Тікелей эфир

Қазақстандықтардың орташа өмір сүру ұзақтығын қалай арттырамыз? Гериатр дәрігермен сұхбат

Сурет Жанар Төребаеваның жеке архивінен алынды
Сурет Жанар Төребаеваның жеке архивінен алынды
Франциялық дәрігер Жанар Төребаева Қазақстанда зейнет жасын белгілеуде Франция тәжірибесін негізге алуды ұсынды.

Инфомбюро тілшісі Франция медицина ғылымдарының докторы, Жоғары дәрігерлер ордасының кеңесшісі, гериатр дәрігер Жанар Төребаевамен сұхбаттасып, Франциядағы дәрігер беделі, қарттардың денсаулығы және зейнеткерлік туралы сұрады.

– Сұхбатты ең өзекті мәселеден бастайық. Қазір Қазақстанда зейнетке шығу жасына наразылық танытып, әйелдер үшін 63 жастан 58 жасқа төмендетуді талап етіп жатыр. Қалай ойлайсыз, халқының өмір сүру жасы 73,6 жыл болатын елде зейнетке 63 жаста шығу қалыпты жағдай ма? Әлде шынымен де төмендету керек пе? 

– Француз азаматтары зейнетке орташа есеппен 62 жаста шығады. Ал орташа өмір сүру ұзақтығы – 82,7 жыл. Яғни, зейнетке шыққан адам шамамен әлі жиырма жылдай өмір сүре алады деген сөз. Мысалы, Ренн гериатрия орталығындағы пациенттерімнің орташа жасы – 93-94 жас. Арасында 100 жастан асқаны да бар. Яғни, Францияда зейнетке шығу жасы нормативке сай.

Ал Қазақстанда өмір сүру жасының орташа ұзақтығы – 73,6 жыл. Енді өзіңіз есептеп көріңіз, қарттар зейнетке шыққан соң, жиырма жыл өмір сүре ала ма, жоқ па? Зейнетке шығу жасы осыған байланысты анықталуы керек деп есептеймін. Сол себептен де халықтың әйелдердің зейнетке шығу жасын төмендетуді талап етіп жатқаны дұрыс шығар.

– БҰҰ дерегінше, Франциядағы адамдардың өмір сүру ұзақтығы – 82,7 жас, Қазақстанда 73,6 жас екен. Адамдардың өмір сүру ұзақтығына қандай факторлар әсер етуі мүмкін?

– Менің ойымша, бұл елдердің экономикалық дамуына, адамдардың өмір сүру жағдайына байланысты. Жеткілікті еңбекақы алатын, дұрыс тамақтанып, дұрыс демалатын, өмір сүру сапасы жақсы адамдар ұзағырақ өмір сүреді. Оның үстіне дамыған елдерде профилактикалық медицина өте жоғары дәрежеде. Адамдар жылына бір рет толығымен тексеріледі, емделеді. Дәрігері рецепт жазып берген қарт адамдар жаттығу залдарына тегін бара алады. Вакцинация өте жақсы жолға қойылған. Сонымен қатар, Францияда фармацевтикалық зауыттар дамыған. Дәрілерінің сапасы жоғары. Мысалы, менің анам Алматыда тұрады. Қан қысымы бар. Дәрілерін жыл сайын Франциядан апарып беремін. Кейде дәрісі бір-екі айға жетпей қалса, Қазақстаннан соған ұқсас дәрі алады. Бірақ, айтуынша, олардың әсері төмен. Оның үстіне Францияда гериатрия өте жақсы дамыған. Оның бәрі өмір сапасын арттырып, өмір сүру жасын да ұзартады.


Оқи отырыңыз: Қазақстанда өмір сүру орташа ұзақтығын 2025 жылға қарай 75 жасқа дейін арттыру көзделген


– Францияда тұрып жатқаныңызға 20 жылдан астам уақыт болыпты. Онда ғылыми зерттеу жұмыстарыңызға материал жинау мақсатында барған екенсіз. Елге оралмауыңызға не түрткі болды?

– Иә, Францияда тұрып жатқаныма 22 жылдан асты. 1990 жылы Ленинградтағы педиатриялық медицина институтын тәмамдап, Алматыдағы ғылым академиясына аспирантураға түстім. 1996 жылы физиология институтында медицина ғылымдарының кандидаты атағын қорғап, жоғары ғылыми қызметкер болып жұмыс істедім. Сол кезде Франциядан медицина ғылымдарының докторы, радиотерапевт, профессор Кристиан Шеналь Семейдегі атом полигонынан зардап шеккен адамдардың денсаулығын зерттеуге келді. Францияда атом қару-жарағына қарсы дәрігерлердің қоғамы бар. Олар көптеген елде атом полигондарын тоқтатқаны үшін 1985 жылы "Нобель" сыйлығын алған. Кристиан Шеналь сол қоғамның профессоры. Ол кісі полигоннан зардап шеккендердің денсаулығын тексеруде өзіне көмекші болатын аспиранттар іздеп жүр екен. Институттың сол кездегі директоры, профессор Қабдырахман Дүйсембин ағай мені ұсынды. Кристиан Шенальмен Семей полигоны, Чернобыль апаты жайлы екі жақты жоба жасап, ЕуроОдаққа жіберуге келістік. Алайда, Чернобыль туралы жоба өтпей қалды. Себебі, ол кезде бұл тақырыпта ғылыми зерттеу жасауға әлі рұқсат берілмеген еді. Сол кезде профессор Шеналь мені Ренн қаласына шақырды, молекулярлық эндокринологиядан маманданудан өтуді, Семей полигонының зардабын бірге зерттеуді ұсынды.

Осылайша 1999 жылы 31 жасымда Ренн қаласына келдім. Молекулалық эндокринология, қоршаған орта мен денсаулық сақтау саласына арналған мамандандырудан өттім. Алты айдан кейін қосымша реабилитациялық орталықтан да тәжірибеден өтуге сұрандым. Себебі, Семейдегі полигоннан зардап шеккендерге реабилитация керек болса, біліп алайын деп ойладым. Сөйтіп бір жылдың ішінде үш саланы оқып шықтым. Сонда профессорлар менің еңбекқорлығыма таңғалып, клиникалық маманданудан өткім келсе, ұсыныс хат беруге дайын екенін айтты. Қатты қуандым. Өйткені, Францияда шетелден келген дәрігерлерге ондай ұсыныс өте сирек жасалады. Сөйтіп клиникалық эндокринология бойынша тағы екі жыл оқуға қалдым. Сол аралықта болашақ жолдасыммен таныстым. Ол француз жігіті. Ата-анамның батасын алып, бас қостық. Маған да жұмысымнан өте жақсы ұсыныстар түсе бастаған соң, осы жақта қалып қойдық. Қазір екі баламыз бар, бақытты отбасымыз.

Фото Жанар Төребаеваның жеке архивінен алынды.

– Францияда медицина ғылымының докторы атану – өте жоғары дәреже. Қорғау кезінде қандай талаптар қойылды? Қазақстанмен айырмашылығы қандай?

– Иә, Францияда клиникалық дәрігерлерге медицина ғылымының докторы атану өте қиын. Ал ғылыми лабораторияда медицина докторлығын қорғау салыстырмалы түрде оңайлау. Себебі, ғылыми лабораториядағы дәрігерлердің жалақысы клиникалық, яғни адамды емдеумен айналысатын дәрігерлердің жалақысынан 3-5 есе төмен болады. Сол себептен шетелден келген дәрігерлердің көбі оңайырақ ғылыми лабороториялық жолды таңдайды. Мен қиын болса да, өзіме ұнайтын клиникалық дәрігер болуды қаладым. Ленинградта оқып жүргенде Игорь Воронцов деген атақты профессор, педиатор сабақ беретін. Сол кісідей болуды армандадым. Сөйтіп Реннде эндокринологиядан кейін гериатрияны, сосын жалпы терапияны оқыдым. "Оқу инемен құдық қазғандай" дейді ғой қазақ. Қазір осы жолды таңдағаныма қуанамын және мақтанамын.

