Тікелей эфир

Қазақ халқы мүшелді неге қатерлі жас санайды?

13 жастан бастап мүшел жас әр 12 жыл сайын есептеледі.

Қазақ халқы мүшел жасқа ерекше мән берген. Адамның өміріне байланысты ананың құрсағындағы мерзімді есептеп, бірінші мүшелді 13 деп алған. Одан кейінгі мүшел жас әр 12 жыл қайталанған сайын есептеліп отырған. Әр мүшел ішінде адамның өзіне тән ерекшеліктері мен болмысы қалыптасады.

Мүшел санау

Халықтың адам өмірін кезеңдерге бөлуіне байланысты қалыптасқан шартты түрдегі бөліністері мен мүшел санау үрдістері қоғам мүшесінің әлеуметтену жағдайын, яғни қоғамдағы орны мен мәртебесін белгілеуді білдірді. Әр мүшел ішінде адамның өзіне тән қасиеттері мен болмысы қалыптасады.

Алғашқы мүшел – 13 жас. Бұл адамның балалық шақтан ересектік шаққа дейінгі кезеңі. Ол кезде ер баланың дауысы өзгеріп, қыз баланың дене бітімі толыса бастайды.

25 жас – жігіттіктің алғашқы сатысы. Ол кезде ер жігіт бусанып, дене құрылысы өсіп, жетіліп, күші тасып тұрады. Бұл мүшелде де садақа беріп, келесі мүшелге дейін аман-есен болайын деп ниет етеді.

37 жас – адам өміріндегі ең басты мүшел. Бұл мүшелде адам жігітшіліктен мосқалдау кезеңге өтіп, ақыл тоқтатып, дүниеге қызыға да, қызғана да қарайды.

49 жас – бұл адамның даналыққа аяқ басатын кезеңі. Бұл мүшелде кейбіреуі немере сүйсе де, кәрілікке мойын бұрмай, "маған кәрілік келмесе екен, әлі де болса қартаймай ойнап-күліп қалайыншы" дейтін кезі.

61 жас – адамның даналығы артып, өзінен туған балаға сын көзбен қарап, басқан ізін аңдып, жаман-жақсысын ажыратып, өзі де тәрбиеге келетін кезі.

73 жас – қарттықтың басы. Бұл кәріліктің мойынға мініп, аяғын тұсап, отырса тұруы, тұрса отыруы мұң, жатса ұйқы жоқ, адамның діңкесі құрып, "ай хай, жас кезім-ай" деп көкірегі қарс айырыла күрсініп, дөңбекшіп барып ұйықтайтын кез.

85 жас – кәрілік. Бұл мүшелде адамның айдай басы қатып, өзінен кейінгілермен бала құсап ұрсысып, жеген тамағын жеген жоқпын деп, өкпелейтін кезеңі.

Жеті мүшелден кейін "сарқыншақ", "таусыншақ" деп сұрауы жоқ мүшелге теңейді: 97 жас (қалжырау), 109 жас (шөпшек сүю), 121 жас (немене сүю).


Оқи отырыңыз: Қазақ жас ерекшелігіне неге мән берген?


Мүшелдер арнайы ғұрыптар арқылы аталып өтілген. Мысалы, жарты мүшелге келген ұл баланы сүндетке отырғызып, атқа мінгізу, ал қыз баланың құлағын тесіп, сырға тағу. "Он үште отау иесі" деген сөз де бекер айтылмаған. 

Қазақтар туған күнді немесе мүшел жасқа толуын атап өтуді бұрын әдетке, салтқа айналдырмаған. Алайда қазір адамдар мүшел жасын тойлап жатады. Оны мүшелтой, кейде мерейтой деп те атайды. 

Қазақтар мүшел жаста қалай сақтанған?

Мүшелден мүшелге өту аралығындағы жаста адамға қауіп-қатер жуық болады деп есептелген. Бұл кезең тән мен жанның өзгеріске ұшырайтын тоқырау кезі, белесі деп саналған. Қазақстар мүшел жасты қауіпті кезең деп есептеп, одан аман-есен өтуі үшін өзі жақсы көретін киімдерін таратып, садақа беріп, құран оқытып жатады. Халық арасында 13 пен 37 мүшел жас қауіпті саналады. Бірінші мүшел өтпелі кезеңмен сәйкес келетіндіктен, денсаулыққа қауіп төндіреді. 37 мүшел жас бұл кезеңде адам баласы есейіп, отбасын ғана емес, бүкіл бір елді басқаратын кезең болған соң, оған келер қауіп те көбейеді деген түсінік қалыптасқан.

"12 жасымда дүкенге барар жолда жердегі бір тасты басып сүрініп кеттім де, қолымды сындырып алдым. Жиырма бес жасымда кір жаюға шыққанда атам үйдің есігін жөндеп жатыр екен. Мен оны байқамағанмын. Есікті тартып қалған кезде ол үстіме құлап, балтырымның терісі бөлініп кетті. Екі аптадай гипспен жүрдім. Мүшел жаста осындай оқиғаларға тап болғаным қызық болды. Өзіңе ұнайтын нәрсеңді беруің керек немесе мешітке барып құран оқып, садақа беруің керек дейді. Өзім бастан өткерген соң мүшел жаста абай болу керек дегенге сене бастадым", – деді Жадыра Қожахметова.

Ал Айнұрдың үстіне 7-сыныпта үстіне қайнап тұрған шәйнек төңкеріліп, денесі тұтас күйіп қалған. 25 жасында жасында кенет ішінде ісік пайда болып пышаққа түскен.

"Операция біткен соң жарты жыл өткеннен кейін ғана мүшел жаста болғаным есіме түсті. Негізі ырымға, ғұрыптарға сене бермеймін", – дейді ол.

Кей респонденттер жақындарының мүшел жаста қайтыс болғанын айтады. Мүшел жаста әр адам сақтанып жүреді, алыс, ауыр сапарларға шықпайды. Ауа райының қолайсыз кезеңдерінде абайлап жүреді. Қазақтардың мұндай сақтануы негізсіз емес. Өйткені адам ағзасында әр 12 жылда үлкен өзгерістер болып тұрады деп есептейді. 


Оқи отырыңыз: Қазақша жыл қайыруды білесіз бе?


Астрология не дейді? 

Астрологияны планеталар циклі туралы ғылым деуге де болады. Планеталар адам өмірінің кезеңділігін белгілеп, тағдырға әсер етеді. Өмірдің әртүрлі кезеңінде біз қайталанатын планеталардың әсерін бастан өткереміз дейді астрологтар. Белгілі бір уақыт аралығында ұқсас жағдайлар қайталанса мұның қандай да бір заңдылығы болуы керек.

Астрология ғылымының есебі бойынша, әрбір 12 жылда Юпитер өзінің орбитасын бір рет айналып шығады. Әр 12 жыл сайын тағдыр адамның алдына жаңа міндеттер қояды. Әрбір 12 жыл сайын тағдыр адамның алдына жаңа міндеттер қояды. Адам дамудың жаңа кезеңіне қадам басып, Юпитердің жаңа 12 жылдық циклі басталады. Сонда әрбір мүшел он екі жыл сайын кіреді. Жаңа кезеңнің басталғанын адам көбіне цикл басталмастан бір жыл бұрын сезеді. 

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары