Бибігүл Төлегенова: Әнші жаттықпаса, бір күнде өзі, екі күнде концертмейстер, үш күнде көрермен байқайды

Фото: Информбюро
Фото: Информбюро

Елордада әнші шығармашылығының 70 жылдығына арналған байқау болды.

Нұр-Сұлтандағы "Астана Опера" мемлекеттік опера және балет театрында ән өнерінің бұлбұлы, КСРО және Қазақстанның халық әртісі Бибігүл Төлегенова атындағы ХІ халықаралық вокалистер байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті.  Байқауға Қазақстанмен қатар Ресей, Өзбекстан, Армения, Қырғызстан, Тәжікстан және өзге елдерден 70-тен астам өнерпаз қатысты. Қорытынды гала-концерт алдында Информбюро тілшісі байқаудың бас қонағы, аңыз әнші Бибігүл Ахметқызының қазіргі қазақ өнері жайлы пікірін жазып алды.

"Коронавирусты өнер жеңді"

Биыл өте ауыр жыл болды. Коронавирус бәріміздің жоспарымызды өзгертті. Дегенмен, өнер бәрібір жеңіске жетті. Бүгін бас қосып отырмыз. Осы жағдайды ескере отырып, байқауға қатысқысы келетіндердің саны көп болғанына таң қалдым. Барлығы 72 адам өтініш білдірді. Оның ішінде 12 қатысушы коронавирусқа байланысты елге жіберілмеді. Келгендердің бәрін тыңдадық. Қатысқан алпыс адамның ішінен үздік 12-сін таңдауымыз керек болған, алайда 15 адамды іріктеп алдық. Себебі, көбінің дауысы керемет, оларды өткізбей қойсақ, обал болар еді. Бірнеше жүлдеміз болғанда бұдан да көбін өткізер едік, бірақ бізде бір ғана Бас жүлде мен 3 жүлделіорын ғана бар. Соған қарамастан байқау өте жоғары деңгейде өтті деп ойлаймын.


Оқи отырыңыз: Асанәлі Әшімов: Өтірік көбейді, соған жаным ашиды


"Еңбексіз ештеңе келмейді"

Жастар қол жеткізген жетістігімен тоқтап қалмаса екен деймін. Себебі, біз қазір оларға жарқын шығармашылық болашаққа жол аштық. Бұл еңбек жалғасуы керек. Яғни, "лауреат атандым" деп тоқтап қалуға болмайды. Алға қарай ұмтылу қажет. Басқа да байқауларда бақ сынасын. Әнші Құдайдың құтты күні еңбектенуі керек. Шыдамды болу керек, себебі қазір – сондай уақыт. Өмірде бәрі болады. Біздің кезімізде де заман оңай болған жоқ. Мысалы, менің жастық шағымды алайық. Тың игеру кезінде ән салатын сахнамыз бұзау қора, тауық қоралардың арасы болатын. Ал қазір қарасаң, көздің жауын алатын ғимараттар, концерт залдары, үлкен сахналар бар.

"Астана Опера" театры – Азиядағы ең үлкен екінші театр. Мұндай сахнада үздіктердің үздігі өнер көрсетуі тиіс. Біз енді еш қысылмастан әлемнің жарық жұлдыздарын елімізге шақыра аламыз. Ол үшін, тағы да айтамын, еңбектену керек. Еңбексіз ештеңе келмейді. "Еңбек бәрін жеңбек" деп бекер айтпайды.

Әсіресе, өнерде күн сайын жаттығу маңызды. Бір күн жаттықпасаң, өзің сезесің. Екі күнде концертмейстер сезеді, үш күн жаттықпасаң, көрермен байқап қояды. Дауысты ұстап тұру үшін бір ғана формула бар: еңбектену!  Сонда ғана жетістікке жетуге болады.

Әрине, маған еліктейтін жас көп, бірақ осындай күнге жету үшін мен өте көп еңбектендім. Содан да болар, осы жасқа келгенде жас кезімдегідей жоғары ноталарды алмасам да, бабымды жоғалтпадым. Желтоқсан айында 92 жасқа толамын.


Оқи отырыңыз: Сазгер Бақытжан Қажымұқанов: Димаш әнімді әлемдік сахнаға алып шықса деймін


"Жастар әнді эмоциямен орындайды"

Консерваторияда тек дауысы бар адамдар оқи алады. Дауысы жоқ адамды ешбір оқу орны әнші қыла алмайды. Сондықтан, Құдай дауыс берсе, оны жаттықтырып, еңбектену керек. Әншінің сөздік қорында "қолымнан келмейді", "істей алмаймын", "білмеймін" деген сөз болмауы тиіс. Бәрін жеңіп, сахнаға дап-дайын болып шығуымыз керек.

Қазіргі жастардың көбі әнді эмоциямен орындайды. Ал шығарманы толықтай түсініп, сезініп орындау үшін тек нотасын жаттау жеткіліксіз, оны түсініп оқу керек, қай сөздің қандай екпінде айтылатынын ұғу керек.

Көп орындаушылар сөздерді буынға бөліп жібереді. Олай болмайды, екпін өзінің заңды орнында тұруы керек. Ол үшін әншілерге сыныпта жұмыс істеу қажет Бұл таза кәсіби сауал. Есімін әлемдік деңгейде еститін талантты әншілердің көп болғанын қалаймын.

Серіктестер жаңалықтары