Тікелей эфир

Қорғаныс министрлігінің өкілі: 2 жаңа әскери қойма салынып жатыр, қару-жарақ түгел дерлік соларға көшіріледі

31-арна бейнематериалынан скриншот
31-арна бейнематериалынан скриншот
Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы жарылыстан 113 әскери қойманың үшеуі ғана аман қалған.

31-арна тілшісі Нұрболат Жаңабекұлы Жамбыл облысының Байзақ ауданындағы апат орнында болып, Қорғаныс министрлігі бас инспекциясының басқарма бастығы Жұмабек Хасеновпен эксклюзив сұхбат құрды. Сұхбаттың ең өзекті тұстарын оқырман назарына ұсынамыз.

113 қойманың үшеуі ғана аман қалды

Жамбыл облысы Байзақ ауданында инженерлік оқ-дәрі сақтайтын 113 қойма бар болатын. 26 тамыз күні болған жойқын жарылыстардан және өрттен кейін солардың үшеуі ғана аман қалды. Қалғанының бәрі қираған. Нақтылап айту керек, бұл қоймада аса қауіпті негізгі арсенал саналатын қару-жарақтар емес, инженерлік оқ-дәрілер болды. Мұнда өзге қоймалардан оқ-дәрілер әкелінбеген. Тек қана Арыс гарнизонындағы жарылыстан кейін мұнда сақталатын инженерлік оқ-дәрілердің тек 10 пайызы жеткізілген болатын. Нақты мөлшері құпия, бірақ ол өте аз. Жалпы салмағы шамамен 3-4 тонна болар деп ойлаймын.

Ең үлкен арсенал Арыста

Қазақстандағы негізгі қару-жарақ, яғни, снаряд, ракета және өзге де жарылғыш заттардан тұратын арсенал сақталатын ең үлкен қоймалар шоғыры Арыс қаласында орналасқан. Ал Қызылорда, Ақмола, Қарағанды облыстары, Семей, Сарыөзек, Отар, Аягөз қалаларындағы әскери гарнизондарда орналасқан қоймалардың бәрі шағын. Бұл қоймаларда қанша қару-жарақ сақталатыны туралы мәліметтер бар, бірақ құпия. Арыс оқиғасынан кейін жарылмай, зақымданбай аман қалған қару-жарақ, оқ-дәрілердің бәрі өзге қоймаларға тасымалданды. Дегенмен, әр қойманың өзіндік сақтау мөлшері бар. Одан асыруға болмайды және бұл талап қатаң сақталады. Сәйкесінше, Жамбыл облысының Байзақ ауданындағы әскери қоймаларға да мүмкін мөлшерде ғана оқ-дәрі көшірілген болатын.

15 адам жұмды, 1 сарбаз әлі табылмады

Байзақ ауданыдағы жарылыстың екпінді толқыны күшті болғандықтан ғимараттар қирады. Он төртінші қойма түбіндегі жарылыс диаметрі 30-40 метрдей, тереңдігі 20 метр болатын ұңғы қалдырған. Қазір түбінен жерасты суы шығып жатыр. Өкінішке қарай, 15 сарбаз қайтыс болды, ал сарбаз Бауыржан Дәуітәлиев әлі табылмады. Қорғаныс және Төтенше жағдай министрлері келіп, ерлікпен қаза болған әскерилердің отбасында болып, наградалар табыс етті. Қазіргі таңда жарақат алған және апат орнында жанкешті жұмыс атқарып жүрген әскерилерге марапат қағаздары әзірленіп жатыр. Сондай-ақ, оларға әлеуметтік тұрғыдан да, денсаулығын жақсарту тұрғысынан да көмек көрсету мәселесі де күн тәртібінде. Әрбір орден, әрбір медаль өз батырын табады деп ойлаймын.

Қойма мен ауыл арасы шақырымнан да аз

Әскери қоймалар Кеңес заманында әскери бөлім болған. Бұл қоймалар әу бастан инженерлік оқ-дәрілерді сақтауға арналған. Ал жақын жерге үйлер Тәуелсіздік алардан сәл бұрын түсе бастап, кейін үй саны көбейіп, ауылдарға айналған. Қайнар ауылында мәселен 17-18 ғана үй бар. Қойма мен ауыл арасы шамамен 800-900 метрдей ғана. Бұлай болмауы керек. Негізі, Арыс оқиғасынан кейін Қорғаныс министрлігі тарапынан 2023 жылға дейінгі кешенді жоспар жасалып, әскери қоймаларға жақын маңдағы ауылдарды көшіріп, сондай-ақ, қоймаларды да тауға қарай, елді мекендерден алыстату жұмыстары көзделіп, тіпті басталған болатын. Бірақ, бұл қомақты қаржы мен көп уақытты қажет ететін шаруа.

Жарылыс болмайды, алайда жарақат алу қаупі әлі бар

Қазір апат орнында тазалау жұмыстары жүріп жатыр. Бұл жерде енді үлкен жарылыс болмайтыны анық. Алайда жаяу әскерге қарсы, танкке қарсы миналардың жарылғыш элементтері 4-5 шақырым қашықтыққа дейін ұшып кеткен. Олардан адам өміріне қауіп жоқ, алайда жеңіл жарақаттану мүмкін. Мұндай жағдайлар болды. Қорғаныс министрлігінің бір қызметкері мен екі жас сержант жеңіл жарақат алды. Олар бүгінде жазылып, қатарымызды жұмысын жалғастырып жатыр.

2 жаңа қойма салынып жатыр

Кешенді жоспар аясында Қазақстанда жаңа 2 қойма салынып жатыр. Орналасатын жері құпия, бірақ, екеуі де елді мекендерден әждептәуір алыс жерде. Әскери қоймалардағы қару-жарақ пен оқ-дәрілер сол қоймаларға көшіріліп, әскери бөлімдерде тек күнделікті жауынгерлік дайындыққа қажет аз ғана оқ-дәрі қалады. Ал снаряд, ракета сынды басқа да жарылғыш заттардың бәрі жаңа қоймаларға көшіріледі.

Серіктестер жаңалықтары