Тікелей эфир

"Жақсы көретінімді жеткізіңізші". Интернет бұғатталғанда еріктілер адамдардың хабар алысуына қалай көмектесті?

Өтініш өте көп түскендіктен, кейбір еріктілер тәулік бойы тоқтамай жұмыс істеген.

2 қаңтарда Қазақстанда сұйытылған газ бағасының қымбаттауына қарсы шерулер басталып, ол көп ұзамай тәртіпсіздікке ұласты. 4 қаңтар күні түнде республика бойынша интернет өшіріліп, ұялы байланыс жұмысын тоқтатты. Адамдар туыстарына қоңырау шалу немесе хат жазу мүмкіндігінен толықтай дерлік айырылды. Бұл жағдай, әсіресе, бір-бірінен жырақта тұратын жандарға ауыр соқты. Шетелдегілер елдегі жағдай туралы толыққанды ақпарат ала алмады және жақындарының аман-саулығын біле алмай аласұрды. Сол кезде оларға "Бауырмен байланыс" телеграм-арнасы көмекке келді. Жүздеген ерікті адамдарға туыстарының жағдайын біліп, жаңалықтарды жеткізуге көмектесті.

Informburo.kz тілшісі жобаның ұйымдастырушысы Күнекей Нұрланмен және еріктілермен тілдесіп, телеграм-арнаның жұмысы туралы сұрады.

"Адамдардың арасында дәнекер бола алатынымды түсіндім"

"Бауырмен байланыс" жобасының негізін қалаушы – Алматы қаласының 34 жастағы тұрғыны, қаржыгер әрі блогер Күнекей Нұрлан. Ол бухгалтерлік есеп және аудит саласында жұмыс істейді. Ал жолдасы – байланыс инженері.

"4 қаңтар күні Instagram парақшамда хикая салғанда оны тек шетелдегі жазылушыларым көріп отырғанын байқадым. Олар маған бірден "Қазақстанда интернет, байланыс өшіріліпті. Сіз қалай қосылып отырсыз?" деп жаза бастады", – дейді Күнекей.

Күнекей елде пандемия басталып, жұмысын қашықтықтан істей бастаған кезде телефонына VPN бағдарламасын орнатқан. Соның арқасында елдегі жаппай тәртіпсіздік кезінде де интернет өшірілгенін және қазақстандықтардың көпшілігі жақындарымен байланыссыз қалғанын бірден байқамаған.

"Сол кезде адамдардың арасында дәнеркер бола алатынымды түсіндім", – дейді ол.

Сөйтіп Instagram парақшасында өзінде интернет барын, туыстардың бір-бірімен байланысуына көмектесетінін жазған. Алғашында блогерге өзге елдердің әуежайларында қалып қойған достары мен таныстары хат жаза бастайды.

"Олар достары мен ата-аналарына телефон соғып, қал-жағдайын біліп беруімді, өздерінің сәлемін жеткізуімді сұрады. Біз оларға өз нөмірлерімізбен хабарласып, амандығын, қал-жағдайын білдіріп, жеткізіп отырдық. Мысалы: "Марат қазір Германияда, ұша алмай отыр" деп сөзбе-сөз жеткіздік", – деді Күнекей.

Содан кейін оған өтініш білдіргендер саны арта бастаған.

"Өте көп өтініш түскен соң, еріктілер іздей бастадық"

"Барлық өтінішті орындауға жалғыз өзім үлгермей кеттім. Оның үстіне телефонымда ақша таусылды, банктердің мобильді қосымшасы мен терминалдар жұмыс істемеді. Бәріміз  ешқайда шықпай, үйде отырдық. Сол кезде Telegram-да топ құру идеясы келді. Бірден интернеті бар еріктілер іздеуге көштік. Ол үшін Евгений Чебатков есімді стендапшы мен Нагимуша есімді блогер көмектесіп, біздің еріктілер іздеп жатқанымызды хабарлады", – деп түсіндіреді Күнекей.

Жобаға тек Қазақстаннан ғана емес, Ресей, Өзбекстан, Түркия, Еуропалық одақ елдерінде тұратын 1600-ден астам  еріктіден өтініш түскен. Оның ішінде 316 адам қабылданып, санаулы күннің ішінде "Бауырмен байланыс" қауымдастығы пайда болды. Енді адамдар жақынымен хабарласу үшін осы топқа жаза бастаған. Қазір аталған Telegram арнада 11 мыңнан астам жазылушы бар.


Оқи отырыңыз: Beeline төтенше жағдай кезінде интернетті шектегені үшін өтемақы береді


Хабарламалардың көпшілігінде аты-жөні, телефон нөмірі және абоненттің жағдайын білу туралы өтініш болған. Қоңырау нәтижесіне қарай волонтерлар бірден жауап беріп отырған. Мысалы абонент жауап бермесе, өтініш берушіге "жауап жоқ" немесе "қолжетімсіз" деп хабарлаған.

Ал, хабарласа алғандардың сөзін еш өзгеріссіз жеткізген: "Ол да өте қатты жақсы көреді. Байланыс пайда болғанда міндетті түрде қоңырау шалады"; "Олардың жұмысы жақсы, уайымдамауды, емтиханға алаңсыз дайындалуды сұрайды"; "Олардың айтуыша, бәрі жақсы, тыныш. Қоңырау шалғанымызға қуанды, уайымдамай, аздап сабырлы болуыңызды сұрады. Жақында интернет қосылатынын айтуымды өтінді".

"Бауырмен байланыс" еріктілерінің хабарламаларды өңдеу парағының скрині.

