Тікелей эфир

Мұғалімді ханым не мырза деп атау міндетті ме? Жаңа әдістемелік хат неге желіде наразылық тудырды?

Әдістемелік хатта, сондай-ақ, мектептерде қоңырау орнына сабақ соңында – шертпе күй, ал үзіліс аяқталарда төкпе күй ойнату ұсынылған.
Жаңа оқу жылына арналған нұсқаулық-әдістемелік хат Білім және ғылым министрлігінің аппараттық жиналысында таныстырылды. Бұл – міндетті құжат емес, ұсыныстар жинағы. Дегенмен, әлеуметтік желіде бұл хат лезде наразылыққа тап болды. Әсіресе, шу көтерген қос ұсыныс келесілер: 
  • мұғалімді "ханым" немесе "мырза" деп атау;
  • дәстүрлі қоңырау әуенін күймен ауыстыру. 
Осыған орай, Ыбырай Алтынсарин атындағы ұлттық білім академиясының президенті Ғани Бейсембаев 2021-2022 оқу жылына арналған нұсқаулық-әдістемелік хаттағы жаңалықтар бойынша түсіндірме берді.  

Оның айтуынша, нұсқаулық-әдістемелік хат жаңа оқу жылында ұстаздарға көмекші құрал ретінде дайындалатын құжат. Оны әзірлеуге академия ғалымдары, практик мұғалімдер, білім саласының сарапшы мамандары қатысқан. Құжаттың басты бағыттары мынадай:

  1. штаттық режимде оқитын болса, барлық пәннен оқушылардың білім алуында кеткен олқылықтарды толтыруға қатысты әдіс-тәсілдер, ұсынымдар әзірлеу;
  2. балалардың денсаулығын жақсартуға қатысты ұсыныстар, әдіс-тәсілдер беру;
  3. балаларды әлеуметтендіру. Яғни, оқушылардың басым бөлігі қашықтан білім алғандықтан олар мектепке оралған жағдайда оқушылар мен мұғалімдердің қарым-қатынасы, ата-аналардың мектеппен байланысы шеңберіндегі психологиялық ахуалды жеңілдету. 

Осыған дейін Ғани Бейсембаев мектептерде қоңырау орнына күй ойнатуды ұсынған болатын. Сабақ соңында – шертпе күйді, ал үзіліс аяқталарда – төкпе күйді. Оның сөзінше, домбыраның қоңыр үні баланың психикасына оң әсер етеді. Ал қоңыраудың қатты даусы, керісінше, теріс әсер береді. 


Оқи отырыңыз: Мұғалім құқығын қорғауға кім жауапты? Министр түсіндірмесі


"Мектептегі әдеттегі қоңырауды күйге алмастыру туралы ұсынысқа деген қоғамның оң көзқарасын көріп отырмыз. Бұл бізді қуантады. Бүгінде бірнеше мектепте қоңырау кезінде күй ойнатуды байқап көрмекпіз. Бұл жаңалық емес, бірінші рет енгізіліп отырған жоқ.Ал мамандар мұны жүйелеп, бірізділендіру бағытында ұсыныс білдірді", – деді ол.

Академия президенті мұғалімдерді "ханым" не "мырза" деп атауды да ұсынған еді. Оның сөзінше, әріптестер арасында педагогтер әйелдерге "ханым" сөзін, ал ерлерге "мырза" сөзін қолдануы керек немесе тиісті әріптесінің аты мен әкесінің атын атап сөйлеуі қажет.

"Кейбір әріптестер "ханым" және "мырза" деген қаратпа сөзді мұғалім мен оқушы арасындағы қарым-қатынас па деп шатастырып жатыр. Бұл қарым-қатынас негізінен ұстаз бен ұстаз арасындағы бір-біріне деген үлкен құрметті білдіретін құрал ретінде мамандармен ұсынылып отырған жақсы жаңалық. Кей мектептерде мұғалімді оқушының алдында атымен немесе тегімен атай салу фактілері кездесетіндіктен мамандардан осы мәселені бірізділендіру ұсыныстары келіп түсті. Мұны ғалымдар зерттей келе мұғалімдер арасындағы қарым-қатынаста "ханым" және "мырза" тіркестерін пайдалану ұсынылды. Аты мен әкесінің атын толық айту да ұсынылып отыр. Көптеген мектепте бұлай атау бұрыннан бар", – деді Ғани Бейсембаев.


Оқи отырыңыз: 2021-2023 жылдары мұғалім жалақысы қалай өседі? Қосымша ақы мөлшері қандай?


Әлеуметтік желіде бұл мәселе қызу талқыланып, "мырза мен ханымнан басқа сөздер жоқ па?" деген пікірлер айтылып жатыр. Алайда Ыбырай Алтынсарин атындағы ұлттық білім академиясының президенті Ғани Бейсембаев нұсқаулық-әдістемелік хатта мырза мен ханымнан, күйден басқа да маңызды мәселелер қамтылғанын және оларды ұстаздар арасында Тамыз маслихатында кеңінен талқылайтынын атап өтті. Ғани Бейсембаев нұсқаулық-әдістемелік хатта мұғалімдердің дене бітіміне қатысты ақпарат жоқ екенін атап өтті. Әлеуметтік желілер мен мессенджерде тараған хабарламалардың жалған екенін ескертті. 

Біздің Telegram-каналдағы ең көп оқылған жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары