың қаңтар-маусым аралығындағы %-дық қымбаттау / Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитетінің мәліметі бойынша жасалды


"Халық қымбатшылық шақырып отыр"

Ұлттық банк биыл жылдық инфляцияны 4-6 пайыз аралығында ұстауды жоспарлағанымен, Үкіметтің жалақыны жаппай көбейткенінен күнделікті тұтыну тауарларының бағасы өсіп, өз кезегінде инфляцияны аталған дәлізден асырып жіберетінге ұқсайды. Қазірдің өзінде алғашқы алты айдың қорытындысы бойынша инфляция көлемі 2,6% деңгейінде. Ал былтырғы маусымдағымен салыстырғанда қымбатшылық 5,6%-ға жетіп қалған.

Жалақы мен әлеуметтік төлемдердің көбейгені халықтың алдын ала "инфляция күтуіне" де себеп болғаны анық. Өйткені, былтыр қарашадан бері халықтың инфляциялық болжамдары нақты инфляциядан төмен болып келеді. Яғни, Ұлттық банк елдің сенімінен шыға алмай жатыр. Мәселен, халық сәуір айында инфляция 4,5% болады деп күткен болса, нақты инфляция 4,9%-ды құраған.

Ақпан айын санамағанда жыл басынан бергі бүкіл айда нақты инфляция халықтың күткенінен 2-3% жоғары болған. Бұлай кете беретін болса, халықтың Ұлттық банкке сенімі азайып, бұл да өз кезегінде инфляцияны одан сайын күшейтіп жіберетін жанама факторға айналмақ. Мысалы, былтыр қыркүйек-қазан айларында солай болған. Халықтың инфляциялық болжамы нақты инфляциядан жоғары болып, нәтижесінде инфляция деңгейі 6%-ға жақындаған.

"Халықтың жалақысы негізсіз көп"

"Аудиторлар палатасы" президенті Сапар Көшкімбаевтың айтуынша, қазіргі экономикалық жағдайда инфляциядан қашып құтылу өте қиын.

– Халықтың табысы көбейген кезде қымбатшылықтың қарқын алуы қалыпты нәрсе. Бүкіл елде солай болады. Соңғы 6-7 жылдан бері бұл дәстүрге айналғандай. Жалақы жыл сайын көбейгенімен, инфляция қуып жетіп алады. Бұдан қашып құтылу қиын. Оның үстіне алдыңғы жылдардағы девальвация да қымбатшылықты одан сайын күшейтіп жіберді, – дейді қаржыгер.

Жалпы, Сапар Көшкімбаев қымбатшылықтың себебін елде жалақы мен ішкі өндірістің арасында тепе-теңдіктің жоқтығымен түсіндіреді.

– Жоғарыда айтылғандай соңғы 6-7 жылда жалақы тұрақты өсіп келе жатыр. Бірақ шағын және орта бизнес сол уақыттан бері дамыған жоқ, ішкі өндіріс өспді, яғни, тауар көлемі сол қалпы қалды да, ақша көлемі көбейіп кетті. Әрине, мұндай кезде ақша құнсызданады. Ішкі өндіріс өспейінше жалақыны көбейтуден пайда жоқ. Ондай кезде жалақы өскенімен халықтың сатып алу қабілеті ұлғаймайды. Сол себепті Қазақстанның қазіргі экономикалық жағдайында халықтың жалақысы негізсіз көп деуге болады, – дейді сарапшы.

– Екіншіден, ішкі өндірісті дамытпай, жалақыны өсіре берсе, тиісінше сатып алу қабілеті артқан халықтың сұранысын қанағаттандыру үшін сырттан импорт көбейеді. Қазір жаңа кәсіпорындар құрылып жатқан жоқ, оның үстіне жұмыс істеп жатқандары да салық төлемейді.

Қазақстан 280 млн долларға "тамақ ішеді"

Күнделікті тұтыну тауарларын сырттан әкелетін импорттаушы экономикада жалақыны көбейту сатушылардың емес, тұтынушылардың арасында бәсекелестікті күшейтеді. Өйткені, іште тауар жоқ, бірақ ақша көп. Тиісінше, бұл қымбатшылыққа апарады. Мәселен, Еуразиялық Экономикалық Комиссияның мәліметінше, Қазақстан 2018 жылы шетелден 280,7 млн АҚШ долларының азық-түлігін импорттапты. Адам басына шаққанда, әр қазақстандық шетелден жылына 15,6 долларға азық-түлік сатып алады деген сөз. Сол секілді, күнделікті тұрмыстық заттар да сырттан тасылып жүр.

Үкімет азық-түлік бағасын ұстап отыру керек пе?

2015 жылы инфляция ерік бермей кеткен кезде күнделікті тұқтынатын азық-түлік тауарларының бағасын Үкімет бақылауда ұстауы керек деген ұсыныстар айтылғаны есімізде. Дегенмен, кейін бұл бастама сол қалпы аяқсыз қалғаны белгілі. Нарықтық экономикада Үкімет баға саясатына араласпауы керек дегенмен, қазіргідей "қолдан жасалған" қымбатшылық кезінде Үкіметтің баға саясатына араласуын қайта ұсынушылар да бар.

Тәуелсіз экономист Аманжан Қоңыратбаевтың айтуынша, инфляциямен күрес Ұлттық банктің емес, Үкіметтің міндеті болуы керек.

– Инфляцияның алдын алу Үкіметтің әлеуметтік саясатының негізі болуы тиіс. Егер инфляция тұрақсыз болса, демек бизнес құрылым, жалпы экономиканың құрылымы "сырқат" деген сөз. Бұл тұрғыда Үкімет ең төменгі күнкөріс пен инфляцияның өсім деңгейін бірдей ұстауы керек. Ең төменгі күнкөрістің көлемі бағаның өсімінен асып кетсе, Үкіметтің бағаны тұрақтандыруына араласқанның әбестігі жоқ. Өйткені, бұл әлеуметтік мәселе кейін жалпы экономиканы әлсіретеді, – дейді экономист.

Дегенмен, қазіргі таңда сарапшылардың көпшілігі бұл пікірмен келіспейтіні анық. "ҚР Ұлттық банкі туралы" Заңда Ұлттық банктің міндеті бағаға араласу емес, оның тұрақтылығын қамтамасыз ету екені айтылған. Дегенмен, инфляцияны әкімшілік жолмен азайтуды қолдаушылар бұл тұрғыда жалпы экономиканың толықтай еркін болуға дайын емес екенін алға тартады.

– Қымбатшылықтың негізгі көзі монополистер. Тұрғын үй коммуналды шаруашылығынан бастап ауыл шаруашылығындағы ірі компанияларға дейін бағаны өз ырықтарында ұстап отыр. Бұл тұрғыда мемлекеттің монополияға қарсы саясаты дұрыс жұмыс істесе, тек шағын және орта бизнестің тынысын ашып қана қоймай, бағаның да арзандауына түрткі болар еді. Сондықтан, инфляция сыртқы жаһандық факторлардан, не болмаса ұлттық валютаның әлсіздігінен емес, бірінші кезекте экономикада шағын және орта бизнес үлесінің төмендігінен, – дейді А.Қоңыратбаев.

Поделиться:

Серіктестер жаңалықтары