Тікелей эфир

Асанәлі Әшімов: Өтірік көбейді, соған жаным ашиды

Фото: Ғазиз Садықов
Фото: Ғазиз Садықов
Көрнекті театр және кино актері, режиссер, өнер қайраткері, Қазақстан және КСРО халық әртісі Асанәлі Әшімов Informburo.kz журналисіне сұхбат берді. 

– Қазіргі театр өнеріне, режиссерлердің жұмысына көңіліңіз тола ма?

– Ол ежелден бір заң сияқты. Толмайды деп те, толады деп те айта алмаймын. Екі жағы да бар. Ал енді театр мен кинода бүкіл әлемдік шедеврлер өткен ғасырда туды. Соның бәріне куә болдық. Қазір деңгейі кішкене төмендеген сияқты, оның себебін мен өзім түсіне алмаймын. Ол бір өзі өмірдің заңы – қайтадан көтерілу үшін бір кезде төмен түседі. Аса төмен түсіп кетпей, келешекте үлкен дәрежеге жетсе деген тілегім бар. Армандауға болады ғой. Сенімім де бар. Солай болса құба-құп.

Ел мәдениетін, әдебиетін алға қарай дамытса, мемлекет қай жағынан болмасын жан-жақты дамиды. Сондықтан театрға, киноға, драматургия саласына көп көңіл аудару керек. Күннен күнге тұқыртуға болмайды. Жемқорлық жайлаған заманда басшылар өнер саласын төмендетіп алған жағдайы бар, оны жасыра алмаймын. Ақша қуған, зат қуған миллиардерлердің жаман жағынан кесірі тиіп жатыр. Оны елдің бәрі іштей біледі. Өскен елдер, өсетін елдер мәдениет пен ғылымға көңіл бөледі, қаражат салады. Сонда ел болады. Ақырындап өсіп келе жатқан көрші елдерге қарап ішің ашиды. Ақшасын шетелде сақтап, өзге елде үлкен-үлкен сарайлар салса, онда жағдайымыз төмендейді. Ол заңды нәрсе. Билікке елді ел, халықты халық қылатын, азаматтарының жағдайын ойлайтын басшылар келсе екен деймін. Бізде құр бекерге мақтану көп. Бәлен елден алдамыз дейміз – бәрі өтірік. Жалпы өтірік көбейді, соған ішім ашиды. Қай жерге, қандай бастыққа барсаң да, өтірік айтып шығарып салады. Алдына бара беріп өзің ұяласың, жұмысың бітпейді. Әдебиет, мәдениет, ғылымға көңіл аудармаса, ел өшеді. Табиғаттың заңы – осы.

Қуаныш Сұлтанов, Асанәлі Әшімов, Олжас Сүлейменов

– Бірақ, Қазақстан үшін экономика бірінші орында емес пе?..

– Өтірік. Өнерді ұмытты. Экономиканы, сауда-саттықты бірінші орынға қояды. Затқұмар, ақшақұмар, долларқұмар. Халыққа пайдасы тимеген миллиардерлер бар. Кедей-кепшікке, қиын жағдайда қалған халыққа аз да болсын қол ұшын созбайды. Ақша болған сайын бола берсе дейді. Ақшаның астында қалып соңында өледі. Туысқангершілік, рушылдық дейтін оңбаған тәртіп бар. Университет бітіре сала министр болады. Көргенімізді айтпасқа болмайды. Мен ештеңеден қорықпаймын. Жасарымды жасадым, аларымды алдым. Шындықты айтуым керек. Шындық сол.

– Көзге түсіп жүрген жас режиссерлер, драматургтер бар ма?

– Режиссура – үлкен мамандық. Бізде бәрінің деңгейі орташа. Атақты режиссерлер жоқ, олар арамыздан кетті. Режиссер мықты болса, халық атын айтар еді. Ондай жоқ. Сериал көбейді, ол – өнер емес. Кино – өнер туындысы. Сахна да сол сияқты. Үлкен спектакль қойылса, халық жапа-тармағай келеді, театрда ине шаншар орын қалмайды. Жартылай оқыған, білімдері төмен шала-шарпы режиссерлер бар. Мықты режиссер болса, Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Оралхан Бөкей, Асқар Сүлейменов сияқты жазушылардың қара әңгімелерін қояр еді. Американың мықты режиссері қазақша роман, повестерді көріп таң қалған. "Материал азайды, тауыстық, ал сіздерде әлі басталмаған" дейді ол. Бізде жазылған дайын пьесаларды қояды, нәтижесі төмен. Бұрынғы ұлы режиссерлер қара әңгімелерді экранға шығарып, сахналап, үлкен спектакль, фильмдер жасаған. Қазір ондай режиссерлер жоқ. 

– Шығармалар ұсынып көрдіңіз бе?

– Күнде айтамын. Талай сұхбатта да айттым. Түрлі жиналыста да айтып жүрмін. Мысалы, ұлы спектакль "Ана – Жер-Ана" пьеса емес, хикаяттан туған дүние. Лениндік сыйлыққа ұсынылды. "Қан мен тер" деген пьеса жоқ, режиссер романды сахна материалына айналдырды. Мұхтар Әуезовтің қаншама қара әңгімесі бар. Ізденіс керек. Шығарманы сахнаға аудару керек. Ол үшін талант керек. Талант жоқ. Намыс жоқ. Кеше Токио Олимпиадасында бәрі қола медаль алды. Көрші елдердің спортшылары сол жерде аянбай тер төкті, тіпті жылап жіберді. Өйткені, оларда намыс бар. Мемлекет пен халықты намыс қорғайды.

– Неге намыс жоқ?

 – Намыс жоқ, өйткені, талант жоқ. Намыс дегеннің өзі – талант. Қарсыласына жығылып, көрерменнің көңілі қалды. Неге жеңілді дегенде коронавирусты сылтауратады. Вирус барлық елде жүріп жатыр. Жаттығу аз болды деп өз-өздерін қорғайды. Дұрыс емес. Елді елге танытатын – өнер мен спорт. Ақшаны көбірек қалтаға салуды ойламай ортаға, өнер мен спортқа салу керек. Нәтижені көрген соң намыстанып қорытынды шығару қажет. Намыссыз, талантсыз, жатып ішер жалқау болсақ, ертең жерден де, елден де айырылып қалуымыз мүмкін. Қазір жерді қорғайтындар, халыққа жаны ашитындар аз. Ыңғайы келсе, жерді сатып жібереді. Жерді сату деген – Отанын, елін сату. Ол – қылмыс, ондайды ату керек.

Асанәлі Әшімов, Олжас Сүлейменов, Төрегелді Шарманов.

– Жер сатылмайды деп бірнеше рет айтылды ғой

– Айтып жатады. Ол тіптен ұран болмауы керек. Оны айту ұят нәрсе. Баяғы ата-бабамыз қорғаған жерге халық қана ие. Басшылық ие емес. Жердің иесі – халық. Халық жақсармай, халықтың әл-ауқаты дұрысталмай, ел жақсармайды. Құр нан мен сумен отырған, электр желісі жетпеген жерлер бар. Сөйте тұра, алып елдердің қатарына қосыламыз дейді. Ұран көп, іс аз. Намысым келіп кейде ұйықтай алмаймын.

Сахнаға да, актерлерге де намыс, мінез керек. Сонда нәтиже шығады. Ал мінезсіз жалқаудан түк шықпайды. Ізденбейді, үйінде жатады. Сахнаға жүгіріп шығып, айлығын алып, үйіне кетеді. Айналайын, сахнада не үшін жүрсің? Тер төгілу керек, көз қызарып кетуі керек. Жылайтын жерде жыла, күлетін жерде күл. Ондай ұлы актерлерді көрген соң айтып отырмын. Актерлер ойнағанда халықты еңіретіп жылататын. Көрермен қойылымды шалқайып жатып қарамауы керек, ынта-шынтасымен беріліп тамашалауы керек. Соған келтіретін – актер. Театр – ұлы өнер. Оны біздің көп адам, тіпті сахнадағы актерлердің өзі түсінбейді. Жүгіріп шығады, жүгіріп кетеді. Неге шықты, не қойды – жауап жоқ.

– Актерлер көрерменнің деңгейіне әсер ете ме?

– Баяғыда ұлы актерлер барда Мұхтар Әуезовтер көрермен еді. Бүкіл зиялылар театрға келетін. Қазір оқушыларды, студенттерді шұбыртып, топтап-топтап жинап әкеліп залға тығады. Итеріп зорға кіргізгендер көрермен бола ма? Өз аяғымен келген көрермен – нағыз көрермен. 

Серіктестер жаңалықтары