Тікелей эфир

Тоқаевтың әлеуметтік желіде белсенді болу тапсырмасын министрлер қалай орындап жатыр? Шолу

Алты министр Facebook, Instagram, Twitter желілерінің бірде-біріне тіркелмеген.

2019 жылы шілдеде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік қызметшілерге халықпен жақын болуды тапсырып, бұл үшін заманауи коммуникация құралдарын, яғни әлеуметтік желілерді кеңінен қолдануға кеңес берген еді. Содан кейін үкімет мүшелері, шенеуніктер әлеуметтік желіде парақша ашқан болатын. Алайда бұл тапсырма қалай орындалды? Министрлер әлеуметтік желіде қаншалықты белсенді? Информбюро тілшісі олардың желідегі белсенділігін бақылап, әлеуметпен байланысына шолу жасады.

Белсенділігі жоғары бесеу

Инфографика: Informburo.kz

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Twitter, Facebook, Instagram желілеріне тіркелген.

Facebook желісін 2009 жылдан бері пайдаланады. 43 мыңнан астам жазылушысы бар. Желіні барынша белсенді пайдаланады. Тек кездесулерінен қысқа есеп қана емес, білім беру саласындағы өзекті деген мәселелерді де жазып отырады. Дегенмен, әртүрлі мәселемен пікір қалдырушылырға министр сирек те болса, жауап береді. Көбінесе баспасөз хатшысы өз атынан жауап жазады. 

Instagram желісінде 128 мың жазылушысы бар. Осы күнге дейін 231 пост жариялаған. Контенті "фейсбуктегі" жазбалармен бірдей. Министр мұнда да жазылушыларына өте сирек жауап береді.

Twitter-ге  2010 жылы тіркелген. 133 оқырманы бар. Бүгінге дейін 14 твит бөліскен. Твит мерзімдеріне қарасақ, бұл желіні белсенді қолданбайды. Соңғы рет 2020 жылдың 9 ақпанында Қасым-Жомарт Тоқаевтың жазбасын бөліскен.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин де Twitter, Facebook, Instagram желілерін қолданады. 

Facebook желісінде 31 мыңнан астам жазылушысы бар. Қазір министр бұл желіде Электронды үкімет порталын СБЕР арқылы жетілдіру тақырыбына қатысты пост жазып жүр. Министрге осы турасында қарсылық, қолдау білдіріп жатқандардың да қатары көп. Әзірге Бағдат Мусиннің пікірлерге жауап бергенін байқамадық, тек көп жазбаға жауап ретінде пост арнап отырады.

Instagram-да 56 мыңнан астам оқырманы бар. Министр бұл желіде отбасылық суреттер, бейресми жазбалар да бөлісіп отырады. Twitter-ді салыстырмалы түрде сирек қолданады. Жарияланым арасы сирек. Мәселен, соңғы твиті бүгін салынған. Оның алдында 6 қазанда жазған. 

Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой үш желіде парақша ашқан және белсенді қолданады.

Facebook желісінде 2010 жылдан бері бар. Көбінесе Денсаулық сақтау министрлігінің ресми сайты, парақшасында шыққан ақпараттарды бөлісіп отырады, жұмыс сапарлары туралы жазады. Жазылған пікірлерге сирек те болса жауап береді, жауапты мамандарды белгілеп отырады.

Instagram-да 54 мың жазылушысы бар. Осы уақытқа дейін 1502 пост жариялаған. 13 қыркүйектен бері бұл желіде белсенді емес.

Twitter желісіне 2018 жылы тіркелген. Алайда соңғы рет биыл 7 мамырда Отан қорғаушылар күнімен құттықтаған. Кейде бір күнде президенттің бірнеше твитін бөліссе, кейде бір айдан кейін бірақ жаңартады. Барлығы 399 оқырманы бар. 720 твит жариялаған.

Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова Facebook желісінде 2019 жылы осы лауазымға сайланған соң тіркелген. Парақша 3-5 күн сайын жаңартылып отырады. Контенттің көбі – атаулы күн, туған күн, жеңіспен құттықтау, некролог жазбалар және министрдің кездесулері.

Instagram-да 243 пост бөліскен. 15 мыңнан астам жазылушысы бар. Контенті "фейсбукпен" пен бірдей. Ал Twitter желісіне 2019 жылы тіркелген. Барлығы 33 твит жариялаған. Ең соңғы твит – 1  наурыз – Алғыс айту күнімен құттықтау жазбасы. Министр бұл желіні тек мерекемен құттықтау үшін пайдаланып келгендей. Твиттің көбі құттықтау мәнінде жазылған.

Белсенділігі жоғары бестікті Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева қорытындылайды. Ол Facebook желісінде күн сайын "Қайырлы таң" тілейтін сурет бөліседі. Сонымен қатар өзі қатысқан іс-шаралар туралы қысқаша пост жазып тұрады. Бұл желіні 2012 жылдан бері қолданады.

Instagram желісінде 49 мыңға жуық жазылушысы бар. Осы күнге дейін 1285 пост жариялаған. Жиі жаңартып тұрады. Тағы бір байқағанымыз министрдің парақшасына сауал қойып, мәселе көтеретіндер өте аз. Екі желіде де басым бөлігі қолдау-қолпаштау сарынында пікір қалдырады.

