Сазгер Бақытжан Қажымұқанов: Димаш әнімді әлемдік сахнаға алып шықса деймін

Фотосурет Бақытжан Қажымұқановтың жеке мұрағатынан алынды
Фотосурет Бақытжан Қажымұқановтың жеке мұрағатынан алынды

Бақытжан Қажымұқанов Нұрғиса Тілендиевтің бейнесін сомдаған "Мұқағали" фильмі кинотеатрларда 21 қазаннан бастап көрсетіледі.

Бақытжан Қажымұқанов – 90-жылдардың ортасында қазақ эстрадасына өзінің "Таңғы жас", "Алтынай" секілді әндерімен жаңалық әкелген әнші, композитор. Ол Шымкенттегі музыкалық училищені "пианист" мамандығы бойынша бітірген. Одан соң, Алматыдағы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясын тәмамдаған. Композитор консерваторияда Еркеғали Рахмадиев, Мансұр Сағатов, Анатолий Бычковтардан сабақ алды. 

– Бақытжан аға, сізден алғаш рет 2016 жылы сұхбат алған едім. Одан бері 5 жыл өтіпті. Осы жылдар ішінде не өзгерді? Қандай жаңалығыңыз бар?

– Алматыдағы Жүсіпбек Елебеков атындағы эстрада және колледжінде концертмейстер болып істеп жатырмын. Үш жылдан бері сол жердемін. Студенттерді фортепьяномен сүйемелдеймін. Сосын осы соңғы жылдары бірер фильмге түстім.

– Айтпақшы, иә, Болат Қалымбетовтің "Мұқағали" деген фильміне түскен екенсіз.

– Иә, сол фильмде Нұрғиса Тілендиевтің рөлін ойнадым. Эпизодтық рөл ғой, дегенмен, алған әсерім керемет. Фильмді осы қазан айында көрерменге таныстырамыз деген, тұсаукесері жақында болады. 


Оқи отырыңыз: Мұқағали Мақатаев туралы фильм кинотеатрларда 21 қазаннан бастап көрсетіледі


Фотосурет Бақытжан Қажымұқановтың жеке мұрағатынан алынды

– Сізді Нұрғисаның рөліне композитор болғандықтан таңдады ма? 

– Жоқ, осыдан бірер жыл бұрын мені Болат Қалымбетов бір жерден байқап қалған екен. Ол қазіргіге қарағанда жүдеу кезім еді. Құлағым қалқан құлақ қой. Болат ағам "бет-әлпетің Нұрғисаға келеді екен, фильм түсірсем, шақырам" деді. Кейін уәдесінде тұрып, осы рөлге мені бекітті.

– Тағы қандай фильмге түстіңіз?

– Режиссер Қанағат Мұстафин атам Қажымұқан Мұңайтпасовтың 150 жылдығына орай фильм түсірді. Соны бастар алдында маған сценарийін әкеп көрсетті. Мазмұны ақиқаттан алыстау. Бірақ, мен ештеңе деген жоқпын. Бастысы, атамның аты шыға берсе болды. Оның үстіне, жанры деректі фильм болмағаннан кейін режиссер де өз фантазиясын қосқысы келеді. Фильмді көбірек адам көргенін қалайды. Әйтпесе, атам туралы деректі фильм жеткілікті ғой. Сол Қанағат маған "атаңыздың өлеңдеріне домбырамен ән жазсаңызшы" деп қолқа салды. Мен өмірімде домбырамен ән жазған адам емеспін. Содан атамның кітабын ашып, өлеңіне ән жаздым. Фильмнің түсірілімі былтыр қыркүйек айында Жаркент жақта болды. Басыма бөрік, үстіме шапан киіп, сол жерде өзім жазған әнімді орындадым. 


Оқи отырыңыз: Палуанның табаны, жазушының қаламы


– Қажымұқан демекші, сіз "журналистер көбіне менен өзімді емес, атам туралы сұрайды" деп едіңіз. Әлі де солай ма?

– Иә, солай. Тек қана атамды сұрайды, бітті. Сондай үлкен кісінің көлеңкесінде қалдық, енді. Қазір жасым елуге келді. Қалдық, енді, мейлі. Атадан ары асып кете алмаймыз. Негізі, туысқандарымыз көп қой. Бірақ, олар оңтүстік жақта тұрады. Сондықтан, журналистер атам туралы бірдеңе білгісі келсе бірінші мені іздейді. 

