"Қара қыз" фильмі 2023 жылы экранға шығады. Түсірілім алаңынан репортаж

Фото: "Қара қыз" фильмінің түсірілм тобы
Фото: "Қара қыз" фильмінің түсірілм тобы

Солтүстік Қазақстан облысында басталған түсірілім жұмыстары Алматы облысы Ақши ауылында жалғасын тапты.

Сарбаздың соғыстағы ерлігі, басты кейіпкерлердің қарым-қатынасындағы жанашырлық, махаббат, поэзия, патриотизм, қазақ қыздарының батылдығы туралы баяндайтын туындыны кинорежиссер Талғат Теменов түсіріп жатыр. 

Фильмнің басты сахналары бұған дейін Солтүстік Қазақстан облысында түсірілген болатын. Түсірілім тобы СҚО мен Алматы облысын кездейсоқ таңдамаған. Екі өңірдің ландшафты көркем фильмдегі атмосфераны дәл береді.

Фото: "Қара қыз" фильмінің түсірілім тобы

Оқи отырыңыз: "Мұқағали" халықаралық кинофестивальде бас жүлдеге ие болды


Түсірілім тобында 70 адам бар, жаппай көріністер түсірілген кезде олардың саны 100-110 адамға дейін өседі. Басты кейіпкер Асқарбектің рөлін жас актер Ерлан Құлмұрзин, ал басты әйел кейіпкердің рөлін Нұрай Сақтағанова сомдайды.

Фото: "Қара қыз" фильмінің түсірілім тобы

Осы уақытқа дейін 16 жобада бой көрсетіп үлгергеніне қарамастан, Ерлан Құлмұрзин "Қара қыз" фильмінің түсірілім жұмыстары өзіне қиынға соққанын жасырмайды. Айтуынша, уақыт тығыз болып, ал өзі ауырып тұрса да, киноға түсуден бас тартпай, актерлік міндетін толық орындап шыққан. 

Фото: "Қара қыз" фильмінің түсірілім тобы

"Солтүстік Қазақстан облысында болғанымызда қиын сахналар көп болды. Бірақ, Алматы облысындағы сахналар да оңайға соғып жатқан жоқ. Түсірілімнің алғашқы күндері қатты қар жауып, ауырып қалған кездерім де бар. Бірақ уақыт жоғалтпау маңыздырақ болғандықтан, ауырып тұрып түсе бердім. Осындай фильмдерге түсу арқылы шыңдала түсетініміз, тәжірибе жинайтынымыз сөзсіз. Мен сомдайтын кейіпкер туралы айтар болсам, әкесі де, досы да қаза тауып, өмірі үлкен ауыртпалықтарға толы болады. Шыжығымен қызығы қатар жүрген сәттер де жетерлік. Құдай қаласа, фильмді келер жылы күтіңіздер", – деді Ерлан Құлмұрзин. 

Асқарбектің сүйіктісі "Қара қызды" сомдаған Нұрай Сақтағанова да түсірілім жұмыстарының өзіне оңай соқпағанын жасырмайды. Өйткені, бұл 18 жастағы бойжеткен түскен алғашқы туынды. 

Фото: "Қара қыз" фильмінің түсірілім тобы

"Мені кастингке шақырды, бірақ басты рөлге таңдап алады деген ой мүлдем болмады. Актерлік тәжірибем мен кәсіби білімім болмаған соң, оған қоса киноның қыр-сырын түсінбесін өте қиын екен. Әр түсірілім сайын өзіме жаңа сабақ алып жатырмын", – деді Нұрай Сақтағанова. 


Оқи отырыңыз: Дулат Исабеков жас жазушылар туралы: Олар біз сияқты романтик емес, прагматик


Алматы облысындағы түсірілім жұмыстары үшін Ақши ауылында 15 ауыл, теміржол, диірмен, мектеп, клуб, пошта салынған. Бір жарым айға жалғасқан құрылыс жұмыстарына 10 адам жұмылдырылды. Декорация құру жұмыстарының жетекшісі Еркен Сүлейменов тұрғызылған үйлердің сол күйі қалатынын айтты. Яғни, оларды жас буын фильм түсіру үшін қолдана алады. 

Фото: "Қара қыз" фильмінің түсірілім тобы

"Мосфильм" мен "Өзбекфильмге" барғанымда бұрыннан келе жатқан декорациялардың барын көрдім. Алғашқысының декорацияларын жуырда бұзып тастады. Өзім жас студенттермен жұмыс істейтіндіктен, осы жердегі декорацияны бұзбауды жөн көріп отырмын. Әдетте студенттердің дипломдық жұмысы өте әдемі шығады. Оның үстіне жер әкеме тиесілі болғандықтан, күтіміне қатысты еш қиындық болмайды", – деді Еркін Сүлейменов. 

Фото: "Қара қыз" фильмінің түсірілім тобы

"Қара қыз" фильмі 2023 жылы көрермендерге жол тартады деп жоспарланып отыр. 

Читайте новости без рекламы. Скачайте мобильное приложение informburo.kz для iOS или Android.

Поделиться:

 Если вы нашли ошибку в тексте, выделите её мышью и нажмите Ctrl+Enter

 Если вы нашли ошибку в тексте на смартфоне, выделите её и нажмите на кнопку "Сообщить об ошибке"

Популярное в нашем Telegram-канале

Серіктестер жаңалықтары