Тікелей эфир

Неке алдында жастардың медициналық тексеруден өтуіне негізгі 5 себеп

Қыз бен жігіт үйленбей жатып, болашақ жарының денсаулығы қаншалықты маңызды екеніне мән бермейді.

Салдарынан елімізде сәби сүйе алмай жүрген жас отбасылардың саны жыл санап өсіп келеді. Дәл осы себеппен ажырасып жатқандардың да үлесі артқан. Дәрігерлер бедеулікке әкелетін бірнеше фактор барын айтады. Олардың қай-қайсы да – дер уақытында алдын алмаса, асқынып кететін ауру түрлері. Ақ халаттылар той күнін белгілеуден бұрын медициналық тексеруден өту керек екенін айтады. Өйткені, болашақ ерлі-зайыптылардың әрқайсы ауруын және одан қандай зиян келуі мүмкін екенін алдын ала білген жөн.

Еліміздің емханаларында отбасын жоспарлау бойынша 300-ден аса кабинет, сондай-ақ жастарға бедеулікке соқтыратын себептер бойынша ақпарат беретін 80-нен астам орталық қызмет етеді.

Неке алдында жастардың медициналық тексеруден өтуіне негізгі 5 себеп қандай?

№1. Жұбайлардың бір-біріне сенімін күшейтеді

Отау құрғысы келетін екі жас дәрігерге қаралып, қандай да бір сырқатының бар-жоғын анықтайтын анализдер тапсыруы тиіс. Неке алдында медициналық тексеру ешқандай көзбояушылықтың болмауына кепілдік береді. Тексерістен кейін қыз бала да, ер бала да өз денсаулығына және дүниеге сау ұрпақ әкелетініне сенімді болады

№2. Тұқым қуалайтын аурулардың алдын алады

Қазір генетикалық ауытқуы бар балалар көп туып жатыр. Сондықтан генетикалық зерттеулер де өте маңызды. Өйткені, тұқым арқылы берілетін генетикалық аурулар көп, кейде әйелдер сондай аурулар тасымалдаушысы екенін өздері де білмейтін кездер болады.  Сондықтан медициналық тексеру, отбасындағы кейбір проблемалардың алдын алуға көмектеседі.

№3. Балалы болуды жоспарлауға көмектеседі

Егер мақсаттары ұрпақ жалғастыру болса, олар міндетті түрде тексерілуі қажет. Өйткені, қазіргі кезде жастар жасы 30-ға тақағанда үйленеді. Сондықтан шаңырақ көтерер алдында гормондарын тест тапсырып тексеру арқылы жұпта бала бола ма, дені сау бала дүниеге әкеле ала ма, болса, оны аман есен дүниеге әкелу мүмкіндігі қандай екенін анықтай алады. Сондай-ақ, әзірге балалы болғысы келмейтіндер үшін қанша уақыт күтуге болатынын да анықтауға мүмкіндік бар.

№4. Жасырын ауруларды анықтайды

Көптеген аурулар симптомсыз өтуі мүмкін, диагноз ерте  анықталса, дер кезінде емдеуге септігін тигізеді. Мәселен, ер адамдар арасында симптомсыз мерезбен ауыратын жағдайлар жиі кездеседі. Инфекция салдары жүктілік кезінде әйелге кесірін тигізуі мүмкін. Мұндай жағдай ерлі-зайыптылардың отбасылық өміріне теріс әсер етеді, некенің бұзылуына дейін әкелуі мүмкін.

№5. Қан сәйкестігін анықтауға көмектеседі

Қан анализі болашақ ерлі-зайыптылардың резус факторын анықтауға көмектеседі. Бұл оларға балалы болуды саналы түрде жоспарлауға көмектеседі, өйткені кейбір жағдайларда (егер әйелде резус факторы теріс болса, ал күйеуі оң болса) жүктілік қауіпті болады және ерекше назар аударуды қажет етеді.

Сондай-ақ, қазіргі заманда ажырасу мәселесінің көптігіне байланысты міндетті түрде психологиялық сәйкестілікке тексерілу де қажет. Психологиялық сәйкестілік дегеніміз – адамның  бір-біріне деген мінез үйлесімділігі. Олардың ішкі құндылықтарының сәйкес келуі, енді бірінің мақсаттарының бір жерден шығуы, тоғысуы. Сонымен қатар, жұптардың бірі белсенді болса, екіншісі соған бағынышты болу қажет. Бір отбасында – әйел, енді бірінде еркек белсенді болуы мүмкін. Ал, егер ондай үйлесімділік болмаса отбасы құрылмайды. Біреуі интраверт болса, екіншісі экстраверт болған отбасыларында үйлесімділік өте жақсы.

Серіктестер жаңалықтары