"Орысқұл, хайпожор, мәңгүрт". Әлеуметтік желіде пікір жазғанда нені ескеру керек?

Сарапшылар Дәурен Абаевтың "үңгірдегі ұлтшылдық" деген сөзі мен Қордай ауданында болған қақтығыстар туралы жазбаларға талдау жасады.

Өшпенділік тілі деген не, оның шекарасы қайда, ол неге әкеп соғуы мүмкін, оны неге қолдануға болмайды және қандай жағдайда сотқа тартылу қаупі бар?

MediaNet халықаралық журналистика орталығы Қордай ауданында болған қақтығыстар мен тіл сақшылары секілді екі оқиғаны мемлекеттік орган өкілдері мен әлеуметтік желі қолданушылары қалай қабылдағанын талдады. Зерттеу "Қазақстандағы өшпенділік тілін зерттеу: резонанс тудырған ұлтаралық қақтығыстардың әлеуметтік желідегі көрінісі. Ықтимал шешімдер" деп аталады.

Онда 2020 жылғы ақпан мен 2021 жылғы қыркүйек аралығында Facebook әлеуметтік желісінің қазақстандық сегментіндегі 18 пікір көшбасшысының жарияланымдарына, Instagram желісіндегі танымал 9 пабликтегі жазбаларға, сонымен қатар оқырманы көп 9 онлайн-медианың материалдарына жүргізілген мониторинг пен сарапшылар талдауы топтастырылған.

MediaNet халықаралық журналистика орталығының директоры Әділ Жәлелов жоба 2017 жылы қолға алынғанын айтады. Ол кезде тек Facebook-тегі 20 пікір көшбасшысының посттары мен пікірлеріне шолу, сараптама жасалған.

"Биыл оны кеңейтіп, қоғам назарын аударған екі мысалды таңдап алдық. Қордайдағы жанжал мен Абаевтың "үңгірдегі ұлтшылдық" туралы сөзі. Менің ойымша, екі үлкен мәселе бар. Қазақстан қоғамы ойын ережесін, регламентті білмейді. Адамдар өзінің эмоциясын жеткізу кезінде өшпенділік тілін қолданады. Мүмкін олар өздерінің жазып отырғанын пікірі патриоттық сезімнен туған ойлар деп санайтын шығар. Бірақ, шындығында, олар барлық ережені бұзады. Сондықтан, не істеуге болады, не істеуге болмайды, рұқсат етілген мен тыйым салынғанның арасындағы шекара қайда екенін түсіну маңызды", – дейді Әділ Жәлелов.

Өшпенділік тілі – кемсітуден, антогонистік және толерантты емес сөздерден тұратын тұжырым, ол жекелеген әлеуметтік топтарға, соның ішінде көбінесе азшылық өкілдеріне қатысты қолданылады. Әлеуметтік желіде жазба, пікір жазатындардың көбі біліп-білмей өшпенділікке шақыратын сөздерді қолданады.

Өшпенділік тілінің түрлері

Өшпенділік тілін бес топқа біріктіріп қарастыруға болады. Бұл туралы PaperLab зерттеу орталығының директоры Серік Бейсембаев айтты. Ол "Өзімізді" жақтау мен зұлымдықты жақтаудың ара жігі. Қазақстандағы Қордай оқиғасындағы өшпенділік тілін талдау" презентациясында "Қордай оқиғалары" контексіндегі өшпенділік тілін талдап берді.


Оқи отырыңыз: Қордай ауданындағы жаппай тәртіпсіздік: 51 сотталушыға үкім шықты


Талдау барысында Сьюзан Бенеш пен Кэтрин Брюгердің "қауіпті сөйлеу" практикалық нұсқаулығына сүйене отырып, өшпенділік тілінің бес түрі болатынын айтты:

