2 қыркүйекте Қостанай облысында басталған орман өрті елді мекендерге тарады. Орман шаруашылығының ауданы 107 мың гектар болса, өрт аумағы 43 мың гектардан асқан. Облыстағы Аманқарағай, Лесное, Озерное, Бағаналы және Калинино ауылдарында өрт сөндіріліп жатыр. Ол жерлерден 1841 адам адам эвакуацияланған. Өрт салдарынан 10 адам жарақат, күйік алған, уланған, өкінішке қарай, бір адам қаза тапты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Әулиекөл ауданындағы өрт сөндіру жұмыстарымен танысу мақсатында Қостанай облысына жұмыс сапарымен келді. Соңғы мәліметтерге сәйкес, өрт сөндіруге 224 техника, 7 әуе кемесі, 5 өрт сөндіру пойызы, жеке құрамнан 2 193 адам жұмылдырылған.
"Орман саласына жеткілікті қаржы бөлінбейді"
Экология саласындағы тың мәселелерді көтеріп жүрген Сәкен Ділдахмет Қостанай облысындағы орман өрті Қазақстанда бұл саланың жеткілікті деңгейде қаржыландырылмайтынын көрсеткенін айтады.
"Өкінішке қарай, 120 орман шаруашылығы мекемесінің материалды-техникалық базасы ескірген. 2000 жылдары орман шаруашылықтары әкімдіктерге берілді. Меніңше, өте қате шешім. Біріншіден, әкімдіктерде оларды басқаратын орман саласының мамандары жоқ. Екіншіден, әкімдіктер бірінші кезекте әлеуметтік маңызды салаларды қаржыландырады. Ал орман шаруашылығы ең соңында қалып қояды. Қаражат жетіспей орман шаруашылығын әбден тоздырып жіберген. Қаражат бөлмейді. Орман саласы әбден тоналып бітті, орман уақытылы жаңартылмайды, техникасы да жоқ. Әкімдiктер орман шаруашылығы кәсiпорындарын жай ғана талан-таражға салып жатыр, ал оны ұстауға іс жүзінде ақша бөлiп жатқан жоқ", – деді сарапшы Сәкен Ділдахмет.
Сарапшы президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан орман шаруашылықтарын Экология министрлігіндегі орман шаруашылығы комитетіне қайтаруды сұрады. Оның сөзінше, мұндай мекемелер жеткілікті деңгейде қаржыландырылуы керек.
"Статистика көрсеткендей, Экология министрлігінің ведомстволық бағынышты ұйымдары өртті жедел ауыздықтайды және материалды-техникалық базалары әжептеуір жақсы. Орман шаруашылығы ресми түрде Экология министрлігінің қарамағында болуы керек. Бір кездері "ақылды адамдар" әкімдіктерге беруді дұрыс деп шешкен екен", – деді эколог.
Оның сөзінше, ескі техника, мардымсыз бюджет секілді кемшіліктер салдарынан жыл сайын әкімдіктерге қарасты орман шаруашылығы мекемелері өрт маусымына дайын болмайды.
"Бұл мекемелер орман сөндіруден бөлек ағаш егеді. Маман даярлау мәселесі де бар. Орман шаруашылығы қызметкерлері тым төмен айлық алады – 40-45 мың теңге. Олар орманда жүріп өртпен, браконьерлермен, жабайы жануарлармен күреседі. Орманшылардың әлеуметтік жағдайы өте нашар. Жалақысын көтеру керек. Сол үшін де техникаларды жаңартуға, орман қорын ұлғайтуға қаражат бөлу қажет. Жаһандық жылыну мәселесі ушығып тұр. Ал одан сақтайтын орманды "әлемнің тынысы, өкпесі" деп атайды. Орман – әлемдегі экологиялық баланстың ең үлкен бөлшегі. Қазақстан аумағының 4,8% ғана орман қоры құрайды. Сол үшін де орманның болуы, оны өсіру өте маңызды", – деді сарапшы.
Оқи отырыңыз: Қостанай облысындағы өрт: 5 ауылда өрт сөндіру жұмыстары жүріп жатыр
"Барлық өңірде жоғары санаттағы орман өрті қаупі бар"
Сәкен Ділдахмет күннің ыстығына байланысты Қазақстанның барлық өңірінде жоғары санаттағы орман өрті қаупі класы орнап тұрғанын айтады. Осындай сәтте далада не орманда жүргенде барынша қауіпсіздік ережелерін сақтау керек.
"Қазақстанның барлық аумағында ірілі-ұсақты дала немесе орман өрттері тіркеледі. Бүгінде жоғары санаттағы орман өрті қауіп кезеңі тұр. Орман өртіне 90% адами фактор себеп болады. Біріншіден, ормандағы қарапайым қауіпсіздік ережесін сақтамағаннан. Халық орманға бара қалса от жағып, кәуап пісіргісі келеді. Артынан отты өшірмей кетеді. Екіншіден, қоқыс тастайды. Қарапайым шишаның өзі күннің ыстығынан шөптің өртенуіне әкеліп, тілсіз жау орманға өтіп кетеді. Үшіншіден, темекі тұқылын тастап кетеді. Төртіншіден, күзде егін жинау мен шөп ору маусымы басталғанда шаруалардың көбі техникалық ережелерді сақтамайды. Шөп орғанда комбайын-трактор сияқты техникалары от ұшқынын шығарады. Ұшқын кеуіп тұрған шөпке түседі де, далалық өрт шығып орман өртіне ұласады. Бесіншіден, браконьерлер орманды заңсыз шауып отаған кезде орнын жасыру үшін от салады", – деп түсіндірді сарапшы.
Сәкен Ділдахметовтің сөзінше, өртенген орманды қалпына келтіру үшін ең алдымен қанша шығын келгені, топыраққа тигізген зияны анықталады. Ал қалыпқа келуіне 10-15 жыл кетеді. Қостанай облысындағы өртенген ну орманның қалыптасуына 70-150 жыл қажет. Осы уақыт аралығында орман өсіп, жан-жағы қайта экологиялық балансқа келе бастайды. Топырағы жаңарып, өсімдіктер өсіп, құстар мен жабайы жануарлар оралады. Бұл өте үлкен табиғи жаңару процесі.
Ол орман өртінің алдын алу үшін адамдарда жауапкершілік болуы керек дейді. Одан бөлек адамдарға қауіпсіздік ережелерін сақтауды насихаттау керек.
Күлге айналған үйлер
Журналист Вера Захарчуктің Аманқарағайдағы әке-шешесі тұрған үйде қазір әпкесі отбасымен тұрады. Айналаның бәрі күлге айналса да, үйлері ғайыптан аман қалған.
"Түні бойы көрші үйлердегі өртті сөндірген. Павлодар, Ақмола облысынан келген өрт сөндірушілерді тауып, олар да өшіруге көмектескен. Төтенше жағдайлар қызметкерлері бірнеше күн бойы ұйықтамай жұмыс істеп жүр. Тамақ ішіп те үлгермейді, тек өрт сөндіреді. Солай бірге үйімізді аман сақтады, бірақ көп адамға көмектесу мүмкін болмады. Адамдар панасыз қалды. Айналаның бәрі күл. Елге азық болған орман тұтастай өртеніп кетті. Тұрғындар жануарлардың денесі асфальтта жатқанын айтып жатыр. Өрттен қашып құтыламын десе де, өмірлерін құтқарып қала алмады", – деді журналист.
Оның айтуынша, ТЖМ және барлық қызмет өртті ауыздықтауға, адамдарды эвуакациялауға атсалысып жатыр. Бірақ өрттің қашан сөнетіні белгісіз. Аманқарағайда су мәселесі бар, қазаншұңқыр босап қалған. Тікұшақтар мен барлық қажет техника сол маңда және барлығы бақылауда.
"Өрттің алдын алуға болар ма еді? Маман болмағаннан кейін дөп басып айта алмаймын. Төтенше жағдайларға барлық органдардың әрекет ету жүйесін, алдын алу шараларын, болып жатқан оқиғалар кезінде БАҚ-тың ақпарат тарату жүйесін өзгерту керек екенін анық білемін. Тым кеш болғанда салдарымен күресуді жақсы білеміз, адам өмірін ертерек ойламаймыз. Үкімет ешкім жерде қалмайтынын, баспанасыз қалғандарға жаңа үй салып беретінін уәде етті. Жай ғана өз жұмысын атқарып жатқан төтенше жағдайлар қызметкерлеріне, өрт сөндірушілерге, әскерилерге алғыс айтамын", – деп жазды Вера Захарчук Facebook-те.
Оқи отырыңыз: Қостанайда өртті өшіру және халыққа көмек беру жұмыстары қалай жүріп жатыр? Фото
Орман өртегендер 8 жылға дейін бас бостандығынан айырылады
Бас прокуратура Қостанай облысындағы өртке қатысты тергеу жұмыстары басталғанын мәлімдеді. Облыстағы орман өрттері фактілері бойынша Ішкі істер органдары қылмыстық кодекстің 341-бабы (ормандарды жою немесе бүлдіру) және 2-бөлімнің 204-бабы (Бөтен мүлікті абайсызда жою немесе бүлдіру) бойынша қылмыстық істер қозғады.
Ішкі істер министрлігінің Тергеу департаменті басқармасының бастығы Ермек Шүлден қолданыстағы заңнамаға сәйкес, ормандарды жою немесе зақымдау үшін қылмыстық жауапкершілік көзделгенін ескертеді.
"Орман қорына кіретін және кірмейтін ағаштар мен бұталарды өрт қою арқылы немесе қоқыспен ластап, өзге де тәсілдермен қасақана жою немесе зақымдау фактілері Қылмыстық кодекстің 341 бабымен жазаланады. Аталған жайт ауыр қылмыстар санатына жатады. Ол үшін мүлкін тәркілей отырып, 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген", – деді ІІМ тергеу департаментінің басқарма бастығы Ермек Шүлден.