Күнекей де еріктілермен бірге жұмыс істеп, күніне 100 шақты адамға қоңырау шалып, хат-хабарын жеткізген.

"Мен ерікті емеспін, қаржыгермін. Мұндай қызмет түрімен бірінші рет айналысып көрдім. Сол қиын-қыстау кезде жерлестеріме көмектескім келді. Өйткені, кейбір кісілер шетелде оқып жатыр, жұмыс істейді, ал ата-аналары мен жақындары елде қалған. Ақпараттық вакуумның кесірінен көбі көшеде не болып жатқанын елестете де алмады",– деп толықтырды Күнекей.

"Адамдармен бірге қуанып, бірге жыладық"

Күнекейдің айтуынша, ең көп өтініш 6 қаңтарда түскен. Осыдан кейін қауымдастық жұмыс механизмін оңтайландыру туралы шешім қабылдаған.

"Отандық және өзбекстандық бағдарламашылар Telegram-бот жасауға көмектесті. Енді адамдар өтінішін сол бот арқылы жіберіп, оның өңделіп-өңделмегенін қарап отыра алатын болды. Сонымен қатар, чат-ботта адамдардың жеке деректерін қорғау мақсатында, жазу мүмкіндігін алып тастадық",– деді Күнекей.

Тек 7 қаңтар күні Telegram-ботқа 3700-ден астам өтініш түсіп, еріктілер олардың көпшілігімен байланысқа шыққан.

"Бауырмен байланыс" Telegram-боты екі тілде жұмыс істеді.

Күнекейдің айтуынша, бірінші күні олар қайғылы хабар таратпауға тырысқанымен, сұраныс көбейген сайын жағдай өзгере бастаған.

 "Мәселен,  дәрігерлер хабарласып, бір адамның ауруханада ес-түссіз жатқанын, оның туыстарын іздейтінін айтты. Осындай неше түрлі жан ауыртар хабарламалар болды. Біз не естімедік? Адамдармен бірге қуанып, бірге жыладық",– деп қосты ол.

Қазір "Бауырмен байланыста" 11 үйлестіруші және 316 ерікті жұмыс істейді. Олар интернет сөндірілген уақытта барлығы 7 мыңға жуық өтінішті қарап, оның тең жартысымен байланысқа шыға алған.


Оқи отырыңыз: Қазақстанда 58 мектеп интернет желісіне мүлдем қосылмаған


"Психологиялық тұрғыда қиын болды"

"Бауырмен байланыс" жобасының еріктілерінің бірі – 16 жастағы Дамир Зайдуллаев. Ол Атырау қаласындағы Ыбырай Алтынсарин атындағы орта мектептің 11-сынып оқушысы. Айтуынша, ерікті ретінде екі жылдық тәжірибесі бар. Жобаға хабарландыру арқылы тап болған.

"Күнекей Нұрланның Instagram-парақшасынан "Бауырмен байланыс" жобасына көмектесетін еріктілер іздеп жатқанын көріп, бірден өтініш жібердім. Жақындарына хабарласа алмаған адамдарға көмектескім келді",– дейді Дамир.

Дамирдің айтуынша, волонтерлер адамдарды ерте әрі кеш мазаламау үшін негізінен жұмыс уақытында хабарласып отырған. Өтініш өте көп түскендіктен, кейбір еріктілер тәулік бойы тоқтамай жұмыс істеген.

"Бір оқиға есімде қалды: немересі әжесіне хабарласуымызды, өзінің аман-есен екенін және оны қатты жақсы көретінін жеткізуімізді сұрады. Көрсетілген нөмерге хабарласып, немересінің сәлемін жеткізгенімде әженің дауысы толқып кетті, жылағандай болды. Сол кезде жүрегім бір керемет сезімге толды. Адамдардың тек сәлемін ғана жеткізіп қоймадық, олардың сағынышын, сезімін, уайымын өз бойымыздан өткіздік. Кейде де бір ғана хабарлама адамға қаншама жақсы сезім әкелетінін түсіндім",– деп бөлісті ол.

Дамир осындай қысылтаяң кезде адамдардың хат-хабарын жеткізу психологиялық тұрғыдан қиын болғанын айтады. Сол үшін  "Бауырмен байланыста" психологтар да болған. Олар еріктілерге психологиялық қолдау беріп отырған.

"Елде болған оқиға  маған қатты әсер етті. Себебі, мен де қазақ халқының бір бөлігімін. Бұл жағдай жақындарымның қаншалықты қымбат екенін көрсетті және олармен жиі-жиі хабарласып, іздеп отыруды үйретті", – дейді Дамир.

Интернет қосылған соң...

Елде интернет қосылып, байланыс орнағаннан кейін "Бауырмен байланыс" қауымдастығы жаппай тәртіпсіздік кезінде із-түссіз жоғалғандарды іздеуге арналған "Іздеймін мен" сайтын ашқан.

"Біз бұл сайтты ары қарай жүргізу үшін із-түссіз жоғалып кеткендерді іздеумен айналысатын  еріктілер ұйымына, уәкілетті органдарға беруге дайынбыз", – дейді Күнекей Нұрлан.

Ал, "Бауырмен байланыс" еріктілері әрқашан көмекке келуге дайын. Алайда, "бұдан былай туыстарды байланыстыруға қажеттілік болмайды деп сенеміз. Бірақ, әзірге арнаны жаппаймыз" дейді олар.


Оқи отырыңыз: Тәртіпсіздік кезінде із-түссіз жоғалғандар туралы ақпарат жинақталатын сайт ашылды


 

Серіктестер жаңалықтары