– Сізде "атамның көлеңкесінде қалдым" деген өкініш бар ма?

– Ондай өкінішім жоқ. Мені қынжылтатын нәрсе – кей адамдардың (көбіне спортшылар) мен туралы "аты дардай Қажымұқанның немересі болып алып, неменеге ән жазып жүр?" деп ойлайтыны. Яғни, ән жазуды ұсақ тірлік көреді, өнерді түсінбейді. Егер мен жеңіл-желпі нәрсе жазып, тойларда "Опмай-опмай" деп шауып жүрсем, "Қажымұқанның немересі не істеп жүр?" деп сонда сынаса болар еді. Олардың менің атамның сөзіне ән жазып, терең шығармалар жазып, күрделі жолмен келе жатқанымды түсінбейтініне ішім ашиды. 

– "Қазақфильм" сізге "Алакөл" жайлы фильмге музыка жаз деп ұсыныс жасаған екен.

– Иә, сондай тапсырыс түсті. Маған шығармашылық топ Алакөлді түсірген видеосын әкеп берді. Өте әдемі түсірген екен. Соған қарап отырып, шабыттанып музыка жаздым. Сондай бір терең, ойлы дүние шықты деп ойлаймын. "Қазақфильмнен" жалпы саны 4 тапсырыс түсті. Соңғысы – сол "Алакөл". Қазір музыка жазуға ешқандай ұсыныс түсіп жатқан жоқ. Тыныштық.


Оқи отырыңыз: Қолынан айрылса да, 60-тан астам күй мен 40 ән шығарған


– Бес жыл бұрын жазған әндеріңіздің саны отыздан асып жығылатын еді. Одан бері қанша жаңа ән жаздыңыз?

– Ол кезде 30 болса, қазір 34 ән болар. Мен ай сайын ән жаза бермеймін. Салмақсыз, ортанқол ән жазғым келмейді. Бір әнді жарыққа шығару үшін 2 жарым айдай уақыт жұмсауым мүмкін. Биыл Роза Рымбаева мен Майра Мұхамедқызы бірігіп ән айтқысы келіп, маған ән жазуға ұсыныс тастады. "Мынау бір жақсы идея екен!" деп мен де шабыттанып кетіп, әнді бастадым. Оларға бір рет көрсетіп алып, кем-кетігін түзетіп жүрген кезімде Майра Мұхамедқызы жұмыс бабымен Шымкентке ауысып кетті. Содан бері хабарсыз қалды. "Әнді айтатын болдыңыздар ма?" деп мен де хабарласпадым. Сондай бір кертартпа мінезім бар. "Болса, болар, болмаса, оны да көрерміз" деп жүре беремін. Бірақ, осы тапсырыстан өз стилімдегі керемет әдемі, күрделі ән шықты. 

– "Алтынай" сияқты ма?

– Жоқ, "Алтынай" әні жеңіл ғой, самал сияқты. Ал мынау жатқан бір дария, толқып-таситын тұсы да, тыныштығы да бар. 3 жарым минуттың ішінде кино көргендей боласың. Қазір ондай әнді ешкім жазбайды, ешкімге керек емес. Бәрі "жеңілдеу жаз" дей береді. Жеңіл әндерім де бар. Мысалы, "Алтынай", "Әнім менің", "Луна" сияқты, Мағжан Жұмабаевтың, Лермонтовтың сөзіне жазылған әндерім. Бірақ, оларды да қазір қатырып ешкім тыңдамайды. Қазір "Ойпырмай" сияқты ән жазғандардың дәурені жүріп тұр. Сондай әндермен тойдан-тойға барып, жақсы қаражат тауып жатыр. Менің ойымша, ол – соларға бұйырып тұрған дүние. Маған ол бұйырмаған.

Бір кездері өзіме демеуші іздеп көрдім. Мықты кәсіпкерлердің алдына барып, "қолдай алмаймыз" дегенін естігеннен кейін өзімнен-өзім қысылып, енді ешкімнен ештеңе сұрамайтын болдым. Ретін тауып, адамнан көмек сұрай білу де өнер екен. Ол менің қолымнан келмеді. Ескіліктің адамы екенмін, жаңа заман ағымына ілесе алмадым. Бірақ, әйтеуір біраз әндерім халыққа танылды. Соған да шүкір деймін. 

Фотосурет Бақытжан Қажымұқановтың жеке мұрағатынан алынды

– Сіз де енді күнкөріс қамы үшін сондай бірнеше ән жазып қоймайсыз ба? 

– Менің сондай мақсатпен жазылған 1-2 әнім бар. Бірақ, шараларға мені атыма қарап, шақырмайды. Мені тым салмақты, ауыр көре ме, білмеймін. Сосын тойдан тойға ұсынып, алып жүретін продюсерім жоқ. Қысқасы, көпшілік менің шығармаларымды тойда емес, театрда тыңдайтын дүние деп қабылдайды. Менің ойымша, 90-жылдары халықтың мәдениеті де, талғамы да жоғарылау болды. Қазіргідей "бардак" болған жоқ, халық көрінген дүниені тыңдай бермейтін.

– Әндеріңізді әншілерге өз бетіңізше ұсынғыңыз келмей ме?

– Әрине, ұсынғым келеді. Мен қазір сондай шығармашылық ортада істеймін ғой. Бізге келетін студенттердің көбі – әнші болам деп жүрген жастар. Соларды тыңдап, сырласып отырғанда байқағаным, біразы "ой, аға, ондай әннің не керегі бар? Маған көп ақша әкелетін ән болса, болды" дейді. Халық арасында талантты, ойлы жастар көп. Бірақ, олардың бәрі бірдей Алматыға кеп, музыкалық оқу орындарына аяғы жетіп жатқан жоқ. Кезігіп жатса, сондай бір жасты тәрбиелеп, бағыт-бағдар берер едім.

– Сіздің бұрын Анарбек деген шәкіртіңіз бар еді ғой?

– Шәкіртім болғанда, Анарбек маған "Алтынайды" айтқым келеді" деп келді. Сосын мен оны дайындадым, әнді орындап шықты. Бірақ, кейін ол да сол тойдың ауылына кетті. Қайтсін енді, оларға да күнкөріс керек. 


Оқи отырыңыз: Халықтың сүйіктісіне айналған сазгердің шығармалары неге өз нақышында орындалмай жүр?


– Карантин кезінде тойдан миллиондап ақша тауып жүрген қаншама әнші табыссыз қалды. Ал тойға өте сирек баратын сіз қалай өмір сүрдіңіз?

– Мен сол жалақыммен ғана күн көрдім. Қайта бұйырып, сол жерге жұмысқа тұрғаныма қуанамын. 

– Сіздің "Таңғы жас" деген әніңізді айтып шыққан Арай Айдархан Ұлыбританияда хит болған "Apologize", "Someone like you" сияқты әндердің идеясы мен аккорд жолын Бақытжан Қажымұқанов ағамыз сонау 90-жылдары жазып тастаған" деп пікір білдірген еді. Қазір де сондай әлемдік хитке татитын ән жазатын әлеуетіңіз бар ма? 

– Мен сізге шынымды айтайын, әлемдік деңгейге шыға алатын 3-4 әнім бар. Сапасына өзім 100 пайыз сенімдімін. Мен оларды Димаш баламызға (Димаш Құдайберген – ред.) тыңдатқым келеді. Сахнаға соның алып шыққанын қалаймын. Себебі, әннің деңгейі өте жоғары. Оны өзім орындасам, Алматы тыңдар, Шымкент тыңдар, сонымен қалады. Ал Димаш оны әлемдік сахнаға алып шыға алады.  

Димаштың өзімен не ата-анасымен таныссыз ба?

– Жоқ, таныс емеспін.


Оқи отырыңыз: Димаш – миллиард жанкүйері бар адам. Әншінің фанаттары туралы


– Бұрын әлеуметтік желілерде отыратынсыз. Қазір неге көрінбей кеттіңіз?

– Иә, "Фейсбук" пен "Инстаграмда" парақшам бар еді. Біреулер соны бұзып кіріп, әртүрлі нәрсе жазып, маған қоқан-лоққы көрсетті. Содан кейін кірмей кеттім. Қайтадан ашу ойымда бар.

– 5 жыл бұрынғы сұхбатыңызда "Қазір жасым 45-ке келді. Заман қиындап кеткен соң, ішімдегі үміт біртіндеп өшіп бара жатыр" дедіңіз. Жақында 50-ге толдыңыз. Қазір нені ойлап жүрсіз? Қандай арман-мақсатыңыз бар?

– Мағжан Жұмабаевтың сөзіне жазылған әндерімді жинақтап, бір үнтабақ шығарғым келеді. Сосын соңғы 4-5 жылда шыққан әндеріме өлең жаздырып, жарыққа шығарсам деймін. Cондай бір қызу жұмыстың ортасында жүрсем ғой. Себебі, оның бәрі қалып барады, ал, жылдар болса, зулап өтіп жатыр. 

– Қолды тек қаражаттың жоқтығы байлап отыр ма?

– Иә, негізгі мәселе сол қаражат қой. Әндерімнің аранжировкасын өзім-ақ жасай салсам болады. Бірақ, менің студиям ескірген. Әнді сапалы, заманауи студияларда жаздырған дұрыс. 

– Cіз әлгінде "50-ге келдім" деп жатырсыз. Шығармашылық адамы үшін 50 деген көп жас емес қой. Мысалы, Ескендір Хасанғалиев сексеннен асқанша сахнада жүрді, халықтың ықыласына бөленді. 

– Енді ол кісілер бағы ашылған адамдар ғой...

– Cонда сіз өзіңізді ондай қатарға жатқызбайсыз ба? 

– Енді… Жоқ, шүкір, осыған да шүкір!

– Алайда, "осындай потенциалыммен бұдан да жоғары деңгейде жүруім керек еді" деп ойлайсыз ба іштей?

– Әрине, күйінішті ғой, былай айтқанда. 


Оқи отырыңыз: Біз білмейтін Батыр...


– Сіз қалай ойлайсыз, осылай жұрт назарынан тыс, елеусіздеу қалып қойғаныңызға сапалы музыканы аса бағалай бермейтін елде тұрып жатқаныңыз себеп емес пе? Әлде өзіңіздің жеке қасиеттеріңіз бе? 

– Дәл солай. Екеуі де себеп болып отыр. Бірақ, негізгі себеп әлгінде сіз айтқан бірінші нәрсе деп ойлаймын. Маған, менің өнеріме сұраныс болмаса, мен не істей аламын? Жағымпаздану да қолымнан келмейді. Іштей бір мұң болады ғой, әрине. Не үшін музыка жазып жүрмін деп ойланасың. 

– Маған сөз арасында "кейбір музыканттар сияқты 2-3 қабатты үйім, қымбат көлігім жоқ" деп айтып қалдыңыз. Шығармашылығыңызды халыққа кеңінен таныту арқылы байып кетсем деген мақсат бар ма сізде

– Жоқ, мен оған талпынбаймын. Шынымды айтайын, маған сондай бақ беріліп тұрса, талтаңдап жүре де алмас едім. Себебі, біздің қарапайым халыққа қарасам, шалқып жүрген кім бар қазір? Швейцария не Норвегияда солай жүрсем, бәлкім, жарасар. Ал бізде өз қазағым нанын таба алмай жүргенде, мен қалай байлығыммен, ішкен-жегеніммен мақтанам деп ойланам. Жоғарыда аталған музыканттар теледидардан, интернеттен зәулім үйлерін мақтанып көрсетіп жатады, қайырымдылық жасадық деп жар салып жатады. Мен олай істей алмайтын сияқтымын. Бір үлкен кәсіпкер болсам, мейлі екен. Оған менің табиғатым келмейді. Қарапайым халықпен бір деңгейде өмір сүріп жатқаныма шүкір етемін. Көрдіңіз бе, мен ескіліктің адамымын. Маған қазір керегі – асып-тасқан байлық емес, халықтың ықыласы мен бағасы. 

– Тыңдармандарға айтарыңыз бар ма?

– Тыңдарман қауым әнді таңдап тыңдай білсе екен. Тойдың әнін тойда тыңдап үлгересіздер. Басқа уақытта сапалы әндерге зер салыңыздаршы деймін.

Поделиться:

informburo.kz в TikTok:

присоединитесь к сообществу крупнейшего новостного канала в Казахстане

Если вы нашли ошибку в тексте, выделите ее мышью и нажмите Ctrl+Enter

Серіктестер жаңалықтары