Тікелей эфир

"Жалақыны көтерумен бірге бағаны да тұрақтандыру керек". Мамандардың президент бастамасына пікірі қандай?

Президент бүгінгі жолдауында бюджеттен қаржыланатын бірақатар сала қызметкерлерінің жалақысы 2022-2025 жылдардың әрбірінде 20%-ға артатынын мәлімдеді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына кезекті жолдауында 2020 жылдан бастап 600 мыңнан астам педагог пен дәрігердің, әлеуметтік сала қызметкерінің жалақысы өскенін, алайда бюджеттен қаржыланатын өзге сала азаматтары бұдан тыс қалғанын айтты. Осы орайда мемлекет басшысы 2022 жылдан 2025 жылға дейін мәдениет қызметкерлері, мұрағатшылар, кітапханашылар, техникалық қызметкерлер, қорықшылар, көлік жүргізушілері және басқа да осы санаттағы қызметкерлердің жалақысы жыл сайын орта есеппен 20%-ға өсетінін мәлімдеді.

Мәдениет қызметкерлері бұл жаңалықты қуана-қуана қарсы алды. Ал саясаттанушы Асхат Қасенғали жалақыны өсірумен қоса бағаны тұрақтандыруды реттеу қажет екенін еске салды. Сарапшылардың пікірін ұсынамыз. 

Болат Жүнісбеков, ҚР Ұлттық кітапханасының ғылыми хатшысы:

– Кітапханамыз бұрыннан "ұлттық кітапхана" деп аталғанымен 2020 жылы президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен "ұлттық" мәртебесі берілді. Бұл да біздің ұжымның неғұрлым жақсырақ жұмыс істеуіне, халықаралық қауымдастықта беделінің өсуіне, мәртебесінің көтерілуіне әсер етті.

Мемлекет басшысы Қазақстан халқына жолдауында келер жылдан бастап мәдениет қызметкерлерінің, кітапханашылардың жалақысын 2025 жылға дейін жыл сайын 20%-ға көтеру керектігін айтты. Бұл бастамаға әрбіріміз, отбасы мүшелеріміз, әріптестеріміз қуанары сөзсіз. Өйткені, мәдениет – ел руханияты. Еліміздің, әсіресе жастардың, қоғамның неғұрлым мәдениетті болуы, дамуы ең бірінші білім мен мәдениетке байланысты. Мемлекет басшысының жолдауда айтқан сөздері нақты мәдениет саласына деген шын жанашырлық деп білемін. Бұл бізді сапалы жұмыс істеуге қанаттандырады. Кітапханашылардың жалақысы төмен болғандықтан көп жағдайда ипотека арқылы тұрғын үй алуға мүмкіндігі болмай жатады. Жалақының өсуіне байланысты қоныс тойын тойлауға жақсы мүмкіндік туды деп ойлаймын. Ұлттық кітапханамызда 300-ге жуық қызметкер бар. Қазақстан бойынша шамамен 20 мыңға жуық кітапхана қызметкері жұмыс істейді. Енді осыншама адамның жалақысы өседі.

Жандос Омаров, Кенен Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясы директорының орынбасары:
– Жаңа мүмкіндіктерге жол ашатын жолдау халықтың болашаққа деген сенімін нығайта түсері сөзсіз. Ең бас­тысы, мәдениет пен өнер қызметкерлері мем­­­лекет басшы­сының қолдауын сезініп отыр және жолдауда айтылған барлық бастамаларын бір ауыздан қолдайды. Төртінші бастамада айтылғандай, 2022-2025 жылдар аралығында мәдениет қызметкерлерінің жалақысы мәселесіне көп көңіл бөлінетіні әріптестерімді қуантып отыр. Бюджеттік қызметкерлердің әлеуметтік жағдайын шын мәнінде көтеру керек деп ойлаймын. Себебі, елдің атын шығаратындардың бірі – "мәдениет пен өнер" майталмандары мен өнерпаздары екені сөзсіз. 

Асхат Қасенғали, саясаттанушы:

– Менің ойымша, жалақыны жыл сайын 20%-ға көтеріп отыру бастамасы бұл жолы басқа да сала мамандарын қамтығаны қуантарлық. Әсіресе, бұл тізімде бұған дейін болмаған маман иелеріне қатысты болып отыр. Дей тұра жалақыны 20 пайызға көтеріп отыру әлеуметтік жағдайдың айтарлықтай жақсаруына әсер етеді деп ойламаймын. Себебі, жыл сайынғы инфляция мен түрлі тұтыну тауарларының бағасының өсуі, тұрғын үйдің қымбаттауы мен мемлекеттік сектордың оны тұрақтандыруға тиісті жұмысының әлсіздігі бұл қосылған жалақының тиімді тұстарын азайтады. Сондықтан ең алдымен баға тұрақтандыруды реттеп, артынша жалақы көтеруді жолға қойса, тиімділігі арта түсер еді. Ал екеуін бір уақытта істесе, тіпті нәтижелі болмақ.

 

Біздің Telegram-каналдағы ең көп оқылған жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары