Нұр-Cұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов "Астана" телеарнасының тікелей эфирінде баспанаға мұқтаж кейбір мамандық иелеріне пәтер (сатып алу құқығымен) берілетінін хабарлады.
Оқи отырыңыз: Тұрғын үй бағдарламалары көбейді. Биыл баспаналы болудың 11 мүмкіндігі"Біз жақында қазақстандық ипотека компаниясымен келісімшартқа қол қойдық. Жыл соңына қарай пәтерлерді (сатып алу құқығымен) үлестіре бастаймыз. Бұл — баспанаға мұқтаж педагог, дәрігер, әлеуметтік қызметкерлер мен полицейлерді қолдау мақсатында жасалған бағдарлама. Полицейлер біздің тыныштығымызды күзетсе, мұғалімдер баламызды оқытады, ал медицина қызметкерлері адам өмірі үшін күні-түні күреседі. Оларды қолдау қажет. 8 мың пәтерден 1 мың пәтер осы санаттағы мамандарға беріледі", – деді қала әкімі.
"7-20-25" бағдарламасына 36 мыңға жуық өтініш қабылданған
ҚР Ұлттық банкі баспасөз қызметінің хабарлауынша, 6 тамызға дейін "7-20-25" бағдарламасына қатысуға 35 910 адам өтініш берген. Олар рәсімдегісі келген займ көлемі 414,32 млрд теңгеге тең.
Қазіргі таңда 20 693 адамның өтініші мақұлданып, оларға 240,68 млрд теңге көлемінде займ берілетін болды. Бағдарламаға қатысты қандай да бір сұрағы бар жандар ипотекалық ұйымның сайтына кіріп, қосымша ақпаратпен таныса алады.
Оқи отырыңыз: Балаларға арналған баспана. Жаңа "Арнау" тұрғын үй депозитінің артықшылықтары қандай?
17 тамызда "5-10-20" бағдарламасы басталады
Бұл бағдарлама енді "Шаңырақ" деп аталатын болды. Биыл оған 1986-2010 жылдар аралығында тұрғын үй кезегіне тұрған жандар ғана қатыса алады. Олардың Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде жеке шоты болуы міндетті. Болмаған жағдайда тез арада шот ашуы қажет.
Оқи отырыңыз: Тұрғын үй кезегіне қалай тұруға болады? Нұсқаулық
Азаматтар өздерінің әкімдік кезегінде тұрған-тұрмағанын ТҮҚЖБ сайтына кіріп, өздерінің ЖСН теру арқылы тексере алады. Егер тұрғын үй кезегінде тұрған болса, бағдарламаға қатысу үшін банк сайтында электронды өтініш толтыруы тиіс. Оларға байланыс орталығының қызметкері бірнеше күн ішінде хабарласып, бағдарлама шарттары мен қажет құжаттар тізімін атап, банкте кездесетін уақытты белгілейді.
Бағдарлама талаптары:
- "5-10-20" бағдарламасымен баспаналы болғысы келетін азаматтардың тұрғын үй кезегінде тұруы міндетті. Қазіргі таңда Қазақстанда үй кезегінде 540 мың адам тұр. Басымдық мемлекеттік қызметкерлер, әскерилер және бюджеттік сала мамандарына беріледі. Қазір кезекте осындай 212 мың қызметкер тұр. Сонымен қатар, кезекте тұрған толық емес, көпбалалы отбасылар және мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасылар да осы бағдарламаға қатыса алады;
- несие мөлшерлемесі – 5 пайыз;
- бастапқы жарна – 10 пайыз, ол үміткердің ТҮҚЖБ шотында жиналған болуы тиіс;
- қарызды өтеу мерзімі – 20 жылға дейін;
- баспананы "Нұрлы жер" бағдарламасының аясында салынған жаңа тұрғын үй кешендерінен де, жеке құрылыс салушылардан да сатып алуға болады;
- Отбасының соңғы 6 айдағы табыс көзі расталған болуы міндетті;
- Табыс көзі отбасындағы жан басына шаққанда 101 270 теңгеден аспауы қажет.