Тікелей эфир

Мемлекет құқығын бұзса, азаматтарға кім көмек береді?

Конституцияға өзгерістерге сәйкес, Адам құқық­­тары жөнін­дегі уәкілге иммунитет берілмек.

Конституцияға енгізілетін өзгерістердің бірі – Адам құқық­­тары жөнін­дегі уәкілге иммунитет беру. Конституцияның жаңа 83-1-бабының нормаларына сәйкес, уәкіл азамат­тардың құқығы мен бостандығын қорғау кезінде қандай да бір өзге мем­лекеттік органдар мен лауазымды тұлғаларға тәуелді болмайды және есеп бермейді. Ол Конституциялық сот­қа жүгіне алады.

Иммунитет беру деген не? Адам құ­қық­тары жөніндегі уәкілдің құқық­тық мәртебесі мен қызметін ұйым­дастыруды Конституциялық заң арқылы айқындау қандай өзгерістер әкелуі мүмкін? Informburo тілшісі халықаралық құқық маманы, Сулейман Демирель Университетінің оқытушысы Әйгерім Құсайынқызымен сұхбат құрып, осы сұрақтарға жауап алды. 

Адам құқығын қорғау үшін алдымен оны тану керек

– Адам құқығы мен бостандығы – өте ауқымды ұғым. Жалпы адам құқығын кез келген мемлекет алдымен таниды, содан кейін оны қорғайды. Қандай да бір құқықты танымау – ол қорғалмайды деген сөз. ҚР Конституциясына сәйкес көптеген адам құқығын танығанымызбен, қорғайтын кезде ақсаңдап жатамыз.

Мысалы, адамда еркін жүріп-тұру, сөз бостандығы, еркін пікірін айту, шығармашылыққа еркіндік, діни сенім бостандығы деген секілді құқықтары бар. Ал оларды қорғауда процессуалды мәселелер болуы мүмкін. Себебі ол тікелей халықаралық емес, ішкі заңнамамен шектеледі. Материалды және процессуалды құқық деп бөлеміз. Адам құқығы бұзылса, мемлекет оны қалай қорғайды, қалай өтейді, құқықты бұзған адамды жазалай ма, жоқ па – осының бәрі процессуалды құқықпен реттеледі.

1995 жылы 30 тамызда 8 бөлімнен, 98 баптан тұратын ҚР Конституциясы қабылданды. Оның екінші бөлімі "Адам және азамат" деп аталады және 10 мен 40 аралығындағы 30 бапты қамтиды. Бұл баптарда жалпы фундаменталды адам құқықтарының категориялары жазылған, яғни Қазақстан Республикасының азаматтығын ғана емес жалпы Қазақстан аумағында тұратын шетел азаматтары, босқындар, азаматтығы жоқ азаматтардың да құқығын қамтиды.


Оқи отырыңыз: Қазақстан Конституциясына қандай өзгерістер енгізіледі? Жобаның толық мәтіні


1948 жылы 10 желтоқсанда қабылданған Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясындағы бүкіл құқықтарды келтірген. Соның ішінде адам құқықтарын біз бес категорияға бөлеміз:

  • азаматтық;
  • саяси,
  • әлеуметтік;
  • экономикалық;
  • мәдени.

Отыз баптан тұратын адам құқықтары декларациясының барлық бабы ҚР Конституциясының екінші бөлімінде қамтылған деуге болады. Адам құқықтарын категорияға бөліп қарастырудың өз себебі бар. Адам құқығы жалпы ұғым болғандықтан 1948, 1966 жылғы пактіде қаралмаған кейбір адам құқықтары мәселелерін көтеріп жатыр. Мысалы, эвтаназияға адам құқығы бар ма деген секілді медицина саласындағы құқықтар немесе цифрлық құқықтар. Ол жылдары заңгерлердің ойына цифрлық құқықтар келген жоқ. Технологиялардың дамуына байланысты пайда болған адам құқықтарының категорияларын бөліп қарастырамыз.

Бұл – халықаралық ұйымдардың ұсынысы 

– Конституциядағы енгізілгелі отырған жаңалықтардың бірі – Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Конституциялық мәртебесін күшейту, уәкілетті органның, яғни омбудсменнің пайда болуы. Омбудсмен дәл сол Орталық сайлау комиссиясы мен Конституциялық кеңестің төрағасы секілді президентпен тағайындалады және президентке есеп береді. Бұндай үлгі көптеген елде бар. Мысалы, макродеңгейде БҰҰ жанында БҰҰ төрағасына есеп беретін High Commissioner for Human Rights деген адам құқығы бойынша комиссар бар. Ол ұйымға мүше 193 мемлекеттегі адам құқықтары жағдайына қатысты есеп береді.