2011 жылы "Франция медицинасының докторы" деген атақ алдым. Қорғау кезінде қойылатын талаптары өте қатал. Бірінші Ленинградта алған дипломымның Францияда ғылыми атақ алуға жарайтынын не жарамайтынын тексереді. Кейін интерндерге арналған ұлттық сынақтан өтуің керек. Ол Парижде өтеді. Онда бес мың адам сыятын арнайы зал бар. Күніне бес мыңға жуық интерн сынақ тапсырады. Тәртіп өте қатал. Үш түрлі емтихан тапсыруымыз керек: фундаментальді медицина, клиникалық медицина және шетелден келген интерндерге француз тілі. Әр емтиханға үш сағат беріледі. Сол уақытта жауап жазып үлгеруің керек. Тура үш сағат болған кезде қоңырау соғылады. Артық бір секунд уақыт та берілмейді. Бәрі бейнебақылау арқылы тексеріледі. Жауап парағы анонимді түрде беріледі. Бәріміз әртүрлі нөмірмен кіреміз, кейін нәтижесін де сол нөмір арқылы білеміз. Көшіру деген болмайды. Бәсекелестік өте жоғары. Нәтиже де тыңғылықты тексеріледі. Оны шамамен бір жылға жуық уақыттан соң жариялайды. Себебі, дәрігер – Франциядағы ең жоғары жалақы алатын, ең сыйлы мамандық. 

Қазақстанда ондай орталықтандырылған, қатал емтихандар жоқ. Өзің оқып жүрген университетіңде өзіңнің профессорларыңа тапсырсаң, объективті бағаланбауы да мүмкін.

Елдегі әріптестеріммен тәжірибемді бөліскім келеді. 2014 жылдан бастап, біраз әріптесімді Реннге тәжірибеден өтуге шақырдым, өзім де Алматыдағы Медицина институтына барып, гериатриядан лекция оқыдым. Алдағы уақытта да ондай мүмкіншілік болады деген үміттемін. Себебі, ол тек маған байланысты емес, Қазақстандағы әріптестеріме де байланысты.

Жанар Төребаева 2010 жылдан бері Абай Құнанбаевты Франция халқына таныту жұмыстарымен де айналысады. 2016 жылы Ренн қаласында ақынның 170 жылдығына орай мүсінін қойғызған / Фото кейіпкердің жеке архивінен алынды

Оқи отырыңыз: Әйелдердің зейнетке шығу жасын төмендету жөніндегі петицияға 120 мыңнан астам адам қол қойды


– Гериатрия саласын таңдауыңызға не себеп болды?

– Жоғарыда айтқанымдай, эндокринологиялық клиникадан тағылымдамадан өтуге сұрандым. Сонда 2 жыл интерн болып жұмыс істедім. Оқу бағдарламасының талабы бойынша, барлық студенттер бір ауруханада көп дегенде 2 жыл ғана тағылымдамадан өте алады. Қалған екі семестрде басқа ауруханаға ауысуың керек. Сосын мен профессорларға гериатрия саласына маманданғым келетінін айтып, қандай орталықтар бар екенін сұрадым. Олар мені Ренндегі ең үлкен гериатрия орталығына жіберді. Сол жерде жұмыс істеп жүріп, қарт адамдарда болатын созылмалы аурулар туралы көп оқыдым. Өзім үлкен кісілермен тез тіл табысамын. Себебі, нағашы апамның қолында өстім. Сол себептен де маған қарт адамдармен жұмыс істеген ұнады. Екінші жағынан, қарт адамдарда болатын аурулар өте көп, созылмалы аурулар да бар, бір сөзбен айтқанда күрделі сала. Маған неғұрлым күрделі болса, соғұрлым қызықты. Себебі, жеңіл жолмен жүргенді ұнатпаймын. Осыны байқаған профессорым Ренндегі университетте үш жылдық маманданудан өтіп алуды ұсынды. Ұсыныс хат жазып берді. Осылайша бірнеше мамандықтан маманданудан өттім. Барлық сабағым кешкі бесте басталатын. Ал ол уақытқа дейін интерн болып жұмыс істедім. Қазір жиырма бір жыл дәрігерлік тәжірибем бар.

– Сөзіңізге қарағанда Францияда дәрігер еңбекақысы өте жоғары, сыйлы мамандық қатарында екен. Дәрігердің беделін көтеруде француз тәжірибесі қандай?

– Жастар оқуға өз еңбегімен түседі, қорғайды. Сол себепті халық та дәрігерлерді сыйлайды. Француздардың осы тәжірибесі Қазақстанға өте жақсы үлгі бола алады.

Медициналық оқу орындарында жемқорлыққа жол жоқ. Студенттердің бағасына өте қатал қарау керек. Еңбекақысы да жоғары болуға тиіс. Сол кезде дәрігерлер де пациенттерінен пара алмайды. Сонда оларды халық сыйлайды. Денсаулық сақтау саласындағы саясат осылай болуы керек. Себебі, адам баласының өмірінен, денсаулығынан артық байлық жоқ.

 

 

Серіктестер жаңалықтары