Тікелей эфир

"Гив", марафон, курс, ұтыс ойындары. Әлеуметтік желі қалай қара базарға айналды?

Әлеуметтік желі әлеумет өміріне дендеп кіргелі бері тыныштық жоқ.

Біреулер аудиториясын кеңейтіп әлек болса, екіншілері оны табыс көзіне айналдырған. Тіпті, танымал тұлғалар да желіде "гив" ойнатып, түрлі марафон, ұтыс ойындарын өткізеді. Өкініштісі, мұндай ойындардың алаяқтықпен астасып жататыны да бар. Бұл мәселені бүгін кешке сағат 22.00-де 31 арнаның эфирінен көрсетілетін "Неге?" ток-шоуының қонақтары талқылады.

Ақмарал Елшін, блогер, "гив" ұйымдастырушы: 

– Біз "гив" байқауын демеушілер тарапынан өтініш түскен кезде ғана ұйымдастырамыз. Бір "гивті" ұйымдастыруға жүздеген адам демеуші болады. Талап бойынша біздің оқырмандар сол жүздеген демеушіге жазылуы тиіс. Басты талап – осы. "Гив" ойынында бір адамға жазылғаны үшін ақы 2 теңгеден басталады. Яғни, демеушілер жазылушыларды осы ақшаға сатып алады деген сөз. Біз демеушіге келісіп, белгілі бір жазылушылар санын жинап беретінімізге кепілдік береміз. Айта кететін нәрсе, біз халықтан ешқандай ақша жинамаймыз. Тек демеушілер ғана ақша төлейді. Сәйкесінше, "гивтен" халыққа ешқандай зардап жоқ. Өйткені, халық ақша салған жерде ғана құрбан болып жатады. Ал мен әлеуметтік желіде марафон не ұтыс ойынын өткізбеймін, тек арасында осылай "гив" ұйымдастырамын.

Айгүл Орынбек, заңгер:

– Мен "гивке" қатысып көрдім. Зерттеу үшін. Адамға зиян ба, зиян емес пе? Мен Instagram желісіне аса қызықпайтын адам едім (тек Facebook желісін белсенді қолданамын), бірақ, адамдардың бәрі, менің таныс-тамырларыма шейін "гив" ойнатып кетті. "Гивтің" пайдасы – оқырман жиналады. Бірақ, ол оқырман біраздан соң жоқ болып кетеді. Сондықтан халыққа оны да алдын ала айту керек. Әйтпесе, кейбіреулер демеуші болсақ, бізге миллион адам жазылады деп ойлайды. Егер сіздің аккаунтыңыз қызық емес болса, миллион адам келгеннің өзінде олар сыйлығын ұтып алған соң сол күні-ақ шығып кетеді.

Тілеужан Кішкенебаев, адвокат:

– Негізі, "гивтен" халыққа келіп-кететін ауыртпалық жоқ. Өйткені, оны ойнатушылар халыққа тегін сыйлығын ұсынып жатыр. Бұл сыйлықты ұсынып отырған демеушілер. Бірақ, не үшін демеушілер танымал блогерлердің көмегіне жүгінеді? Себеп – олар арқылы өздеріне "подписчик" жинағысы келеді. Мәселен, біреу сұлулық салонын ашуды жоспарласа, әлеуметтік желі арқылы клиент табу үшін өзіне оқырман жинауы қажет. Халыққа зиянсыз дегенмен, "гив" ойынының да тәртібін заңдастыру керек деп есептеймін. Мәселен, келеңсіз оқиға Кәмшат Жолдыбаеваға қатысты болды. Ол да "гив" ойнатты. 25 мың жазылушы жинап беремін деп демеушілерден 100-150 мың теңгеден ақша алған. Алайда 25 мың жазылушы жиналмай қалады. Сөйтіп, шу болды. Бұл ретте Кәмшат Жолдыбаева мұндай уәде берілгенінен бейхабар болып шықты. Оның сыртынан ұйымдастырушы осындай ақпарат таратқан. Сондықтан бәрі заңды болуы үшін ұйымдастырушы мен демеуші арасында келісімшарт жасалуы тиіс. Айталық, егер 25 мың жазылушы жиналса – пәлен сома, 10 мың мен 25 мың аралығында жиналса – мына сома беріледі деп, бәрі анық көрсетілуі тиіс.

Күнсұлу Тұрғынбекқызы, актриса:

– Менің Facebook, Instagram желісінен, өзге де түрлі ақпараттық желілерден бас тартқаныма біраз уақыт болды. Менде парақша бар, бірақ мен ол жерде жарнамамен айналыспаймын. Өйткені, әр нәрсе үшін мен екінші өмірде жауап беретінімді білемін. Өнер адамы өзінің өнерімен, әнші өзінің әншілігімен, актер өзінің театр және киносымен, яғни әркім өзінің саласымен жұмыс істесе, оған артық сұрақ та, дау да болмайды. Мен тележүргізуші болғандықтан, маған да талай психолог, коуч мамандар хабарласады. Мені қатты толғандыратын мәселе – неге адамдардың бәрі ақыл сатқыш болып кетті? Неге біз қазір тек психолог мамандардың ақылымен ғана өмір сүре алатын дәрменсіз жағдайға жетіп қалдық? Әлеуметтік желі базарға айналып кеткен, тіпті адамның жанын да сатып жіберуге дайын. Мен үшін бұл біртүрлі нәрсе.


Бағдарламаның толық нұсқасын бүгін, 20 қараша күні сағат 22.00-де 31 арна эфирінен не YouTube арнасынан тікелей эфирде көруге болады.

Серіктестер жаңалықтары