Тікелей эфир

Мұрат Әуезов: "Абай кездейсоқ адам емес, ол – тұтас ұлтқа, халыққа пара-пар тұлға"

Фото: Ғазиз Садықов
Фото: Ғазиз Садықов
Ғалым Мұрат Әуезов 2020 жылы Абайдың 175 жылдығына орай атқарылған жұмыстар мен іс-шараларға оң бағасын берді.

Мұрат Әуезов – көрнекті қоғам қайраткері, мәдениеттанушы ғалым, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері, "Алтын асық", "Тарлан" сыйлығының лауреаты. "Времен связущая нит", "Иппокрен", "Уйти, чтобы вернуть" еңбектерінің авторы. Бірнеше жыл Қазақстанның Қытайдағы елшілігінде айтарлықтай жұмыс атқарды. Еліміздің ғылымын, көркем әдебиетін, кино өнері мен телевизиясын дамытуға елеулі үлес қосты. "Жас тұлпар" бейресми жастар қозғалысы мен "Невада-Семей" қоғамдық қозғалысын ұйымдастырушылардың бірі. Ұлы Жібек жолын зерттеу мен дамытуға қосқан үлесі үшін ЮНЕСКО-ның қола медалімен марапатталды. Бүгінде Мұхтар Әуезов атындағы қорды басқарады.

Осы орайда Informburo.kz журналисі Төрегелді Шармановтың Халақыралық қоры Қамқоршылар кеңесінің отырысында Мұрат Әуезовті әңгімеге тарты.

– Былтыр Абай Құнанбайұылының туғанына 175 жыл толды. Сіздіңше, Абайды зерттеп үлгердік пе?

– Бір сөзбен баға беру қиын. Меніңше, жалпы негізгі концепциясы дұрыс болды. Екі-үш күн жан-жақтан адамдар жиналып, киіз үй тігіп, у-шумен өткізу – бұрынғы тәжірибе. Кемінде бір жылдың ішінде көптеген жақсы іс-шара жасалды. Ізбасар шәкірттері шығармаларын бұрынғы зар заман әдебиетінің ағысымен Бұқар жырау, Асан қайғылармен байланыстырып, тереңірек түсінгеннен кейін осы жолы Абайдың тойына ерекше мән берілді. Екіншіден, осы жолы Абайдың шығармалары басқа тілдерге сапалы әрі жүйелі түрде аударылды. Сөздері шашыраңқы емес, әсіресе қара сөздеріне баса назар аударған. Соның арқасында қара сөздерінің өзін тереңірек түсінуге мүмкіндік туды. Абайдың "толық адам" дегені не дегендей, оның философиясына тереңірек үңілді. Осы жолы Абайдың 175 жылдығы ақылға салып тойланды. Әрине, көптеген тілектер айтуға болар еді. Мұндай айтулы оқиғаларды науқанға айналдырмай, таразылап ақылмен өткізу керек. Осы жолы солай болды деп білемін.

– Абайды бір сөзбен қалай атар едіңіз?

– Абай – данышпан. ХХ ғасырда қазақ халқының басында қиын жағдай болатынын сезгендей тағдырдың өзі қатал сынап, қазақ болып қалуына ақыл, ерекше күш қосатын адамды жіберді. Абай сол жомарт тағдырдың өкілі. Ол – ұлы ақын, ұлы ойшыл, ұлы ұстаз. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсыновтың өзі Абайды ұстаз ретінде өте жоғары тұтқаны бекер емес. Алаш қайраткерлері Абайдан көп нәрсе үйренген, өздерін Абайдың ізбасарлары деп санаған. Содан бара-бара өздері де халыққа ұстаз бола білді, үлкен мұра қалдырды. Демек, Абай қазақ халқының қазақ болып сақталуына шешуші рөл атқарған тұлға. Ол кездейсоқ адам емес. Халыққа, ұлтқа пара-пар келетін сондай бейнелі адамдар анда-санда дүниеге келеді. Біздің бағымызға Абай келді.

– Әкеңіз Мұхтар Әуезовтың қайтыс болғанына алпыс жылдан асты. Халық қазақтың ұлы жазушысы, қоғам қайраткері, ғалым ретінде танып біледі. Дегенмен Мұхтар Әуезов қандай әке болды? 

– Ол – ұлы ұстаз. Қазақ халқы үшін ғана емес, балаларына, отбасына ұстаз бола білді. Әпкем Ләйлә Мұхтарқызы көрнекті тарихшы ғалым, өте үлкен білімнің иесі болған. Бауырым Ернар – дүние жүзіне атағы шыққан үлкен ғалым-орнитолог. Құстың қарашағын зерттеген. Өзіміз де осал емеспіз. Соның бәріне, бала тәрбиесіне әкем Мұхтар ерекше мән берді. 1949 жылы алты жарым жасар баланы қолынан ұстап қазақ мектебіне апарды. Ол кезде Алматыда ұлдар мен қыздарға арналған екі қазақ мектебі ғана болды. Бұл менің үлкен бағым. Сол мектепте, Мәскеуде оқығанда мамандықты таңдағанда әкем мені жолға салып, бас көз болып тілеушім болды. Өте мықты тұлға. Өте балажан еді. Өзінің балаларына, немерелеріне қалай қарайтын. Ол жағынан ғажап кісі. 

Серіктестер жаңалықтары