  1. Дегуманизация/адамгершіліктен аттау: Бұл риторикалық әдіс адамдар тобын адами қасиеттерінен айыруға бағытталған. Ол топтарды жануарлар, табиғи апаттар, ерекше жаратылыс иелері, ауру-кеселдермен салыстырып қана қоймай, олардың топқа қарсы қатыгез әрекеттерін де ақтап алатын қасиеттер береді. Мысалы, әлеуметтік желілерде ел Қордай оқиғасы кезінде дүнген қауымдастығы өкілдерін жаппай хайуанға теңеп жатты. Қасқырмен және итпен салыстырды. "Аюға намаз үйреткен таяқ" деген зорлық-зомбылық әдістері арқылы тәрбиелеуге де шақырған. Сондай-ақ "аузына не түссе соны асай салатын" әдеті бар деп, "шошқа" образы да таңылды.
  2. Біржақты айыптау: Бұл белгілі бір топты "өз тобына" қауіпті деп түсіну. Сол арқылы өзінің іс-әрекетін, оның ішінде жасаған зорлық-зомбылығын ақтап алуға тырысады. Мысалы, әлеуметтік желіде жазылған пікірлердің бірқатары дүнген қауымдастығын "ішкі жау" бейнесінде суреттеді. Оның артында дүнгендердің өз автономиясын құрып, сол арқылы Қазақстан аумағының тұтастығына қауіп төндіріп, Қазақстанға опасыздық жасауға немесе Қазақстанды Қытайдың басқаруына беруге деген жасырын ниеті бар деген қорқыныштар жатты. Дүнгендердің бір видеода "жер сенікі – билік біздікі" деп ашық айтқаны туралы пікірлер бар. Сондай-ақ, дүнгендердің бүйрегі қылмыс жасауға бұрып тұрады деп айыптайтындар да кездескен.
  3. Топтың тұтастығы мен тазалығына қауіп төндіру: Қордай оқиғасы кезінде желі қолданушылары дүнгендерді қазақ жеріне көшіп келген қонақ деп қарастырды.  Мұндай риторика олардың бір жерде шоғырланып тұруынан қауіптенуден туындайды. Бұл әңгімелер дүнгендерді күштеп көшіру, сондай-ақ "көпұлтты болу үшін жағдай жасап отырған мемлекет саясатын қайта қарау керек" деген бастамаларға түрткі болады.
  4. Өз тобы мүшелерінің адалдығына күмән келтіру: Қордай оқиғасын талқылаған кезде, дүнгендерді жақтап сөйлеген қазақтар жиі шабуылға ұшырады. Оларға "жалған моралистер", "фейк жаңалық таратқыштар" деген айып тағылды. Дүнгендерді қорғап орыс тілінде пост жазған желі қолданушылары ғана емес, жалпы орыстілді қазақтар да шабуыл астында қалды. Көбінесе мұндай топ өкілдерін "мәңгүрт", "өз қазағынан жерігендер", тіл үйренуге өресі жетпеген "нақұрыстар" деп қорлайды.
  5. Әйелдер мен балаларға қиянат туралы мәлімдемелер: Мұндай хабарламалардың эмоциялық күші тым жоғары. Мысалы, "дүнгендер бір жас қызды зорлапты" деген жаңалық желі қолданушылары арасында тез тарап, түрленіп, желдей есті. Комментаторлар дүнгендер "екі кішкентай қызды қорлаған", "11-сыныптағы қызды зорлап, денесін өртеп жіберді", "қазақ баласын жабылып ұрып-соққан" деп жазды.

"Бұл қатарға қақтығыста зардап шеккен қария туралы хабарламалар да кіреді, олар қоғамдық санада осал топ ретінде қалыптасқан, яғни кез келген жағдайда қорғауды қажет етеді. Оған дәлел – келтірілген зиянның көлемін асыра айту, "олар 80 жастағы ақсақалдың бар сүйегін сындырған", "80 жастағы қарттың жамбасын сындырды, бұл – асқан жауыздық" деген жазбалар. Жалпы алғанда, риторика ұлт рәміздерін сыйламайтын, "домбыраны сындыратын, жалауды өртейтін, адамдарды ұратын..." жаулардың шабуылынан қорғауға шақырады",– деп түсіндірді баяндамашы.

Аталған сараптаманы жасау үшін Facebook желісіндегі 20 пікір көшбасшысының, Instagram желісіндегі 10 танымал парақшаның, сондай-ақ қазақ және орыс тілдеріндегі 10 БАҚ жазбасынан тұратын дереккөздер іріктемесі жиналған. Авторлар жиналған хабарламаларға қосымша контент талдау жүргізген. Контент-талдау барысында барлығы 372 хабарлама қаралған. Олардың 343-і – қарапайым қолданушылардың пікірі, 13-і – пікір көшбасшысының жазбасы және 16-сы – интернеттегі мақалалардан алынған дәйексөздер. Тілдік тұрғыда 182 хабарлама – қазақ тілінде, ал 190 хабарлама орыс тілінде болып бөлінген.

"Өшпенділік тілін лауазымды адамдар да қолданады"

Тәуелсіз зерттеуші, медиа сыншы Оразай Қыдырбаев 2021 жылдың 12 тамызында Президент әкімшілігінің көмекшісі Дәурен Абаевтің "Қазинформ" ақпараттық агенттігінің "Открытый диалог" бағдарламасына берген сұхбаты нәтижесінде ортаға шыққан конфликтіні талдаған. Ол бұл туралы "Үңгірдегі ұлтшылдық" дискурсы өшпенділік тілі ретінде: Facebook және Instagram желілеріндегі пікірлерге сыни дискурс анализ" презентациясында айтты.