Микродеңгейде дәл сондай уәкіл Қазақстанда да болады. Неліктен дейтін болсақ, Қазақстан 30 жыл бойы адам құқықтары бойынша көптеген халықаралық рейтингтерде құлдырап бара жатыр. "Адам құқығын сақтамайтын авторитарлы Орталық Азия мемлекеті" ретінде көптеген сынға ұшырадық. Осы бойынша бізге БҰҰ және Еуропалық Одақтың адам құқықтары жөніндегі комиссарлары бірлесе кеңестер берді. 2015-2017 жылдары Адам құқығы бойынша бөлек комиссардың, яғни уәкілетті органның омбудсменін енгізуді ұсынды. Мұны біздің саясаткерлердің ойлап тапқан дүниесі емес, шетелдік ұсыныстың нәтижесі деп қабылдау керек.


Оқи отырыңыз: Конституция 1995 жылдан бері қалай өзгерді? Таймлайн


Адам құқық­­тары жөнін­дегі уәкілге иммунитет беру деген не? Омбудсмен президентке Қазақстанда адам құқығы саласындағы ең жиі қозғалатын өзекті мәселелер бойынша есеп береді. Иммунитет беру деген ол басқа органдарға тәуелді болмайды, яғни есеп бермейді дегенді білдіреді. Мысалы, Конституция бойынша президент өзі тағайындайтын және оған тікелей бағынатын органдар бар. Олар – Ұлттық банк, Бас прокуратура, Ұлттық қауіпсіздік комитеті және Есеп комитеті.

Тура осындай органдардың бірі омбудсмен болмақ. Ол орган емес, жеке тұлға болады. Президент тағайындайды, президентке есеп береді. Үкіметке немесе заң шығарушы органға тәуелді болмайды. Бұл тәуелсіздік автономия арқылы адам құқығы комиссарының басқа уәкілетті органдардың ықпалына, құзыреттілігіне түсіп қалмауы үшін жасалады. 

"Уәкілді халық сайлағаны дұрыс"

– Адам құқығы саласындағы проблемалар мұнымен қаншалықты азайып кетеді деген сұраққа жауап іздесек, күмән бар. Адам құқықтары жөніндегі уәкіл сайланбалы орган емес. Халық сайламағандықтан азаматтар танымайтын өкіл болуы мүмкін. Мысалы, Қазақстанда бала құқығы жөнінде омбудсмен Аружан Саин көп сынға қалды. Балалар құқығы саласында шешілмеген мәселе көп. Ал омбудсмен оларды шешуде құзыретті емес екенін көрсетті.

Жеке пікірім: шетелдік тәжірибесі бар, халықаралық ұйымдарда жұмыс істеген адам омбудсмен болуы керек. Өйткені, халықаралық ұйымдар адам құқығына байланысты оқшаулау арқылы ақталу көбірек деп сын айтады. Бізде есеп берген кезде былай деп ақталады:

  • қыз алып қашу үлкен проблема емес, себебі халық оны дәстүр деп қабылдайды;
  • тұрмыстық зорлық-зомбылыққа мемлекет араласауы қажет, себебі ол отбасы ішінде болып тұратын жағдай;
  • ата-ананың балаларын ұруы қалыпты жағдай, себебі ата-бабамыз бізді шыбықпен сабаған.

Өкінішке қарай, мұның бәрі бізде әлі күнге дейін айтылады. Сол үшін де Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Қазақстан мәдениетіне, дәстүріне, тарихына, институционалды емес органдарына емес, тікелей халықаралық құқықта қабылданған адам құқығы саласындағы құжаттарға сүйенетін, сол құжаттарды ғана өзінің Конституциясы санайтын, биліктің айтқанын қайталайтын орган болмауы керек. Шынымен адам құқығын қорғайтын тәуелсіз, шындықты айтатын азамат болуы қажет. Билікке емес, халыққа тәуелді болуы үшін оны халық сайлау керек.

Фото: Baribar.kz

Серіктестер жаңалықтары