Тікелей эфир

"Бей-жай қала алмадым". Информбюро тілшісі ерікті түрде Алматыны қалпына келтіру ісіне қатысты

Фото: Informburo.kz
Фото: Informburo.kz
Алматыда волонтерлер қаланың қайта көріктенуі үшін өз еркімен, еш ақы алмастан еңбек етіп жатыр.

Қазір Алматыда жаппай тәртіпсіздік кезінде бүлінген, қираған, бұзылған нысандар алпына келтіріліп жатыр. Бұл іске волонтерлер де тартылған. Informburo.kz тілшісі Назерке Абибулла да ерікті түрде қалада қираған сауда орталықтарын тазалау жұмыстарына қатысты. Оның волонтер болған кезде көргендері мен ойға түйгендерін ұсынамыз. 


– Алматыда 4 қаңтарда басталған наразылық жаппай тәртіпсіздікке, бүлікке ұласты. Қаншама адам көз жұмды, қаншама адам із-түссіз жоғалып кетті. Бұзақылар ғимараттар мен көліктерді өртеді. Дүкендер мен банктерді тонады. Қала тіршілігі тұралап қалды. Бизнес айтарлықтай зардап шекті. Төнген қауіпке қарамай көмекке зәру жандарға қол ұшын созғандар аз болмады. Олар тыныштықты күзеткен әскерилер мен полицейлерге тамақ жеткізіп, ішерге ас-суы қалмаған мұқтаждарға азық-түлік үлестірді.

Қаңтар оқиғасы кезінде үйіне оралмаған жандарды іздеумен айналысты. Қаланы тазалауға, қираған бизнес нысандарын қалпына келтіруге көмектесті. Игі іске бұрыннан жұмыс істеп келе жатқан волонтерлер ғана емес алматылықтар да білек сыбана кірісіп кетті. Мен де көптен бері волонтер болу жайлы ойлап жүрген едім. Айналама көмектесуді, кішкене болсын жақсылық жасауды жөн санаймын. Алматы көшелерін аралап, жағдайды көзіммен көрген соң бей-жай қала алмадым.

Фото: Informburo.kz

Алдымен волонтер ұйымдары жайлы ақпарат іздедім. Қаңтар оқиғасы салдарынан зардап шеккен және көмекке мұқтаж адамдарға көмек көрсетуге еріктілер жинап жатыр екен. "Волонтер болғым келеді" деген сауалнаманы толтырып, Ұлттық волонтерлық желісіне өтініш қалдырдым. Сауалнамада медициналық көмек, азық-түлік қоржындары мен дәрі-дәрмекті сұрыптау және жеткізу, волонтерлер мен мұқтаждарға тамақ дайындау, жүк тиеу, психологиялық көмек, аударма жасау, қоңырау шалу, шетел азаматтарына кеңес беру, жеңіл машинамен тасымалдау секілді жұмыстарды атқаруға болатыны жазылған. Волонтерлық желі өкілі хабарласып, өтінім Алматыдағы волонтерлер фронт офисіне берілгенін айтты. Олар көмек көрсету үшін қалада жағдайдың тұрақталғанын, антитеррористік операциялар аяқталғанын күтіп отыр.


Оқи отырыңыз: "Жақсы көретінімді жеткізіңізші". Интернет бұғатталғанда еріктілер адамдардың хабар алысуына қалай көмектесті?


Волонтер ұйымдардың бірі мұқтаж жандарға арнап азық-түлік қоржындарын сұрыптауға еріктілер іздеп жатты. Мен жазыламын дегенше тізім толып қалды. Клининг компаниялардың бірі еріктілерді жинап, бүлінген бизнес нысандарын жуып тазалауға көмектесіп жатыр екен. Ерікті боламын деушілер ең алдымен WhatsApp чатқа қосылуы керек. Чатта орын болмай ұйымдастырушыға волонтер болғым келетінін жаздым. Кейінірек ұйымдастырушы чатқа қосылуға болатынын, сенбі күні сауда орындарының бірін тазалауға он адам қажет екенін жазды. Ойланбастан мен де барамын деп шештім. Сол күні әкімдік ғимаратын тазалайтын еріктілер тізімі де әзірленді.

Алматы әкімдігі / Фото: Informburo.kz

Сенбілікке қатысамын деушілер көп болды. "Әкімдік ғимаратын өзі жинап алсын, олар маған ешқашан қол ұшын созған емес" дегендер де, жай ғана қалаға көмектескісі келетіндер де табылды. Сенбілік аяқталған соң фотолар жібере бастады. Бірнеше ұйымнан жүзге жуық адам жиналыпты, жасы да, кәрісі де бар. Каска мен жилет киген, қолдарында күрек пен сыпырғы. Жүзінен қуаныштың табы сезіледі.  

Сенбілікке жиналғандар / Фото: Тоғжан Қожалының Facebook парақшасынан

Ал біз сағат онда сауда орны алдында жиналдық. Қауіпсіздік мақсатында маска мен жеке куәлік алып жүру керек. Алғашында қоқыс тазалап, әйнектерді сүртіп, еденді жуамыз деп ойлаған едік. Сауда орны әкімшісі бұзақылар бүлдірген шыны витриналарды толық сындырып, қорапқа жинау керек екенін айтты. Бізді арнайы құралдармен келеді деп ойласа керек, бірақ резеңке қолғаптан басқа ештеңе болмады. Ұйымдастырушылар құрал-саймандар сол жерде беріледі деген еді. Тек әйел азаматтар жиналдық.

Әйнекті шағу қолымыздан келмейтінін айттық. Әйтеуір пайдамыз тисін деп жерде үйіліп жатқан сынықтарды жинай бастадық. Әкімшілік жұмыс қолғабын, қап пен қораптар әкеп берді. Сауда орнын тазалаушылар сыпыртқы, щетка, қалақ секілді құралдарын берді. Алдымен шашылып жатқан қоқысты жинадық. Арасында киім-кешек, смартфондар мен аксессуарлардың, әшекей бұйымдардың бос қораптары бар. Кейбір дүкендер шығынды есептеп, бағалау жүргізбегендіктен оларға тиіспеу керек екенін ескертті.

Фото: Тимур Жанбыршин

Жерде витриналардың сынықтары шашылып жатты. Бұзақылар әйнекті шағып, ішіндегі заттарды алып кеткен. Үлкен сынықтарды қолмен жинап, қалғандарын сыпырып қорапқа салдық. Шашылған қораптардың арасында ішімдігі бар бөтелке де жатты. Бізге сол жердің тазалаушылары да көмектесті. Шағылған әйнек есіктердің сынығын жинадық. Бұзақылар сол жерден кіріп-шыққан секілді. Банк терминалы жерде қирап жатты. Екінші қабатта банкоматтар тоналған. Магнум ғана жұмыс істеп тұр. Қалған дүкендер, банк бөлімшелері, дәріхана жабық. Кейбірі дүкен иелері өздері ретке келтіріп жатыр.

Сауда үйінің әкімшісі күзетші отыратын жерді де жинауды өтінді. Күзетшінің екі-үш жұмыс киімі қалып кеткен екен. Бүлік болғанда қашып шыққан болар. Қазір қайда екен, аман-есен бе деген ой келді. Пакетте банкаға құйылған сорпасы, басқа да тамақтары еш қозғалмастан тұр. Қоқыстың бәрін жинадым. Ал киімдерді күзетшіге керек болады ғой деп баспалдақтың жиегіне қойып кеттім.

Фото: Informburo.kz

Сол күні көзіме әйнектің ұсақ қоқымдары түсіп кетті. Ертеңіне офтмальмологқа бардым. Ол мұқият тексеріп, сынықтарды алғанша алып, дәрі-дәрмек жазып берді. Көздің беті сызылғанын, сызаттар тез кететінін, ең бастысы көздің ішінде сынықтар қалмауы керек деп айтты. Қазір үйде ем алып жатырмын. Бастысы көзім көреді, жұмыс істей аламын. Мұндай жағдай қайталанбауы үшін ұйымдастырушыға не болғанын баяндап бердім. Келесіде бизнес иелерінен волонтерлер қандай жұмыс істейтінін, құрал-жабдықтар бар-жоғын анықтап алуды, қауіпсіздік техникасын әзірлеуді ұсындым. Мысалы, көзілдірік тақсаңыз, көзіңізді сынықтардың түсуінен қорғайсыз. Ұйымдастырушы мұны ескеретінін жеткізді.


Оқи отырыңыз: Тәртіпсіздік кезінде із-түссіз жоғалғандар туралы ақпарат жинақталатын сайт ашылды 


Қазір волонтерлер жиналған бірнеше чатқа қосылдым. Әртүрлі адам бар. Олар қиындыққа тап болғандарға көмектесуден тайсалмайды. Бір күн ерікті болып қайырымдылықпен айналысамын деп шешкендер аз емес. Еріктілердің бірі жетінші күн әрүрлі ұйым атынан көмек көрсетіп жүргенін, басқаларға қол ұшын созу арқылы жаны бақытқа кенелетінін айтты. Арасында волонтерлерге арнап өлең шығарып, көтеріңкі көңіл сыйлайтындар да табылды. Мұқтаж жандарға азық-түлік қоржындарын жеткізгендердің бірі олардың жағдайын өз көзімен көрген соң отбасыны қамқорлығына аламын деп шешті.

Бәзбіреулер ақша үшін ғимараттар мен техникаларды қиратты, тонады, бүлдірді. Ал волонтерлер сүйікті қалалары Алматының көркеюі үшін өз еркімен, ешқандай ақы алмай қолынан келгенше көмектесіп жатыр. Айналасына немқұрайлы қарамайтын жанашыр, мейірімді жандар барда қала тезірек аяққа тұрары сөзсіз. Мен де бос уақытымда волонтер боламын деп шештім. Достарым да волонтер болуға қызығушылық танытты. Келесіде кімге қалай көмектесетінім өзіме де қызық.  

Серіктестер жаңалықтары