Бағдарламада жүргізуші Абаевтың тіл рейдін ұйымдастырушылар туралы пікірін сұрайды. Абаев олардың бұл әрекетін "үңгірдегі ұлтшылдық ретінде бағалаймын" дейді. Кейін бұл сөзі әлеуметтік медиада қызу талқыланды. Зерттеуші осы тақырыпқа қатысты желіде жазылған пікірлердің арасында қандай өшпенділік тілі кездескенін, ол кімге бағытталғанын, қандай формада ортаға шыққанын қарастырған.


Оқи отырыңыз: "Гив", марафон, курс, ұтыс ойындары. Әлеуметтік желі қалай қара базарға айналды?


"Үңгірдегі ұлшылдық" та өшпенділік тілі ме?

Сарапшы Дәурен Абаевтың сөзі метафора екенін айтады.

"Ол "үңгір" дегенді тікелей мағынада айтқан жоқ. Ол үңгір арқылы басқаша мағыналарға сілтеме жасаған еді. Қазақ тілінде "үңгір" сөзі жағымды мағынада қолданылмайды. Ол "қараңғылық", "надандық", "артта қалушылық", "жабайылық" деген мағыналарды береді. Сұхбатта Дәурен Абаев "пещерный национализм" деп айтты және оны қазақшалап, "жабайы ұлтшылдық" деп түсіндірген болатын. Аудитория оны бірден негатив мағынада қабылдады. Бұл сөзі арқылы Дәурен Абаев Қазақстандағы тіл жанашырларына өшпенділік тілімен жауап бергендей болды. Осының нәтижесінде Қазақстанда Дәурен Абаевқа және Қазақстан үкіметіне қарсы дискурстар өндірілді. Өшпенділік тілі төрт түрлі бағытта өндірілген болса, біріншісі "мәңгүрт", "сатқын", "қорқақ" және "орысқұл" дискурсы саяси билік өкілдеріне бағытталды. "Орыс тілінде сөйлейтін парламентті қуу керек" деп жазғандар да болды",– дейді Оразай Қыдырбаев.

Сарапшы оның себебін де түсіндірді. 2011 жылы Нұрсұлтан Әбішұлы Халыққа жолаудында "2020 жылға қарай Қазақстан халқының 95 пайызы қазақ тілінде еркін сөйлейтін болады" деген болатын. Жылдар бойы Үкімет мемлекеттік тілді дамытуға өте көп қаржы бөліп келді. Соған қарамастан, мемлекеттік тілді бүкіл Қазақстан халқы біле бермейді.

"Тіл жанашырлары осы мәселені көтерген болатын, алайда оларды бірден "ұлтшыл", "үңгірдегі адамдар" деп, Үкімет өзінің жылдар бойы саясаттағы қателігін мойындамай, қарапайым халықты айыптай жөнелгені ұнамады. Бұл халықтың да ашуын туғызды және оларды "мәңгүрт",  "орысқұл" деп айыптады",– дейді сарапшы.

Оразай Қыдырбаевтың айтуынша, қазақ тілінде қызмет көрсетілуін агрессиямен талап етіп, онысын видеоға түсіретіндерге  және кейде қазақы ортада туып-өскен, ауылдан шыққан этникалық қазақтарға қарата "хайпожорлар" деген тағы бір анықтама жапсырылған.

"Өшпенділік тілі ортаға шыққан соң, жоқ болып кетпейді. Керісінше, бір өшпенділік тілі екінші бір өшпенділік тілін тудырады. Осылайша, үнемі айналымда жүре береді. Сондықтан өшпенділік тілін мүлде айтпау керек, шығармау керек",– деді Оразай Қыдырбаев.

Сонымен қатар, ол Қазақстан билігі мен саясаткерлерге аудиторияны бөлумен емес, біріктірумен айналысуды және мәлімдемені сақтықпен жасап, ешкімді кемсітпейтін сөз қолдануды ұсынды.


Оқи отырыңыз: Тоқаевтың әлеуметтік желіде белсенді болу тапсырмасын министрлер қалай орындап жатыр? Шолу


Ал ақпарат өндірушілері және аудиторияға ұсыныстар:

  • Жазбада ешқашан өшпенділік тілін қолданбау;
  • Жариялаған ақпараттың өшпенділік тілі мен стереотип қалыптастыруына жол бермеу, оқырманды бейбіт пікір алмасуға шақыру;
  • Жазба астындағы пікірлерге модерация жасап, өшпенділік тілін жойып отыру.
  • Саясаткерлер мен жазба авторлары түрлі мүддені көздейтінін ұмытпау, олардың мәлімдемесіне сыни тұрғыдан қарай алу;
  • Өшпенділік тілін байқаған жағдайда жазбаға шағым жолдау, мұндай пікірдің зияны туралы түсіндіру.

Серіктестер жаңалықтары