Twitter желісінде Аида Балаева атында парақша бар. Оған 2011 тіркелген. Ең соңғы твиті 24 маусым 2011 жылы жарияланған. Парақшада astana.kz сайтына сілтеме бар. Соған қарағанда министр бұл желіге Астана (қазіргі Нұр-Сұлтан) қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқарған кезде тіркелген, бірақ екі ай ғана қолданған.

Үш министрдің белсенділігі орташа

Инфографика: Informburo.kz

Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов Facebook пен Twitter желісіне тіркелген. Facebook желісінде белсенді. Іссапарға жолға шыққанынан бастап, әр кездесу қалай өткені туралы егжей-тегжейлі жазып отырады. Шарадан селфи де салады.

Twitter-ге 2020 жылы тіркелген. 32 оқырманы бар. 9 твит жарияланған. Оның бәрі – ретвит. Ең соңғысы биыл 16 шілдеде бөлісілген.

Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев өткен жылдың қыркүйегіне дейін әлеуметтік желі қолданбай келді. Оны министрлікке қарайтын бөлімдердің көптігімен түсіндірген болатын. "Мен әлеуемттік желіге қаламағандықтан емес, министрлікке бағынышты бөлімдердің көптігінен тіркелмей отырмын. 148 мың ІІМ жеке құрамы бар, полиция, ұлттық гвардия, қылмыстық-атқару жүйесі, төтенше жағдай комитеті сынды үлкен төрт бөлім бар. Көптеген оқиға болып жатыр, елімізде күн сайын – 400-500 қылмыс, жылына 230-240 мың қылмыс жасалады, блогыма күн сайын 50-ге жуық сұрақ түседі. Егер әлеуметтік желіге тіркелсем, тәулік бойы сұрақтарға жауап беруге мәжбүр боламын", – деген еді Ерлан Тұрғымбаев орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингтердің бірінде. Дегенмен, министр әлеуметтік желіге тіркелді. Әзір тек Facebook парақшасы бар. Онда орта есеппен әр 5-10 күнде бір пост жариялап отырады. Көбінесе жұмыс сапары, кездесулер туралы жазады. Постына жазылған пікірлерге сирек те болса жауап береді. Онда да тек мәселеге жауапты адамды белгілеп кетеді.

Instagram-да Ерлан Тұрғымбаевтың атына ашылған парақша бар. Алайда парақша күдік тудырады. Тек екі жарияланым бар, жазба жазылмаған. Сонымен қатар министр әлеуметтік желіге қосылғаны туралы жазбасында тек Facebook-те парақша ашқанын хабарлаған еді.

Әділет министрі Марат Бекетаевтің, тек Instagram-дағы парақшасын таптық. 2019 жылы сәуірде тіркелген. Орта есеппен 2-5 күнде бір жазба салып отырады. 2400-ден астам оқырманы өте сирек пікір қалдырады. Министрден пікірлерге кері байланыс жоқ.

Төрт министрдің белсенділігі төмен

Инфографика: Informburo.kz

Министрлердің белсенділігі төмен деп бағалауға бір ғана желіде тіркелуі және оқырман санының бір мыңға жетпеуі себеп болды.

Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев ҚР президенті сияқты тек Twitter желісін қолданады. 2019 жылдың маусым айында тіркелген. 801 оқырманы бар. Осы уақытқа дейін 1061 твит жариялаған. Өте сирек жаңартады, бірақ бір күнде бірнеше твит жариялайды. Мысалы, 9 қазан күні – 4 твит, оның алдында 15 қыркүйекте 17 твит салған.

Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың Facebook парақшасын таптық. Парақшасын министр ретінде жүргізуді 2021 жылы 22 наурыздан бері қолға алған. Ал лауазымға 18 мамыр 2020 жылы тағайындалған. Осы уақыттан бері 11 пост қана жариялаған. Оның бесеуі – құттықтау.

Министрдің атында Twitter-де 2011 жылы парақша ашылған. Бірақ мүлдем жүргізілмеген.

Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев биыл қаңтарда министр лауазымына тағайындалды. Twitter-ге ақпан айында тіркелген. Бірінші твитін сәуірде бөлісті. "Құрметті оқырмандар! Twitter біз үшін өзара пікір алысу мен кері байланыстың тиімді алаңына айналады деп үміттенемін. #біріншіпост" деп жазды министр. Жалпы орта есеппен 7-10 күн айналасында жаңарып отырады. Мазмұны жағынан экономикаға қатысты тақырыптар, құттықтаулар, Мәжіліс төрағасының, Ақорданың твитін бөлісу бар.

Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин Twitter-ге биыл мамыр айында тіркелген. Екі оқырманы бар. Осы уақытқа дейін 19 твит жариялаған.

Әлеуметтік желіден алыс алты министр

Олар:

  • Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов;
  • Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді;
  • Қорғаныс министрі Мұрат Бектанов;
  • Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев;
  • Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов;
  • Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев.

Бұл министрлердің әлеуметтік желідегі парақшаларын таба алмадық.

Серіктестер жаңалықтары