Тікелей эфир

Елордада бір топ құрылысшы әділдік іздеп Nur Otan-ға келді. Жаңалықтарға шолу

Абу-Даби плаза құрылысшылары Nur Otan-ға шағымданды. Қазақстандықтар өз әкімдеріне баға бере алады.

Олимпиадалық даярлау орталығының басшысы төрт жылға бас бостандығынан айырылды

"Велосипед спортынан олимпиадалық даярлау орталығы" РМҚК директоры Бауыржан Мұқашевқа 2018-2018 жылдары мекеменің жалақы қорынан 21 млн теңге жымқырды деген айып тағылды. ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі таратқан мәліметке сүйенсек, ол ұйымда жұмыс істемейтін адамдарды жұмысқа орналастырып, оларға негізсіз сыйақы аударып, қаржыны өзі алып отырған. Сотқа дейінгі тергеу барысында Бауыржан Мұқашевтің келтірілген залалды толығымен өтегені айтылды.

"Елордадағы №2 Есіл аудандық сотының үкімімен Мұқашев бюджет қаржысын жымқырғаны үшін 4 жылға бас бостандығынан айырылды" деп хабарлады агенттіктен.

"Qyzyljar" арнайы экономикалық аймағы құрылады

Ашық үкімет порталында жарияланған Үкімет қаулысындағы ақпаратта экономикалық аймақтың Петропавл қаласында 192,3 гектар аумақта құрылатыны жазылған. Жоба құны – 16 млрд теңге.

Арнайы экономикалық аймақ қала мен аймақты жедел дамытып, бәсекеге қабілетті өндірістерді ашуға, сондай-ақ әлеуметтік мәселелерді шешу үшін 2044 жылға дейін құрылады деген жоспар бар.

Ел аумағындағы басқа да 11 арнайы экономикалық аймақтағыдай мұнда да арнайы құқықтық режим белгіленеді. Экономикалық аймақтың қатысушыларына салықтық жеңілдіктер, шетелдік жұмыс күшін жалға алудың оңтайландырылған тәртібі, 10 жылға дейін мерзімде жер учаскесін тегін беру және басқа да басымдықтар қарастырылған.

Қазақстан бизнес рейтингтегі ұстанымдарын жақсартады

ҚР Сауда және интеграция вице-министрі Азамат Асқарұлының айтуынша, осы мақсатта электрондық кедендік декларациялауды енгізу, кедендік рәсімдеу үшін алым ставкаларын төмендету және кедендік бақылауды ресімдеу кезеңінен кеденнен кейінгі бақылауға көшіру сынды шаралар жүзеге асырылған. Енді экспорттық-импорттық операциялар бойынша бірыңғай терезе іске қосылады. Жұмысты 2019 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған.

Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов Doing Business рейтингінде әлдемдегі 140 ел ішінен еліміздің 28- орын алғанын жеткізді. Министр 2025 жылға дейін осы рейтингтен алғашқы 25 елдің құрамына кіруге мақсат қойғанын айтып қалды.

Елордадан Бейжіңге бағыт алған "Эйр Астана" ұшағынан ақау шығып, әуежайға қайта оралды

Бұл туралы әуе компаниясының баспасөз қызметінен хабарлады.

"Ұшақ әуеге көтерілгеннен кейін белгі беру жүйесі іске қосылып, қозғалтқыштан ақау шыққаны туралы хабар түсірген. Қауіпсіздік нұсқаулығына сәйкес, экипаж әуежайға қайтып, ақауды жою керек деген шешім қабылдаған. Ұшақ штаттық режимде қонды", – делінген әуе компаниясының ресми хабарламасында.

Ұшақта болған 128 жолаушы жергілікті уақыт бойынша сағат 4.00-де басқа рейспен сапарларын жалғастырды. ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Роман Скляр оқиғаны тергеу үшін арнайы комиссия құрылғанын мәлімдеді.

Абу-Даби плаза құрылысшылары Nur Otan-ға шағымданды

Партияның кеңсесіне 40-тан астам құрылысшы жұмыстан негізсіз шығып қалғанын айтып, шағымданып келіпті. Олар құрылысы созылған "Абу Даби плазада" сантехник, электрик және монтаждаушы болып тоғыз айдан бері еңбек еткен. Жұмыстан қағылғандарын да кеше естідік дейді. Сол үшін мердігер фирмасынан өтемақы талап етіп отыр.

Барлығының қолында еңбек келісім-шарты бар. Оларды жалдаған компания артық ақша төлеуден бас тартыпты. Әділдік іздеп келгендерге партияның қоғамдық қабылдау бөлмесінің өкілі Жұмахан Жүкенов жауап берді. Заң бұзылған-бұзылмағаны зерттелетінін айтып, құзырлы органдардың араласуымен мәселені шешуге уәде берді.

Қырғызстан мен Тәжікстан шекарасында атыс болды

Оқиға салдарынан қырғызстандық шекарашы қаза тапты. Қырғызстанның мемлекеттік шекара қызметі таратқан мәліметте дау-дамайдың Тәжікстан азаматтары шегара белгіленбеген аумақта құрылыс жұмыстарын жүргізуден басталғаны айтылған. Оған жауап ретінде қырғыз азаматы да сол жерде орналасқан өз үйінің аумағында қоршау тұрғыза бастаған. Тәжікстандық шекарашылар одан құрылысты тоқтатуды талап еткен. Сөз таластырудың арты атысқа ұласқан.

Шамалғандағы көлік апатынан кейін жаяу жүргіншілерге жерасты өткелі салынады

Бұл туралы Алматы облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ержан Жасыбаев хабарлады. Оны салу үшін бюджетен 150-200 млн теңге қаржы жұмсалады. Өтпежол дәл апат болған теміржол өткелінде емес, одан кішкене әрігірек аумақта салынатыны белгілі болды. Құрылыс жұмыстарын 2020 жылдың 1-ші қыркүйегіне дейін бітіру жоспарланыпты.

Қазақстандық БАҚ не жазды:

Inform.kz: Қазақстандықтар өз әкімдеріне баға бере алады. Хабар арнасының жаңа бағдарламасында қазақстандықтар өз әкімдерін бағалай алады. Жаңа бағдарламалардың бірі шартты түрде "Әкімдер" деп аталады. Онда түсірілім тобы өңірлерге, елдімекендерге барып, халықтан әкім туралы сауалнама алады. "Әкімді танисыз ба?", "Ол қандай пайдалы жұмыс атқарды?" деген сұрақтар қойылады. Барлық жауапты жинап, журналист әкімнің өзімен жүздеседі.

Baq.kz: 2019 жылы 2 миллионнан астам қазақстандыққа АӘК тағайындалды. АӘК алушылардың ең көп саны елдің оңтүстік өңірлеріне келеді. Онда барлық алушының 67%-дан астамы шоғырланған. Оның ішінде Түркістан облысында – 96 мың 800 отбасы, Алматы облысында – 53 мың 600 отбасы, Шымкент қаласында – 51 мың 600 отбасы, Жамбыл облысында – 39 мың отбасы және Қызылорда облысында – 31 мың 700 отбасы. Биыл 16 қыркүйектегі жағдай бойынша АӘК-ті белсенді алушылары 335 мың 200-ден астам отбасы немесе 1 млн 733 мың адам, оның ішінде 1 млн 487 мыңы балалар. Бұл ретте 69 мың 700 отбасына немесе 351 мың 200 адамға АӘК төлемдері аяқталды.

Qamshy.kz: WhatsApp пен Telegram қауіпсіз емес. Америкалық арнайы қызметтің бұрынғы қызметкері Эдвард Сноуден шенеуніктерге WhatsApp пен Telegram мессенджерлерін қолданбауға кеңес береді. Оның сөзінше, аталған қосымшалар қажет жағдайда қолданушылардың әңгімелері мен хабарламаларының мазмұнын біле алады. Десе де Сноуден WhatsApp пен Telegram желілері қарапайым смс-хабарламалармен салыстырғанда қауіпсіз екенін де айтты. Оның ойынша Signal және Wire мессенджерлері – ең қауіпсіз желілер.

Серіктестер жаңалықтары